ЖІНТІКТЕЙ ЗЕРДЕЛЕП, ТЫҢҒЫЛЫҚТЫ ТҰЖЫРЫМ ЖАСАҒАН

1336

ПРОФЕССОР НӘБИЖАН МҰҚАМЕТХАНҰЛЫНЫҢ ЖАҢА ЕҢБЕГІ ТУРАЛЫ

Біз қолымызға алып, аса ыждағат­тық­пен парақтап, соңғы нүктесіне көз түйістірген «Халықаралық феномен: қазақ халқының бөлінуі мен тұтастану үдерісі» атты монография аңызғақ ойымыздың шаңын басып, боқыраудағы боз жусан санамызды жасаңдатқандай әсерге бөледі. Кітап «Қазақ университеті» баспа үйінен жуырда ғана жарық көріпті. Ыстық-суығы басылмай, бояуы кеуіп үлгірмей автордың өз қолтаңбасымен қолымызға тиді. Аталмыш еңбектің авторы – тарих ғылымының докторы, профессор, белгілі қытайтанушы-ғалым Нәбижан Мұқаметханұлы.

Қайсыбір кезеңдерде қазақ зиялыла­рының қанқасап тағдырына себеп болған, соңғы кездерде де, тіпті әл-әзір де тізгін-шылбырға ерік бермей алға озып кетіп жүрген бір кесір сөз бар. Ол – «Қазақтың жауы – қазақ» деген антұрған лепес. Асылында, қазақ санасындағы бауырлық-татулықтың жалпы ұйытқысы «біріңді  қазақ, бірің  дос, көрмесең, істің бәрі бос» деген ұғым еді. Бұл Абай санасынан қағазға түсіп, мәтел іспеттес мәйекті сөз болып түйінделді. Ал біз қашан, қалай бір-бірімізге «жау» болып үлгергенбіз? Не болмаса қашан, қалай біртұтас қазақ жері, халқы, тіпті санасы жік-жік, парша-парша, тарам-тарам жолға түсіп еді? Профессор Н.Мұқаметханұлының аталмыш зерттеуін оқи отырып, біздің көкейімізге тұнған сұрақтардың бірі осы болды. Сөйтсек, арысы Қазақ хандығы дәуіріндегі тарихи оқиғалар… Жоңғар шапқыншылығы мен Қытайдың Цин империясы… берісі кешегі Кеңес өкіметінің кесапаты… одан қалды Орыс пен Қытай… «Екі түйе  сүйкенсе, ортасында шыбын өледінің» кері болған тарихи жағдайлар… Замана оңалып, Тәуелсіздік таңы атқандағы жан-жақтағы бауырлардың бөркін аспанға атып қалай қуанғаны, «азат  Отаным қайдасың?» деп, атажұрқа ағылған қазақтардың нұрлы көші, елге ел қосылып, етек жиналған, жоқ табылған, орта толған мамыражай шақтар… Алыс-жақын шетелдерден ақ тілеулі ағайынның қара басы ғана емес, онымен бірге тіл мен дәстүрдің, өнер мен мәдениет, ғылым мен білімнің ере келгені… Бәрін айт та бірін айт, қазақтың бөлінуі мен тұтастануының арасындағы мың сан тарау мәселелерді аса мол зерде қуатын жұмсап жіліктеп оқырман қауымға ұсынған автордың еңбегіне бәрекелдіден басқа  айтар жоқ!

Аталмыш еңбек жалпы 5 тарауға бөлінген. Бірінші тарауы – «Қазақ халқы­ның бөліну үдерісі» деп аталады. Автор бұл тарауда қазақ халқының тағдырлы тарихын тереңнен сүзіп, сарғайған архивтерден ашып, аршып, нанымды тарихи шындыққа негізделген олжалы ойды ортаға салады. Ол олжалы ой автордың қазақтың бөліну себептеріне тоқталуы еді.

