ҚЫТАЙДЫҢ ҚИЛЫ-ҚИЛЫ ТАРИХЫ БАР

1422

Қытай халқы қазақтың арғы ата-тегі Ғұн, Сақ, Үйсін, Қаңлы, Қыпшақ, Көк Түрік… замандарынан бастап, батысындағы көршісі – қазақтармен барыс-келісін үзген емес. Тарихқа айналған ол қарым-қатынасымыздың барысы, қыры мен сыры әрине, мүлде бөлек әңгіменің арқауы. Сөз жөні бойынша өз жөнімізге көшсек, сол қытай халқы 1949 жылдың 1-ші қазанында «Қытай Халық Республикасы» (қытайша: 中华人民共和国- Чжуңхуа Жэнмин Гоңхэго) болып қайта құрылып, өзін бүкіл дүниеге «жұмысшы табы басшылығындағы, коммунистік партия жетекшілік ететін социалистік мемлекет» деп жариялағаны белгілі. Осыдан кейінгі жарты ғасырға таяу уақыт ішінде бұрынғы Кеңес Одағы мен Қытай елі бір-бірі үшін жанын беретіндей дос та болып көрді. Бір-біріне қару кезенген жау да болып болып көрді… Сөйтіп жүргенде, КСРО ойламаған жерден жалп етіп құлады да, оның орнынан ондаған тәуелсіз мемлекеттер бой көтеріп, әлемдік қауымдастықтың қатарын толықтырды. Әрине, ол замандар, міне қазір, тарихқа айналып, артта қалып барады. Жоғарыда айтқанымыздай, мынау хикметке толы ұлы ғасырдың санаулы жылдарына саналылық ұялап, ел мен ел, халық пен халық бір-біріне ізгілікпен қарай бастаған тұстағы қазақ-қытай қатынасы да сол ізгілік ағынын бойлап дамып келе жатқан жайы бар.

Қытай Халық Республикасы Азия құрылығындағы ең ірі мемлекет, сондай-ақ, өзінің жан саны мен жер көлемі жағынан да, бүгінгі өркендеу үстіндегі мәдениеті мен экономикасы тұрғысынан да дүниедегі іргелі елдер қатарынан орын алып отыр.

Жалпы жер көлемі 9 млн. 6 жүз мың шаршы километр аумақты иелеп жатқан Қытай маңайындағы Ресей, Монғолия, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғаныстан, Үндістан, Непал, Сиккім, Бутан, Бирма, Лаос, Вьетнам, Корей қатарлы елдермен шекараласады. Ал жан саны бір миллиард үш жүз милионнан астам осынау елде бүгінде 56 ұлт өмір сүріп отыр. Елдің негізгі халқы болып есептелетін қытай ұлты (汉族 – Ханьзу, қытайлар өздерін осылай атайды) бүкіл ел халқының 95 пайызын құрайды. Қалған 55 ұлт ол елде «аз саны аз ұлттар» деп аталып, ел жан санының 5 пайызын құрайды.

Орталық және Шығыс Азияға орналасқан Қытай елінің табиғаты негізінен қоңыржай климатқа жатады. Тек елдің ең оңтүстік аймақтары ғана ыстық белдеуге таяуырақ. Елдің батысы биік, таулы келеді. Шығысы ойпат, жазық болып барып, мұхитпен қойындасады да, ел климаты жазда мұхиттың ауа массаларының, қыста Азияның ішкі аймақтарынан келетін суық ағыстың ықпалына жиі ұшырап тұрады. Сол себепті, теңіз жағалауы мен оңтүстіктің адамдары солтүстік, батыс өңірдің қыс маусымындағы ауарайына тым шыдай бермейді. Қытайдың жалпы климатының қоңыржайлық ерекшелігінен де болар, бүкіл елде сулы, нулы жер баршылық. Ең әуелі елдің шығыс бөлігіндегі Чаңцзяң (Янь цзы), Минцзяң, Хуаңхэ, Шицзяң қатарлы өзендердің елдің мақтанышы екенін атап айту орынды. Олардың әрқайсысының жылдық ағыны –ден асады. Чаңцзяң жағалауындағы көптеген көлдер сол араның ауасын ылғалдандырып тұратын табиғи бассейн рөлін атқарады. Ал елдің батысы мен солтүстігінде айта қаларлық ірі өзендер жоқ. Барының өзі шетелге өтіп кетеді немесе құмға сіңіп жоқ болады. Қазір бұндай өзендерден бассейндер мен су қоймаларын жасау немесе өзен арналарын бұру арқылы аталған өңірлердің су тапшылығы мәселесін шешуге қол жеткізіп жатыр.

