Әбсаттар қажы Дербісәлінің 75 жылдығына арналған «Шығыстану және руханият мәселелері» атты халықаралық конференция өтті

745

Бүгін  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты және Алматы қаласы әкімдігі, Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының бірлесуімен «Шығыстану және руханият мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.

 

Конференция көрнекті ғалым, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, шығыстану ғылымы мен білімінің негізін салушы, дипломат, Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлінің туғанына 75 және мемлекет, қоғам және дін қайраткері ретіндегі қызметіне 50 жыл толуына арналды.

Конференция модераторы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма төрағасы – Ректор, түрколог-ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев болды.

ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сыртқы істер министрінің,  ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің, Сыртқы істер министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, ҚР Президент Әкімшілігі, ҚР Парламенті, мемлекеттік органдар өкілдері, ҚР-дағы Шығыс елдерінің Елшілік өкілдері, ҚР ҰҒА академиктері, отандық және шетелдік зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының ғалымдары, дін саласының қайраткерлері құттықтаулары оқылып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Жиын барысында әл-Фараби ат. ҚазҰУ Шығыстану факультеті жанынан академик Ә.Дербісәлі атындағы дәрісхана ашылды және  «Әбу Насыр әл-Фараби шетел және Қазақстан ғалымдарының зерттеулерінде» кітабы мен «Академик Әбсаттар Дербісәлі ғалымның ғибратты өмір жолы» атты естелік  кітабының тұсауы кесілді.

Әбсаттар қажы Дербісәлі өмірінің соңына дейін қызметін атқарған Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының құттықтау хаты мен «Шығыстану ғылымына қосқан үлесі үшін» төсбелгісін  институттың бас директоры, филол.ғ.д., профессор Д. Мәсімханұлының еңбек демалысында болуына байланысты, ғылым жөніндегі орынбасары, э.ғ.д., доцент Ғ.М. Дүйсен  ғалымның аяулы жары Рафия Бәкірқызына табыстап, иығына камзол жапты.

Академик Әбсаттар Дербісәлінің 75 жылдығына арналған «Шығыстану және руханият мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдарының жинағы шығып, қатысушыларға таратылды