КӨНЕ ТҮРКІ ТАЙПАЛАРЫ ТАРИХЫНДАҒЫ ҰЛЫ ӘМІРШІ БӨГҮ ҚАҒАНҒА ҚАТЫСТЫ АҢЫЗДАҒЫ ЕСКІ ДІНИ НАНЫМДАР

2744

Көшпенділердің өз генеалогиялық аңызын көк бөрімен, қарға-құзғынмен қатысты баяндауы туралы алғашқы хабарлар Усун мемлекетінің тарихына қатысты б.з.д. ІІ ғасырдың аяғында хатқа түскен еді. Онда баяндалғанындай бір кездері Усун еліне көршілері Юечжилер шабуыл жасап, тұтқынға түскен Усун бекзадасының қол-аяғын шауып иен далада тастап кетеді. Осы кезде оны қаншық қасқыр емізіп, қарға-құзғын жемтік әкеп беріп бағып-қағып, аман сақтап қалады. Түркі-моңғол тайпалары арасында өздерін мұндай көк бөрімен және басқа аң-құспен қатысты баяндауы олардың келесі мың жылдықтар тарихында өз жалғасын тапқаны түрлі әдебиет беттерінен жиі кезігіп отырады. Алайда дәл осынау тарихи кезеңде біз жекелеген тайпалардың өз генеалогиялық шежіресін аң-құспен байланысты баяндаумен қатар ағашпен, орман-тоғаймен қатысты баяндайтын жағдайға куә боламыз.

Бізге жеткен мұндай ресми мәліметтің хатқа түскен мезгілі мейілінше кейінгі дәуірге, атап айтқанда моңғол дәуіріне дейін Бесбалық пен Тұрпанда билік еткен Ұйғыр Ідұқ-құты билеушілерінің ата-бабасына қатысты баяндалады. Соған қарамастан аңыздың қатысты мазмұндары бізді өте ерте замандардағы көне түркі жұртына бастап апарады әрі аңызда сақталған кей мазмұндар ұйғыр тайпалары ауқымынан шеттеп шығып басқа да түркі тайпалары арасына қарай өрістей түседі.

Қытайдың  ресми 24 әулеттік тарихының бірі болған «Юаньши» кітабінің авторлары моңғол жорығына дейін билік құрған Ұйғыр Ідұқ-құт мемлекеті билеушісі Барчұқ-арт-дігін Ідұқ-құтқа айтулы еңбектен арнаулы тараушада орын бере отырып, аталған тарихи тұлға мен ол билеген елдің тарихы туралы бірсыпыра мәліметтерді жазып қалдырған. Сондай мәліметтер қатарына Ідұқ-құт билеушілерінің арғы ата-бабасы мен олардың бастан кешкен тарихы туралы жартылай аңыз түрінде сақталып келген дүниелер де хатқа түскен[1, 2999-3002-бб.; 2, 179-186-бб.].

Ідұқ-құт әулетінің арғы ата-бабасы туралы дәл осындай мазмұндағы дерек «Юаньши» кітабындағы Барчұқ-алт-дігінге арналған арнаулы тараушадан өзге Бесбалықтан шыққан бірқатар тарихи тұлғаларға қатысты әдеби ескерткіштерде де сақталған. Сондай ескерткіштер қатарында «Гаочан ваны ескерткіші» [3, 24 ц.],«Инянчжэн ескерткіші» [4, 240-б.], «Жунлугун ескерткіші» [5, 21 ц.] «Гаочандық Се әулетінің өмірбаяны» [6, 11 ц.] деген ескерткіштер кездеседі.

Ең маңыздысы дәл сондай аңыз Қытай деректерінде сақталумен бірге, ұқсас мезгілдегі Парсы авторларының және басқа да елдердің дерек көздерінде де жазылып отырған. Соның ішінде Жувейнидің әйгілі еңбегінде бұл мазмұндар өте-мөте толық баяндалған. Міне сондай мазмұндағы аңыз түрі Марко Полоның әйгілі саяхатнамасында да кездеседі. Түрлі әдебиеттерге жазылған бұл аңыздар мазмұнының бір-бірімен мейлінше сәйкес келуі ерекше ескеруге тұрады. Мұндай жағдай ең бірінші Ұйғыр Ідұқ-құттарының арғы ата-бабасы туралы әріден бастау алған аңыздың аталған тарихи шығармалар жазылған дәуірде аса кең ауқымда таралған аңыз болғанын көрсетіп береді.

Төменде біз сол тарихи шығармалардың кейбіреуінде сақталған мазмұнын көрсетіп өтуге кезек бермекшіміз. Сонымен, айтулы аңыздың «Юаньши» кітабы мамұнынан орын алған нұсқасы былайша баяндаған:

«Ұйғыр Баэршу аэртэ дэцзинь Идуху дегендегі «Идиху» деген Гао­чан мемлекеті [Қарақожа//Qara-khodja] билеушілерінің атақ-мәртебесі еді[1]. Олардың арғы ата-бабалары Ұйғыр жерінде тұрған[2]. Ол жерде Хэлинь тауы [Қорым тауы, яғни Қарақорым//Qara-Qorum] деген тау және сол таудан бастау алатын екі өзен бар еді. Оның бірі – Тухула [Тоғала: toγla//tuγla], екіншісі – Сюэ лин гэ [Селеңге//Seleŋge]деп аталған. Күндердің бір күні болғанда, аспаннан ғажайып бір нұр көрініпті де, сол нұрдың сәулесі бір түп дарақтың үстіне келіп түсіпті. Екі өзеннің арасында тұратын адамдар әлгі дарақтың қасына барып, дарақты сырттай байқап жүріпті.Құдіреттің ісінше бір кезде әлгі дарақтың діңінде бөртеш без пайда болыпты. Одан соң дарақтан жүкті әйелдің нышандары біліне бастапты. Осыдан бастап баяғы нұр дәйім жарқырап тұратын болады. Сонымен, тоғыз ай, он күн дегенде дарақтың қабығы жарылып, одан бес ұл туыпты. Бұл жердің тұрғындары жаңа туған нәресте­лерді бауырына салып, оларды асырап, сақтапты. Балалардың ең кішісінің аты Бу[гу] кэхань[3] деп аталыпты. Ол ержетіп, елі мен жерін басқаруға шамасы келген кезде, халқы оны хан көтеріпті. Осылайша арада отыздан аса хан билік құрып, Юйлюнь дэцзиньнің заманына жеткенде, ол Тан еліне неше мәрте жорық жасап, олармен соғысыпты. Ақыры екі жақ ымыраға келіп, бір-бірімен құда-андалы болып, арадағы жаугершілік соғысты тоқтатып, халық пен әскерге тыныш заман орнататын болып келісіпті. Сөйтіп Тан елі өзінің Цзиньлянь деген гунчжуын [қызын] дэцзиньнің [Юйлюнь дэцзиньнің] мұрагер ұлы Гэли дэцзиньге ұзатады, ол Хэ­линьдегі [Қорым тауы//Қарақорым] Белиболидадеген тауда тұрды. Бұл тау қатындар тұратын тау делінетін еді… [1, 2999-3000-бб.; 2, 179-180-бб.].

