Ғылымға адал жан
Тимур Қасымұлы Бейсембиев (1955-2016) бүкіл саналы ғұмырын ғылымға арнаған және ғылымға адал қызмет еткен жан. Алматы қаласында 1955-жылы ғалымдар отбасында дүниеге келген Тимур Қасымұлының әкесі Қасым Бейсембиев (1919-1980) қазақтан шыққан тұңғыш философия ғылымының докторы (1958). Анасы Валентина Айтешевна Исенғалиева (1924-2017) ф.ғ.д, профессор, танымал лингвист ғалым, турколог. Тимур Қасымұлы мектепті үздік бітіріп 1972-1977 жылдар аралығында ҚазМУ тарих факультетінде оқиды. Ұстазы В.П.Юдиннің (1928-1983) айтуымен Ташкенттегі Шығыстану институтының аспирантурасына түсіп 1983-жылы «Тарих-и Шахрухи» как исторический источник» атты тақырыпта кандидаттық жұмысын сәтті қорғап шығады. 1983-1992 жылдар аралығында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтында, ал 1992-2016 жылдар аралығында Р.Б. Сүлейменов атындағы шығыстану институтында жұмыс істеді.
Т.Қ.Бейсембиев қара шаңырақ ҚазМУ тарих факультетінде оқығанда, ағылшын тілі тобында оқығанын және сол кезден бастап шетел тілдеріне деген қызығушылығы ерекше оянғанын әрқашан тілге тиек ететін. Оның үстіне ұстазы В.П.Юдиннің шығыс тілін үйренушілер үшін ашқан «Шығыстанушы» үйірмесінің белсенді мүшесі болғанын, осы үйірмеде парсы және түрік-шағатай тілін меңгергенін әңгімелеуден жалықпайтын. Бұл үйірмеде тек шығыс тілдерін үйреніп қоймай, шығыс дереккөздерімен жұмыс істеудің әдістерімен танысқандығын және ұстазы В.П.Юдиннің қолжазбалармен жұмыс істегенде ерекше жақсы көріп жұмыс істеу керектігі туралы айтқанын өте әсерлі етіп баяндап отыратын. Ол кезде парсы тілін арнайы үйрететін мамандық Қазақстанда болмады, бірақ соған қарамастан үйірмеге барып жүріп-ақ парсы тілін жетік меңгеріп, шағатай-парсы тілдеріндегі қолжазбаларды еркін оқитын жағдайға жетеді.
Ғылымдағы жолы тарих факультетінен басталған ғалымның басты зерттеу тақырыбы түрік-парсы тілдеріндегі Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің тарихы, мәдениеті, тілі және жазбаша мұралары болатын. Осы бағытта мықты маман болуы үшін бірнеше шығыс және батыс тілдерін білу керектігін жақсы білген ғалым 14 тілді меңгереді. Оның ішінде бес тілде еркін сөйлеп, жазатын (шағатай, парсы, ағылшын, француз және неміс). Тимур Қасымұлы бірнеше тілде жазылған 200 астам мақала мен алты үлкен монографияның авторы.
Шығыс дереккөздерін зерттегендіктен және Ташкенттегі шығыстану институтының аспирантурасын бітіргендіктен Тимур Қасымұлын ғылыми орта бірінші кезекте шығыстанушы ретінде таниды. Қазақстандық шығыстанушы ретінде қаншама ғылыми конференцияларға қатысып ұшаң-теңіз білімімен зерттеушілерді таң қалдырды және өзіне тәнті ете білді.
Отандық шығыстанушылардың ішінен алғашқылардың бірі болып қол жетпейтіндей көрінген Оксфорд, Кембриж, Индиана университеті мен Париж және Токио қалаларындағы Орталық Азияны зерттеу орталықтары мен ұлттық кітапханаларында гранттық және ғылыми зерттеушілерге арналған стипендия бағдарламаларына қатысып жұмыс істеген ғалым. Сонымен қатар, алғашқылардың бірі болып еңбектерін ағылшын тілінде жариялаған бірден-бір отандық шығыстанушы десек артық айтқан болмаймыз. Ағылшын тілінде мақала шығару көптеген зерттеушілер үшін мұң болса, Тимур Қасымұлы бір емес екі монографиясын ағылшын тілінде жарыққа шығарған.
Оның бірі Токиода 2008-жылы ағылшын тілінде «Annotated Indices to the Kokand Chronicles» деген атпен жарық көреді (889 бет). Екінші еңбегі – Mulla Muhammad Yunus Djan Shighavul Dadkhah Tashkandi. The Life of ‘Alimqul. A Native Chronicle of Nineteenth Century Central Asia» деп аталады. Бұл еңбек 1834-жылы құрылған Routledge Curzon баспа үйінен 2003-жылы жарық көреді. Аталмыш монографиясы екінші рет жарық көрген және Еуропаның көптеген елдеріндегі кітап дүкендерінде сатылатын отандық шығыстанушының еңбегі екендігін мақтанышпен айтуға тиіспіз. Қазіргі таңда бұл кітапты кез-келген оқырман интернет тапсырыспен сатып алуына болады.
