Ғұламаға құрмет
Адамзат тарихында ғылым-білімге ұмытылыс ең жоғарғы мазмұнды деңгей болса керек. Әл-Фараби өз заманында сол жарыққа ұмытылған ғұламалардың алды болып, дүниенің «Екінші ұстазы» атанды. «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың «Әл-Фараби әлемі және қазіргі Қазақстан» мақаласы ғұламаның ұлылығын ұлықтап, тәрбиелік тағылым таразылап, өркениеттегі өнегесіне үңілдірді.
Шындығында, Әл-Фараби әлемін тану үлкен қажырлы еңбекті талап еді. Данышпанның ғылым саласын терең меңгеріп, философиялық толғамдар жасауы өз заманында үлкен құбылыс болса, бүгінде де өз өзектілігін жойған емес. Биыл ғұлама атымен аталатын Алматыдағы Қазақ Ұлттық университетінде мерейтойлық жыл салтанатты түрде ашылған болатын. Шараны Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев арнайы ашып, мерейтой жылындағы ғылыми және мәдени шаралармен таныстырған еді. Шаралар елдегі және әлемдегі эпидемиялық ахуалға қарамастан, онлайн жүйеде түрлі платформаларда нәтижелі түрде жалғасты. Аса маңызды шараларда баяндамалар жасап, отандық және шетелдік фарабитанушы ғалымдар пікір алмасты.
Мемлекеттік хатшы өзінің мақаласында Әл-Фараби мен Абайдың рухани философиялық сабақтастығын сараптап, қос ғұламаның Шығыс пен Батыс әлемін үйлестірген ғибратын тереңнен баяндайды. Ол сөзінде: «Әл-Фараби феномені – теңдесі жоқ құбылыс. Оның баға жетпес ғылыми мұрасының жалпыадамзаттық маңызы бар. Ұлы ойшыл – орта ғасырларда ірі сауда орталығы, ғылым-білім және мәдениет ошағы болған Отырардың тумасы. Ол – әлемдік деңгейдегі тұғырлы тұлға, біздің мақтанышымыз» – деп ерекше атап өтеді.
Әл-Фарабиді тану – тәуелсіздігіміздің жемісі. Тәуелсіздік – тарихымызға үңіліп, өткенді таразылап, болашағымызды бағамдауға, ұлы тұлғаларды ұлықтауға, олардан тәлім-тәрбие, білім алуға тәрбиеледі. Біздің халқымыз үшін Әл-Фараби мен Абай әлемінен алар тағылым мол. Сондықтан әр қазақ үшін қос ғұламаның рухани мәні асқақ бола беретіні сөзсіз.
Біз Әл-Фарабиді тану арқылы ұлтымызды, шаң басқан тарихымызды түгендеп, тереңде жатқан кәусар білім бұлағынан шөл қандырамыз. Сондықтан Әл-Фарабитану жұмыстары А.Машани, А.Қасымжанов секілді ғалымдардың тынымсыз ізденісі мен жоғары еңбегінің арқасында жүзеге асқанын ұмытпағанымыз жөн. Мақалада Қырымбек Көшербаев осы ғалымдардың есімін ерекше атап өтеді. Бұл біздің ғылым саласы үшін үлкен құрмет, олардың бұрыннан жасап келе жатқан еңбектеріне берілген баға.
Ғылымның мақсаты адамзатқа белгілі және белгілі емес сауалдарға жауап іздеп, үнемі дәлелдер жасауында. Сол арқылы адамзат өміріне оңтайлы өзгерістер келеді. Белгілі бір қиындықтар жеңілдеп, жарқын өмірге ұмтылады. Ой-өрісі, санасы биік, ғылым меңгерген адам бақытқа өзі ғана жетіп қоймайды, айналасындағы досың, жұртың, халқың да бірге жетелейді. Қайырымды қала тұрғындары қалай қалыптасады? Адамда асыл қасиеттер болғанда, Әл-Фараби айтқан тәрбие болғанда ғана…
Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Әл-Фараби еңбектерін кеңінен сипаттай отырып, мақалада мемлекеттің бақытты болуы үшін жүзеге асырылатын бағдарламаларды да атап өтеді. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының елеулі еңбегін де баяндайды.
«Ғұламаның бақыт философиясы азаматтық қоғамды өркениетке жетелейтін ақыл-парасат бағдары болуға тиіс». Бұл жай ғана мақаладан үзінді. Бірақ мағыналы, мәнді сөз. Қанша заман өтсе де, ескірмейтін есті сөз. Мына қоғамға жол сілтеп, бағыт береді. Біз үшін ғұламаның еңбегі сонымен де құнды.
Мемлекеттік хатшы осы мақаласынан бұрын университетімізге келіп, Әл-Фараби мерейтойлық жылын қорытындылау шарасына қатысқан еді. Онда фарабитанушы ғалымдармен жүздесіп, әлемде тұңғыш рет жарық көрген «Әл-Фараби» энциклопедиясының тұсаукесері өтті. Энциклопедияның мазмұны тарихи деректер, мәліметтер, географиялық нысандар, өмірбаяндық мәліметтер, ойшылдың өмір жолы мен ғылыми мұраларын, ұғымдар мен терминдер, араб-мұсылман Ренессанс кезеңіндегі белгілі ғалымдардың еңбектерін қамтиды. Онда заманауи зерттеушілер мен қазақстандық фарабитанушылар, сондай-ақ ислам философиясы, дін, мәдениет, ғылым және білім мәселелерімен айналысатын барша ғалымдар туралы библиографиялық мәліметтер келтірілген.
Еліміздегі мерейтойлық шаралар әлі де жалғасын табуда. Ал Қ.Көшербаев мақаласы еліміздегі фарабитанушы ғалымдар мен қазақстандықтардың рухын көтеріп, ерекше тағылым қалдырғаны анық.
Жақыпбек АЛТАЕВ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, философия кафедрасының профессоры
Дереккөз: https://egemen.kz/article/253962-ghulamagha-qurmet