«Екінші ұстаз» туралы еңбек
Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев күллі түркі жұртының мақтанышы, «мұғалім сәни» (екінші ұстаз) атанған ғалым-философ Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық (870-2020) мерейтойын мемлекеттік деңгейде атап өту туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Алайда жыл басынан бері әлемді әлекке салған пандемияның кесірінен мәдениет саласындағы жоспарланған іс-шаралардың көбісі атқарылмады.
Дей тұрғанмен жоспарланған халықаралық және республикалық ғылыми конференциялардың дені онлайн түрінде өткізілуде. Әсіресе ғұлама әл-Фараби мен хакім Абайға қатысты онлайн түрінде тоқтаусыз өтіп жатқан конференцияларды, жарық көріп жатқан іргелі еңбектерді атап айтқан болар едік.
Соның бірі жақында ғана әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің баспа үйінен жарыққа шыққан «Әбу Насыр әл-Фараби – даланың дара тұлғасы» атты іргелі зерттеу еңбегі. Авторы Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері, ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбсаттар қажы Дербісәлі. Еңбекті Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Р.Сүлейменов атындағы шығыстану институтының Ғылыми кеңесі баспаға ұсынған. Зерттеудің жалпы редакциясын басқарған ҰҒА академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Әбдімәлік Нысанбаев. Пікір жазған философия ғылымдарының докторы, профессор Жақыпбек Алтаев.
Аталған кітапқа шығыстанушы-ғалымның Ұлы даланың дара перзенті жайлы ұзақ жылғы ізденісінен туған қазақ және орыс тілдерінде әр жылдары жазған мақалалары мен ой-толғаныстары, сондай-ақ өзге ортағасырлық отыздан астам Отырар ойшылдарының өмір жолы мен еңбектері зерделеген толымды да толғақты толғамдары топтастырылған. Көлемі – 26, 25 баспа табақ.
Кітап тілдік сипатына қарай екі тарауға бөлінген. І-тарау «Ұлы дала кемеңгерлері» деп аталады. Бұл бөлімге «Әбу Насыр әл-Фараби – Отырардың жарық жұлдызы», «Ұлыға тағзым», «Фарабитанудың қайнар бастаулары» секілді оншақты зерттеу еңбектері топтастырылған. Кітаптың «Ученые и мыслители Великой степи»деп аталатын орыс тіліндегі екінші бөліміне «Абу Наср аль-Фараби – гений Великой степи», «Средневековый Отрар (Фараб) и отрарские ученые ІХ-ХV веков» деп аталатын салмақты зерттеулері бастаған оншақты еңбегі енгізілген.
Әбсаттар қажы Дербісәлі ұзақ жылдан бері Ұлы даланың дара тұлғасы Әбу Насыр әл-Фарабидің және еліміздің ертеде өмір сүрген өзге де ойшылдарының жазба мұрасын дүниенің түкпір-түкпірінен іздеп тауып, зерттеп, ғылыми айналымға енгізіп келеді.
Ғалымның өз зерттеулерінен тыс, ортағасырлық араб тарихшы-шежірешілері: Джамал ад-дин әл-Қифти, Ибн Әби Усайбиға, Ибн Халликанның Әбу Насыр жайлы жазба деректерін де араб тілінен қазақ тіліне аударған еңбектерінің өзі бір төбе.
Жалпы Шығыстану ғылымының жан-жақты дамып, барлық ғылымда қарыштап өскен, ұлттық рухани сұранысына жауап берген бай-бағылан дәуірін тудырған ортағасыр ойшыл-ғалымдары, олардың ғұмыры, зерттеулері, шығармалары туралы бүгінге дейін жазылып келген зерттеулер, ой-пікірлер академик Ә.Дербісәлінің аталған еңбегінде жаңаша пайыммен сарапталып, соны пікір, тың тұжырымдармен толыға түскені бірден көзге түседі.