Бұл күнде әлемнің түкпір-түкпірінде қара көз қандастарымыз өмір сүреді. Олардың бір парасы тәуелсіздік жылдарында тарихи Отаны – Қазақстанға қоныс тепкен болса, кейбір елдердегі шоғыр-шоғыр қандастарымыздың аталмыш елдердің территориясында әлі де ғұмыр кешіп жатуы тағдыршешті себептерге тікелей байланысты.

Н.Мұқаметханұлының  сөз болып отырған еңбегінің бірінші тарауын­да қазақ халқының өзге мемелекет ­құ­рамында қалуын мынадай бес топқа жіктеп көрсетеді. Олар: қазақтардың Қытай мемлекеті құрамында қалуы; қазақтардың Ресей мемлекеті құрамында қалуы; қазақтардың Моңғол елі құрамында қалуы; қазақтардың Орталық Азия елдері құрамында қалуы және қандастардың алыс шетелдерге босып кетуі.

Бұл жерде біз қазақтардың өзге мем­лекеттердің құрамында қалу мәселесі мен босып кету контексінің астарына терең мән беруіміз қажет. Өйткені бұл біз ойлағандай жалпылама және жадағай мәселе емес. Мұнда аса күрделі тарихи фактілер мен тағдырлы оқиғалар жасырынып жатыр.

Жоғарыдағы айтқан күрделі де күрмеуі көп көптеген тарихи фактілер мен тағдырлы оқиғаларды Н.Мұқаметханұлы қалай зерделеп, таразылағанын кітаптың алғашқы тарауын оқи бастағаннан аңғаруға болады. Қазақтардың Ресей, Орталық Азия мен өзге шетелдерге қалай қоныс тепкені баршамызға аз  да болса белгілі секілді. Біздің бүгінгі өскелең ұрпаққа қандастарымыздың Қытай елі мен Моңғолия территориясында қалай қалып қалғаны жұмбақтау көрінеді. Біз осы екі ел құрамындағы қазақтардың аталмыш елдер құрамында қалай қалып қалғаны төңірегінде аз-кем аялдасақ деген ойдамыз.

Автордың пайымынша: «1718 жылы Тәуке хан өмірден өтісімен-ақ қазақ қоғамында бүркемеленіп жатқан қай­шы­лықтар жарыққа шыға бастады. Сұлтан­дардың билік үшін күресі үдей түсті. Олар­дың күресі Орталық – мемлекет би­лігін нығайту үшін емес, өздерінің ық­па­лындағы ру-тайпалардың шағын бір­лестіктер немесе одақтастықтар сипа­тын­дағы аумақтық әкімдіктер құруға көбірек бой ұрды». Міне, бұл ұлы дарақтың өзегіне құрт түсе бастағанынан дерек береді. Автор осы пайымы арқылы ХVIII ғасырда біртұтас, діңі берік қазақ хандығы әлсіреуге бет алды деген ойды ортаға тастап отыр. Бұл біртұтас қазақ халқының бөлінуінің, ел, жерімен өзге мемлекеттерге тиесілі болып кетуінің ең алғашқы ішкі себептерінің бірі.

Мағжан Жұмабаев: «Алыстан орыс, қытай – ауыр салмақ, Жақыннан тыншытпайды қалың қалмақ. Артында – ор, алдында – көр, жан-жағы жау, Дағдарған Алаш енді қайда бармақ?» дейді «Батыр Баян» поэмасында. Дәл осы ақын поэмасында айтылғандай, ХVIII ғасыр – қазақ қоғамын жан-жақтан жау қамалаған қиын кезең саналады. Оңтүстіктен қоқаңдап Қоқан, солтүстіктен одыраңдап Орыс, шығыстан жұтынып Жоңғар шықты. Барлығы жиыла келіп, қазақ мемлекетінің біртұтастығына сызат түсіргені тарихи шындық.

Әсіресе Жоңғарлардың 1723 жылғы қазақ даласына жасаған қанқасап шабуылы, қазақтардың Оңтүстік-Батысқа қарай ығыса көшуі – ел мен жердің бөлініп қалуының тағы бір себебі.

