АКАДЕМИК Р.Б. СҮЛЕЙМЕНОВТІҢ 90 ЖЫЛДЫҒЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ

1034
Кеше (17.02.2021) ҚР БҒМ ҒК Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ұйымдастыруымен Сүлейменовтің 90 жылдығына арналған «Рамазан Бимашұлы Сүлейменов – Қазақстандағы Шығыстану институтының негізін қалаушы» атты Дөңгелек үстел өтті.
Онлайн форматта өткен ғылыми шараға академик ғалымдар, шығыстанушы-мамандар, ізденуші шәкірттер қатысты.
Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, ф.ғ.д. профессор Дүкен Мәсімханұлы шараның ашылу сөзін сөйлеп, академик ғалымның туғанына 90 жыл толуымен дөңгелек үстелге қатысушы ғалымдарды, ұрпақтарын құттықтады. Ол өз сөзінде: “Бұл академик ғалым Рамазан Бимашұлының 17 ақпан туған күніне орай еске алу мақсатында ұйымдастырылған шара. Алдағы уақытта Р.Б. Сүлейменовтің ғылымдағы орны мен еңбегін ұлықтау мақсатында ғылыми іс-шаралар өтеді. Бұл сол игі іс-шаралардың басы”, – деді.
Дөңгелек үстелге т.ғ.д. профессор, ҚР ҰҒА корр.-мүшесі Әбусейітова Меруерт Қуатқызы, Р.Б. Сүлейменовтің шәкірті, т.ғ.д. профессор, ҚР ҰҒА академигі Әбжанов Ханкелді Махмұтұлы, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің оқу және оқу-әдістемелік жұмыстары жөніндегі проректоры, т.ғ.к. доцент Исабек Баршагүл Қашқынқызы және Рамазан Бимашұлы Сүлейменовтің ұлы, физика-математика ғылымдарының кандидаты Сүлейменов Еркін, т.б. лар баяндама жасады. Олар өз баяндамаларында академик ғалым Р.Б. Сүлейменовтің өмірі мен еңбек жолындағы қызықты да қиын сәттері туралы естеліктер айтты. Сондай-ақ, Р.Б. Сүлейменовтің Шығыстану институтын (ол кезде бөлім болған) құру жолындағы еңбегі мен шығыстану бағытындағы ғылыми жұмыстарына тоқталып, тұщымды да тұжырымды ойларын ортаға салды.
shygystanu.kz ақпараты