«Юаньши» кітабындағы аңыз міне осылай жалғаса береді. Дәл осы аңыз келесі бір тарихи жәдігерлік еңбек – «Гаочан ваны ескерткіші»мазмұнында былайша баяндалған:

«Гаочаннан шыққан тарихи тұлғалардың ата-бабасына қатысты мынадай аңыз бар. Ұйғыр жеріндегі Хэлинь тауынан [Қорым тауы // Қарақорым]бастау алатын екі өзен болған. Оның бірінің аты Тухула [Тоғала: toγla//tuγla] деп аталған. Бір күні күн батып кеш болған кезде, аспанда бір жарық нұр көрініп, артынша бір түп ағаштың үстіне келіп түсіпті. Екі өзеннің аралығын қоныстанған халық мұны көріп, істің артын бағыпты, бір кездері ағаштан бөртеш без өсіп шығып, кәдуелгі жүкті әйелдің белгілері біліне бастапты. Осы кезден бастап әлгі нұр үнемі түсіп тұратын болыпты да тоғыз ай, он күн дегенде ағаштың қабығы жарылып ішінен бес бала шығыпты, адамдар оны бауырына басып, мәпелеп бағып-қағыпты. Олардың ішіндегі ең кішісінің аты Бугу хан екен, ол ержете келе елі мен жеріне ие болыпты, сөйтіп оны хан сайлапты…. арада 30 неше хан өтіп, Үйлинь тегіннің заманына жеткенде елде алапат жұт болып, халық күйзеліске түсіпті, тақ мұрагерлері арт-артынан қайтыс болыпты, сонымен Цзяочжоу аймағына қазіргі Хочжоу аймағына [Тұрпанға] қоныс аударған екен [ 3, 24 ц.].

Аңызға айналған тарихи тұлға Бөкү қағанға қатысты осы аңызды жазып қалдырған келесі еңбек мәтінінің ұзын ырғасы осыған сәйкес келеді, жалпы айтқанда онда да сол тектес мазмұндар қайталанып отырған:

Марқұм Иняньчжэнь, Вэйвуэр [Ұйғыр]азаматы, оның арғы аталары сол мемлекеттің ел басы болған. Олардың елініде екі түп ағаш болыпты, әлгі екі түп ағаш бірі-бірімен қауышып, [кейін] екеуінің ортасынан бөртеш пайда болыпты. Ағаш жарылып, ішінен бес бала шығыпты. Олардың төртеуі өліп біреуі ғана тірі қалған екен, ел оны пір тұтып, құрмет көрсетеді. Оған өз елінен қыз беріп, мәңгілік құда болуға уағдаласып, мемлекетті соған басқартыпты [4, 240-б.]. Көріп отырғанымыздай бұл деректемеде баяндалған мазмұн жоғарыдағы деректемелермен салыстырғанда шағындау, соған қарамастан онда тағы аздаған өзгешеліктер де сақталған.

Қытай деректемелеріндегі Бөкү қағанға қатысты аңыздың ең бастылары осылар. Жоғарыда атап кеткеніміздей Бөкү қаған туралы аңыз қытай деректері мазмұнында ғана сақталмаған, ұқсас аңыз өз дәуірінде Парсы және басқа елдердің дерек көздерінен де орын алған. Солардың ішінде Жувейнидің берген мәліметтері «Юаньши» және басқа тарихи кітаптар берген мәліметтермен мазмұндас болып келеді, әйтседе Қытай деректеріне қарағанда әлде қайда ауқымды әрі нақты баяндалған. Сол себепті ол біздің Қытай деректерінде сақталған кей түйткілдерді жете түсінуімізге көмекетесе алады. Сонымен, біз Парсы тарихшысы Жувейни еңбегінің қатысты мазмұнына кезек берер болсақ, автор өз еңбегінде бұл туралы жазған кезде:

Ұйғырлар өз ата тегін Орқон өзені бойынан таратады. Бұл өзеннің басы олардың өзі «Қарақорұм» деп атайтын таудан бастау алады… Қарақорұм тауынан жалпы саны отыз өзен бастау алады; [ол дәуірде] әр өзеннің бойын жеке бір рулы ел мекендейтін болған; ұйғырлар болса Орқон өзенінң бойында екі бөліктен құралған елге айналыпты. Олардың халқы өсіп көбейген тұста басқа елдер сияқты бір адамды бас сайлап, соған бағынып отырыпты. Осылайша арада 500 жыл уақыт өткенде, Бұқу хан болыпты» деп баяндайды. Автор бұдан әрі аталған Бұқұ ханды кей адамдардың Афрасираб деп қарайтынын сөз етеді. Ол тағы өзі жасаған дәуірде Орқон өзенінің бойында Орда-Балық қаласының күйрендісі болғанын, қала қорғанының қақбасында бетіне жазу жазылған алып балбал тастардың болғанын, Үгедей қаған тірі кезінде осы тастарды орнынан жылжытқан кезде ол жерден әлде бір құдық шыққанын әрі құдық ішінен жазу бәдізделген құлыптас табылғанын, бірақ ол жазуды ешкім оқи алмай ақырында қытайдан шақырылған әлде бір ғұлама ғана оқығанын, жазудың солардың жазуымен жазылғанын айта келіп онан соң осы балбалға жазылған мазмұндарға өз еңбегінен орын береді. Автор балбал тастың бетіне жазылған мазмұны ретінде ең бірінші Бөкү қағанға қатысты жоғарыда баяндалған аңыздарды қайталайды [9, 54-56-бб.; 10, 57-58бб.].

