Мұхтар Әуезов. Япония

1037

Бұл күнде  қай халық тәртіпсіз, ғылымсыз, елеусіз қалыптан асып, алдыңғы дәрежеде жүрген халықтармен тізелесіп отырарлық теңдікке жетуі тездігінен болатын оңай жұмыс емес. Бұрынғы бір бетке айласыз, ғылымсыз қара күштің заманында ілгері дәрежеге тез жету халықтың өз еңбегімен, басшының епті саясатымен ғана әзер болатын. Ал бұл заманда надан халықтың қатарға кіріп кетуіне себеп болатын жүз тараулы шарттар бар. Ол шарттардың бәрі де бас- басына терең оймен, еппен, қажымайтын қайратпен,малды, жанды аянбай сарп етерлік талап еткенмен ғана орнына келтіріп, одан кейін орыннан үміт қылуға болады.

Бұл тарихта бәрібір жетілем деп  талпынған  жұртқа неше жүз жылдардан бері қарай құлағын бұрап, жаттап келе жатқан тарих болғандығы бір негізі. Бірақ тарихтың осы айтылған жолы  Японияға келгенде өзгеше бір рақымдылыққа түсіп, өзі демеп, бойын зорайтып, көркейтіп, қалпына бүткіл дүниені әрі шамдандырып, әрі қызғантып, ішін қайнатып отыр.

Японияның әуелгі мешеу болып, дүние жарығынан меңіреу болып, өзінің, өзгенің не күйде екенін білмей отырған қалпынан шығуына себеп болған нәрсе  – өзге Англия, Франция, Голландия секілді білімді жұрттардың Япония надандығымен пайдаланғысы келген қомағайлығы болды.

ХVІІІ ғасырдың әуелгі жартысында Қытай мен Америка һәм басқа Европа  патшалықтарының саудасы қызды, бұлардың бір-біріне қатынасатын жолында Япония болды. Білімді жұрттар Японияның ішіне де өз саудасын кіргізіп, олардың қанын соруға айналды.  Япония білімді жұрттардан келетін зиянды білген соң, оларға өткел бермегісі келді. Бұған бастығы Америка болып, Европаның көп патшалықтары ықтиярсыз өткел беруге мойынсұндырды. Бұл оқиға 1853 жылда болды. Японияның бұларға қарсы бетке ұстайтын қаруы болмады. Көп айлалы, қомағай, білімді жұрттардың ортасына түсіп, өзіндігінен айырылып, халыққа жем болатын уақыт келді. Осы себеп қамшы болып, Японияның сүйегіне сіңген ұлтшылдық, жігерлілік қаны оянды. Айлалы, азулы, жауға өзінің ұстап келген қаруындай қару ұстап, өзінің сүйенген тәртібіндей тәртіпке сүйенбесе, басқа лаж болмайтын болды. Жұрт басшысы, қамқорлары бұл халді ұғып, осының жолына бастарын сарп етіп, жаңа жол табуға ізденді. Солардың талпынуының себебінен 1868 жылдағы жаңалық  (реставрация) дүние жүзіне келді. Бұл жаңалықтан бұрын Японияда Микадо (патша) болса да оны ешкімге иелетпей, бар билік қолынан тарайтын, бұрын соғыс басшы Сиогундікі болатын. Сиогундарды әуелде патша сайлайтын болса да, соңғы уақытта Сиогундар күшейіп кетіп, Токугава деген тұқым 265 жыл бұл дәрежені ұстап тұрды. Сиогундардың көбісі  бір жағынан патша секілді халықтың бар міндетін атқаратын кісісі болмаған соң, екінші жағынан қолында үлкен күш болмаған соң, халыққа, патшалыққа зиянды көп істер істеді. 68-жылдың бір жаңалығы: сол сиогундардың ең соңғысы Токугава Кэнки деген кісіні жаңалықты бастап  жүрген  халық қамқорлары орнынан түсіріп, Сиогун деген дәрежені жоқ қылды. Бұдан соңғы бір жаңалығы: бұрын Жапонияда әрбір тайпаны бір даймоис, яки князь билейтін. Бұлардың бәрі де қол астындағы халқынан алым алып, қолдарына көп батырлар, яки  әскер сақтайтын. Бұлардың өзі білімсіз, өзі жуан болған соң елге келтіретін зияны көп болды. Жаңалық оларды да орынан домалатты. Бірақ Японияның бетін түзеп алып, ретке кіруге аяқ басқанын 68-і жылдан бері қарай деуге болмайды. Бойға сіңіп қалған надандық мысқалдап шыққанша, ескіден шығып, жаңаға түсініп кетудің ауырлығы жеңгенше, бірталай жылдар өтті. Жапонияның дәлді бетін түзеп алып, ілгерілеуге аяқ басқанының  басы 1885 жылдан бері қарай басталады. Бұл – Жапонияның ғылымға нағыз жұмылған уақыты. Ал, басқа жұрттардан үйреніп, фабрика, завод ашып, солардың ғылымдарын өздеріне жұқтырғысы келгендік сиогундар заманында да бар еді.

