ЖАНЫ ЖАЙСАҢ ЖАҚСЫ АҒА

837

Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін Қытай елінде өмір сүріп жатқан біздің азат Отанға оралу басты арманыма айналды. Сөйтіп жүрген күннің бірінде маған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінен ұстаздық қызметке арнайы шақыру келді. Сол шақырту бойынша 1993 жылдың 20 ақпанында Қазақстанның топырағына табаным тиді.

Имене қадам басып, ҚазҰУ-дың Шығыстану факультеті қытайтану кафедрасына келдім. Кафедра меңгерушісі мені факультет деканына алып барды. Декан кем сөзді, кішіпейіл жан екен. Ол кісі бір кісіге телефон шалып, менің келгенімді жеткізді. Телефон тұтқасын қоя салды да, орнынан ұшып тұрып: «Проректор «қонақты маған алып келіңдер» деп жатыр, кеттік», – деді. Ол кезде проректор деген сөздің не екенін түсінбейтін кезім, деканға ілесіп отырдым. Проректор дегені әйгілі шығыстанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбсаттар Дербісәлі ағамыз екен. «Ой, айналайын Дүкенжан, қош келдің! Ел-жұрт, ауыл-аймағың аман ба?» – деп мені бұрыннан танитын адамдай амандасып жатыр, таңырқап қалдым. Сөйтсем ректордың тапсырмасы бойынша мені ҚазҰУ-ге шақырудың барлық шаруасын осы Әбекең ұйымдастырып, қадағалап отырған екен. Аз-кем әңгімеден соң Әбсаттар аға тұратын жатақханам, оқытушылық жүктемемді түсіндіріп, шығарып салды. Мемлекет және қоғам қайраткері, еліміздегі жоғары оқу орындары мен дін істерінің бірегей ұйымдастырушысы, ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбсаттар ағаммен таныстығым осылай басталған еді. Сол кезде түрлі жиындарда Әбсаттар ағаның жып-жылы, шуақты жүзіне қарап отырып: «Қандай шуақты, қандай мейірімді, қандай мәдениетті адам еді?! Осындай мейірімді болып та басшы болуға болады екенау» деп таңдана қарайтынмын. Ол кездегі біз, шеттен келген ағайындар, қит еткен қиыншылықтың бәрін Әбекеңе барып айта беретінбіз. Әбекең болса шеттен келген ағайынның бәрін кезексіз қабылдап, сағаттап мұңдасып отыра берер еді. Олардың қиыншылығын жан-жаққа телефон соғып, дереу шешіп беретін.

1997-2000 жылдары Әбсаттар Дербісәлі Қазақстанның Сауд Арабиясы Корольдігіндегі елшілігінің кеңесшісі болып, шетелге кетті. Осы жылдарда ғана араласқұраластығымыз аздап үзіліп қалды. 2001 жылы елге оралып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти қызметіне тағайындалды. Бұл кезде түрлі конференциялар, діни іс-шаралар кезінде жүздесіп жүрдік. Сол кезде біздің хал-жағдайымызды, ағайындардың хал-ахуалын тәптіштеп сұрайтын. Мұндайда ол кісінің есте сақтау қабілеті мен бауырмалдығына таңғалатынмын. Содан бері, есептеп отырсам, тұп-тура 30 жылға таяу уақыт өтіпті.

Әбекең Бас мүфти болған бұл жылдарда еліміздегі мешіттер санының артуынан бастап, имамдардың біліктілігін арттыру, дін істерін жүйелеп, ғылыми түрде басқару жұмыстарымен білек сыбана айналысты. Бұл жұмысты ол имамдар мен дін қызметкерлерінің киімін бір ізге түсіруден бастады. Сол дәстүр елімізде күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді.

2013 жылы Әбекең Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры қызметіне тағайындалды. Бағысбайұлы басқарған 7 жылда институт ғылыми әлеуеті жағынан да, халықаралық байланыс және рейтинг жағынан да жоғары деңгейге көтерілді. Академик Әбсаттар қажы Дербісәлі мұсылман Шығыс әлемінінің архивтерінде жатқан, еліміздің ежелгі тарихы мен мәдениетіне қатысты мұрағаттардың елге оралуына, олардың ғылыми айналымға енуіне жүрек қанын сарқа, көз майын тауыса еңбек етті.

Өткен жылдың маусым айынан бастап Әбсаттар аға екеуміздің жолымыз Шығыстану институтында қайта қиылысты. Бір жылдан бері Әбекең менің ақылшы ағам, ұжымның арқатірегі бола білді.

Әбсаттар қажы Бағысбайұлы еліміздегі Шығыстану ғылымының негізін қалап әрі оның дамуына күллі ғұмырын арнаған жанкешті ғалым еді. 1989 жылы Ресейден шығыстану мамандығы бойынша тұңғыш рет докторлық диссертация қорғап, Отанына үлкен арман арқалап оралған жас ғалымның әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультетінің ашылуына тікелей мұрындық болғанын бүгінде біреу білсе біреу білмейді. Ұстаз, ғалым ретінде ҰҒА академигі Әбсаттар қажы Дербісәлінің алдынан неше жүздеген арабтанушы жас мамандар, көптеген ғылым докторы, ғылым кандидаты, PhD докторлар түлеп ұшты. Ғалым ретінде ол ондаған монография мен оқулықтардың, жүздеген зерттеу еңбектерінің авторы болды. Ағамыздың әлі де болса арманы көп еді, шығармашылық жоспары да мол еді. Амал қанша, жазмыштан озмыш жоқ екен. Әбсаттар ағамыздың қазасы отандық ғылым-білім үшін орны толмас зор жоғалту болды.

Шын зиялы, нағыз ұстаз, таза ғалым, ерекше ұлтжанды ағамыздың жаны жәннатта, иманы саламат болсын! Жер аманда, Қазақ елі барда Әбсаттар қажы Дербісәлінің жарқын бейнесі мен ғазиз есімі ұрпақтар жүрегінде мәңгі сақталады! Бақұл бол, жаны жайсаң жақсы аға!

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,
Р.Сүлейменов атындағы
Шығыстану институтының директоры

Дереккөз: “Мұнара” газеті, №14 (44) 20.07.2021
CЕЙСЕНБІ күнгі санында.