Түркі емес, түрікпіз

287

Кенесары ханның қайтыс болуымен Қазақ хандығы жойылды деп есептесек, содан бергі бір жарым ғасырдай уақыт ішінде тарихымыз кісі танымастай бұрмаланды, өзгерді, санадан өшірілді. Ұлттың шынайы тарихын білетін қазына кеуде тұлғалар қудалауға ұшырады. Тарихи тұлғалардың атын атау, діни сенім-нанымды әспеттеу, салт-дәстүрді ұстану, тарихи топонимдерді ауызға алу, этнологияға – ұлттың этногенезіне мойын бұру… бәрі-бәрі де ауыр қылмыс болып есептелді. Соның салдарынан төл тарихына сенбейтін, туған халқының құндылықтарына мұрын шүйіре қарайтын, отаршылдар жазып берген «тарихты» ғана тұмар тұтатын жағдайға жеттік. 

Дегенмен, дәтке қуат, тәуелсіз ел болып, азаттық айдынына шыққалы бері түптамырымызды түгендеуге деген, санадан өшірілген, бұрмаланған тарихты жөнге келтіруге деген ұмтылыс толастаған емес. Әсіресе Қасым-Жомарт Кемелұлы билік басына келгелі бері бұл тараптағы құлшыныс қарқын ала түсті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен соңғы жылдары жеті томдық Қазақтың жаңа, жүйелі тарихының жазыла бастауы, Қазақ хандығының генезисіне (Жошы ұлысының 800 жылдығы) деген ізденіс, отандық гуманитарлық ғылымдарға деген қолдаудың еселеп арта түсуі… осының бәрі де ұлттың тек-төркінін анықтауға, бұрмаланған, ұмыттырылған тарихты қалпына келтіруге деген іргелі бетбұрыс, батыл ұмтылыс екені хақ.

Ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың 2021 жылдың 5 қаңтарында «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Тәуел­сіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында айтылған: «Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс. Бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді» деген көшелі көзқарасы осындайда еске түседі. Айтып айтпай «бөтен идеологияның жетегімен» кеткен тарихи есімдер, жер-су, ұлт-ұлыс, атақ-дәреже атауларын қалпына келтіру, тұрақтандыру мәселелері соңғы жылдары ғылым салаларының, соның ішінде отандық тарихымыздың, қазақ тіл білімінің, түрікология ғылымың, тіпті ұлттық идеологиямыздың негізгі мәселелерінің бірі болып отыр.

Этнология ғылымы – халықтардың шығу тегін, түп-төркінін зерттеумен айналысатын ғылым. Отаршылдар аяусыз бұзып, бұрмалап кеткен саланың бірі, тағы да осы этнология ғылымы. Белгілі бір халықтың этностық тек-төркіні – сол халықтың тарихи-географиялық қоныстану сипаты мен тарихтағы көші-қон, өзге халықтармен мәдени, сауда-саттық тағы басқа байланыстарынан мол мағлұмат беретін бірден-бір дереккөзі. Тарихымызды жаңаша көзқараспен жазып, түгендеп, жүйелеп жатқан тұста бұрынғы өткен олқылықтың орнын толтыру, бұрмаланған тарихи атау-терминдерді қалпына келтіру – жалаң ғылым үшін ғана емес, еліміздің тұтастығы, бірлігі, қауіпсіздігі үшін де өте өткір мәселе, аса қажетті қадам.

Отаршылдар бастап бұрмалап қол­данған, өзіміз ләпбайлап ілесе шауып, күні бүгінге дейін «Түркі», «Түрки» деп қате қолданылып жүрген атаудың бірі – «Түрік» сөзі.

«Түрік» сөзі ең алғаш этноним ретінде біздің жыл санауымыздың VI ғасырында хатқа түскен. Бұл туралы Қытайдың белгілі түріколог ғалымы Оу Янь былай дейді: «Түрік сөзі алғаш рет «Чжоу кітабы·Ювэнцзэнің өмірбаяны тарауында» кездеседі, онда былай делінген: «Батыс Вэй әулетінің императоры Вэнь билігінің сегізінші жылы, б.ж.с. 542 ж… Жыл сайын өзенге мұз қатқанда түріктер келіп басып алады». Ал «Чжоу кітабы. Түріктер баянында» түрік сөзінің мағынасы түсіндіріледі: «Түркілер Алтай тауының күнгей бетінде өмір сүреді. Алтай тауының пошымы дулығаға ұқсайтындықтан, олар әдетте дулығаны «түрік» деп атайды, сондықтан олар түрік болып аталды. Таяу заманғы зерттеулер Динлиң, Шулэ, Телэ сөздерінің «түрік» сөзінің өзгеріске түскен түрі деп қарай­ды. Ал тіл мамандары «түрік» сөзі – күш­ті, қуатты, қайсар деген мағынаны біл­ді­реді деп тәпсірлейді» («Қытай ұлт­тық ағартуы» журналы, №12, 2019 жыл.  ҚХР, Бейжің).