Солай дегенмен Жувейни Орда-Балық қаласының (Ordu-Baliq) күйрендісіндегі құдық ішінен табылған ескерткішке жазылған мазмұн ретінде көрсеткен аңыздың мазмұны жоғарыдағы әдебиеттерде сақталған мазмұндарда орын алған түйткілдердің бетін ашып көрсетіп өткен: Ол Қарақорұмнан бастау алатын екі өзеннің бірінің аты Тоғла екіншісінің аты Селенге деп аталып екі өзеннің Қамланчу деген жерде бір-біріне қосылатынын, айтулы екі өзеннің ортасында қатар өскен екі ағаштың бірін «Құсұқ» деп аталатынын әрі оның қарағай тұқымдас ағаш екенін сипаттап көрсетеді, сонымен бірге екінші ағаштың «тоз» деп аталатынын айтады. Онан соң осы екі түп ағаштың ортасындағы жер томпая бастап, ақыры төбешікке айналғаны, артынша аспанда ғажайып нұр пайда болып төбешікке тұскені, сонымен әлгі төбешіктің үлкейе бергені, ақыр соңында жер жарылып бес бала шыққаны, балалардың тілі шыққаннан кейін өз ата-анасының кім екенін сұрағаны, адамдар олардың ата-анасы ретінде екі ағашты көрсеткені; балалар ағашқа және ағаш өсіп тұрған жер анаға сәлем беріп құрмет көрсеткені, осы тұста ағашқа тіл бітіп балаларға бата бергені, адамдар ағаштан туған бес балаға үлкенінен кішісіне қарай «Sonqur Tegin, Qotur Tegin, Tükel Tegin, Or Tegin, Buqu Tegin» деп ат қойғаны, артынан тәңірдің сиға берген осы бес баланың бірін өздеріне хан сайламақ болып ақылдасқаны, олардың көркіне, ақыл-парасатына қарап ең таңдаулы деген Бұқуды (Бөгү) өздеріне хан сайлағаны қатарлы мәліметтерді тәптештеп отырып жазған. Жувайни одан әрі Бұқу қағанға әлде бір сұлудың келуі мен екеуінің Ақтақ тауында жеті жыл алты ай 22 күн бірге болып сөйлескенін, қыздың қоштасар алдында оған «Шығыстан батысқа дейінгі жердің барлығы саған тиесілі болады, еліңді дұрыстап басқар» деген сөздер айтқанын және сол күннің ертеңінен бастап Бұқу қағанның жорықтар ұйымдастырғанын, сондай-ақ оның бастауындағы әлемнің төрт төңірегіне жорықтар жасағанын баяндай келіп,  ақыр соңында Бұқу қаған өлгеннен кейін оның орнына оның мұрагер ұлы отырғанын осы тұста «Көш! Көш!» деген дауыстар шығып олар көшіп Бесбалыққа келгенде әлгі дауыс тоқтағандықтан сонда біржолата қоныстанып қалғанын баяндаған. Жувейни тағы бірде олардың әлгі өз әулетіне уәкілдік ететін ағашты (әлгі қарғыс атқыр ағашты) үйдің қабырғасының түбіне көшіріп апарып отырғызғанын да жазады [9, 56-61 бб.; 10, 58-62 бб.].

Назар аударарлығы Жувайни Моңғолиядағы түркі ескерткіштері туралы алғашқылардың бірі болып мәлімет қалдырған тарихшы болғандығы еді. Ол атап өткен «балбал тастар» соңғы ғасырларда Моңғолиядан табылған көне түркі, соғды және қытай жазулары жазылған ескерткіштер болуға тиісті еді. Әйткенмен ол ескерткіштер мазмұнында Жувейни жазып қалдырған Бөгү қағанның дұниеге келуі туралы ғажайып аңыз да, оның жаһанды жаулап алу жолында жасаған ерлікке толы жорықтары да баяндалған емес. Сол себепті автор көрген әйгілі ескерткіш қашан табылғанға дейін Жувейни жазған бұл деректің қайнары жоғарыдағы қытай деректері сияқты моңғолдардың хан ордасында сақталған қандай бір тарихи материалдар қорынан алынған деген пікір өз құнын жоймақ емес. Соған сәйкес аңыздың Жувейни еңбегіндегі нұсқасында кездескен кейбір исламдық және ирандық нақыштарды мұсылман авторының жеке қолтаңбасы деп түсінуге тура келеді. Дегенмен түрколог ғалымдар аңыздағы біраз дүниелерді, соның ішінде ағашқа түскен таң ғажайып нұрдан бес баланың дүниеге келуіне қатысты мазмұндары монихизммен тіке байланысты екенін алға тартады. Мұндай мазмұн ілгерідегі Үйғыр қағанаты дәуірінің өзінде кіріккен мазмұндар болуға тиіс.

Қытай деректеріндегі аңыз кейіпкерінің аты әр түрлі әдебиеттерде әр түрлі таңбаланған. Сол сияқты аңыздағы әйгілі тұлғаның есімі түркі жазбаларында, мұсылман деректемелері мен батыс дерек көздерінде де бірдей емес. Соның ішінде оның «Bögu (qan)», «Bügü qan», «Bögü qan», «Buqu qan», «Bughug (Buγuγ)», «Bughu» т.б. түрдегі транскрипциясы жиі кездеседі. Көне түркі тас ескерткіштері мен ұйғыр жазбалары да дәл осындай есімдегі адамды немесе жекелеген ғалымдар осы тұлғаның дәл өзі деп қарастырып келген тұлға есімін «Бөгү» түрінде жазып қалдырып отырған. Аталған адам есімінің мән мен мағнасы туралы А. фон Габайн, Банг-КаупВилли қатарлылар Бөгү деген «Бөртеш», бүршік, ағаш безі (беріш)деген мағнада болған деп пайымдайды [11, 5 б.]. Бұл енді жоғарыдағы аңыздарда көрсетілгендей ғажайып нұрдың түсуінен ағаштың діңінде пайда болған жүкті әйелдің құрсағы тәріздес «бөртештің» (ағаштың безі, беріші, қауашағы) өзі болатын.

Ұйғыр билеушілеріне арғы ата-тегіне қатысты бұл аңызды Марко Поло да естіген. «Олардың [Ұйғырлар] айтуынша олардың ең алғашқы билеушісі адамзат баласынан тумаған, ағаштың безінен туған. Мұндай без ағаш шырынынан пайда болады, шын мәнінде ол біз айтатын «еска» (esca) болатын. Оның барлық ұрпақтары сол адамнан тараған» деп жазады Марко Поло [12, 156 б.].

Солай дегенмен де уақыт өте келе «бөгү» сөзі өзінің әуелгі мәнісінен бірте-бірте ауытқып «киелі» сипат алған ауыспалы жаңа мағнада қолданыста болғаны байқалады. «Бөгу» сөзі мәнісінде орын алған мұндай түпкілікті өзгерістердің туылу себебін жоғарыдағы аңыздың тылсым сырға толы діни мазмұндары толық қанды жауап береді деуге тура келеді. Бізге белгілі болғанындай «бөгү» соңғы ғасырдағы мәнісі мүлде басқаша болған. Сол себепті М. Қашқари өз еңбегінде «бөгү» сөзінің соңына: Дана, ақылды, білімді, хакім деп түсініктеме жасаған әрі «бөгү» сөзінің «білге» деген сөзбен қосылып «Бөгү-білге» (немесе «білге-бөгү») деп айтылатынын ескертіп өткен әрі аталған сөзге мысал ретінде сол дәуірдегі бір мынадай бір шумақ жыр жолын жазып қалдырған: Білікні ірдедім, бөгүні өзүрдүм, өзүмні азырдым, йалғыл атым йазлынұр [13, т. ІІІ, 309-310 бб.; 14, 913-914 бб.][4].

