«ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МƏСЕЛЕЛЕРІ (ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІНІҢ САБАҚТАСТЫЛЫҒЫ ЖƏНЕ ДƏСТҮРЛЕРІ)» атты Халықаралық Дөңгелек үстел өтті

1065

2021 жылы 2 сәуір күні Алматыда ҚР БҒМ ҒК Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты жанындағы Тарихи материалдарды зерттеу бойынша республикалық ақпараттық орталығы және Ұлы дала тарихы және мәдениетін зерттеу жөніндегі Археографиялық қоғамдастықтың ұйымдастыруымен «Қазақстан тарихының өзекті мəселелері (қазақ мемлекеттілігінің сабақтастылығы жəне дəстүрлері)» атты Халықаралық Дөңгелек үстел онлайн форматта өтті.

Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, ф.ғ.д. профессор Дүкен Мәсімханұлы құттықтау сөз сөйлеп, ғылыми шараның табысты да тағылымды өтуіне сәттілік тіледі.

Ғылыми шара Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы және «Ұлы дала тарихы және мәдениеті бойынша шетел архивтері мен қорларындағы археографиялық жұмыстар (айқындау, талдау, цифрлау)» ғылыми-зерттеу жобасын іске асыру шеңберінде өткізілді.

Қазақстан мен Орталық Азияның, Еуразия мен Түркі әлемінің, Шығыс пен Батыстың ерте заманнан бүгінге дейінгі тарихи үдерістерін зерделеу, өзара әрекеттестігі мен әсерін талқылау мақсатында өткен Дөңгелек үстелге Еліміздің және Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерінің тарихшы ғалымдары қатысып, тұщымды да тұжырымды баяндамалар жасады.

Дөңгелек үстел аясында ҚР БҒМ ҒК Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жетекші ғалымы, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, профессор, тарих ғылымдарының докторы Меруерт Қуатқызы Әбусейітованың “Қазақ хандығы” атты монографиясының тұсау кесер таныстырылымы болды.