Үш жүздің би-сұлтандары, қолбасшы-батырлары Ордабасыда бас қосып, жоңғарға қарсы күресу мәселесін кеңесті. Нәтижесінде, қазақ қолы жоңғар шапқыншыларына тойтарыс жасады. Тарихтан білетініміздей, «Аңырақай шайқасында» қазақтар жоңғар әскерін ойсырата жеңді. Сол арқылы жоңғарлар жаулап алған жерлерге қазақтар қайта қоныс аудара бастады. Сөйтіп, қазақ өз атажұртына, бабадан келе жатқан байтағына  қайта ие болды.

Осы жағдаймен қатар, Цин империя­сы­ның қыспағы нәтижесінде жоңғарлар ауыр саяси дағдарысқа ұшырады. Өз іштерінен таққа талас, билікке деген күрес өрши түсті. Ақыр аяғы жер бетінен Жоңғар мемлекеті жойылып, қазақ елі мен Цин империясы бетпе-бет келген тарихи жағдай қалыптасты. Н.Мұқаметханұлы аталған монографиясында тарихтың осы кезеңі туралы: «Осылайша, Қазақ хандығы мен Қытай Цин патшалығы арасында тікелей байланыс басталды. Содан бастап қазақтың қоғамдық-саяси өміріне қытай факторы да келіп қосылды. Сонымен, қазақ қоғамында Батыс-Солтүстігінен патшалық Ресей сұғынып кірген, Шығыс бүйірінен Цин империясы қысқан жағдай қалыптасты» деп жазады. Шындығында да, бұл тарихи жағдайлар көшпелі қазақ қоғамының алаңсыз өмір сүруіне, бейбіт күн кешуіне, атақонысын ен жайлап, еркін көшіп-қонуына недәуір қиыншылық туғызды.

«БАС САУҒАЛАП ҚАШЫП  КЕТКЕН ҚАЗАҚ» ЕМЕС

Тіпті бара-бара  орыс отаршылдары қазақ даласын түбегейлі жаулап, оны Цин патшалығымен бөлісу мәселесін күн тәртібіне шығарды. Бұл туралы кітап авторы: «Патшалық Ресей отаршылдары XIX ғасырдың 60 жылдарында Қазақстанды толық жаулап алып, өзінің отарлық территориясының шығыс жақ іргесін Цин патшалығының қарамағындағы жерлерге апарып тіреді. Сонымен, патшалық Ресей мен Қытайдың Цин патшалығы арасында мемлекеттік шекараны анықтау мәселесі туындап, екі империяның қазақ даласына таласы басталды» деп жазады. Салдарында, қазақ халқының еркінен тыс, империялар тарапынан сызылған шекараның екі бетінде бөлініп қалуы  дейтін тағдырлы мәселе тарих бетіне шықты.

Міне, дәл «екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледінің» кері келіп, екі алпауыттың ортасында қазақтар зардап шекті. Жалпы алғанда, екі империяның шекара мәселесін шешу келісіміне сай қытай территориясына қарасты жерлермен бірге сол жерді мекен еткен халық та аталмыш елдің қарамағына қарасты болып шешілді. Бүгінгі Қытайдағы қазақтардың ол жақта қалып қалуының тарихи себептерінің бірі осы.

Бұдан бөлек, кеңес өкіметі тұсындағы ауқатты адамдарды кәмпескілеу, коллек­тивтендіріу саясаты мен ашаршылық жылдары ауып барған қандастарымыз бар. Сөйтіп, Қытай, Моңғолия сынды елдерде өмір сүріп жатқан қандастарымыз анау айтқандай «бас сауғалап қашып кеткен қазақ» емес, әртүрлі тарихи жағдайларға байланысты өзге елдің территориясында өмір сүруге мәжбүр болған қандастарымыз екенін еңбек авторы нақты дәлел-дәйектермен зерделеген.