Жұртқа мәлім болғандай, бүгінде Қытай ауылшаруашылығын, оның ішінде егіншілікті негіз ететін ел. Олай болатыны, жоғарыда айтылған климаттық ерекшелікпен қоса, қытай жерінің көп бөлігіне орманның шым қабатты қара, қоңыр, қызыл құнарлы топырағы кең тараған. Өзен аңғарларынан, әсіресе, маңындағы алқапты далалардан егін шаруашылығына өте қажетті аллювилік топырақ молынан кездеседі. Ал ежелден бері бүкіл егістік өнімінің салмақты бөлігін құрайтын Хуаңхэ өзенінің бойында лесстік топырақ кең тараған. Міне, мұндай топырақтар ауыл шаруашылық дақылдары үшін таптырмайды. Ал елдің шығысы мен солтүстік бөлігінің де топырағы құнарлы, бірақ жері таулы, үстірт келетіндіктен, бұл аймақтар негізінен елдің мал шаруашылық базасы деп аталады. Жалпы Қытай жерінің құнарлылығы соншалық, бүкіл ел көлемінде өсімдіктің 25 мыңнан астам түрі өседі. Бұдан тыс елдің жазиралы, орманды өңірлерінде сүт қоректі жабайы хайуанаттардың 400 түрі, құстардың мыңнан астам түрі мекендейді.

Қытайдың әкімшілік-басқару аймақтары 23 өлке, 5 ұлттық автономиялы район, 3 төте қарасты қалаға жіктеледі. Әлгі ұлттық автономиялы өңірлер Қытайдың «Ұлттық территориялы автономия заңы» бойынша өзін-өзі басқаруы тиіс. Шаңхай, Тяньцзин қалалары елдің аса ірі өнеркәсіп орталығы. Ал бұл елдің саяси, мәдени, экономикалық орталығы – Пекин қаласы. Аталған қала әрі елдің астанасы.

