Кеше (14.03.2022 ж.) әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев бастамасымен өткен білім және ғылым интеграциясы жобасы аясында ғылыми-зерттеу институттарының басшыларымен кездесуге Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры директоры, ф.ғ.д., профессор Дүкен Мәсімханұлы да қатысты.

02.02.2022 жылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асқат Қанатұлы Аймағамбетовтың және жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылыми-зерттеу институттарының директорлары қатысты қатысуымен Білім және ғылым интеграциясын дамыту мақсатында іс-шара өткен болатын. Бұл іс-шарада әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты арасында Білім және ғылым интеграциясы бойынша меморандумға қол қойылды.

 

Бұл жиынға ҚазҰУ-мен келісімшартқа қол қойған 19 ҒЗИ директорлары қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – білім беру мен ғылыми әлеуетті нығайту.

«Біз сіздермен бір ай бұрын білім мен ғылымды интеграциялау мәселелері бойынша келісімге қол қойған болатынбыз. Алдағы уақытта университет пен ғылыми институттардың бірлесіп атқаратын жұмысы жетерлік. Біздің ынтымақтастығымыз келесі бағыттарда жүзеге асырылатын болады:

·        бакалавриат, магистратура және докторантурада мультидисциплинарлық білім беру бағдарламаларын іске асыру;
·        ғылыми мектептерді дамыту және интеграциялық ғылыми жобаларды іске асыру;
·        мемлекеттік дамудың басым міндеттерін ғылыми сүйемелдеу мақсатында жаңа зерттеу топтарын құру;
·       әлемдік жетекші ғылыми-зертханалық кешендер базасында халықаралық ұйымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысу аясын кеңейту», – деді оқу ордасының басшысы.

Кездесу соңында Жансейіт Түймебаев факультет декандарына білім және ғылым интеграциясы жобасын жандандыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

«Ғылыми-зерттеу институттарына арнайы барып, директорлармен өзекті  мәселелерді талқылау қажет. Сондай-ақ студенттерді ғылыми ұйымдарға тәжірибе алмасу мақсатында жиі жіберіп отыру керек. Кейін олар өз білімдерін іс жүзінде қолдана алатын болады», – деді ректор.

Кездесуден соң ғылыми-зерттеу институттарының директорлары жаңарған аудиторияларды аралап, ҚазҰУ-дың ғылыми инфрақұрылымымен танысты.

 

Дереккөз: https://www.kaznu.kz/kz/3/news/one/27728/