Казірге дейінгі уақытта Ідұқ-құт билеушілерінің арғы ата бабасы ретінде көрсетілген аты аңызға айналған тарихи тұлға «Бөгү қаған» сірә кім деген сауалдың жауабын іздеушілер қатарында Эдуард Шаван, Аннемари фон Габайн, Альберт фон Лекок, Банг-Кауп,Э. Бретшнайдер, П. Пеллио, Қытай ғалымдарынан Ван Цзинжу мен Тянь Вэйцзянь және Жапон ғалымы Абе Такео тағы-тағылар бар. Айтулы ғалымдар Бөгу қаған туралы аңыздың Ідұқ-құт ақсүйектерімен қатысты баяндалуына сәйкес оны бір ғана Ұйғыр қағанаты дәуірінен іздестіріп отырған әрі аңыз сарыны бойынша Бөгү қағанды Ұйғыр қағанаты тарихында болған әр түрлі қағандармен байланысты қарастырған. Мұнда тарихи тұлғалардың аты мен титулындағы ұқсастықтар және осы қағандар билік басында болған кездегі ерлік жорықтар басты назарға алынған. Шын мәнінде «Бөгү қаған» немессе «Бөгү Білге қаған» атағы сонау Түркі қағанаты дәуіріндегі қағандар арасында да болғаны назардан тыс қалып қойған. Сөйтіп олар аңыздағы Бөгү қаған ретінде мынадай қағандарды қарастырады:

1. VII ғасырда ұйғыр тайпалар бірлестігінің негізін қалаушы – Пуса тегін (菩萨俟斤);

2. 744-745 жылдары Ұйғыр қағанатының билік басында болып Көл Білге қаған;

3. 745-759 жылдары қаған болған «Мойын чор қаған» (қыт: Хуайжэнь қаған //怀仁可);

4. Мойын чор қағанның екінші ұлы, 759-780 жылдары қағанатты билеген, Таң патшалығы «Му юй қаған (牟羽可汗) және «Дэнли қаған (登里可汗) деп екі түрлі атпен атаған, ал қағанаттың өз халқы: «Теңріде құт болміш іл тұтміш алп күлүк білге қаған» және «Бөгү (теңрі) хан» деп атаған қаған;

5. 795-805 жылдары аралығында қағанаттың хан тағына отырған қаған –Күшүлік қаған. Ол яғлақар әулетінен емес, тегі едіз әулетінен шыққан. Қағанаттың бектері оны:  «Теңріде ұлұқ болміш алп құтлұғ күлүг білге қаған (Täŋridä uluγ bolmiš alp qutluγ külüg bilgä qaγan)» деген атақпен ұлықтаған. Қалыптасқан дәстүрге сәйкес мұндай ұлықтауды Таң патшалығы да мойындап, олар оған «Хуайсинь қаған (怀信可汗)» деген атақ берген.

Бөгү қағанның өмірдегі баламасы ретінде бастапқы қадамда қарастырған қағандар осылар болатын. Алайда, соңғы уақытта бұл қатарды 866 жылы шамасында Ідұқ-құт ұйғыр мемлекетін құрды деп қаралатын қытай тарихнамалары «Пугуцзунь//仆固俊» деген атпен жазып қалдырған адам толықтырып отыр. Қытайлық ғалымдар аталған тұлғаны байырғы «бөгү» тайпасының адамы ретінде қарастырған [15, 85-87 бб.];  16, 33-34 бб.]. Мұндай М. Қашқари түсініктемесін ескерместен Тұрпан жазбаларындағы көп кездесетін Ідұқ-құт билеушілерінің титулындағы boquq немее boγuγ (Boquq uiγur tängri qaγan; Tängri bögü, т.б.) деген тіркесті әулеттің шыққан руымен қатысты деп санап бұқұт (Buqut //仆骨,仆固) этнонимімен байланыстыратын қадамдар мүлде қарама-қайшы қорытындыларды шығаруға мүмкіндік берген [15, 79-87 бб.].

Қытайдың тарихи деректері Пугу (仆骨) деп жазған бұл тайпаның атын кезінде Ж. Гамильтон бөгүт (Bögüt) деп реконструкция жасаған. Ол сондай тайпа атын Хотан жазбаларында «Baku» деп жазылғанын ескерте отырып олардың бір тайпа болу мүмкіндігін қарастырған [17, 152 б.]. Бірақ, мұндай талпыныстарда дыбыстық жақтағы үндестік көбірек негізге алынғанын айтуға тура келеді. Егер бұл пікірге сенер болсақ, онда, аталған мезгілде ұйғыр әулетінің билік басында тағы бір мәрте әулеттік билік ауысу уақиғасы орын алған болып шығады. Әйтсе де бұл тақырып одан әрі кешенді түрде дәлелдеуді қажет етеді. Қалай десек те қазірге дейін атқараылған зерттеулерде аңыздағы тұлға Бөгү қағанды Ідұқ-құт билеушілерінің арғы ата-бабасы ретінде қарастыру мақсатында оны Ұйғыр қағанатының билік басында болған қағандар арасынан қарастыру шаралары соншалықты сәтті нәтиже берген емес.

Шын мәнінде Бөгү қаған туралы аңыз бір ғана Ідұқ-құт әулетіне ғана тиесілі әңгіме болмағаны байқалады. Сондықтан бұл жерде оны пір тұтатын түркі тайпаларының қатары мол, сондай-ақ, ол туралы аңыздар таралған аймақ біз межелегеннен әлде қайда ауқымды болғаны ескеруді қажет ететін еді. Рашид ад-дин өз еңбегінде Найман хандығының әйгілі ханы Инанч-Білге Бөгү хан туралы тоқталған тұста: «Царя найманов, бывшего у них до вражды Чингиз-хана с наймани, называли Инанч-Билгэ Буку-хан. Заначение слова инанч – верить; билгэ – прозвище [начающее] «великий». Буку-хан в древние времена был великим государем, [к памяти] каторого уйгуры и много [других] племен относятся с полным уважением и рассказывают, что он родился от одного дерева»деп жазып қалдарады[18, 139 б.].

Рашид ад-дин ұсынған осы мәліметтің өзі Бөгү қағанға қатысты мәселені Бесбалық пен Гао­чандағы ұйғыр Ідұқ-құт мемлекеті билеушілері шеңберімен шектеуге болмайтынын, керісінше Бөгү қағанды наймандарды өз ішіне алған басқа да бір қатар түркі халықтарының арасында үлкен құрметке ие болған тарихи тұлға ретінде қарастыру керектігін ескертеді.