Сөз болып отырған еңбектің екінші тарауы «Шетелдегі қазақтардың өмір сүрген қоғамдық ортасы» деп аталады. Қоғамдық орта дегеніміз, екінші бір сөзбен айтқанда, белгілі бір елдің ішкі саяси-әлеуметтік жағдайына тәуелді құбылыс болып саналады. Соған орай тіршілік формасы, қоғамдық дамуы мен іс-әрекеттері әдіптеледі, содан барып адамдардың қоғамдық санасы қалыптасады. Бұл түптеп келгенде, мәдени құбылыстың бір түрі. Міне, ғалым аталған еңбегінің екінші тарауында өзге елдерде өмір сүріп отырған қандастарымыздың жеке басын белгілі бір мәдени құбылыстардың өкілі екеніне баса назар аударады.

Айталық, Моңғолиядағы қазақтардың мінезі мен іс-әрекетінде дәстүрлі қазақы менталитеттің иісі аңқып тұратыны жасырын емес. Себебі ол елдегі қазақтар мен моңғолдардың тіршілік ету формасы көшпелі мал шаруашылығына негізделген. Оның үстіне, өзі аз моңғол халқымен тікелей ассимиляцияға ұшырау мүмкіндігі аз. Әрине, біз Моңғолиядағы қазақтардың да бастан кешкен қасіретті тағдырларын естен шығармаймыз. Дей тұрғанмен, тіл мен ділді, салт-дәстүрді сақтауда Моңғолиядағы қазақтардың қоғамдық ортасы аса күрделі болмағаны белгілі.

Кеңестік жүйеде болған Ресей мен Орталық Азиядағы елдерде ғұмыр ке­шетін қазақтардың қоғамдық ортасы, мәдени бөгделенуі аса алшақ емес. Яғни кеңестік идеологияның тәрбиесі негізінде қалыптасқан қоғамдық сана мен таным, тіршілік пен іс-әрекетте өзгешелік аз. Автор аса мән берген мәдени құбылыс ол, қытайдағы  қазақтар. Автор қытай қазақтарының аса күрделі қоғамдық ортасы мен әлеуметтік жағдайына көбірек тоқталып, оның қалай қалыптасып, қалай орныққаны жөнінде сыр шертеді.

Жоғарыда айтқанымыздай, 1858 жылғы «Қытай-Ресей Тияньцзин келісімі», 1864 жылғы Қытайдың Шәуешек қаласында екі өкімет өкілдері келіскен «Қытай-Ресей Батыс-солтүстік шекараны делимитация­лау келісімі» сынды құжаттар негізінде «Қытай қазақтары» деген қоғамдық феноменнің қалыптасқанын кітап авторы дәлелдеген. Бұл жөнінде автор: «1864 жылғы «Қытай-Ресей Шәуешек келісімі», біртұтас қазақ халқы және оның аумағы іс жүзінде екі мемлекетке Қытай мен Ресейге тәуелді болғандығын алғаш рет құжат жүзінде анықтады. Сөйтіп, біртұтас қазақ халқы және оның этнотерриториясы екі ұлы империяға осылайша бөлініп жарылды. Әрине, бұл ұлт тарихындағы үлкен қасірет болып табылады» деген ойды ортаға салады.

МӘДЕНИ ҚҰБЫЛЫС ЕРЕКШЕЛІКТЕРІН  ЕКШЕЙ БІЛГЕН

Автор Қытайдағы қандастарымыздың бүгінге дейін үш түрлі сипаттағы қоғамды бастан кешкендігін айта келіп: «1860 жылдардан 1912 жылға дейінгі аралықта жартылай отар, жартылай феодалдық Қытай қоғамында Цин (Чиң) патшалығының билеп-төстеуінде болды; 1912 жылдан 1949 жылға дейінгі республикалық дәуірдегі милитаристік генерал-губернаторлардың басқаруын бастан кешті; 1949 жылы Қытай Халық Республикасы (ҚХР) құрылғаннан қазірге дейінгі социалистік дәуірдің өзгерістерін бастан өткеріп келеді» деп жазады. Осы арқылы автор қытайдағы қазақтардың қоғамдық ортасын мәдени құбылыс ретінде зерделеуді мақсат еткені байқалады.

