ЖАСТАР – ЕЛ ЕРТЕҢІ НЕМЕСЕ ЕЛ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ БОЛАШАҚҚА ҚАТЫСТЫ ҚАДАМЫ ТУРАЛЫ

1982

Жастық шақ! Бұл – адам баласының ересек өмірге көшу кезеңі, экономикалық-қаржылық тәуелсіздікке ұмтылу мен әлеуметтік-саяси мәселелерге қатысуға барынша ынталы дәуірі. Мұндай ынта жеке адам мен қоғам үшін ғана маңызды емес, сол елдің дамуы мен елдегі жастар саясатын қалыптастыруда да өзекті. 2016 жылдың 15 шілдесі күні Біріккен Ұлттар Ұйымы жариялаған «Дүниежүзі жастары туралы репортажда» бүкіл әлем бойынша жастардың экономикалық-қаржылық жағдайының көңіл көншітпейтіні, саяси істерге қатысуға деген ынта-пейілі төмен екендігі айқын көрсетілді.

Аталған репортажда қазір әлемде жұмыссыз жастардың саны 73 миллионнан асқаны, кейбір дамыған елдерде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 50 пайыз, ал табысы орташа немесе төмен елдердегі бейресми секторлардың ұзақ жыл бойы жұмысқа жас мамандарды қабылдамауы – өте өзекті мәселенің бірі екені ­айтылды. Жастардың азаматтық өмірге тиімді қатысу қабілеті өздері өмір сүріп отырған әлеуметтік-экономикалық, саяси ортасына байланысты. Ашық және тегін интернет ресурстарына ие болуы, саяси қозғалыстарға қатысуы, аймақтағы бейбітшілік пен елдегі орнықтылықты сақтау бастамалары қоғамға игі ықпал еткенімен, лайықты һәм тұрақты жұмыстың болмауы, еңбек құқығының жиі бұзылуы мен әлеуметтік шығындарға төлейтін қаржысының жеткіліксіздігі жастарға, әсіресе олардың азаматтық өмірге белсенді араласу ынтасына кесірін тигізеді. Бұл өз кезегінде жалпы қоғамның дамуы мен әлеуметтік интеграцияға ұзақ мерзім бойына теріс салдар туғызатын жағдай.

Жоғарыдағы құжаттың мәліметі бойын­ша, көптеген ел үкіметінің жастар кәсіпкерлігін ынталандыратыны айтылған. Бірақ жастар кәсіпкерлік процесінде несие мен қаржыландыру тұрғысынан қиындыққа кезігеді, бұл мәселеде олар көбінесе отбасы мен достарының көмегіне иек артуға мәжбүр. Мемлекет жастардың кәсіпкерлігіне қолдау көрсетумен ғана шектелсе, жұмыспен қамтудың кешенді стратегиясы арқылы жұмысқа орналасуына жеткілікті жағдай жасамаса, кәсіпкерлікті ынталандырудан бәлендей нәтиже шыға қоюы екіталай.

Әлемдік ауқымда жастардың институционалды саяси процестерге және елдегі стратегиялық шешімдерді қабылдауға қатысу деңгейі айтарлықтай төмен екен. Мемлекеттік қызмет, Парламент, саяси партиялар және сайлаулар секілді ресми саяси құрылымдар мен саяси науқандарда жастар өте аз. Наразылық шерулерінде ­жастар билікті өзгертуші, қуатты да белсенді күш болғанымен, билік ауысқаннан кейін жастар баяғысынша саяси процестен сырт қалып қояды.

Иә, көріп отырғанымыздай, бұл құжатқа дүниежүзіндегі жастардың басты-басты проблемалары мен оны шешудің жолдары, тәсілдері жинақталған. Қазақстанның да әлемдік қауымдастықтың бір мүшесі екенін ескерсек, аталған «репортажға» арқау болған жастар мәселесін біздің елге қатысы жоқ деп айта алмасақ керек.