Японияның  жаңалықтан кейін ұзап, ілгерілеп кетуіне себеп болған  – екі уақиға дейді. Жапонияның Маркиз Ито деген президенті (министрлер советінің бастығы). Бұл кісі Жапонияның ең көрнекті халық басшысы, өзге жұртты Жапония жатырқап жүргенде, бұлармен араласуына, ғылымға аяқ басуына себеп болған Херобуомы Итоның мұндағы көрсететін уақиғаларының  бәрі  – Япониядағы патшалық түрінің өзгергені. Халық алдында жауапты министрлер болды. Патшаның  әмірі бұрынғысынан әлсіз болып, конституция кірді. Бұл оқиғаны 1889 жыл әкелді. Японияда 265 жылдай патшалық құрып келген тұқымның ақырғы патшасы бұл жаңалыққа көніп, өзі орнында қалды. Мұның себебінен халыққа әділ билік орнады. Үкімет пен халық арасы жақындап, теңдік туды. Үкімет басындағы кісілерді халық өзі сайлайтын болды. Японияның ілгерілеуіне екінші себеп болған  нәрсе  – 1894 жылда болған Қытай – Япон соғысы. Бұл соғыстан кейін Япония  ғылым, шаруа, сауда жолында аса көзге көрінерлік екпінділік істеді. Мысалы, 1880 жылы Японияның сауда проходы  310 еді.  1899 жылда  1221  болды. 1888 жылда Японияға кіретін һәм одан шығатын бар пұлдың бағасы  98 миллион иен еді (иен 1сом 29 тиын). Бұл 1900 жылда жарты миллирадқа барды.  Оқу жолында  1901 жылдағы есепте  Япониядағы оқуға жасы дәл келген еркек баланың школда жүргенінің саны 94% (жүзден 94), әйел баласының саны 81 процент болды. Бұл талап. Сол талаптың осындай жемісі әр жүректі осындай болсам деп үміттендіріп, екпін, жігер беріп, талпынтатын тарих жүзіндегі үлгісі мол бір сабақ. Жаңалық басталғаннан-ақ  Япония жастары ғылым дүкені құрылып тұрған жақтарға ағыла бастады. Бәрінің әр жерге келгендегі мақсаттары жалғыз Японияның  бақытты болу қамы болды. Сол себепті бұлардың Европа ғылымын біліп алғандары  тоқтамастан жеріне қайтып, жиып апарған білімдерін елдеріне егіп отырды. Жапонияның бір патшалықтың ішіне келіп, оқу оқығандары сол патшалықтың  жұрт билеу тәртіптері қандай, шаруаларының қандай түрлері бар, өзге патшалықтармен арасындағы  саясат қандай, – солардың әр тарауынан Японияның гүлденуіне керек бұйымдарды қойын-қоныштарына толтырып әкеліп отырды. Япониядағы әрбір европа патшалықтарының іштеріне барған жақсылары, сол патшалықтардағы жақсы қылықтарымен жалғас жүрген қандай міндеті бар; солардың жетсек-ау деп жүрген қандай таза, жаңа түрлері бар, олардың бәрінде де толық мағлұматтармен қайтып жүрді.

Япония Европа не істесе, соған көз жұмып ере берген жоқ. Әрқайсының жиып апарған білімін зейінге салып, сынап, өздерінше қолайлы, жақсы дегендерін  ғана алатын болды. Бұл турасында (……..) деген профессордың  айтқан сөзі мынау: «Біз күнбатыстың жақсысын сіңіруге дайын тұруымыз керек, бірақ ол уақытта өзіміздің жақсымыз да ұмытылмасын»,  – деген.