Республиканың негізгі тұрғыны – қытайлар (хан ұлты) дүниедегі тарихы ұзақ, өте байырғы халықтардың бірі. Мұны қазбадан табылған сүйектер мен алғашқы мәдениеттердің қалдықтары толық дәлелдеп береді. Мысалы, 1963 – 1966 жылдары елдің архелогтары Шанши өлкесінің Ланьтянь ауданы өңірінен, мөлшермен осыдан 5-6 жүз мың жыл бұрын жасаған маймылтектес адамдардың тасқа айналған бас, қол сүйектерін тапқан. 1965 жылы Юанму ауданы өңірінен тағы да маймыл тектес адамдардың тасқа айналған сүйегі табылды. Олардың өмір сүрген дәуірі Ланьтянь ауданынан табылған сүйектікінен де ұзақ екендігі анықталып отыр. Яғни, оның «жерленгеніне 1 миллион 700 мың жыл болған» деген меже айтылуда. Орта тас құралдар дәуірі мен жаңа тас құралдар дәуірінің алғашқы мезгілінен бүгінге дейін 10 мың жыл өтті. Бұл дәуірдегі тіршілікті айғақтайтын қазбалар тым мардымсыз. Ал жаңа тас құралдар дәуірінің соңғы мезгіліндегі мәдәниет қазбалары молынан табылуда. Бұл тұстың қазбалары өз ішінен «Яң-Шау мәдениеті, Лұңан мәдениеті және Оңтүстік Қытай мәдениеті деп бірнеше түрге бөлінеді. Көріп отырғанымыздай, жалпы Қытайдың Ин-Шаң патшалығына дейінгі бағзы тарихына қатысты нанымды мәлімет беретін жазба дерек жоқ. Тек осы Ин-Шаң дәуіріне келгенде ғана (біздің жыл санауымыздан бұрынғы 2 мың жылдықта) тасбақа сауыты мен піл сүйектеріне жазылған жазулар пайда бола бастады. Ин-Шаң жеке-жеке патшалықтың аттары. Ин дәуіріндегі патша тасбақа сауыты мен хайуанат сүйегіне қарап отырып алда болар жақсылық-жамандық туралы бал ашатын болған. Айтқаны дәл келсе, сол істі әлгі сүйекке немесе тасбақа сауытына бейнелі жазумен (ол кездегі иероглифтер жазудан гөрі суретке жақындау болатын) жазып қоятын болған. Міне, бұл қазіргі қытай иероглифінің алғашқы нұсқасы еді. Сол сүйек жазуының мол бөлігі әлгіндей балнама болғандықтан, өз дәуіріне қатысты мол дерек қамтылған. Одан көп ұзамай Ин-Шаң патшалығы аударылып, Чжоу патшалығы орнайды. Арада біраз мезгіл өткен соң, маңындағы 6 бектікті бірлікке келтірген Чин хандығы (б.з.б. 240 жылдар) құрылады. Оның территориясы бүгінгі жер аттары бойынша: «Гуаң-чжұң өңірі, Сы Чуан өлкесі, Саньши өлкесінің оңтүстігі, Гансу өлкесінің батысынан Хынань өлкесінің шығысына дейінгі аумақ болды. Осыдан 30-40 жыл өтпей-ақ Чин патшалығы іріп-шіруге бет алады. Халық жаппай көтеріліске шығып, ақыры Чин патшалығының құлауына апарып соғады. Яғни, біздің жыл санауымыздан бұрынғы 202 жылы Лояң қаласында құрып, сол қаланы астана деп жариялайды да, көп өтпей астананы Чаңаньға (қазіргі Ши-ань қаласы) көшіріп апарады. Дәл осы кезден бастап, біздің жыл санауымыздың 8 жылы Уаң Маң таққа отырғанға дейінгі дәуір Қытай тарихында «батыс Хань патшалығы» деп аталады. Қытай тарихшысы Сы Мачяның әйгілі «Тарихнамасы» міне, осы Батыс Хань патшалығы тұсында жазылған. Уаң Маң тұсында Лю-Шю деген адам қалың егіншілерді бастап жаппай көтеріліске шығады. Соңында Батыс Хань патшалығын аударған Лю-Шю өзін «патша» деп жариялап (біздің заманымыздың 25 жылы) астананы Чаңаньнан Лояңға көшіреді. Бұл тарих бетіне «Шығыс Хань патшалығы» деген атпен қалды. Бан Гудың атақты «Ханьнама» деген еңбегі міне, осы дәуірде дүниеге келген. Жоғарыда аталған екі еңбек (Тарихнама мен Ханьнама) уақыт жағынан өте байырғылығымен, қамтыған материалдардың молдығымен құнды. Әсіресе, бұл еңбектерден қазақ халқының арғы ата-бабалары есепті Сақ, Ұлы йөзиләр, Үйсін, Қаңлы, Алан, Ғұн т.б. тайпалар туралы деректерді молынан кезіктіруге болады.

Шығыс Хань патшалығынан кейін бірлікке келген әкімият қайтадан ыдырап, Қытай жері үш патшалыққа бөлінеді де, екі ғасырдан астам уақыт сол үш патшалық текетіреспен күн кешеді. Тек жыл санауымыздың 265 жылы Сы Маян деген адам үш патшалықты бірлікке келтіріп, «Зинь (алтын) патшалығын» (265 – 316 жылдар) құрады. Бұл патшалық тарихта «Батыс Зинь патшалығы» деген атпен де белгілі. Жыл санауымыздың 318 жылы Сы Марұй деген адам патшалық таққа отырады да, Жянкаң (建康) қаласын ел астанасы деп жариялайды. Бұл патшалық жыл санауымыздың 480 жылына дейін жалғасты. Бұдан кейін саяси сахнаға «Солтүстік патшалық» (386 – 470 жж.), «Оңтүстік патшалық» (420 – 589 жж.) дегендер шықты. Онан соң қытай тарихында бірлікке келген Сүй, Таң патшалықтары және «Бес дәуір» әкімияттары (581 – 960ж) өмір сүрді.