Дегенмен, елімізде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері қарай жастардың тағдыры мен болашағына жеткілікті мән беріліп келе жатыр деуге толық негіз бар. Соның жарқын бір мысалы, ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған «Болашақ» бағдарламасы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылынан бастап, елдегі экономикалық қиыншылықтарға қарамастан, Н.Назарбаев Қазақ елінің ертеңі үшін «Болашақ» атты ауқымды бағдарлама жасап, талантты жастарды әлемнің озық елдерінен ғылым-білім алуға, өнер үйренуге жіберді. Аталған бағдарлама аясында мыңдаған қазақ жасы арман-мұратына жол ашып, жарқын болашағымен қауышқаны өз алдына, соңғы жылдары Қазақ елі осы «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алып келген жастардың игілігін көріп, жемісін жей бастады. Уақыт бір орында тұрмайды. Замана күнде өзгеріп, дәуір талабы да сәт сайын жаңаруда. ­Ендеше, замана көшінен қалмау үшін, дәуір талабына сай тірлік кешу үшін қайтпек керек?! Бұл ел болып толғанатын, ұлт болып ойланатын аса өзекті, ауқымды мәселе. Әрине, замана көшінен қалмау үшін, дәуір талабына сай тірлік кешу үшін істейтін тірлік, атқарар шаруа, бас қатыратын басым бағыттар аз емес.

Ел ертеңі мен ұлт тағдырына қатысты сондай басым бағыттардың бірі – елдің ертеңгі егесі, ұлттың болашағы, мемлекеттің арқа сүйер тірегі жастарды қолдау ­саясаты. Президент Қ.Тоқаев өз қызметіне кіріскелі бері елдегі жас буынға ерекше көңіл бөлді. Елімізде жастарды жалпы қоғамдық үдерістерге қосу мақсатында ­ынталандыру іс-шаралары іске асырылып, олардың өзін-өзі көрсетуі мен өз армандарын жүзеге асыруы үшін мемлекеттік деңгейде кешенді саясат жасала бастады. Қ.Тоқаевтың жастар жөніндегі көзқарасы мен ұстанымы, тіпті ол президенттік қызметке кірісуден бұрын-ақ белгілі болған болатын. 2019 жылы 6 ақпан күні Жастар жылының басталуына байланысты ҚР Парламентінде өткен жиналыста сол кездегі Сенат Төрағасы Қ.Тоқаев: «Алға қойған мақсаттарына қол жеткізіп, өзін-өзі дамытуға талпынған жастарға шынайы қолдау қажет. Қазақстандық жастар өз болашақтарына сеніммен қарауы тиіс, олар үшін Қазақстан мемлекеттік басқарудан бастап, ғылым мен шығармашылыққа дейін сан алуан салаларда табысқа жетуге мол мүмкіндіктер беретін ел болуы тиіс» деп, жастарды Парламенттің және жергілікті өкілетті органдардың жұмысына кеңінен тарту және белсенді жаңа буын өкілдерін қолдауға шақырғаны есімізде.

Қ.Тоқаев Президенттік қызметке кіріскеннен кейін, әр жас азаматтың толыққанды дамуына арналған жан-жақты тетіктер жасақтаудың жолдары қарастырыла бастады. Мәселен, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан, мемлекет жастар мен жас отбасылардың экономикалық ахуалын жақсарту мен табыс деңгейін көтеру, ұзақмерзімді несие берудің кезеңдік жүйесін енгізу, басқа да экономикалық көмек түрлері арқылы білім алу мүмкіндігін кеңейту, іскерлік белсенділігін арттыру, тұрғын жайы мен үй шаруашылығын толыққанды жабдықтау үшін құқықтық, ұйымдастырушылық жағдай жасаудың барлық шаралары қолға алынды.