Қытайдың тағы бір әлемге әйгілі түріко­лог ғалымы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Чжаң Тешан 2005 жы­лы шыққан «Түрік тілдес халықтар­дың дерекнамасы» атты монографиясында: «Түрік сөзі кең және тар мағына­ға ие. Кең мағынасындағы түрік сөзі Түрік хандығынан бұрынғы, одан кейін­гі кезеңдердегі барлық түрік тілдес тайпалар мен халықтарды меңзейді. Түрік хандығының гүлдену дәуірінен бұрынғы Динлиң, Дели, Телэ секілді тайпалардың аттары түрік сөзінің әр түрлі таңбаланған түрі болуы мүмкін. Түрік хандығынан кейінгі хуэйхэ (хуэйгу), оғыз тайпалары да кең мағынасындағы түрік ұғымына жатады. Ал тар мағынасындағы түрік сөзі – VI-VIII ғасырлар аралығында бүгінгі Алтай тауының оңтүстік өңірі мен моңғол үстіртінде түрік хандығын құрған, сондай-ақ Орта Азияда өркен жайған халық» – деп жазады.

Ендеше «Түрік» деген сөзді бұрмалап «түркі» немесе «түрки» деп қолдану қайдан шықты? Енді осы мәселеге аз-кем назар аударайық.

Қытайдың тарихи жазбаларындағы Орта Азия мен Қазақстанға қатысты деректер ең алғаш орыс миссионері Н.Я.Бичуриннің аудармасымен орысша, француз ғалымы Э.Шаванның аудармасымен французша жарық көріп, сол арқылы Еуропаға танылды да, ондағы деректер мен атау терминдер қытай тілін білмейтін әлем түрікологтері мен Орта Азия аймағын зерттеушілердің ғылыми дәйектерінің негізі болып қалды. Нәтижесінде, күні бүгінге дейін осы еңбектегі тарихи этностық атаулар, топонимдер мен ономастикалық атаулар өзгеріссіз қалып келеді. Арада екі ғасыр өтсе де қазірге дейін қытай жылнамаларындағы түрікілік хандықтар мен кісі есімдері, мансап-шен атаулары, топонимдер мен ономастикалық атауларға тарихи тұрғыда мән беріледі де, лингвистикалық жағы ескерілмейді. Соның бірі – біз сөз етіп отырған «түрік» сөзі. Ежелгі түріктерді қытайлар өз заманында «突厥» (ту-цзуэ – tu jue) деп таңбалады. Алайда осы «突厥» (tu jue) деген иероглифтің қытайша оқылуы туралы қытайдың тағы бір түріколог ғалымы, профессор Чэн Лиң былай дейді: «Түрік сөзі ежелгі түрік бітік тастарында «Türk» деп таңбаланған. Шамасы қытайлар (ханьцзу) түрік деген сөзді жоужаньдар арқылы естіп-білген болуы керек. Сондықтан бұл сөз (ту цзуе) қытайша­ға моңғол тілінің «– ut», – «üt» деген көп­ше жұрнақтары қосылып аударыл­ған. Сондықтан қытай иероглифтерінің ес­кіше оқылуында «突厥» сөзі «turk-ut» немесе «türk-üt» деген көпше (түріктер) мағынаны білдіретін сөзге өзгеріп кет­кен» – дейді (қараңыз: Chen Ling. «Archaeology of Turkic Qaghanids and Cul­tural Interflouof Eurasian», 1p. ). Сондай-ақ күні бүгінге дейін ежелгі түрікке қатысты немесе қазір жалпылама түрік тілдес халықтар туралы сөз болғанда қытайлар осы иероглифті қолданады.

Ал орыс синологі Н.Я.Бичурин «突厥» сөзін орысша «тюрки» деп көпше мағына үстеп транскрипциялады. Содан бастап ежелгі түріктерді «тюрки» деп атау қолданысқа еніп кетті. Ал қазақ зиялылары болса, біздің ойымызша, біріншіден, ұғымдық тұрғыдан Анадолы түріктерімен шатастырмас үшін; екіншіден, орыс ғалымының тәпсірлеуіне қарсы келмес үшін, «тюрки» дегенді өздерінше қазақшалап «түркі» деп қолданып алған болуы бек мүмкін. Осы тектес жер-су аттарын карталардан көптеп кездестіруге болады. Қысқасы, біздің тілімізде, ғылыми еңбектерімізде Н.Я.Бичурин тәржімасынан көшкен тарихи атаулар аз емес. Соның ішінде ерекше тоқтала кететін бір жер аты – Тянь-Шань. Түп нұсқадағы түрікше «Тәңіртау» атауының қытай тілінде мағыналық аударма жасалып, 天山(Tianshan – Тянь-қытай тілінде «тәңір, құдай» деген мағынаны білдірсе, «шань» – тау деген сөздің аудармасы) деген атпен ғылыми қолданысқа түсіп кетуі, оның осы күнге дейін қазақ тілді басылымдарда қолданыста жүруі ғылымдағы үлкен қателіктің бірі. Қазақ тарихындағы Үйсін елінің патшасы қытай иероглифтерімен «昆莫» (kunmo) деп жазылған болса, оны бүгінде қазақ тілінде Күнби, Күнмо, Күнми, Күнбек, Гүнмо т.б. түрінде әртүрлі жазып жүрміз. Басқасы басқа, тіпті энциклопедиялық еңбектер мен мектеп, университет оқулықтарында да бірізділік жоқ. Төл тарихымызға қатысты мұндай бірізге түспеген, қате аударылып немесе дұрыс жазылмай жүрген тарихи атаулар, этностық, ономастикалық атаулар жүздеп, мыңдап кездеседі. Осының өзінен ғана мәселенің күрделігін аңғару қиын емес.