Осы патшалықтар ішіндегі Таң патшалығы тұсында Қытайдың өркендеуі недәуір жоғары деңгейге жеткен болатын. Мейлі өнеркәсіп, сауда жағында болсын, мейлі халық шаруашылығы жағында болсын, сол тұстағы өзімен замандас мемлекеттердің алдыңғы қатарында тұрды. Мәдениеттің дамуы мен елдің гүлденуі жағында да, қытайдың бағзы замандарының ішінде Таң дәуірінен жемісті кезең болған емес. Қытай халқының ұлы ақындары Ли Бай, Ду Фу, Бай Жүйи қатарлылар, міне осы дәуірдің төлдері еді. Ал осы кезеңнің тарихи жазбалары «Ұлы Таң патшалығы тұсындағы батысқа саяхат», «Таң патшалығының көне тарихы», «Таң патшалығының жаңа тарихы» атты еңбектерден ежелгі түріктер туралы, Түрік қағандығы туралы мол деректер алуға болады. Осы айтылған дәуірлердің соңынан ала (930 жылдар) Китандар, Қара қытайлар бас көтеріп, қазіргі қытайдың «Орта жазық» деп аталатын өңіріне шабуылдап кіреді. Артынша Янюндегі 16 аймақ (негізінен қазіргі қытайдың шығыс-солтүстік бөлігі) бүкілдей Қара қытайлардың қол астына қарап кетеді. Китандар (қара қытай) ол арадағы Хань ұлтының (бүгінгі қытай) тұлымдысын құл, бұрымдысын күң қылады. Тек 16 аймақ ғана емес, Хань ұлтының «Орта жазық» деп аталатын этникалық мекені китандардың табанында тапталады. Өзінен бай, құдіретті мемлекетке ие бола қалған китандардың тасы өрге домалай береді. Сөйтіп, олар Янжинді (қазіргі Пекин қаласы) астана етіп, патшалық атын «Ляо» деп атайды. Бұл патшалықтың өзі 937 жылдан 1125 жылға дейін дәурендейді. Сол патшалықтың негізгі тұрғыны өздерін Хань ұлты деп атайтын халыққа «қытай, қара қытай» деген ат көршілері тарапынан дәл осы тұста қойылады. Ал тарихтағы Китан (қытай немесе қара қытай) этнонимін бүгінгі қытаймен (Ханьзумен) шатастыруға болмайды. Олар (Китандар) Хань ұлтынан бөлек тұңғұс – моңғұл (кей деректерде түркі тектес делінеді) тектес көшпелі халық болған. VI-VIII ғасырлардағы Орхон ескерткіштерінде де оларды «китан» деп, Хань ұлтын «табғач» деп парықтап атаған.

Сол китандардан кейінгі дәуірлерде Сұң патшалығы мен Зинь патшалығы қатар өмір сүрді. Олардың арасындағы қырқыс та ұзаққа созылды. Соңында, яғни екеуі де әлсіреген тұста Шыңғыс хан шеріктерінің жорығына тап болды. Моңғұлдар бүкіл дүниені жаулап алу үшін жорығын ең әуелі таңғұттарға шабыулдан бастайды. Таңғұт елі 1209 жылы өз еркімен бағынуға мәжбүр болады. 1210 жылы моңғұл шеріктері Зинь хандығына шабуыл жасайды. 1218 жылы Шыңғыс хан әскерлері батыстағы қара қытайлар жерін басып алып, мемлекет шекарасын орта Азиядағы Хорезм елімен тұтастырады. Сөйтіп 1227 жылы моңғұлдар таңғұт елінің күлін көкке ұшырады. Сол жолғы жорықта Шыңғыс хан өледі де, 1229 жылы үшінші ұлы Өгедей таққа отырады. Дәл осы Өгедей дәуірінде моңғүлдар Қытайдың Зинь хандығын өзіне қаратып, Сұң патшалығына шабуылға шығады. Сонымен не керек, бүкіл қытай жерін өзіне бағындырған Шыңғыс хан немересі Құбылай Төлеұлы 1260 жылы Кайфың қаласында өзін «патша» деп жариялайды да, патшалықтың атын «Юань» деп атайды. Астанасы – Ханбалық қаласы (Пекин) болады.