Еліміздегі жастар саясаты жөнінде осындай игі бетбұрыстар жасалатыны Қ.Тоқаев Президенттік қызметіне кіріскен алғашқы күндерде-ақ белгілі болған еді. 2019 жылдың 23 наурыз күні Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан Республикасының Президенті ретінде ел ішіндегі ең алғашқы жұмыс сапарын Түркістан облысынан бастап, облыс орталығы Түркістан қаласында жұртшылықпен кездескені белгілі. Сол кездесуде сөйлеген сөзінде ол Қазақстандағы жастар жылын өткізу ­барысына ерекше екпін беріп: «Біз жастар үшін жаңа мүмкіндік беруіміз керек. Соның ішінде олардың бизнеспен айналысуына, білім алуына, жұмысқа орналасуына, табыс табуына жол ашу қажет. Өз өмірін жақсартуға, мансабы бойынша жоғарылауға арналған әлеуметтік лифттер іс жүзінде жұмыс істеуі керек. Еліміздің жастары мен талантты азаматтары мемлекеттік қызметте ілгерілеу үшін арнайы кадрлық бағдарлама дайындаймыз. Болашағымыз жастардың қолында» деп атап көрсеткен болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшысы ретінде жастардың тағдыры мен болашағына елдегі белгілі әлеуметтік топ ретінде ғана емес, оларға елдің болашағы, ұлттың тағдыры, елдің ертеңгі егесі ретінде қарап, саналы және стратегиялық тұрғыдан ерекше мән беріп отырғанын аңғару қиын емес. Қ.Тоқаевтың 2019 жылдың 2 сәуірі күні республикалық «Egemen Qazaqstan» және «Aiqyn» газеттеріне берген сұхбатындағы: «Жастар саясатында, жастар тәр­биесінде науқаншылдыққа, тиімділігі төмен шараларды ұйым­дастыруға жол бермеу керек. Сондықтан кез келген шараны ғылыми негізге сүйеніп, жүйелі түрде жү­зеге асырғанымыз жөн. Жастардың алға қойған мақсат-мүдделерін білу үшін науқаншылдық емес, нақты зерттеулер қажет. Жүйелі әрі кешенді әлеуметтік зерттеу жүргізу арқылы жастардың мұң-мұқтажын, мақсат-мүдделерін анықтап, жастар саясатын сол қажеттіліктерге жауап беретін деңгейде ұйымдастыру маңызды. Біз жастарға білім беруді алдыңғы қатарға қоямыз. Тек білім ғана емес, отансүйгіштік рухта тәрбиелеу ісін де басты ­назарда ұстау керек» деген жолдар сөзімізге дәлел. Жастар саясатын науқаншылдыққа, жеңіл-желпі шоуға айналдырмай, зерделеп барып жүргізуді ­талап етуі оның жастар жөніндегі тұғырнамасының саяси салмағын аңғартса керек.

Президент Қ.Тоқаев жастар саясаты туралы әсте құр сөзбен шектеліп қалған жоқ. 2019 жылдың 12 маусымы күні сайланғанына аса көп уақыт бола қоймаған Қазақстанның жаңа басшысы жастардың президенттік кадрлық резерві жасақталатыны туралы: «Жас ұрпаққа арнайы айтатын сөзім бар. Сіздер Қазақ­станның даму жолында шешуші рөл атқарасыздар. Прогрестің қозғаушы күші боласыздар. Сіздер ең үлкен армандарыңызды іске асыруларыңыз қажет. Оған қолдау көрсету – менің басты міндетім. Жас әрі дарынды басшыларды мемлекеттік қызметтің барлық деңгейінде жоғарылату мақсатында президенттік кадрлық резерв жасақталады. Біздің жастарымыз еңбекқор, креативті, өз мақсатына жетуді біледі. Сондықтан Қазақстанның болашағы сенімді қолда» деп мәлімдеді. Аталған ой-жоспарын жыл айналмай жүзеге асырған Мемлекет басшысы 2020 жылдың 15 қаң­тары күні Ақордада президенттік кадр резервіне енген 300 жаспен кездесті.