Жаңалық бола бастаған соң Японияда әртүрлі өнерліге, әртүрлі білгіштерге мұқтаж болды. Ол мұқтаж адамдары Европада мол. Сол себепті, олар күнбатыстан профессорлар, өнерлілерді шақырып әкеле бастады. Бірақ шеттен келген адамдарға  шарт қойды. Ол шарттар: Японияның ұлттығына зиян келтірерлік нәрселерді оқытып жүрген  шәкірттерінің жүрегіне сіңірмеулері, мұндай мінездері байқалған адамдар болса, қызметтеріне кіргізбеді. Бұл кездері Японияда жаттан келген профессорлар  да, өнерлілер де жоқ деуге болады. 1900 жылдағы есепте Японияда тұрған жат профессорлардың саны он шақты ғана болған. Бұлардың азаюының себебі  Япония өзінен білгіштер  шыға бастаған соң, жат адамдарды да бір-бірлеп шығарып, орындарына өз кісілерін қоя бастады. Японияның патшасы, министрлері түгелімен білімді адамдар болған соң, бәрінің де жаттан алған  жолдары малды-басты аямай, Японияға ғылым, өнер кіргізу.  Осы себепті Японияның жас оқығандарының халыққа істейміз деген жақсылық мақсаттары болса, бәріне  әлгілер өздері көмекші болып тілеген жаңалықтарын орнатып беріп отырады. Японияның алға басу жөніндегі тағы бір көзге көрінген мінездері  –  басшылары, білгіштерінің арасындағы ұйым, береке. Бұлар біріміздің істемек бір мақсатымыз болса, сол мақсатымыз алдымен патшалықтың күшті болуына зиянды болатын болмасын.  Екінші, халыққа ауырлық келтірер болмасын деп шарт қоятын. Осымен бұл күнде Япония тура күшею жолында, ылғи іске жаралған халық болды. Япония халқы  – тарамыс, жігерлі, зейінді жұрт. Бұл турасында Европаның  Японияға таңданып айтатын мына бір сөзі бар:  «Күнбатыс халқындағы бір мінез  – жас күндерінде адамдары  зейінді, талапты болып келіп, үлкейген соң талабы азайып, зейіні солғындап, істен қала беруші еді. Япония адамдарын жас күндеріндегі күн шығысқа тиісті зейінді талаптылыққа үлкейгенде күнбатыс халықының тарамыс ісшілдігін қосып алатын болды », –  деп.

Өткен нөмірде Японияның бұрынғы қараңғы күйден  не себептермен тез құтылып кеткендігін және қысқаша сыртқы түрін жазып едім. Енді сол қараңғылықтан  құтылуға істеген еңбегі һәм сол еңбегінің жемісін Японияға соңғы уақыттарда қандай  халифа келгендігі туралы жазбақпын.

Японияның басты адамдарының әуелгі  Япония жетілмей тұрған уақыттағы қатты сақ болып, естерінен шығармаған нәрсесі,  –  халқының буыны бекініп, піспей тұрған кезде соғыстан аман сақтау болатын.  Бұл туралы өз араларында айтысып жүрген пікірлері: «сыртымыз басқа жұрттармен тату, сыпайы болсын, іштен тарахиат (өнер-білім) аса бағалы болып, еркін өссін » деген. Осы себепті сырттан келуші өнеге аларлық адамдарға Японияда қағусыз, соғусыз еркін жол беріліп отырды. Өзге жұрт еркін болғанда Японияны илеп-билеп кете ме деп қорыққаны көршісі Қытайдың осалдығы еді. Осыны ойлап, Қытайды ұйқысынан ұятам деп те Япония  адамдары көп еңбек қылып, әуреленді. Ақырында сыртқы ашқарақ жаудан  қысылып жүріп, асығумен Япония ғылымның бірталай сатысына шығып қалды. Бірақ, өнер-білім жолында қандай шарықтағанымен мұндай тез қатарға кірген жұрттың  ірі жұмыстармен алданып жүріп, ұсақ, пайдалы, жақсы жұмыстардың талайы ескерусіз, солақай қалуы мүмкін еді. Бар мақсаты күшею болған соң, әлгі айтқандай көп пайдалы жұмыстардың басынан аттап кетпеді деуге болмайды. Ғылым, қуат қай жұртқа болсын мысқалдап бірте-бірте сіңбек, орнамақ һәм бойға баптанып, кемеліне келіп, жай орнаған нәрсе берік болмақ. Өзге жұрттың ептеп жай жеткендерінің бәрін түгелімен тез сіңіріп ала қою мүмкін жұмыс емес. Мұндай бірбеткей, сыңаржақ қалғандық Японияның ішкі хал-жайын тексерсек көрінеді. Әуелі Япониядағы оқу жолын қарастырайық.

