ШЫҒЫСТАНУ ИНСТИТУТЫНДА БЕЛГІЛІ ҒАЛЫМ КӨШІМ ЛЕКЕРҰЛЫ ЕСМАҒАМБЕТОВТЫҢ 85 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

307
Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтында тарих ғылымдарының докторы, профессор, гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздік ғылыми зерттеулері үшін Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері, белгілі ғалым, Қазақстанның шетелдік тарихнамасын зерттеудің негізін қалаушы – Көшім Лекерұлы Есмағамбетовтың 85 жылдығына арналған «Қазақстан тарихының деректануы: архивтік қорлар, эпиграфикалық ескерткіштер» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция өтті.
Көшім Лекерұлының ғылыми еңбектері ХХ ғ. басындағы қазақ халқы тарихының өзекті әрі басым бағытты мәселелерін, Қазақстан тарихының шетелдік тарихнамасын зерттеуге арналған.
Профессор Көшім Лекерұлы Есмағамбетовтың еңбегінің мәйегі – Түркістанның тәуелсіздігі үшін күрескен, ірі саяси қайраткер Мұстафа Шоқайдың (1890-1941) өмірі мен қызметін зерттеуде шетелдік архивтер мен кітапханаларда жүргізген ғылыми ізденістері болып табылады. Бұл тақырып бойынша көптеген ғылыми мақалалары, екі томдық «Мұстафа Шоқайдың эпистолярлық мұрасы» жинағы (2006), «Әлем таныған тұлға» монографиясы (2008 ж.) және бұл монография 2015 жылы түрік тіліне аударылып, «Отукен» (Стамбул) баспасынан жарық көрді.
Конференцияны Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Ғ.М. Дүйсен жүргізді.
Конференцияда Абай атындағы ҚазҰПУ «Айтылған тарих» ғылыми орталығының директоры, т.ғ.д., профессор М.Қ.Қойгелдиев, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, саяси ғ.д., Мұстафа Шоқай Ғылыми орталығының ғылыми жетекшісі Ә.Қ.Бәкір, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті. «Мәңгілік ел» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, т.ғ.д., профессор А.Қ. Ахмет, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА-ның академигі Б.Б. Кәрібаев, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, т.ғ.д. Г.К. Халидуллин, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Тарих факультетінің деканы, т.ғ.д., профессор Д. Байгунаков, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, т.ғ.д., А.Ш. Махаева т.б. ғалымдар К. Лекерұлының еңбектері жайлы өзекті тақырыптарға баяндамалар жасады.
Сондай-ақ конференция жұмысына ғалымның ұл-қыздары, немерелі қатысып, әкелері туралы ыстық естеліктерімен бөлісті.
Конференциядан кейін қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Р.Б. Сүлейменов ат. Шығыстану институтының ақпарат орталығы