Прези­­­денттік жастар кадр резер­віне тір­кеу жұмысы өткен жылы қыркүйек айында басталған еді. Жобаның стратегия­лық мақсаты – тиімді менеджерлердің жаңа толқынын қалып­тастыру, еліміздің жаңа буыны үшін пәрменді әлеумет­тік лифті­лер жүйесін құру. Ірік­теу нәтиже­лері бойынша пулға жаңа фор­ма­цияның басқарушы­лары болуға қабілетті, талантты, креативті жастар таңдалып алынған.

Президент бастамасына алға­шында 13 мыңнан астам қазақ­стандық қатысуға ниет білдірген. Бұның өзі біздің жастарымыздың Президент бастамасына деген қолдауы мен саяси белсенділіктерінің айқын дәлелі. Қатысушыларға отыз бес жастан аспаған, жоғары білімі және бес жылдан кем емес еңбек өтілі бар Қазақстан азаматы болуы тиіс деген талаптар қойылған.

Жеңімпаздар арасында жеке сектордың 106 өкілі, квази­мемлекеттік сектордың 98 қыз­мет­кері және 96 мемлекеттік қыз­меткер бар. Кандидаттардың 58 пайызы шетелдік оқу ордаларында білім алған. 42 пайызы – қазақстандық ЖОО түлектері. 6 адам ғылым докторы, 204 адам магистр дәрежесіне ие. Жеңімпаздардың орташа жасы 31-ді құраған. Бұл цифрдан іріктеу шарттарының талабы айтарлықтай жоғары болғанын әрі іріктеу жұмысының барынша әділ өткендігін аңғару қиын емес.

Осы басқосуда алғашқы сөзін «Құр­метті жиынға қатысушылар! Бүгінгі кез­десуіміздің мән-маңызы ерекше» деп бастаған Президент Қ.Тоқаев, жиналысқа қатысушыларды көп күттірмей-ақ кездесудің мән-маңызын ашып айтып, атап көрсетті: «Еліміздің алдында биік мақсаттар тұр. Ең алдымен, мемлекетімізді одан әрі өркендетіп, тәуел­сіздігімізді нығайтуымыз керек. Сондай-ақ азаматтардың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуымыз қажет. Билік пен халық арасындағы өзара сенімді күшейту – маңызды міндет.Осыған орай «Халық үніне құлақ асатын мем­лекет» тұжырымдамасы қолға алынды. Мемлекетті басқару жүйесін жаңғырту мақ­сатымен ауқымды реформалар жүзеге асырылуда. Мұның бәрі жаңа кезеңге қадам басқан Қазақстанның игілігі үшін ­жасалып отыр».

Прези­­­денттік жастар кадр резер­він жасақтаудың басты мақсаты – міне, осы. Мемлекет басшысы жастарға арнаған сөзінің қалған бөлігінде олардың алдында тұрған нақты міндеттерге тоқталды. Яғни Президент кадр резер­віне кірген жастармен «Кадрлық резервке өту дегеніміз – жоғары лауазымды қызметке орналасу ғана емес. Бұл – ұлт үшін, ел үшін, халық үшін аянбай тер төгу деген сөз. Әр за­манда кез келген халықтың білімді және білікті азаматтарының ортақ мүддеге топтасатын кезеңі болады. Осылайша, ұлтты биікке жетелейтін, жаңаша даму­ға бастайтын шоғыр қалыптасады» деген секілді өзекті де соқталы ойларымен бөлісті.