Өзгені айтпағанда, бүгінгі түрік тілдес халықтардың өзі «түрік» этнонимін әр түрлі таңбалайды. Анадолы түріктері «türk», қазақтар «түркі», өзбектер «туркий», қырғыздар «түрк», әзербайжан, түрікмендер «türk», мажарлар «török», ұйғырлар «түрк» деп таңбалайды. Алайда «түрк» таңбалаушылар көп болғанымен, Анадолы түріктерімен шатасып кетпес үшін бұл сөзді көбінше жеке қолданудан қашқақтайды. Атап айтқанда «ежелгі түрк», «түрк тілдес» деп қолдану дағдыға айналған.

Қысқасы, біздің арғы ата-бабаларымыз, жалпы түрік тілдес халықтардың, Түрік әлемінің арғы тегі болып есепте­ле­тін халықтың атауы – «Түрік» екендігі­не еш күмән жоқ. Кеңестік кезеңде әр түрлі себептермен, «түркі», «түрки» деп жазып, ата-тегіміздің аты «қойыртпақ» болып кетті. Сондықтан, біз – «түрік тектес», «түрік тілді» халықтармыз, «түрік тілді» елдерміз. Сол себепті «түрік» бо­лып жазылғаны, жалпыхалықтық дең­гейде осылай қолданылғаны дұрыс.

«Түрік» сөзін қолдансақ, әрине, Түркиядағы Анадолы түріктерін атағандай болатындығымыз рас. Қолданыста егер, ежелгі түріктерді де, Анадолы түріктерін де «түрік» деп таңбаласақ, белгілі бір деңгейде оқырман ұғымды, атауды шатастыруы мүмкін. Алайда Түркия­ның түріктері өздерін «Түрк» деп жазады, ­яғни «р»-дан кейін «і» қолданбайды. Ендеше ­біз «түрік» деп, «р» мен «к» деген екі ­дауыс­сыз дыбыс­тың арасына дауысты «і» дыбы­сын қосу арқылы жалпы ежелгі түрікті ­(«түрік тілдес», «түрік тектес», «ежелгі түрік») бейнелесек, Анадолы түрктерін дәл өз­дері жазғандай етіп «түрк» деп таңбала­сақ, екеуінің айырмашылықтарын айқын көрсетуімізге болар еді.

Оның үстіне түрік әлемінде тек Қазақ­станда ғана «түркі» деп қолдану көбі­рек белең алып кеткені де белгілі. Мәсе­лен, қырғыздарда, өзбектерде, әзер­бай­жандарда, түрікмендерде, Түркия­да «түр­кі» деген сөз қолда­нылмайды. ­Демек біз ата-тегімізді «түрік» деп дұрыс жазу арқы­лы, бүгінгі түрік әлемімен, түрік тілдес ха­лықтармен тарихи атауымызды біріз­ден­діріп, ғылыми жүйеге түсіретін боламыз.

Қорытып айтқанда, ғылым бар жерде бір жүйе, бірізділік болу керек. Әрі-беріден соң ғылым не үшін керек? Ғылым ашылмағанды дүниені ашу, жүйеге түспеген нәрселерді жүйелеу, ұғымдарды біріздендіру үшін, ұғымдық әркелкілікті шешу үшін керек. Сондықтан, «түрік» атауын біріздендірудің пайдасы тек ғана ғылым үшін ғана емес, түптеп келгенде, түрік тілдес халықтар мен елдердің бір­лігі үшін, олардың тамырлас-тектестігін айшықтай түсу үшін керек.

Дүкен Мәсімханұлы,

Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры,

филология ғылымдарының докторы, профессор

“Егемен Қазақстан” газеті

https://perpustakaan-baubaukota.projectkoding.com/data/https://himaindustri.unpam.ac.id/https://fsb.ung.ac.id/https://library.iainkediri.ac.id/https://newepaper.jawapos.co.id/thumbnail/dist/https://prakerja.nusatalent.com/file/https://ejournal.insuriponorogo.ac.id/config/https://www.rsudsyamsudin.co.id/gacor/https://eproc.jawapos.co.id/adminlte/plugins/site/https://rskiasawojajar.co.id/https://pria.org/https://epaper.radarlombok.co.id/wp-includes/system/https://bapenda.sumbabaratkab.go.id/link/https://empowerment.co.id/https://simak.id/