Тимур Бейсембиевтің барлық еңбектері бір төбе де, Ауфидің «Хикаялар жинағы» аты еңбегі бір төбе (ал-‘Ауфи, Садид ад-Дин Мухаммад. Джавами‘ ал-хикайат ва лавами‘ ар-ривайат // «Собрание рассказов и блестящие истории». Сокровищница восточной мудрости / подготовка издания, предисловие, перевод с персидского, комментарии, приложения и указатель Тимура К. Бейсембиева). Бір төбе болуының өзіндік себептері де жоқ емес. Соңғы жылдары Т.Бейсембиев ғылыми жоба шеңберінде Ауфидің «Хикаялар жинағын» зерттеумен айналысты. Ұзақ жылдар бойы бір тақырыпты қайта-қайта жоба етіп таңдағаны үшін әріптестердің қатаң сыңына да ұшырады. Бірақ Т.Қасымұлы бүл күндері айтып жүрген пәнаралық зерттеу әдісін қолдану арқылы бір тақырыптың шеңберінде бірнеше жоба жасап, бірнеше бағытта Ауфидің еңбегін зерттегенін көпшілік уақытында түсінде алмады. Бірақ, көпшіліктің пікірі Т.Қасымұлының қарқынды түрде жұмыс істеуіне кедіргі болған емес. Керісінше әр жолы институтқа келгенде міндетті түрде Ауфидің бір әңгімесін баяндайтын. Ауфидің хикаяларының мазмұнына келсек, онда Ғазневилер мен Селжүктер, Қарахандар мен Хорезмшахтар тұсындағы әлеуметтік, саяси, діни, бала тәрбиесі, тұрмыстық мәселелер, мемлекет басқару, әскери және тілдік мәселелерге қатысты хикаялар қамтылған. Автордың өзі Орта Азиядан шыққандықтан осы аймаққа қатысты мәселелерді барынша тиімді қамтуға тырысқандығын, түріктердің моңғол шапқыншылығына дейін мұсылман әлеміне тигізген әсерін, мидай араласқан сәттерін Тимур Бейсенбиев Ауфидің «Хикаялар жинағы» еңбегінің шеңберінде зерттеген.
Ауфи еңбектерін зерттеуде түркологтар жасау керек жұмыс көп деп айтып отыратын.
2015-2017 жылдарған арналған ғылыми жобасы да осы тақырыптың шеңберінде болатын. 2016-жылдың соңында дүниеден өтуіне байланысты жобаның соңғы 2017-жылғы жұмысын атқаруды мойныма алған болатынмын. Т.Бейсенбиев ағамыздың әр жолы Ауфи туралы жан-тәнімен беріліп айтқан әңгімелері, бұл хикаялардың саны екі мыңнан көп екендігі және ішінде әлі зерттелмеген хикаялар көп екендігін естіп жүргендіктен бір жағы жүрексінсем де осы жобаны атқаруға кірістім. Т.Бейсембиевтің аударамын деп жоспарлаған хикаяларын жеке жұмыс кабинетінен де, компютерінен де таппағандықтан бәрін басынан бастауға тура келді. Жоба 2017-жылдың соңында сәтті аяқталды. Ғалымның өзі болмағанмен оның жобасы тағы бір жылға дейін жалғасты. Бірақ ғалым ағамыздың ғылымдағы жолы ешуақытта аяқталмайды, әрқашан жалғасып табады деп ойлаймыз.
Т.Бейсембиевтің отбасы ғалымның барлық архивін өзі жұмыс істеген Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтына өткізді. Бұл архивтің библиографиялық көрсеткіші дайындалды. Т.Қасымұлы кітапханасында сақталған кітаптардың үлкен бөлігі сирек кездесетін парсы тіліндегі кітаптар. Бұл кітаптар Иранның өзінде сирек кездесетінін ерекше атап көрсеткен жөн. Иранның соңғы шахы Мұхаммад Реза 1970 жылдары Пехлеви әулетінің 2500 жылдық мерейтойын халықаралық деңгейде атап өтеді. Сол мерейтойдың қарсаңында көптеген ғылыми зерттеу жұмыстары жасалады. Ирандықтар бүкіл әлемге өздерінің тарихымен, әдебиетімен және жазба ескерткіштерімен ерекше ел екендігін көрсету мақсатында көптеген қолжазбаларды жарыққа шығарады. Сол кезде жарық көрген еңбектер сапалы әрі құнды деп есептеледі. Және, бұл күндері ол кітаптар сирек кітаптар қатарына жатады.
Т.Қасымұлы Иранға барғанда сирек кездесетін кітаптарды апталар бойы ескі кітаптар сататын кітап дүкендерінен іздеумен айналысатын.