Әбсаттар қажы Дербісәлі өз ізденісін Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Қазіргі өркениетті мемлекеттердің барлығы дерлік шоқтығы биік тарихи тұлғалармен мақтана алады. Олардың қатарында саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қолбасшылар, ақын-жазушылар, өнер және мәдениет, (ғылым) майталмандары бар. Қазақ жұрты да біртуар перзенттерден кенде емес» деген ұстанымын берік тұғыр ете отырып, Әбу Насыр әл-Фарабидің адамзат тарихындағы алатын орнын, ғылыми-философиялық ұстанымын анықтау жолында аянбай тер төгіп жүрген ғалым. Сондықтан да теңдессіз ойшыл, әлемнің «екінші ұстазы» атанған ұлы бабамыз туралы мұндай іргелі еңбектің жарық көруін еліміздің рухани өміріндегі елеулі оқиға деп толық сеніммен айта аламыз. Оның үстіне сөз болып отырған еңбектің дәл биыл, ұлы бабамыздың 1150 жылдығы қарсаңында жарық көруі – мерейтойдың мерейі мен мазмұнын тіптен айшықтай түсері даусыз.
Еңбек жалпы әл-Фарабидің өмір жолы мен шығармашылығын білгісі келетін қарапайым оқырманнан бастап, оның күллі ілім-білімі туралы, тіпті білім қуып Бағдат шаһарындағы белгілі Йуханна бин Хайлан, Абу Бишр Матта, Абу Бакр бин Сираж сияқты ұстаздардан медицина, жаратылыстану ғылымдарын, логика мен грек тілін үйренгендігін, сонымен қатар бар күш-жігерін фәлсафаны зерттеуге арнағандығын білгісі келетін зерттеушілер үшін де құнды дүние.
Еңбектегі әл-Фарабидің ғылыми трактаттары: «Математикалық трактаттар», «Музыка мен поэзия туралы трактаттар», «Тарихи-философиялық трактаттар», «Әлеуметтік-этикалық трактаттар», «Логика туралы», одан басқа Ибн Сина, Аристотель, Птолемей туралы жазылған ойлары да өз оқырманын бей-жай қалдырмайтын дүниелер.
Жалпы, әл-Фараби бабамыз қалай мақтануға, қалай ұлықтауға тұрарлық ұлы тұлға. Ұлттың ұлы тұлғаларын білу – тарихи тамырыңды тану деген сөз! Ондай дарабоз даналарымызды ұлттық руханияттың ұстыны тұтып, ұлықтап отыру парыз.
Жалпыға мәлім болғандай ғұлама бабамыз таза философиялық және логикалық еңбектермен қатар көптеген табиғи-математикалық және жаратылыстану-философиялық еңбектер жазды. Ол шығыста да, батыста да ғылымның одан әрі дамуына үлкен әсер еткен бай ғылыми мұра қалдырды. Демек ұлы ойшылдың ғылыми мұрасын зерттеу, оның әлемдік ғылым мен өркениетке әсерін анықтау бүгінде ғана емес, болашақта да өзекті болып қала бермек.
Әлемдік ғылыми орта бірауыздан мойындап «екінші ұстаз» деп атақ берген Әбу Насыр әл-Фараби шынымен де әлемдік деңгейдегі адам болды, ол өз еңбектерінде араб, парсы, грек, үнді және өзінің түркі мәдениетінің ең құнды жетістіктерін жинақтаған және бойына сіңірген адам. Пайым-парасатының сәулесі мен жаңғырығы оның әйгілі «Китаб аль-музыка аль-кабирде» айқын көрінеді («Ұлы музыка кітабы»). Бірақ ол әртүрлі мәдени дәстүрлерді біріктірген гуманитарлық ғылымдар ғана емес, ол өз заманының білімдерін жүйелеуге ұмтылған ғылымның реформаторының данышпаны болды, бұл оның «Ғылымдардың жіктелуі туралы» трактатында көрініс тапты. Фараби педагогиканың реформаторы ретінде білімді тәрбиемен қабаттастыра беруге, ағартушылықты адамзат дамуымен ұштастыруға ұмтылды.
Сөз болып отырған еңбекте автор әл-Фарабидің «Поэтика жайлы тұжырымына» ерекше көңіл бөліп, әдеби мәліметтерді филологиялық тұрғысынан қарастырып, ғылыми жағынан тәпсірлеп, поэзия мен поэтиканы терең танып, мәтінді түсіндіруге терең мән бергені аңғарылады.