Иә, Қасым-Жомарт Кемелұлы дұрыс айтады. «Әр заманда кез келген халықтың білімді және білікті азаматтарының ортақ мүддеге топтасатын кезеңі болады». Әр дәуірдің өз ерекшелігі, өз әуені, өз ұраны болады. Жастар өздерінің өткір идеяларымен, тың ойларымен, жігерлі және шапшаң қимыл-әрекетімен, креативті рухымен ылғи да өз дәуірінің көшбасшылары әрі мұзжарғыштары болады. Арғы дәуірлерге бармай-ақ, Қазақ хандығы заманына көз жіберсек, қазақ халқы Жоңғар шапқыншылығына қарсы ерлікпен күрескен XVIII ғасырдың бірінші жартысында қазақтың жастары ерікті түрде бірігіп, Жоңғар басқыншыларына тойтарыс беріп, майданда шешуші жеңіске жеткен болатын. «Жаужүрек мың бала» – сол тарихи шындықтың жалғыз ғана жаңғырығы. Ел басына күн туған қиын сәтте жастар өздері ұйымдасып, оған өздері басшылық еткен. Өткен ХХ ғасырдың басында қазақ жастарының белгілі бір бөлігінің ірі саяси орталықтарда оқуы, сол тарихи кезеңдегі саяси оқиғаларды тікелей көзімен көріп, куә болуы, қоғамдық жаңғыру жолына қадам басқан орыс қоғамындағы демократиялық күштер мен ағымдардың ықпалын басынан кешуі – олардың қоғамдық көзқарастарының кемелденуіне, саяси белсенділігінің артуына әсер етпей қоймады. Олар осы тарихи кезеңдегі әртүрлі саяси оқиғаларға қатынасып, қазақ халқының арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді және алғаш рет қоғамдық ұйымдарға топтаса бастады. XX ғасырдың ­басында қазақ халқын өрге сүйрер, ұлт қамы үшін өмірлерін сарп етер зиялы қауымның шоғыры қалыптасты. Олар өздері құрған «Алаш» партиясы және қозғалысы арқылы ұлтты ояту мен өркениетке жеткізудегі жастардың шешуші рөлін толық көрсетіп берді. Алашшыл жастардың арқасында қазақ елінің шекарасы айқындалып, қазақ автономиясы құрылды. Бүгінгі қазақ мемлекеттілігінің түп тамыры, негізі сонда жатыр. ХХ ғасырдың басында «халықтың білімді және білікті азаматтары ортақ мүддеге топтасып», сауатты түрде белсенді қарекет қылмағанда не болар еді?! Ол туралы ойлаудың өзі қорқынышты. Міне, жас буынның құдіреті!

Ал 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі қазақ жастарының тоталитарлық жүйе мен отаршылдық езгіге төзбейтін, бостан рухтың егесі екенін жаһанға көрсетті.

1991 жылдан бастап Қазақстан жаңа кезеңге аяқ басты, ол қазақ жастарының еркін өсуіне кең жол ашып, жастарға өз өміріндегі асқақ арманын жүзеге асыруға мол мүмкіндік берді. Өз дәуірінің миссия­сын сезіну мен мойындау негізінде жаңа дәуірді қабылдау әрі жаңа Қазақстан құруға ұмтылу – бұл тарихтағы қазақ жастарының отаншылдық және еңбексүйгіштік рухын алға жылжытудың сөзсіз талабы, сонымен қатар жаңа дәуірдегі жастардың бай-бақуатты болып өсіп-өнуінің бірден-бір шығар жолы.

Мемлекет басшысы 2019 жылы 10 желтоқсан күні Жастар жылының жабылу және Волонтерлар жылының басталу салтанатында сөйлеген сөзінде: «Тәуелсіздігімізді нығайтып, елімізді одан әрі өркендету – қазіргі ұрпақтың қасиетті ­борышы. Сондықтан біз сіздерге зор үміт артамыз. Мемлекетіміздің келешегі – өздеріңіз! Бүгінгі ­жастар – еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы, мемлекетіміздің мәр­тебесі. Ұрпағын аялай білген халық ір­гелі жұртқа айналатыны белгілі. Біз хал­қы­мызды әлемге танытқан ең асыл қасиет­терді сіздердің бойларыңыздан көргі­міз келеді» деп жас буынға ағынан жарылды. Қазақ елінің жаңа Президенті және ұлттың адал перзенті ретінде ресми биік мінбеден айтылып отырған Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл маңызды пайымы мен алғаусыз үміті, қазақ жастарының саяси мәртебесін ерекше жоғары бағалауы және жастарға деген шексіз сенімі.