Япония үкіметі жаңалық кірген соң-ақ халық жалпы оқуға міндетті болсын деген жарлық шыққан. Бұл жарлық бойынша жасы алтыға толған бала сабаққа беріледі. Япониядағы төменгі дәрежелі мектептер жіті университеттер Европа үлгісіне ерте түскен. Мысалы, 1880-1890 жылдардың арасында  сол университеттерді бітірген  Япония студенттерінің саны 3126 болған.

Япония оқушыларына осы күнге дейін қиындығы кетпей жүрген бір нәрсе  – Қытай мен Япония әдебиетінң ерте қосылып кеткендігі; бұл қосылу себепті Японияның жазба сөздерінің бәрін қытай тілі кернеп, Японияның өз тілін жеңіп кеткендік. Міне, сондықтан Японияның кітап тілі мен  сөйлейтін тілі жат, екі басқа.  Оқушылар әуелі қытай тілімен таныс болып һәм басқа жұрттардың  тілін тағы үйренуі қажет.

Енді Японияның әйелінің хәліне келейік. Бұрынғы уақытта Японияның әйелі елеусіз күйде болып, ескі ата-бабалар салтымен  әйелге өсіп-өну салтымен қарайтын. Бұл күнгі жаңалық ағымы ол салтты қалдырып, әйелді де мемлекеттің құрметті мүшесінің бірі деп біліп, қатарға кіргізіп барады. Әйелдер үшін төменгі дәрежелі мектептер өз алдына жоғары дәрежелі мектептер де салына бастады. Японияда әйелдер оқитын мектептердің тәртібі бұл күнде  Европа әйелдерінің мектептерінен артық түр тапты. Әйел оқығанда бір жағынан үй ішінің шаруасын үйрену керек, бір беткей оқумен кететін Европа әйелдері  үй шаруасына ыңғайы аз, еркек секілді сөлекет болып кетеді, өмірден алыстап кетеді деп, бар әйелдер мектебінде шаруа жағын құнттап тәрбие қылады.  Японияда бір мектептегі оқушылар бір-ақ жерде тұрады.  Мысалы, бір мектепте бес жүздей кісі болса, жиырма-жиырмадан топқа бөлініп, әр топты басқаруға бір үлкен қатын қойылады. Бұл қатынды бір топтың ішіндегі қыздар шешесіндей көріп, өз араларында апалы-сіңілі кісідей жақын жүрді. Онан соң күндегі тамақ дайындау, кір жуу, үй тазалау және тиісті басқа шаруа, есеп-қисап  – бәрі ол қыздардың мойнында болды. Қыздар әрі білім үйреніп, ғылым артады, әрі шаруа жүзінде өмірге керекті тәжірибе алады. Бұл – Японияның басқа халықтардың қатесін көріп тапқан ерекше түрі.

Өзге Европа халықтарымен қатар қоюға бөгет болатын бір нәрсе  – Японияның діні, Япония бір дінді тұтқан халық емес, қашаннан неше дінді ұстанып келе жатқан жұрт. Бұлар Будда дінін де, Конфуци дінін де тұтынды. Мұның үстіне Қытай мен Японияны көбінесе ілгері бастырмауға себеп болған ата-бабасының ескі салтын қуып, жолын ұстау болды.  Мысалы, өлгеннің әруағын құрметтеу (культ предков). Бұл сияқты әдеттер неше түрлі қараңғы наным, зиянды туғызды.  Будда діні сондай салтқа қарсы болатын, бірақ халықты түзеуге шамасы келмей, ол діннің өзі былғанып, бұрынғы тазалық, жақсылықтың бәрінен айырылып қалды.  Конфуци діні ескі ата-бабаларының салтымен алысты,оның да әсері артық сіңбеді.  Европа әсері де ата-бабаның ескі жолын әбден жоя алмай отыр.

