“Рамазан Бимашұлы Сүлейменов – Қазақстандағы Шығыстану институтының негізін қалаушы” атты Дөңгелек үстел өтеді

912

ҚҰРМЕТТІ ӘРІПТЕСТЕР!

ҚР БҒМ ҒК Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты 2021 жылдың 17 ақпанында сағат 15.00-де Р.Б. Сүлейменовтың 90 жылдығына арналған «Рамазан Бимашұлы Сүлейменов – Қазақстандағы Шығыстану институтының негізін қалаушы» атты Дөңгелек үстел өткізеді.

Рамазан Бимашұлы Сүлейменов – тарихшы, шығыстанушы, тарих ғылымдарының докторы (1973), профессор (1981), ҚазССР ҒА академигі (1989), Ш.Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты.

1954 жылы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдап, одан кейін аспирант, кіші, аға ғылыми қызметкер, Қазақстанның мәдениет тарихы (1959-1992) және шығыстану бөлімінің меңгерушісі (1979-1985), Тарих, археология және этнография институты директорының орынбасары (1983-1984), директоры (1985-1988), Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің академик-хатшысы (1986-1992), Шығыстану орталығының бірінші басшысы (1992) қызметтерін атқарды.

Қазақстанның мәдениет тарихы саласында жаңа перспективалы ғылыми бағыт пен ғылыми мектептің негізін қалады. Мәдени құрылым, отантық интеллигенцияны қалыптастыру және дамыту проблемаларын әзірлеуге, қазақ халқы мәдени мұрасының жасанды түрде үзілген сабақтастығын қалыптастыруға, негізсіз репрессияға ұшыраған жазушылардың, мемлекет қайраткерлері мен ғылым және мәдениет қайраткерлерінің шығармашылық мұрасының ғылыми ақталуына зор үлес қосқан. «Шоқан Уәлиханов – ХІХ ғ. Орталық Азияның көшпенді халықтарының зерттеушісі» шығармашылық жұмысы, Абылай хан, Т.Жүргенов, С.Асфендияров, Г.Тоғжанов, Т.Рысқұлов, Қ.Қ. Жұбанов туралы жазған кітаптары мен мақалалары көпшіліктің көңілінен шыққан.

Қазақстанның Шығыстағы шекаралас мемлекеттерімен саяси және мәдени байланыстары тарихына, Қазақстан және Орталық Азия халықтарының философиялық және мәдени мұрасының тарихына арналған 30 астам ғылыми жұмыстарында шығыстану тақырыбы қарастырылған.

238 ғылыми жұмыстың авторы, оның 30 астамы – монографиялық еңбек болып табылады.

Дөңгелек үстелге Р.Б. Сүлейменовпен бірге қызмет атқарған танымал ғалымдар Алдажұманов Қайдар Сейсембайұлы, Әбусейітова Меруерт Қуатқызы, шәкірті Әбжанов Ханкелді Махмұтұлы, Р.Б. Сүлейменов тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған Исабек Баршагүл Қашқынқызы және Рамазан Бимашұлы Сүлейменовтың ұлы Сүлейменов Еркін және т.б. қатысады.

Дөңгелек үстелдің жұмыс тілі: қазақ, орыс.

Жұмыс форматы: Zoom базасындағы онлайн дөңгелек үстел (идентификатор: 846 0732 8444, пароль: 301625)

Дөңгелек үстелдің жұмысына қатысуға шақырамыз!

Құрметпен, ұйымдастыру комитеті