Жастар қай кезде де, қай елде де өз заманын оятушы һәм өз дәуірінің жалаугері. Бір жаңа дәуір ең әуелі қоғамдық ой-сананың оянуынан басталады. Бұл тұрғыдан келгенде, аға буынға қарағанда жастардың ой-санасы қағілез ­болатыны белгілі. Олар жаңа идеялар мен тың тұжырымдамаларды оңай қабылдайды, сөйтіп, өз дәуіріндегі ерте оянған топқа айналады. Жастар өз заманының жауапкершілігін арқалаушы негізгі күш. Бір дәуірдің жауапкершілігін, негізінен, сол дәуірдің жастары арқалайды. Бұл мемлекеттің өркендеуі мен ұлт дамуының қозғаушы күші, сондай-ақ тарихи сабақтастықты қамтамасыз етудің басты ұйытқысы. Жастар қай дәуір, қай қоғамда да барлық әлеуметтік топтардың ішіндегі ең белсенді, ең рухты, ең креативті күш. Жауапкершілігін тез сезінетін жастық сезімталдықтың, арман-қиялға бай, жасампаз рух пен тасқындаған күш-жігерлерінің арқасында мемлекеттік даму мен ұлттық өркендеудің авангард қосынына айналады. Жастардың бойындағы осынау асыл қасиет пен оларға деген сенімнің маңызды екенін ескерген Қ.Тоқаев президенттік кадрлық резервіне енген жастармен кездесуде сөйлеген сөзінде: «Соңғы жылдары бүкіл әлемде болып жатқан наразылық тол­қыны – өзгеруге деген жаһандық сұра­ныс­ты айқын көрсетіп берді. Адамзат төр­тінші өнеркәсіптік революцияны бастан кешіруде. Алайда мемлекеттік басқарудың қағидаттары неше ондаған жылдар бойы өзгерген жоқ. Қазақстанға қоғамның қажеттіліктеріне сай келетін, мемлекетті тиімді, әділетті басқарудың жаңа үлгісі қажет. Сонымен қатар ол ең заманауи технологияларды қолдануға негізделуі керек» деп атап көрсетті.

Демек, «өзгеруге деген қоғамдық сұранысты» кім қанағаттандыра алады? Әрине, жастар! «Мемлекеттік басқарудың қағидаттарын» жаңартуға қабілетті әлеуметтік топ кімдер? Әрине, ­жастар! «Қоғамның қажеттіліктеріне сай келетін, мемлекетті тиімді, әділетті басқарудың жаңа үлгісін» табатын, қалыптастыратын кімдер? Әрине, жастар! ­Мемлекет басқаруда «ең заманауи технологияларды қолдануға» қабілетті адамдар кімдер? Әрине, жастар! Ендеше, жастардың бойындағы осынау мүмкіндіктерді ерте бастан аңғарған, аңғарып қана қоймай, жастарымызды бойында жалыны, күш-қуаты бар кезде мемлекет басқару ісіне тартуға бел буып отырған Қасым-Жомарт Кемелұлын кемел ойлы, көреген саясаткер демеске әддіміз жоқ.

Жастар дәуір рухының жаршылары. Әр заманда өзіне тән дәуір рухы болады. Дәуір рухы дегеніміз – ұлттық рухты жалғастырушы әрі дамытушы құдіретті күш. Патриотизм – қазақ халқы ұлттық рухының өзегі, қазақ халқының өмір сүруі мен дамуының алтын діңгегі. ХХ ғасыр басындағы Алаш қозғалысына ұйытқы болған жастар қазақ ұлтының патриоттық рухын биік шыңға шығарып кетті. Халық оларды сол үшін қадірлейді. Сол үшін ұмытпайды.

