Ташкентте «Әмір Темур және тимуридтер мұрасы» атты халықаралық конференция өтті

Жақында Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласында Өзбекстан Ғылым академиясының Тарих институты тарапынан ұйымдастырылған «Әмір Темур және тимуридтер мұрасы» атты халықаралық конференция өтті. Конференция аясында Орталық Азия елдері тарихшыларының кездесуін өткізу, барша үшін пайдалы әрі маңызды осы іс-шарада ортақ тарихымызды бірлесіп зерделеу, тарихшылардың жаңа буынын тәрбиелеу, олардың білімі мен біліктілігін арттыру, тәлімгерлік дәстүрлерін сақтау, сондай-ақ өңір ғалымдары арасындағы тығыз ғылыми ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылау қарастырылған еді. Аталмыш ғылыми институттың басшылығы шығыстануды, қытайтануды дамытуға өз үлесін қосып келе жатқан ҚР ҒЖБМ Ғылым комитеті Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Дүкен Мәсімханұлының осы маңызды шараға қатысуының көптен күткен өзара серіктестілікті дамытудағы баға жетпес қадам болатынына және оны жаңа сапалы деңгейге көтеретініне сенімділігін білдірген болатын. Дүкен Мәсімханұлы бұл конференцияға тағы бір маңызды ғылыми сапары себебінен қатысалмайтынын, өзінің өкілі ретінде оған Институттың Ұйғыртану орталығының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Рахметжан Юсуповты жіберетінін білдірген еді.
Осы конференцияның бағдарламасы аясында Р. Юсупов конференцияның басқа да қатысушыларымен бірге Самарқанд және Шахрисабз қалаларында Әмір Темір, Шахи-Зинда кесенелерін, Бибиханум мешітін, Регистан алаңын, басқа да тарихи орындарға зиярат етті.
Конференцияның үшінші күні оның қатысушылары Ташкент қаласындағы Әмір Темір ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, халықаралық конференцияға қатысты. Конференцияны Өзбекстан Республикасы Ғылым Академиясы Тарих Институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, академик Азамат Зийо мырза кіріспе сөзімен ашты. Содан кейін конференцияда Түркия, Италия, Иран, Өзбекстан ғалымдарының қатысуымен баяндамалар оқылды.
Конференцияның екінші бөлімінде Қырғызыстан, Қазақстан, Өзбекстан ғалымдараның қатысуымен өзара ынтымақтастық туралы мәселелер талқыланды. Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Дүкен Мәсімханұлының ресми өкілі Р. Юсупов Өзбекстан Республикасы Ғылым Академиясы Тарих Институтының директоры, академик Азамат Зийо мырза атына жіберген құттықтауды оқып, институт ғалымдарының кітаптарын табыстады. Құттықтауда Шығыстану институтының басшысы конференцияға шақырғанына шексіз ризашылығын білдіріп, Темір әулетінің әлем тарихында жаңа бір қайта өрлеу дәуірін ашқанын, елдің барлық салаларында тұрақты реформалар жүргізіп, даналығы, әділ саясаты арқасында Орталық Азияда ең қуатты ел құрып, кейінгі ұрпақтарға өшпес мұра қалдырғанын, Әмір Темір және оның игі істерін жалғастырған тұлғалардың Орталық Азия тарихында өшпес із қалдырғанын және даңқ пен даналықтың, әділдік пен үміттің символына айналғанын айтып, конференция жұмысына үлкен табыстар тілеген болатын. Конференция әсіресе Қырғызыстан, Қазақстан, Өзбекстан Республикаларының Тарих, Шығыстану, Археология, Аймақтану институттары директорлары және олардың өкілдерінің ынтымақтастық туралы Ташкент Меморандумына қол қоюмен аяқталды.