Қытайдағы қазақтардың Абылай ­заманынан қазірге дейінгі қал-ахуалы, қоғамдық орны, танымдық санасы, саяси көзқарасы қоғамның күрделі өзгерістеріне байланысты өсіп отырды. Олар азаттық үшін қолға қару алып күресті, мәдени-ағару үшін қолға қалам алып, ғылым-білімнің маңызына мән берді. Әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту үшін базарды бағамдады. Профессор Н.Мұқаметханұлы Қытайдағы қазақтардың қоғамдық-саяси ортасы туралы өз ойын былай түйіндейді: «Қорыта айтқанда, ХХ ғасырдың бірінші жартысында Қытайдағы қазақ қоғамының саяси жағдайы жалпы Қытай қоғамының саяси ахуалымен тығыз байланысты болғандықтан өте күрделі әрі тұрақсыз, үздіксіз өзгерістер үдерісінде болды. Алайда осы бір тарихи кезеңде Шыңжаңдағы қазақтардың қоғамдық орны мен саяси салмағы барынша арта түсті. Олар қытай билігі санасатын этникалық үлкен топқа айналды». Бұл күнде кейбір бейресми деректерде 2 миллионнан асатын қытай қазақтарының жан саны 1949 жылға дейін небәрі 500 мыңға да жетпеген. Бұл мәліметтерден нені түсінуге болады? Небәрі жарты ғасырға жуық уақытта (1990 жылға дейінгі негізгі өсімді есепке аламыз. Өйткені тоқсаныншы жылдан кейін «жоспарлы туу» саясаты жолға қойылды да, қытайдағы қазақтардың жан санының өсу процесі аз да болса шектелді) демографиялық өсім күрт артқан. Мәдени-ағартушылықтың да жемісті жүзеге асқанын бағамдауға болады. Қаншама ­газет-журналдар мен баспа орындары қазақ руханиятының өркендеуіне қызмет етті.

Жалпы алғанда, Қытайдағы қазақтар мен Моңғолиядағы, Ресейдегі, Қазақстан және Орталық Азияда өмір сүріп жатқан қазақтардың менталитетінде мәдени құбылыс ретінде недәуір өзіндік ерекшеліктері бар. Бұл, әрние, сол елдің ұзына тарих бойындағы қоғамдық-саяси жүйесі, сондай-ақ ондағы басым көп сандағы халықтармен етене аралас-құраластық қалыптастырған ерекшелік болып саналады. Мәдени бөгделік бауырлық-туыстық қарым-қатынасқа кері әсер етпеуі тиіс. Монография авторы әр елде өмір сүрген қазақтардың мәдени құбылыс ретіндегі ерекшеліктерін саралай келіп: «ҚХР мен КСРО-ның ширек ғасырдан астам екі елдегі қазақтарды тұмшалап, бөгделесе де, тіпті бір-біріне қарсы қойса да, қазақ халқын мүлде екі басқа ұлтқа айналдыра алған жоқ. Өйткені ұлттарда болатын ортақ ұлттық сана-сезім оңай өшпейді, өте ұзақ сақталады. Сондықтан қазақтардың ұлттық танымынан олардың тарихилығы мен өміршеңдігін аңғарамыз» деген сүбелі ойын ортаға салады.

Н.Мұқаметханұлы аталмыш еңбегінің үшінші, төртінші тарауларында ортақ ұлттық сана мен азаттықтан кейінгі жаңаша тұтастану үдерісі мәселесін сөз етеді. Бұл туралы біз жоғарыда сөз еттік. Автор кітаптың бесінші тарауында «Қандастар және «Мәңгілік ел» болу» мәселесін қаузайды. Ғалым бұл тарауда елге келген қандастардың әр ­салада еңбек етіп жатқандығын Елбасының «Мәңгілік ел» идеясымен сабақтастыра қарастырады. Әлемнің түкпір-түкпірінен оралған қандастардың экономикалық саладағы алар орны салмақты. Автор еліміздің экономикасына қандастардың қалай үлес қосқаны турасында жан-жақты зерделегені байқалады. Тіпті шеттен көшіп келген қарапайым малшы-диқанның өзі ол жақтағы үй-жайын, мал-мүлкін сатып келетіні, сол арқылы атажұрт топырағынан үй, мал-мүлік сатып алатыны… сол арқылы ел экономикасына инвестиция салатыны туралы ойы көкейге қонымды. Сондай-ақ Моңғолия, Қытай, Түркия, Иран, Ресей, Еуропа елдерінен келген ірі кәсіпкерлердің есімдері мен нендей іспен шұғылданып жатқаны турасында да нақты мәліметтер берілген.