Тарихи деректерге негізделе отырып біз Бөгү қаған мәселесіне қатысты Парсы тарихшысы ескертіп кеткен бұл шындықты Қытай авторларының жазып қалдырған кейбір мәліметтері онан әрі растауға мүмкіндік беретініне көз жеткіземіз. Сондай деректеменің бірі болған «Юаньши» кітабінің Оңғыт билеушісі Алақұш Тегін Құри туралы жазып қалдырған мәліметінде: «А-ла-ву-сы Ти-цзи-Ху-ли – Ван­гу тайпасының адамы. О­лар Шато Яньмэнь ұрпақтары болып табылады. Арғы ата-тегі Буго (卜国), олар ата-бабасы­нан бері қарай ел би­леп келген» деген дерек бар [1,2923 б.; 2, 143 б. ].Бір қатар ғалымдар зерттеуінде осындағы «Буго (卜国)» деген тіркестің «Бөгү қаған» екеніне көз жеткізген[19, 107 б.].

Моңғол дәуіріне дейінгі тарихи кезеңде Қытай қорғаны маңын қоныстанып билік құрған түркі тілді халық – Оңғыттардың билеушісі (тегіні) болған Алақұш Тегін-Құридің ата-тегін аңыздағы Бөгү қағанмен қатысты баяндайтын осындай шағын деректің кездесуі бұл дәуірде Ідұқ-Құт әулетінен басқа Моңғол даласында өз алдына билік құрған бірқатар түркі тайпаларының билеушілері өздерін Бөгү қағанның ұрпағы деп санайтын болған деген пікірді тарихи шындық ретінле қарастыруға пәрмен береді. Сөйтіп, бұл дерек біздің Моңғол дәуіріне дейін Ұлы далада хандық билік құрған түркі-моңғол тайпаларының билік басындағы әулеттерінің ата-тегін анықтаудағы қосымша мәліметтер қатарынан орын алады. Осы және өзге тарихи жәйттерге негізделе отырып біз «Бөгу қаған» бірқатар түркі халықтары билеуші әулетінің аңыздағы ортақ атасы деген пікірге келеміз.

Түркі халықтарының өшпес орын алған Бөгү хан есімі Ұлы далада топонимикалық атау ретінде де сақталған. Солардың ең бір елеулісі Х-ХІІІ ғасырлардағы Түркі даласынан мәлімет беретін тарихи жазбаларда «Бугухань қаласы (卜古罕)» деген атпен жазылған қала аты болды [2, 18 б.]. Ғалымдар бұл қаланыың орны Орхон өзенінің жоғары бойында болған деп қарайды [20, 38 б ]. Ол туралы тарихи деректер жазып қалдырған мәлімет бойынша айтулы дәуірде бұл қала өзінің өмір сүруін жалғастырып отырған. Аймақтың ол тұстағы тұрғындары «цзубу» деген жалпылама атпен көбірек мәлім болған еді. Шын мәнінде бұл «цзубулар»: наймандар, жалайырлар, татарлар, керейлер мен меркіттер болатын [2, 26 б.].

Жоғарыда көрсетілгендей Бөгү қаған жеке-жеке ұйғыр, найман және оңғыт билеуші әулетінің шығу тегіне қатысты екені туралы мәліметтерді кездестірумен бірге көрсетілген аңыз мазмұнының ең бір түйінді тұстарының өзі қыпшақтардың шығу тегіне қатысты сақталған әйгілі аңыздармен де сабақтасып, үндесіп келетінін атап айтуымызға тура келеді. Бөгү қағанға қатысты аңыз мазмұндарының ең елеулі түстарының қыпшақ этнониміне және қыпшақтардың ата-тегіне қатысты аңыздармен тығыз байланысты болуының өзі Бөгү қағанды Ідұқ-Құт әулеті көлемімен ғана шектеудің жеткіліксіз екенін тағы бір қырынан көрсете алады.

Рашид ад-дин мен Әбілғазы еңбегіндегі қыпшақтардың шығу тегіне қатысты аңыздардыңмазмұны негізінен ұқсас болып келеді. Онда Оғыз қаған жорықтарының бірінде күйеуі қаза болған жүкті әйел толғағы келген кезде ағаштың қуысына кіріп, сонда босанғандықтан, оның ұрпақтары «қыпшақ» деп аталғаны баяндалады. Бұл туралы Рашид ад-дин өз еңбегінің қатысты тұсында: Когда Огуз потерпел поражение от племени ит-барак, с которым он воевал, он остался на острове, образуемом течением двух рек, и там обосновался. В это время некая беременная женщина, муж которой был убит на войне, влезла в дупло большого дерева и родила ребенка. Про это проистшествие рассказали Огузу. Он сжалился над ней и сказал:  «Так как у этой женщины нет мужа, то этот ребенок будет моим сыном». [Действительно], он стал на положении ребенка Огуза; последний  назвал его Кипчак. Это слово производнное от [слова] кабук, что по-тюркски означает –«дерево со сгнившей сердцевиной». Все кипчаки происходят от этого мальчика[18, 84 б.] деп баяндап берген.

Ал, Әбілғазы жазып қалдырған қыпшақтар туралы аңыздың мазмұны былайша баяндалған: Ұлы патшалардың алыс сапарға шыққанда әйелдерін алып жүретін әдеттері болатын. Осы әдетпен нөкерлерінің кейбіреуі де әйелдерін ала жүруші еді. Оғыз ханның бір бегі де әйелін алып барып еді. Өзі ұрыста өліп, қатыны қашып құтылып, екі судың арасында тұрған ханның артынан жетті. Әйел жүкті еді. Толғағы келді. Күн суық еді, кірейін десе үй жоқ, бір іші шіріген үлкен ағаштың қуысына босанды, ұл тапты. Мұны естіген хан: «Әкесі менің көз алдымда соғыста өлді, қамқоршысы жоқ» деп атын «Қыпшақ» қойып, өз қамқорлығына алды. Түркі тілінде іші қуыс ағашты «қыпшақ» дер еді, бұл бала ағаш ішінде туғандықтан, атын «Қыпшақ» қоюы содан еді. Бұл кезде іші қуыс ағашты шыпшақ дейді. Қара халық тілі келмегендіктен «қ»-ның орнына «ш» айтып кеткен…[21, 24 б.].