Ескі салттың күші неке, талақ, мирас жолдарында аса айқын көрінеді. Мысалы, Япония халқының ұғуынша: «артында бала қалмағанан жаман нәрсе жоқ». Сондықтан, бала таппаған қатынды шығаруға жол бос.  Қатын бала таппайтын болса, тұқым үзіледі, тұқым үзілсе, ата-бабаның әруағы ұмтылып кетеді. Және Японияда атаның қанын өзгертпеу керек деген әдет бар. Қатын алғанда өзімен тұқымдас атаның қызын алу керек. Басқа атаның қызын алса, қан өзгеріп кетеді-міс. Қатын жүріc қылып, осалдығы білінсе де, шығарып жібереді. Себебі, әйелдің  мінезі бұзылды, еріне қиянат қылды емес,атаның қанын бұзғысы келді деп шығарады. Бұл әдеттер осы күнге дейін күшті. Японияның оқығандары ескі салттан жерініп, көбіне басқа дінге өтіп кеткен. Кейбіреулері мүлде дінсіз, бірталай европа философтарының жолын ұстанады. Японияны көбінесе аударып бара жатқан христиан діні. Бұл күндегі шәкірттерге ешбір дінді зерттеп оқытпайды.

Енді Японияның баспасөзінің жайына келейік. Японияда ретті газеттер шығара бастаған  уақыт 1870 жылдардың шамасында. Газет шығарумен таныстығы ертеден бар болатын. ХVІІІ ғасырдың басында Японияның ең алғашқы газеті шыққан. Ол кезде Японияның Қытайдан басқа жұртпен хабары болмайтын. Ол уақыттағы газеттерде керекті мағлұмат берерлік ешнәрсе болмайтын, оның үстіне тақтайға басылып, алып жүруге ыңғайсыз болатын.  Жаңалыққа шейін баспасөз сол газеттер маңайынан ұзай алған жоқ. Жаңалықтан кейін 1899 жылда шығатын газет журналдардың саны 978 болған. Бұлардың ішінде саяси, ғылыми, діни, әдебиет жолдарын тұтынғандары да бар.  Газет, журналдарының саны болмаса, Япония әдебиеті гүлдене қоймаған. Японияның әдебиеті басталғалы талай заман болды. Бұл күнге шейін тұтынып келе жатқан  – ескі әдебиеттің жолы.  Өзге жағының ілгерілеуіне қарағанда, солақай, кем қалған нәрсе  – Японияның әдебиеті. Бұл турасында Япония жайын жақсы білетіндер: «Япония өзге жағынан сонша бай болып, әдебиетпен айналысуға қолы тимеген», – дейді. Сондықтан, Японияда адамның адамшылығын түзеп, дүниенің терең мағынасын ұқтыратын кітаптар аз. Бірақ, бұған қарап Япония оқығандарының терең ғылымнан хабарлары аз деуге болмайды. Япония оқымыстыларының Европа білгіштерімен тайталасып, ғылымға қызмет етіп жүргендері бар. Мысалы, жер сілкіну өзгерісін оқитын  «сейсмология» ғылымына Япония білгіштерінен жетік Европада оқығандар жоқ деп саналады. Бұл ғылымға әуелі жетік болған Секия. Бұдан басқа да әртүрлі ғылымдарға түр кіргізуге еңбек қылып, үлкен атақ алып жүрген адамдары бар.

Мұхтар Әуезов шығармаларының елу томдық толық жинағы

1 том

Мақалалар, пьесалар 1917-1920

Алматы, «Ғылым» баспасы, 1997 ж.

https://www.pria.org/https://ula.kemendagri.go.id/https://fkip.unsulbar.ac.id/https://rskiasawojajar.co.id/https://satvika.co.id/https://lpmpp.unib.ac.id/https://cefta.int/https://terc.lpem.org/https://empowerment.co.id/https://pgsd.fkip.unsulbar.ac.id/https://ilmuhukum.unidha.ac.id/http://ebphtb.linggakab.go.id/https://gizi.poltekkespalembang.ac.id/https://eproc.jawapos.co.id/https://lppm.unika.ac.id/