Бір қызығы Тегерандағы барлық кітап дүкендерінің иесі Т.Қасымұлын танитын. Кітап дүкеніндегі барлық кітаптардың аты мен авторын жатқа білетін адамды күнде кездестіре бермейтіндіктен ғылымға соншалықты берілген, ақ көңіл адамды еске сақтамау мүмкін емес болатын. Оның үстіне Т.Қасымұлының парсы тілі үйірмеде жүріп үйренген кітаби парсы тілі болатын. Иранға алғаш барған кезде күнделікті ауызекі тілде сөйлеуді үйренгенше Т.Қасымұлының тілін ирандықтар қызық көретін.
Ортағасырлық тілде сөйлейтін адамды кездестірдік деп ирандық ғалымдар жарыса айтатын.
Бірақ, Т.Қасымұлы ұшан-теңіз білімімен, ғылымға деген шексіз адалдығымен кез-келген адамды өзіне тәнті ететін. Сондықтан ирандық әріптестері Т.Қасымұлын ерекше құрметтейтін және әр келгенде арнайы ғылыми бағдарламаларға шақыратын. Ағылшын және парсы тілдерінде еркін сөйлейтін ғалым ирандықтардың өздері білмейтін деректерді атап көрсетуімен әр жолы көпшілікті таң қалдырып, таңдай қақтыратын.
Тимур Қасымұлы әрқашан 14 тілдің ішінен парсы тілін білетінін мақтанышпен айтып отыратын және парсы тілін ерекше жақсы көретін. Парсы тілі туралы: «Парсы тілін адам мансап пен баю үшін оқымайды. Бұл тілді адам әдепті һәм білімді болу үшін және өмірге деген құштарлығын арттыру үшін оқиды. Парсы тілі ешкімді ешнәрсеге тәуелді етпейді, керісінше еркін ойлауға, азат және кең болуға жетелейді». Сіздер бақытты адамдардың қатарына жатасыздар, себебі шығыстың ең әдемі тілі – парсы тілін үйреніп жүрсіздер. Таңдаған шығыс тілінің қадірін біліп, кәдеге жарата біліңіздер. Парсы тілі сонау Иран патшаларының, небір ғалымдардың, ақындар мен тарихшылардың, дипломаттар мен философтардың тілі. Және, парсы тілі үлкен бір кеніш секілді, қанша қазсаң да таусылмайды. Кім қазса да, байлыққа кенеледі», деп айтатын.
Т.Қасымұлы саналы ғұмырында ғылымға адал қызмет етті. Көптеген ғалымдарға жетісе бермейтін кісілік пен адамшылықты бір сәтке де ұмытпаған ғалым. Өмірінде жағымпаздану не екенін білмеген, байлыққа да мансапқа қызықпаған, тіпті оның не екенін білмей өткен заманымызда сирек кездесетін ерекше тұлға. Бір қызығы, шетелдік зерттеушілер, әсіресе шығыстанушылар жақсы таныған, әрбір мақаласын іздеп жүріп оқитын ғалымды өз елінде көпшілік қауым жақсы танымайтын.
Т.Қасымұлының 60-жасқа толу мерейтойы өмірінің соңғы жылына тура келді. Жылдар бойғы ғылымға сіңірген еңбегі үшін алған бар сыйлығы төс белгі екендігін айтудың өзі көңілге мұң ұялатады.
Мерейтойы қарсаңында өзінің құрметіне ғылыми шара өтеді деп күткен болса керек. Анасы В.Исенғалиева 2015-жылы ұлының мерейтойына арнап өз қаражатына кітап шығарады. Кітаптың атын «Знаменитый ученый, историк-востоковед Тимур Касымович Бейсембиев» деп атаған. Кітапта Т.Қасымұлының туған күнінен 2015-жылға дейінгі ғұмыры, ғылымдағы орны мен еңбектері баяндалады. Бұл кітап бәлкім Тимур Қасымұлының өміріндегі ең үлкен құрмет пен сыйлық болған шығар. Ол жағын ешуақытта біле алмаймыз…. Алайда, отандық шығыстанушылар осындай ғалымның еңбектерін ары қарай зерттеуді жалғастыруы керек деп есептейміз. Әлемнің түпкір-түпкірінен аттай қалап алып келген кітаптарын шығыстанушылар оқып, ғалымның бай мұрасын зерттеуі қажет. Әсіресе ирантанушылар мен тарихшылар Т.Қасымұлының кітапханасымен танысып, ғалымның зерттеуге ғұмыры жетпеген тақырыптарын ары қарай зерттеуі аса маңызды. Алдағы уақытта Т.Бейсембиев атындағы кабинет, сыйлық, стипендия, грант тағайындалса нұр үстіне нұр болар еді. Екі жылда бір рет «Бейсембиев оқулары» секілді ғылыми шараларды өткізу арқылы ғалымның мұраларын зерттеуге үлес қосқан болар едік. Ғалымның көзі тірісінде көрсетпеген құрметті осындай жолмен көрсету арқылы әлемдік деңгейде танылған ғалымға және бүкіл отандық ғылымға деген құрметімізді көрсеткен болар едік.
Ғалия ҚАМБАРБЕКОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Шығыстану факультеті,
Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия
кафедрасының аға оқытушысы
Дереккөз: https://adyrna.kz/post/57196