Міне солайша қыпшақ этнонимінің этимологиясы мен қыпшақтардың шыққан тегі туралы мәлімет беретін ең сенімді әдебиеттердің барлығы бірдей оларды ағашпен байланысты баяндайды. Рашид ад-дин мен Әбілғазы баяндаған аңызды «Оғыз-наменің» қыпшақ туралы келесі мазмұндары онан әрі толықтыра түседі. Айтулы көне жәдігердің қыпшақтардың ата-тегі мен қыпшақ этнонимі жөніндегі мазмұнында бұл туралы:

Шерумен бірге Оғыз қаған Итіл деген өзен [ді кешті]. Итіл [деген] әйдік бір [өзен] еді. Оғыз қаған оны көрді де енді Итілдің суынан қалай өтерміз? – деді. Шеруде бір жақсы бек бар еді. Оның аты Ұлық Орду бек еді. Үздік ақылды бір ер еді, [жағадағы көптен-көп] талдардың көбін көрді, ағаштар[бар еді. Осы бек…] осы ағаштарды …. кесті, ағаштарға жатып, өтті. Оғыз қаған тағы сүйініп, күлді де айтты: ай, ай, сен мұнда бек бол, Қыпшақ деген бек бол сен – деді. Тағы ілгері кетті… [22, 42-43 бб.] деп жазған. Көріп отырғанымыздай біз бұл мәліметтен де қыпшақ этнонимінің шығу қайнары тек ғана ағашпен байланысты болғанын көреміз.

Мұндай ағашпен, ағаштың қуысымен қатысты баяндалатын мазмұндар «Оғыз-Наменің» басқа тұстарында да кездеседі. Онда:

Бір күні Оғыз қаған аңға кетті. Бір көл ортасында алдынан бір ағаш көрді. Бұ ағаштың қауашағында (қабучагінда) бір қыз бар еді. Оның көзі көктен көгірек еді. Оның шашы өзеннің ағысындай, оның тісі інжудей еді. Оны көрген жер бетіндегі жұрт айтушы еді: ай, ай, ах, ах өлерміз – деп, сүттен қымыз боп кететін. Оғыз қаған оны көрді де есі шығып, жүрегіне от түсті, оны сүйді, алды, онымен бірге жатты, тілегенін алды. Төл буаз болды, күндерден соң, түндерден соң, босанып үш ер бала туды. Біріншісіне Көк, екіншісіне Тау, үшіншісіне Теңіз деп ат қойды[22, 38-39 бб.] делінген.

«Оғыз-Намеде» айтылған: «Бір күні Оғыз қаған аңға кетті. Бір көл ортасында алдынан бір ағаш көрді. Бұ ағаштың қауашағында бір қыз бар еді….»  деп келетін осы бір аңыздан біз тағы да қыпшақтың дүниеге келуі туралы аңыздағы «ағаш қуысындағы әйел» мотивін көреміз. «Оғыз-Намедігі» бұл көрініс пен жоғарыдағы Бөгү қағанға қатысты және қыпшақтың дүниеге келуі арасында айырмашлық бар десек, оның бірінде ағаштың «берішінен» туылса, енді бірінде ағаш қуысында туған әйелді көреміз. «Оғыз-Намеде»  бар болғаны Оғыз қағанның ағаш қабығында отырған сұлумен үйленуі сөз болады. «Оғыз-наме» одан әрі Оғыз қағанның осы сұлудан Көк, Тау, Теңіз деген үш ұл көргенін баяндайды. Бұл еңді Оғыз қаған туралы аңыздарда жиі айтылатын Оғыз қағанның алты ұлының үшеуі деген сөз. Күллі түркі тайпаларының таралуы туралы шежірелер түркі жұртын Оғыз қағанның осы алты ұлынан тарқатады. Сөйтіп, айтулы аңыз бізге түркі әулетінің тең жарымы қыпшақтармен (ағаш қауашағындағы сұлудан туғандар) байланысты дегенді меңзейді.

«Оғыз-Наме» түркі әулетінің қалған жартысын дүниеге әкелген, яғни аңыздағы Оғыз қағанның әйгілі алты ұлының қалған үшеуін дүниеге әкелген анасы туралы баяндаған кезде: «Тағы күндерде бір күн Оғыз қаған бір жерде тәңірге жалбарынды. Қараңғылық түсті. Көктен бір көк жарық түсті. Күннен аян [жарық], айдан көгілдірірек еді. Оғыз қаған оған келіп көрді. Осы жарықтың арасында бір қыз бар еді, жалғыз отырар еді. Жақсы көрікті бір қыз еді. Оның басында оттай жарқыраған бір меңі бар еді, алтын қазықтай еді. Осы қыз сондай көрікті еді: Күлсе, көк тәңірі күлер еді, жыласа, көк тәңірі жылар еді. Оғыз қаған оны көргенде есі қалмады, сүйді, алды. Онымен бірге жатты, тілегенін алды. Төл буаз болды. Күндерден күндер өтіп, түндерден түндер өтіп, босанып үш ер бала туды. Біріншісіне Күн, екіншісіне Ай, үшіншісіне Жұлдыз деп ат қойды» деп жазған[22, 37-38 бб.; 8, 80 б.].

Мұнда да жоғарыдағы аңыздарда көрсетілген көктен түскен көгілдір түсті жарық нұр негізгі түйін ретінде баяндалған. Міне солай «Оғыз-Наменің» қатысты мазмұндары мен Бөгү қағанға қатысты аңыздар арасынан көптеген ұқсастықтарды қарастыруға болады.

Жалпы түркі-моңғол халықтарының шығу тегі туралы аңыздар мазмұнының елеулі бөлігін құрайтын көк бөрімен, қаншық қасқырмен (Шына: Ашына, Бөрте-Шына), ақ маралмен (Ақ құба-марал) және аспаннан түскен киелі жарық сәулемен және осында сөз болып отырған ағашқа, орман-тоғайға байланысты баяндалып келуін әдетте тотемдік наныммен тіке қатысты деген пікір шеңберінде түсіндіріп отырады.

Жоғарыда көрсетіп өткендей Рашид ад-дин Найман ханы Инанч-Билгэ Буку-ханның аты-жөніне тоқталған кезде: Буку-хан (Бөгү хан) ерте заманда өткен ұлық әмірші, ұйғырлар және [басқа да] көптеген халықтар оны ерекше құрметтейді [сағынып еске алады], айтылуынша ол бір түп ағаштан туған деседі деп жазды [18, 139 б.]. Бізге белгілі болғанындай түркі халықтарының көне дәуірдегі ағашқа қатысты аңыздардың елеулі бөлігі қыпшақтардың шығу тегіне және «қыпшақ» этнонимінің қалыптасуына қатысты айтылып отырады. Бұл жөнінен айтқанда ағаштан туған Бөгү қағанды қыпшақтардың төл тарихымен қатысты қарастыруға, тіпті ағаш қуысында туылғаны үшін «қыпшақ» атанып кеткені айтылатын аңыздың келесі бір версиясы деуге де келеді. Бұл жердегі басы артық дүниеағашқа түскен таң ғажайып нұр ғана. Ғалымдар оны «монихизмдік нанымға» қатысты дептұжырымдаған [9, 55 б. 15 түсініктеме]. Оның өзі аңыз пайда болғаннан кейін көп ғасыран кейін кіріккені анық. Кез келген аңыз ұзақ тарихи кезеңдегі түрлі этно мәдени, этно саяси байланыстардың ықпалында өзінің ең негізгі тақырыбын сақтай отырып әртүрлі тайпада әр түрлі мазмұнда сақталып отыратын болған. Сол себепті Қыпшаққа қатысты аңыз бен Бөгү қағанға қатысты аңыздың арасында азды-көпті парықтар болғанмен шын мәнісінде ол екеуінің түп төркіні бір, бір ғана ортақ тақырыптан шыққан.