Сондай-ақ аталған зерттеуінде ғалым бұған дейін екіұшты болып келген мәселелердің анық-қанығына Б.Ғафуров, Е.Бертельс, С.Григорян, М.Хайруллаев, А.Көбесов, Г.Матвиевская, Б.Розенфельд, А.Халидов, С.Броселман, Решер Николас, Р.Эрланже т.б. сынды ғалымдардың еңбектеріндегі тарихи деректерге сүйене отырып көз жеткізеді. Әсіресе әл-Фараби жайында жазған Джамал ад – Дин әл-Қифти, Ибн Әби Усайбиға, Ахмед ибн Халликан сынды ғалымдардың деректерінің ғылыми құндылығы өте жоғары екенін ерекше айтуға тиіспіз. Әсіресе академик Ә.Дербісәлінің қанша ғасыр бойы қазақ ғылымының назарынан тыс қалып келген араб тіліндегі тарихи жазба мәтіндерді дүниежүзінің іргелі кітапханалары мен жазба мұраларынан жинап, түпнұсқадан тәржімалап осы еңбегіне пайдалануы – берісі фарабитануды, әрісі отандық шығыстануды жаңа бір белеске көтерді деуге болады.
Аталған еңбектің тағы бір жетістігі, автор осы кітапқа енген «Түркиядағы жазба мұраларымыз» деп аталатын зерттеуінде бауырлас түрік ағайындардың мемлекеттік және жеке кітапханалардың қолжазба қорларында ортағасырлық түркітекті ғұламалардың мұралары мен еңбектері сақталып келгендігін баяндайды. Ол жөнінде кітап авторы: «…Солардың ішінде Отырар, Исфиджаб – Сайрам, Тараз, Баласағұн, Түркістан, Сығанақ, Женд ғұламаларының түрлі тақырыпты қамтитын жазба дүниелері көптігімен таңғалдырады. Мысалы, Әбу Насыр әл-Фараби, Мұхаммед бин Ахмед бин Йусуф (Жүсіп) әл-Исфиджаби, Абд әл-Уахид бин Мұхаммед ас-Сайрами, Ала ад-Дин Түркістани, Һибатулла ат-Түркістани ат-Тарази, Хұсам ад-Дин Хұсейн бин Али Хажжаж әл-Ханафи ас-Сығанақи, Мұхаммед Абд ас-Саттар әл-Кердери, Мұхий ад-Дин Женди шығармалары және Қожа Ахмет Ясауи «Диуанның» көшірмелері кездеседі…», деп қазақ даласында әртүрлі ғылымның сан-саласы бойынша терең де ойлы шығармаларын қалдырған ғалымдарға қатысты деректердің молдығын көрсетеді. Сондай-ақ ғалым Түркиямен қатар Сирия, Морокко, Мысыр және Еуропа елдеріндегі жазба әдеби мұраларын жинап бізге ортағасырлық отырарлық Аббас әл-Жауһари, Абу Ибраһим Исхақ әл-Фараби, Исмаил әл-Жауһари тағы басқа тарихи тұлғалармен таныстырып, олардың ұлттың мәдени-рухани өміріне қосқан үлесі туралы қызықты да құнды деректер ұсынады.
Сондай-ақ автор Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен шығармаларына арналған әлемдік деңгейде бірізді, біртұтас, толыққанды библиографиясы жоқ екендігін айта отырып, Х-ХІІІ ғасырлар аралығында өмір сүріп, әлемге танылып, артынан мол жазба мұраларын қалдырған Отырар шаһарының ұлы кемеңгерлері – өзге фарабилер туралы да баяндайды. Әрине Әбсаттар қажы Дербісәлі шығыстанушы ғалым ретінде ертеден бері-ақ шығыс деректерінен 30-ға жуық әл-Фараби табылғандығын айтып та, зерттеп те, ғылыми ортаға ұсынып та жүргені әмбеге аян. Әсіресе сол ортағасырлық қалың әл-Фарабилердің өмірбаянын, олар туралы шығыстық деректер мен мәліметтерді, олардан қалған ауқымды мұраларды тоқтаусыз зерттеп, тізбектеп жазып жүргенімен, соның өзінде қазақ халқына әлі күнге дейін толық танылып үлгірмеген, зерттеліп бітпеген деректердің әлі де мол екендігін ғалымның біз сөз етіп отырған еңбегіндегі «Орта ғасырлық отырарлық ғалымдар», «Отырар мен Сайрамның саңлақтары», «Средневековый Отрар (Фараб) и отрарские ученые ІХ-ХV веков» атты зерттеулерінен анық аңғаруға болады.
