Р.Б. СҮЛЕЙМЕНОВ АТЫНДАҒЫ ШЫҒЫСТАНУ ИНСТИТУТЫ АНАЛАР МЕН АРУЛАРДЫҢ МЕРЕКЕСІН АТАП ӨТТІ
Бүгін Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтында 8 Наурыз Халықаралық әйелдер мейрамына арналған шағын бас қосу шарасы өтті.
Институт директоры, ф.ғ.д. профессор Дүкен Мәсімханұлы ұжымдағы “Арулар – асыл жандарды” төл мерекелерімен құттықтап, алғыс хат табыстады. Д. Мәсімханұлы өз сөзінде: “Сіздерді күн күлімдеп, аспан жадырап, жер жібіп, шуақ пен нұр төгілген көрікті көктемде келетін сұлулық пен махаббаттың мерекесі – 8 наурыз Халықаралық арулар күні мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!” дей келе, “Сіздердің Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ауыр жүгін арқалап, ғылым көшінің байсалды болуы үшін жасап жатқан ерен еңбегіңізге алғыс білдіремін! Тәуелсіз Қазақстанның кемел келешегі үшін сүбелі үлесіңізді қосып, өмірде алғысқа, қызметте табысқа кенеле беруіңізге шын жүректен тілектеспін!” деді.
Жыл сайын гүл көктеммен қатар келетін нәзік жанды ару-қыздардың, аяулы аналардың күніне мерекелік дастарқан жайылды. Ұжымдағы ер-азаматтар ару-қыздарға гүлдей жайнап, құлпырып жүре берсін деген ниетпен гүл шоқтарын ұсынды. Сонымен қатар, дастарқан басында күмбірлі күй, әуезді ән шырқалып, ару-қыздарды мерекелік көңіл-күйге бөледі.