Бұған дейін тотемдік нанымның бір түрі ретінде қарастырылған түркі тайпаларының  ағашға, орман-тоғайға байланысты наным-сенімдегі осынау ортақ мазмұнның мән-мағнасы жөнінде әр түрлі тұжырымдамалар жасалған. Сондай дегенмен оның нақты мән-мағнасы көне түркілердің өздеріне ең түсінікті болуға тиісті. «Оғыз-Наме» бұл туралы: … Одан соң Оғыз қаған әйдік той жасады, ел-жұртқа жарлық шашып, шақырып кеңесті. Қырық сіре (стол), қырық сәкі шаптырды, түрлі астар, түрлі шараптар, шұбат, қымыз ішілді, желінді. Тойдан соң Оғыз қаған бектерге, ел-жұртқа жарлық берді: міне мен сендерге қаған болдым, жақ пен міне қалқан алыңдар, біздің таңбамыз береке болсын, ұранымыз көк бөрі болсын. Темір сүңгілеріміз орман болсын. Қорықта құлан жортсын, теңіз бен өзен [шалқысын], күн туымыз болсын, көк шатырымыз болсын деді» деп жазды [22, 38 б.; 8, 80 ,81 бб.]. Осындағы «Темір сүңгілеріміз орман болсын» деген тіркес көне түріктердің ағашға, орман-тоғайға қатысты наным-сенімі туралы сауалға толық жауап беріп отыр.

Қытай деректемелерінде орман мен ағашқа қатысты діни сенімді көне түріктердің арғы бабалары болған ғұндардың салт-дәстүрінен мәлімет берген тұста жазып қалдырған. Сыма Цян еңбегінде ғұндардың салт-дәстүріне қатысты тоқталғанда: «Күз айында, ат семірген кезде бас қосып орман айналып табыну жиналысын өткізеді, адам мен малды санап, салық мөлшерін есептеп шығарады» деп жазған [23, 110 ц.]. Таң патшалығы дәуірінде жасаған әйгілі тарихшы Ян Шигу (581-645 жж.) есімді тарихшы «Ханшу» кітабының қажетті тұсына деректанулық зерттеу жасаған кезде ғұндардың бұл салтын орман мен ағашты айналып құлшылық етуі деп түсіндіре отырып: Сянбейлердің салты бойынша мұндай салт көне дәуірден жалғасып келген, күз айларында ормансыз жерге тура келгенде олар талдың екі бұтағынан бағана орнатып атты адамдар оны үш мәрте айналады, аталған салт содан қалған деп түсіндірген [24, 94 ц., І. 64, І.]. Автор бұл жерде ормансыз далалық аймақтарды қоныстанған сянбейлердің екі ағаштан бағана тұрғызып бағананы айналып сиыну рәсімін ғұндардың орман айналу салтынан қалған қалдық екенін баса көрсеткен.

Қөне тарихи жәдігерлерде орман тоғайға, ағашқа қатысты нанымдардың мемлекеттік билік, қаған мен оның бектері, ел мен жер арасындағы нанымдық байланыстары мазмұнын аша алатын аз да болса қосымша мәліметтер бар. Сол қатарда көп замандар бойы көне түріктердің билігінде болған әрі кейін келе олардың өздері де түркі жұртының қағандық билігін қолға алған кидандар туралы жазылған мынандай бір шағын дерек біздің кей түйтткілдерді түсінуімізге көмектеседі. Ляо патшалығы әулеттік тарихы саналған «Ляоши» кітабы патшалықты құрушы этнос кидандардың Х-ғасырдағы өмір-салты туралы жазған кезде олардың ұлы тауға тәуіп ету кезіндегі діни нанымдық рәсімдерінің кей мазмұны ағашпен қатысты екенін жазып тарқатады. Онда жазылғанындай: Ең бірінші ұлы таудың ең лайықты жерінен көк тәңір мен жер тәңірдің тұғыры тұрғызылатын болған, тұғырдың артын батысқа, бетін шығысқа қаратып тұрғызған. Тұғырдың шығыс жағына дәл ортаға патшаның ағаш бағанасы орнатылған, патшаның ағаш бағанасының шығыс жақ алдына мемлекет ұлықтарын білдіретін көптеген ағаш бағаналар орнатылатын болған. Мұндағы жалғыз ағаш бағана тақта отырған патшаны, көп ағаш бағана патшаның қабылдауындағы уәзірлерін білдірген. Онан соң олардың әрі жағынан тағы екі бағана орнатып, оны «киелі қақпа» деп атайтын болған. Ең бірінші қаған мен қатын келіп тәңір тұғырына келіп тауап еткеннен кейін тәуіп ету кезегі илибилерге [eltäbir/iltäbir – бектер] берілген. Құрбандыққа  торы ала айғыр, көк бұқа, ақ сары (бас) қошқар сияқты аталық мал шалынатын болған…[25, 56 ц.].

Ошан Жанымхан

ҚР БҒМР. Б. Сүлейменов атындағы

Шығыстану институтының

жетекші ғылыми қызметкері,

т.ғ.к.

ӘДЕБИЕТТЕР

Сун Лянь. Юаньши. 122-цзюань, жеке тұлғалар өмірбаяны ІХ «Баэршу­аэртэ­ дэцзиньнің өмірбаяны». «Чжунхуа шу цзюй» нұсқасы, 1976. (宋濂: «元史» 卷一百二十二,  列传第九 «巴儿术阿而忒的斤». 中华书局点校本).

Ошан Ж. Еженхан Б. Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері. V том. Әулеттік тарихи жылнамалар 3-бөлім. Алматы, 2006.

Ю Цзи. Гаочан ханының құрметіне қойылған ескерткіш. Даоюаньсуэ жазбалары, 24 цзюань, Сыбуцункан нұсқасы (虞集: «道园学古录»卷 24 «高昌王世勋之碑»,四部丛刊本).

Хуан Цзин. Инянчжэн гун ескерткіші. Хуан мырза шығармаларының антологиясы, 24 цзюань, Сыбуцункан нұсқасы, 240 б. (黄溍: «亦辇真公神道碑», «金华黄先生文集» 卷24,四部丛刊本).

Шань Сы. Юань дәуіріндегі Ганьсу қатарлы аймақтың атқарушы хатшысы Жунлудың ескерткіші. Чаншаньчжэнь тас ескерткіштері, 21 цзюань (赡思: «常山贞石志» 卷二一, «有元甘肃等处行中书省平章政事荣禄公神道碑».