Дегенмен, әрбір жаңа дәуір жастардың мойнына жаңа міндет, жаңа миссия жүктейді. Мемлекеттің гүлденуі мен ұлттың дамуы үшін әр дәуірдің өз азаматтарына жүктейтін тарихи міндеттері болады. Сол тарихи міндеттерді дер кезінде орындаған ұлт уақытты бос өткізбеген, заманнан артта қалмаған, тіпті уақыттан озып жұмыс істеген халық ­болып есептеледі. Өткен ғасырдың 60 жылдарында тәуелсіздік алған Африканың оннан аса мемлекеті 2000 жылы өздерінің 40 жылдық тарихын саралаған кезде, тәуелсіздіктен кейінгі сол 40 жылын «мүмкіндікті пайдаланбаған, босқа өткен уақыт» деп бағалауы олардың тәуелсіздіктен кейін дамудың дұрыс жолын таңдай алмағанынан, уақыт жүктеген тарихи міндетті орындай алмағанынан дерек береді.

Бұл ретте мына мәселенің басын ашып айтуға тиіспіз. Яғни белгілі бір дәуір тұрғын­дарының ішіндегі жас буын, бұл – сол қоғамдағы ең белсенді және ең қуатты күш. Ол үшін ең әуелі мемлекет жастарды белсенді түрде қолдауы, олардың аяғынан тік тұрып, армандарын жүзеге асыруына, ел ісіне араласуына толық жағдай жасауы керек. «Не ексең, соны орасың» дейді дана халқымыз. Біз бүгін ­жастарымызды қалай, қай бағытта баулысақ, ертеңгі болашағымыз солай болмақ. Сондықтан да Қасым-Жомарт Кемелұлының ұдайы: «Қазақстан – жас әрі жастардың мемле­кеті! Жастарымыз – дамудың қозғаушы күші. Барлық мемлекеттік органдардың міндеті – жастардың өзін-өзі жақсы танытуына жағдай жасау және олардың оң ­бастамаларына қолдау көрсету» екенін баса дәріптеп жүруінің өзегінде осындай парасат жатыр. Демек, «алға қойған мақсаттарына қол жеткізіп, өзін-өзі дамытуға талпынған жастарға» мемлекеттің ­шынайы қолдауы қажет. Еліміздегі жас буын өз елінде өз болашағына қашанда сеніммен қарайтын болуы тиіс. Еліміз «ұрпағым дейтін ұлт болуға» ұмтылу ­керек. Мемлекет басшысының президенттік қызметке кіріскеннен бергі уақытта осы бағытта атқарған игі қадамдары көңілге зор қуаныш пен үлкен сенім ұялатады. Дәл қазіргі кездегі қазақ жастары өз арман-мұратын жүзеге асыру мен ел ісіне толық араласа алатын жаңа дәуірде, ең жақсы кезеңде тұр деуге болады.

Президент Қ.Тоқаевтың тікелей бастамасымен қолға алынып, жүзеге аса бастаған мемлекеттік ­жастар саясатындағы оң өзгерісті тұтас қазақ қоғамы қуанышпен және зор үмітпен қабылдағаны жасырын емес.