Кітапта орын алған маңызды мазмұндардың тағы бірі бұған дейін әлемдік деңгейде ұйымдастырылған конференциялар мен іс-шараларда жасалған баяндамалар мен құттықтаулардағы құнды да өзекті ойларды, сонымен бірге көптеген шетелдік мемлекет қайраткерлерінің арнау сөздері енгізілгенін атап өту лазым.
Академик Ә.Дербісәлінің «мерейтойды мерекелеудегі басты мақсат – әл-Фараби мұрасын зерделеуге жаңа серпін беру арқылы әлем тарихындағы оның рөлін айқындап, есімін ұлттық бренд ретінде ұлықтау» деп тұжырымдағанындай, ұлы ғұламаның биылғы 1150 жылдық мерейтойын тұтас ел болып атап өтудегі көздегеніміз де сол меже болатын.
Өйткені әл-Фараби — Ибн Сина, аль-Бируни, Омар Хайям, Наср ад-Дин ат-Туси, Ж.Баласағұн, М.Қашғари т.б. атақты философтар мен ғалымдардың мұсылмандық Шығыста туып, қалыптасуына, сондай-ақ бүкіл әлемдік ой-сананың дамуына, қала берді Орта Азия мен Қазақстанда прогрессивті әлеуметтік-философиялық ойдың дамуына теңдессіз ықпал еткені әлемдік ғылымда мойындалған ақиқат. Оған көз жеткізу үшін немістің әйгілі шығыстанушы ғалымы А.Мюллердің «Бүкіл мұсылман шығысының аса ұлы ойшылы әл-Фараби өзінен бұрынғылар тек шет пұшпақтап айналысқан көп мәселелер бойынша аса зор жұмыс тындырды. Бұл кемеңгер адам грек философиясының ең терең қырларына дейін бойлап, байыбына жетті. Сондықтан да Шығыста философияны ғылыми зерттеуді шын мәнінде бастаушы кім дегенде, басқа ешкім де емес, тек соның есімі аталуы керек», деген пікірін еске алсақ та жеткілікті.
Еліміздің алдыңғы қатарлы университеттің бірі Қазақ ұлттық университетіннің аты әл-Фараби есімімен аталуы да тегін емес. Ұлы ойшылдың есімін иеленген қара шаңырақтың көш-керуені Шығыс пен Батыс өркениеттеріне тең де кең жол аша отырып, озық технологиялар мен инновацияларды дамыту арқылы, білім беруді әлемдік деңгейге көтеріп, өскелең ұрпақты білімді, рухани-адамгершілік қасиеті мол, ұлттық отаншылдық сана сезімге бай тұлға етіп қалыптастыруға бағытталған. Сондай-ақ Әбу Насыр әл-Фарабиге қатысты осынау іргелі зерттеудің әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің баспа үйінен жарыққа шығуы, сондай-ақ кітаптың университет ректоры, академик Ғ.Мұтановтың ықыласты алғысөзімен жарық көруі де көкейде тұнып жатқан, көсіліп айта беруге болмайтын көп жайдан дерек беріп тұрғандай.
Түйіп айтқанда академик Әбсаттар қажы Дербісәлінің Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына ұсынып отырған қомақты тартуы талғамы биік, талабы кемел қалың оқырманның ойынан шығатын, жұртшылықтың жадында, өскелең ұрпақтардың қолында жүретін құнды еңбек деп ойлаймыз.
Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,
Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры,
филология ғылымдарының докторы, профессор
https://egemen.kz/article/245812-ekinshi-ustaz-turaly-enhbek