Оуян Сюань. Гаочан Се әулетінің өмірбаяны. Гуйчжай антологиясы, 11 цзюань, Сыбуцункан нұсқасы, (欧阳玄: «高昌偰氏家传», «圭斋文集» 卷11, 四部丛刊本).

Хань Жулинь. Цюнлуцзи. Шанхай: 1982 // 韩儒林: «穹庐集»,上海,1982年.

8 «Асыл мұра» түркі антологиясы. – Астана: Сарыарқа, 2012.

Juvaіny. Tarіh-і-Jahan Gusha // tr. J. A. Boyle. The Hіstory of the World Conqueror. Manchester Unіversіty Press, 1958.

10 Жувейни. Қытайша аударған. Хэ Гаоцзи // 何高济译 «世界征服者史» 上,下册, 商务印书馆. 2004年. 北京.

11 W. Bang and A. von Gabain:Türkische TurfanTexte.II.Berlin1929.

12 A. C. Moule & Paul Pelliot,Marco Polo: the Description of the World, vol.1, New York: AMS Press INC., 1976.

13 М. Қашқари.Махмұт Қашқари. Түрік сөздігі. – Алматы: ХАНТ, 1997.

14 М. Қашқари.Махмуд ал-Кашгари. Диван Лугат ат-Турк. /Перевод и предисловие З.-А. М. Ауэзовой. – Алматы: Дайк-Пресс, 2005.

15 Тянь Уэйцзянь. Бөгү қаған туралы аңызды нақты зерттеу – Қочо ұйғыр тарихын зерттеудің кілті. «Минцзу яньцзю», 2000. № 3-сан (田卫疆: «卜古可汗传说» 事实解析 — 把打开高昌回鹘史研究之门的钥匙. «民族研究», 2000年, 第3 期).

16 Тоқты Мозат. Орта ғасыр ұйғыр тарихы. Бейжиң, 2014 (拓和提 . 莫扎提:中世纪维吾尔历史北京,中央民族大学出版社, 2014).

17 Hamilton J. R. Zes Quighurs a l’epoque des Cing Dinasties d’apri les documents chinois. Paris, 1955 ( 哈密屯: «五代回鹘史料»  乌鲁木齐:  新疆人民出版社, 1982).

18 Рашид ад-дин.Сборник летописей. Т. 1. Книга первая / Перевод с персидского А. А. Хетагурова, Редакция и примечания проф. А. А. Семенова. М.-Л., 1952.

19 Хань Жулинь. «Қытай энциклопедиясы», «Қытай тарихы» «Юаньши» томы. Бейжің 1985(韩儒林:«中国大百科全书. 中国历史»  «元史» 中国大百科全书出版社, 北京.1985).

20 Вэй Лянтао. Батыс Ляо тарихы туралы очерктер. Бейжің: Жэньмин чубаншэ, 1991 ж. (魏良弢:«西辽史纲»,北京: 人民出版社出版 1991年).

21 Әбілғазы. Түрік шежіресі. Алматы: «АНА ТІЛІ», 2006.

22 «Оғыз-Наме», «Мұхаббат-Наме». Алматы: Қазақ ССР-інің «ҒЫЛЫМ» баспасы, 1986 .

23 Сыма Цянь. Тарихи жазбалар110 ц., Ғұн шежіресі,50 ( 司马迁:

«史记» 卷一百一十,  «匈奴列傳»第五十).

24 Бан Гу, «Ханшу», 94 цзюань, Ғұн баяны 64, ( 斑固:«汉书»,卷九十四,  «匈奴传» 第六十四).

25 Тото. «Ляуши» 56 ц., «Жол-жосықтар шежіресі 6» («辽史» 卷53, «礼志» 六).


[1]«Юаньши» кітабы аталған тарихи тұлғаның аты мен титулын «巴儿术阿而忒的斤亦都护 (Баэршуаэртэ дэцзинь идуху)»  деп хаттаған. Қазіргі кезде Хань Жулинь қалпына келтірген: «Barchuq-Alt-Digin Iduq-qut» деген басшылыққа алынып келеді (7. 316 б.). Мұнда көрсетілген «Ідұқ-құт» титулы туралы ең бірінші дерек бізге «Білге қаған» ескерткішінде кездеседі. Онда: «Jigirmi jašїma bašmїl їdїq qut oγušїm bodun ärti»(жиырма жасымда басмыл ыдықұт рулары халық еді…) делінеді [8,47-б.]. Міне солай түрік тайпалары тарихында бұл титул ең бірінші басмыл билеушісінің ең жоғары атағы ретінде белгілі болды; Ідұқ-құт сөзі моңғол дәуіріндегі қатысты шығармаларда Iduγut («Құпия шежіреде») және Īdī-qūt (Рашид ад-дин кітабында) т.б. түрінде кездеседі.

[2] Еңбек мазмұнындағы бұл географиялық атау «Ұйғыр жері» дегенді білдіреді, мұндағы көне ұйғыр жері негізінен алғанда қазіргі Орхон, Толы және Селеңге өзендерін орталық еткен бұрынғы Түркі қағанаттарының ескі жұртын айтып отырған еді.

[3]«Юаньши» кітабының біз пайдаланып отырған «ЧХШЦ» нұсқасында: 不[古]可汗 (Бу[гу]кэхань) деп хатталған. Дегенмен «Гаочан ван ши сюнь вэй» («高昌王世勋碑») деген еңбекте оның:卜古可罕(Бугу кэхань) деген толық аты-жөні жазылған.

[4] Аталған жыр жолын Асқар Құрмашұлы Егеубай: «Білімді іздедім, дананы таңдадым; өзімді айырдым (ел-жұртымнан. –А. Е.), ақ жал атым жазылды» деп қазақша тәржімалаған[13, т. ІІІ, 310 б]. Еңбекті орыс тіліне аударған З.-А. Ауэзова көрсетілген жырды: Я стремился к мудрости и знанию. Я оказывал предпочтение умному и мудрому. Я выделялся среди других людей. (И потому) я отпускаю свою лошадь с (белой) гривой (для этого дела)» деп аударған[14,914 б.].

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № №2(14)2018

Дереккөз: https://edu.e-history.kz/ru/publications/view/840

https://www.pria.org/https://ula.kemendagri.go.id/https://fkip.unsulbar.ac.id/https://rskiasawojajar.co.id/https://satvika.co.id/https://lpmpp.unib.ac.id/https://cefta.int/https://terc.lpem.org/https://empowerment.co.id/https://pgsd.fkip.unsulbar.ac.id/https://ilmuhukum.unidha.ac.id/http://ebphtb.linggakab.go.id/https://gizi.poltekkespalembang.ac.id/https://eproc.jawapos.co.id/https://lppm.unika.ac.id/