Моңғұлдар бүкіл елді басып алу барысында да, Юань патшалығы орнағаннан кейін де ел ішіндегі моңғұл үстемдігіне қарсы күрес еш толастаған жоқ. Әр жерден бұрқ ете түсетін қытай егіншілерінің көтерілісі 1351 жылға келгенде атақты «Қызыл орамалдылар» көтерілісіне ұласады. Сонымен, қытай егіншілерінің осы айтулы көтерілісі 1368 жылы Юань патшалығын аударып тынады. Сол көтерлісші егіншілердің жетекшісі Чжу Юанжаң таққа отырады да, дүниеге «Миң патшалығының» келгендігін жария етеді. Үш ғасыр шамасында жалғасқан бұл әкімият 1644 жылы Ли Зычың бастаған егіншілер көтерілісі тарапынан құлатылады. Миң патшалығы құлатылғаннан кейін, Ли Зычың (қытай) мен Нұрхач (манжу) екеуі де өз хандықтарын жариялайды, әрі ұзақ уақыт қырқысады. Соңы манжурладың жеңіске жетумен тынады. Содан үш жүз жылдай қытай халқының басына әңгір таяқ ойнатып келген Манжудың Чиң (орыс деректерінде Цинь деп жазылады) хандығы 1911 жылы Сұн Чжуңшань (Сунь-Ятсен) бастаған демократияшыл төңкерісшілер тарапынан құлатылады. Манжулар тегінде өздерін жүржіт (шүршіт) деп атайтын. Чиң хандығының елбасы Чиң Тайзұңның жарлығымен ұлт аты 1635 жылы «Манжу» болып өзгертіледі. Міне, осы Манжу хандығы тұсында олардың Қазақ хандығымен де барыс-келісі қою болғаны тарихтан белгілі. Бұның сол кезде әрі екі жақтың да мүдделігінен туғаны ақиқат. Ресей Қазақ даласына одан сайын сұғынып кіріп, отарлау үрдісін жеделдете бастаған тұста, қазақ ханы Абылай шығысында жатқан үлы көршісінен көмек дәметіп, барыс-келісті күшейту мақсатында белсенді қадамдар жасағаны белгілі. Ал Боғды хан елі (Чиң) болса, ол тұста жоңғарлармен ұзақ жыл соғысып, ақыры жеңіске жеткенмен, егін шаруашылығына, әскери салаға қажетті ат-көлік жағынан қатты тұралап отырған. Осыған байланысты Қазақ хандығымен қарым-қатынас орнатуға олар да мүдделі еді.

Өткен ғасырдың соңғы жартысында Чиң хандығының іріп-шіруі шегіне жеткен болатын. Бұл бір. Енді бірі, Қытай халқының оқыған сауатты адамдары, көзі ашық жастары ояна бастайды. Сонымен, 1894 жылға келгенде Сұн Чжұңшань (Сун-Ятсен) бастаған айтулы демократияшыл топтардың жетекшілік етуінің арқасында – Қытай топырағында тұңғыш демократиялық қозғалыс дүниеге келеді. 1911 жылдың желтоқсан айында төңкерісшілер өкілдерінің жиналысы Сұн Чжұңшаньды Қытай Республикасының (中华民国 – Жұңхуа минго) президенті етіп сайлайды. 1912 жылы Сұн Чжұңшань міндетінен бас тартып, өз орнын Юань Шикайға береді. Юань Шикай 1917 жылы қайтыс болады. Сосын 1919 жылға дейін елді қайтадан Суң Чжұңшань басқарып отырады. Одан кейін таққа отырған Жяң Жиеши (орыс деректері бойынша Чан Кайши) Сұн Чжұңшанның ұстаған демократиялық бағытын одан әрі жалғастырады.

Ресейдегі Қазан төңкерісінің жеңісі Қытайдың жаңа дәуірдегі тарихына ерекше ықпал жасағаны белгілі. Марксизм-Ленинизм идеяларының елге жаппай кіріп, сауатты жастарды өзіне баурауының нәтижесінде, 1921 жылы елде «Қытай Коммунистік партиясы» құрылады. Осы Коммунистік партияның жетекшілігінде бүкіл ел Жяң Жиеши басшылығындағы Гоминьдаң билеушілерінен, Жапон басқыншыларынан азат етіліп, 1949 жылы Қытай Халық Республикасы құрылады. Ал Мао басшылығындағы Қытай коминистік партиясы әскерлерінен ойсырай жеңілген Гоминьдаңның қалдық күштері Тайвань аралына барып бой тасалайды. Олардың бұл жерде жеке ел ретінде өмір сүруіне АҚШ қолдау көрсетеді. Сонымен ҚХР билігі Тайвань аралын әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқан мәселе ретінде қарайды…

Сол Тайвань өлкесінен басқа, қытайша «далу» (ұлы құрылық) деп аталатын ҚХР-дың өзге өңірі қытайлық ерекшеліктегі социализм жолын бойлап, осы замандағы құдіретті ел болудың сапарында ұшқан құстай самғап келеді.

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ

Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры,

филология ғылымдарының докторы, профессор

Мақала автордың “Қытай туралы қырық сөз” атты кітабынан алынды.

https://www.pria.org/https://tjs.udsm.ac.tz/https://terc.lpem.org/https://cefta.int/https://upb.iainkendari.ac.id/https://www.cihanturkhotel.com/https://indolivestock.com/https://icrcnewsroom.org/https://nemkv.cz/https://grupovisabeira.com/