Сөзіміздің осы тұсында, жастары­мыз­дың ­рухани бет-бейнесі қандай деген мәселеге де соға кетейік. Құдайға шүкір, қазақ жері, Алаш жұрты ежелден-ақ талант пен дарынға кенде болған емес. Бүгінгі күні де дарынды, талантты жастарымыз аз емес. Мәселе, сол талантты да дарынды жастарымыздың отаншылдық рухы, ұлтжандылық сезімі қай деңгейде?! Бұл қасиеттер әлдекімнің бойында кем соғып жатса, ондай жастың таланты мен дарынынан ұлтқа келер пайда шамалы. Бұл туралы сонау ХХ ғасырдың басында Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген болатын. Демек, «мінездің» бір аты «ахлақ» (мораль) болса, адамгершілік, отаншылдық пен ұлтжандылық деген қасиеттер сол «ахлақтың» күретамыры. Бұл мәселені айқын сезінген Мемлекет басшысы жастар саясатына қатысты пайымдауларында дарынды, талапты жастарға жағдай жасап, қолдау көрсетуді дәріптеумен бір уақытта, жастарымыздан отансүйгіштік пен ұлтжандылықты, еңбексүйгіштікті барынша талап етіп келеді.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысы жиналысқа қатысып отырған жас буын өкілдеріне: «Бұл (президенттік кадрлық резерв) – елді өркендетуге бел буған, сол үшін бар күш-жігерін жұмсайтын азаматтарға арналған жоба. Басты міндет – ­талантты жастардың Қазақстанды жаңа белес­терге көтеруіне мүмкіндік беру. Ең бастысы – туған еліңді шексіз қадірлеу және оған адал қызмет ету. Табанды еңбек етіп, нақты нәтижеге қол жеткізу керек. Бұл ұлтты жаңғырту үшін өте маңызды. Мен өздеріңіз арқылы елімізде патриот­тардың жаңа буыны қалыптасады деп сенемін. Сіздер егемен еліміздің жастарына ұлтжандылықтың, отаншылдықтың озық үлгісін көрсетулеріңіз ­керек» деп нақты талаптарын айтса, тағы бір сөзінде
ұлтты, туған халқын қалай сүюдің жолын, өнегесін нұсқайды, сондай-ақ жастардың мойнына уақыт жүктеп отырған миссияны атап көрсетеді: «Абайдың өсиеті – өскелең ұрпақтың айнымас темірқазығы. Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Абайдың «Толық адам» тұжырымы өміріміздің кез келген ­саласында, мемлекетті басқару мен білім жүйесінде, бизнес пен отбасы институттарында негізгі тұғырға айналуы керек. Халқымыз, әсіресе, жас буын Абайдың сара жолын жалғауға баса мән беруі тиіс. Біз Елдік пен Егемендіктің қадірін бағалай білуіміз керек. ­Жастарымыз әрдайым ұлттық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, дәріптей білуі қажет. Бұл өздеріңізге жүктелген мәртебелі миссия деп біліңіздер».

Демек, ендігі әңгіме жастарымыздың белсенділігі мен құлшынысына тікелей қатысты болмақ. Елімізде дәл қазір Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен жүзеге асып жатқан жастар саясатындағы осынау бетбұрысты дәл бейнелеу үшін «сөз түзелді, оқушы сен де түзел» деген ұлы Абайдың әйгілі сөзін «сөз түзелді, жас буын сен де түзел» деп өзгертіп қолдансақ, дөп келетін секілді.

Мемлекет басшысы президенттік кадрлық резервіне енген жастармен кездесуде өз сөзін «ХХІ ғасырдағы Қазақстанды биік белестерге сіздер сияқты білімі озық, ойы ұшқыр жастар бастауы керек» деген үлкен үмітпен және алғаусыз сеніммен аяқтаған екен. Негізінде, Президенттің жастарды қолдауы бір басқа, ал ұлттың «ұрпағым» деп күн кешуінің жөні тіптен басқа. Сондықтан мына заман бізден тұтас ел болып «ұрпағым!» деп күн кешуді талап етіп отыр. Ендеше, біз де бүгінгі сөзімізді «Ұрпағым дейтін ұлт болмаса, Ұлтым дейтін ұрпақ қайдан туады?!» деген ұлы Ахаңның, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының уәжімен аяқтауды жөн көрдік.

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,

Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры,

филология ғылымының докторы, профессор

Дереккөз: http://anatili.kazgazeta.kz сайтынан алынды.