Кітаптың соңғы тарауында еліміздің экономика саласында ғана емес, ғылым-білім, медицина, мәдени-әдеби салада да қандастардың еңбегі аз емес екенін нақты дәлел-дәйектермен сөз етеді. Аталмыш салаларда өнімді қызмет етіп, табысқа жетіп, ел руханиятына үлес қосқан елеулі тұлғалардың есім-сойын атап кетуді де ұмытпаған. «Мәңгілік ел» – жер жүзіндегі қазақтардың ұлы аңсарының, арман-мұратының ұшқындап, асқақтауының кепілі. Сол себепті де жан-жақтағы ағайынның көңілінің медеуі – азат Қазақ елі. Сондықтан да еңбек авторы «Мәңгілік ел» идеясы мен қандастардың Отанға оралуын сабақтастыра қарастырғаны көңілге қонымды. Автор: «Мәңгілік елдің» іргесі қандастардың келуімен нығая түседі. Бұл ешкімнің еркіне көнбейтін заңды үдеріс. Демек, Қазақстанда этникалық қазақтардың елге оралуы, ұлттық тұтастануы мен «Мәңгілік ел» болу идеясы – өзара ықпалдастықта болатын, бірін-бірі ілгерілетіп отыратын үрдіс болып табылады» деп жазады.

Жалпы алғанда, профессор Нәбижан Мұқаметханұлының сөз болып отырған еңбегі қазақтың бастан кешкен қилы тағдырын, қиямет ғұмыр сапарын тұтастай шолған құнды дүние. Еңбекте қазақ ұлтының ғана емес, жерінің де қалай бөлшектенгені нақты деректер арқылы тұжырымды жазылған. «Өлмеген құл алтын аяқтан су ішеді» демекші, тозақ отынан өзгенің бәрін көрген қазаққа тәңірі тәуелсіздікті бұйырды. Тәуелсіздікпен бірге тарыдай шашыраған қазақтың басы Азат Отанның құшағында қайта қауышты. Аталмыш еңбектің арқалап отырған жүгінің бір сыры осында жатыр. Қазақтың бөлінуінің себептері тарихи фактілер арқылы жүйелі түрде зерделенгендігімен құнды.

Қорытындылай келе айтарымыз, Н.Мұқаметханұлының аталмыш еңбегі – қазақтың бөлінуі, жерінің қанталапайға түсуі мәселесін ғана емес, санасының да, тарихи жадының да бөгделенуі сынды үлкен тақырыпты арқалап тұрғанымен салмақты. Мұндай құнды еңбек халқымыздың жадынан ұмыт болған көптеген тархи жағдайларды қайта сараптап, ұлттық құндылығымызды қашан, қайда, қалай жоғалттық, енді қайткенде бірегей ұлт ретінде рухани дүниесі, сана-сезімі, арман-мұраты бір жұрт ретінде «Мәңгілік ел» болып қалу мұраты жолында жұмыла тірлік етеміз  деген мәселелерді де сараптауға дау жоқ ақиқат айнасы болады деп сенеміз.

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,

Р.Б. Сүлейменов атындағы

Шығыстану институтының директоры,

филология ғылымының докторы,

профессор

Дереккөз: http://anatili.kazgazeta.kz/news/59147 сайтынан алынды.

https://www.pria.org/https://ula.kemendagri.go.id/https://fkip.unsulbar.ac.id/https://rskiasawojajar.co.id/https://satvika.co.id/https://lpmpp.unib.ac.id/https://cefta.int/https://terc.lpem.org/http://ebphtb.linggakab.go.id/https://eproc.jawapos.co.id/https://lppm.unika.ac.id/https://indolivestock.com/https://dompetalquran.or.id/