Әлемдегі тәуелсіз елдердің ең үлкен мерекесі – ол Республика және Тәуелсіздік күндері

474

Шығыстану институты бас директоры, ф.ғ.д., профессор, әйгілі шығыстанушы-ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, “Парасат” орденінің иегері Дүкен Мәсімханұлының Республика күніне орай “Әлемдегі тәуелсіз елдердің ең үлкен мерекесі – ол Республика және Тәуелсіздік күндері”  деген тақырыппен BAQ.KZ сайтында жарық көрген сұхбаты.

2009 жылдан бері мерекелер тізімінен сызылып қалған қалған Республика күнін биыл кең көлемде атап өтеміз. Ұлттық сипатиқа ие болған мереке туралы ғалымдар пікірін білмекке профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Дүкен Мәсімханұлымен сұхбаттасқан едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

– 1990 жылдың 25 қазаны күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Сіз ол кезде 27 жаста екенсіз, жалпы сол күн есіңізде ме?  

 – Сұхбат алуға ықылас білдіргеніңіз үшін рахмет! Әрине, менің есімде. Иә, 1990 жылы 27 жаста болдым. Мен ол кезде Қытай Халық Республикасының Шыңжаң гуманитарлық Ғылым Академиясының Әдебиет институтында жас маман, қызметкер болатынмын.Жалпы М.С.Горбачев билік басына келгеннен кейін, Кеңес Одағының іргесі сөгіліп, шаңырағы шайқала бастады. Соның әсерінен бүкіл Кеңес Одағындағы Республикалардың тәуелсіздікке деген үміті оянды. Сол қатарда шетелдегі қазақ диаспорасының өкілі ретінде бізде 89 жылдан бастап, Совет одағының құлауын, Қазақстанның тәуелсіздік алуын құдайдан тілеп, армандай бастадық. Армандағанда біздің ол кездегі негізгі ақпарат көзіміз Америка Құрама Штаттарының «Азаттық» деп аталатын радиосы ғана болатын. Ол кезде қазіргідей интернет жоқ. Негізгі бұлақ көзіміз «Азаттық» радиосы болғандықтан, соны күні-түні тыңдайтынбыз. 90 жылдан бастап шыныменде Кеңес Одағы ыдырауға бет алды.

Осы жылдың ерте көктемінде Балтық жағалауындағы елдер өз тәуелсіздігін жариялады. Жазға салым Орта Азиядағы Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдері тәулсіздіктерін алып кетті. Қысқасы, Қазақстаннан басқа елдердің бәрі тәуелсіздігін жариялап, өз алдарына отау тікті. Совет одағының жұртында дейміз ба, орнында дейміз бе, тек қана Ресей мен Қазақстан ғана қалды. Бірақ әйтеуір дәтке қуат сөйтіп алаңдап, шиыршық атып жүргенімізде 1990 жылы 25 қазанда «Азаттық» радиосы «Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі Қазақ КСР-і егемендігі туралы декларация қабылдады» деген бір қуанышты хабарды жеткізді. Біз енді таза тәуелсіздіктің өзі жарияланбағаннан кейін ерекше ес кете, қатты қуана алмадық. Себебі сол кезде мынандай бір саяси ситуатция болып еді, яғни «Суверенді мемлекеттердің достастығы» деген немесе «Суверенді мемлекеттердің одағы» деген ұғым пайда болды. Бұны «егемендік» деп аударды кейін. Суверенді деген ол кезде тәуелсіз емес, сондай бір жартыкеш тәуелсіз елдердің ұйымы болды. Өйткені Ресейде Кеңес Одағының ыдырауына қарсы күштер аз болған жоқ,  Сол егемендік туралы декларация қалай болғанда да тәуелсіздікке қарай басылғын алғашқы қадам болды.

Сол жаңалықтың өзіне тәубе деп қабылдадық. Ары қарай, шіркін-ай осы суверенді демей-ақ, тәуелсіздік алып, жеке ел болып кетсек екен деген үлкен арманымыздың оты алаулай бастады. Сондықтан қалай болғанда да бұл кез егемендіктің ең алғашқы қақпасын ашқан, ең алғашқы шешуші саяси қадам болды деуге толық негіз бар.  Оны бүгінде Егемендіктің күні, Республика күні деп өзгертіп, қайтадан қалпына келтірудің өзі шын мәнінде сол күнге деген бір жағынан үлкен құрмет, екінші жағынан бізге «Республика күні» керек.

Ал  «Тәуелсіздік күнін» 16 желтоқсанда тойлап жүрміз. Алайда еліміздің бүкіл өңірінде, әсіресе Астанамызда  желтоқсанда қақаған аяз болып тұратындықтан, адамдардың сыртқа шығып мерекелік көңіл-күймен тойлап, шерулетіп, ән-күйлетіп жүруінің өзі өте қолайсыз болып жүргені де жасырын емес. Тағы бір жағынан «25 қазан» сол күйі атаусыз қалғаны дұрыс емес деп ойлаймын. Сондықтан мереке орайында қайтып оралғаны шын мәнінде өте дұрыс саяси шешім болды. Ол жерде жаңа айттым ғой, егемендік туралы декларация болғаннан кейін, бізге ол да тиісті деңгейде қуаныш әкелді. Қалай болғанда да бұл мерекенің қайтып келгені, қайтадан өзінің саяси мән-мағынасын иемденіп, «Республика күні» ретінде белгіленуі мен үшін өте қуанышты жағдай.

– 13 жыл бұрын Республика күнін қалай тойлап келдіңіздер? Елде қалай аталып өтілетін еді? 

– 13 жыл бұрын мен Астана қаласының тұрғыгны едім.  Еуразия ұлттық университетінде Халықаралық қатынастар факультетінің Шығыстану кафедрасының меңгерушісі болатынмын. Ол кезде көп жағдайда Астана қаласында қазан айының соңында күн қоңырсалқын болып тұратын. Кей жылдары тіпті жып-жылы да болып тұрушы еді.  Ол уақытта  Астананың орталық алаңы қазіргі Астана қалалық әкімшілігі тұрған алаңда орналасқан еді. Сондай қоңырсалқын ауа-райында гала-концерттер, жәрмеңкелер, ақындардың мүшайрасы, әр түрліт көрмелер т.б. мерекелік іс-шаралар өтетін. Елдегі аталып өтуі жағынан жалпы екі мерекенің мазмұны бір сияқты болып, көп жағдайда 25 қазанға көп мән берілмейтін. Кейін бұл мерекені алып тастап, «1 желтоқсан Тұңғыш Президент күні» деген мереке енгізілді. Ол енді таза жеке басқа табынудың әсері болатын. Менің ойымша осы 25 қазан «Республика күнін» қайтып оралғаны қай жағынан да өте дұрыс болды.

– Республика күнін қайтарудың дәл қазіргі уақытта маңызы қандай деп ойлайсыз? 

– «Республика күні» жалпы барлық мемлекетте бар, аса маңызды  мереке. Жоғарыда айтқанымдай, бір кезде  25 қазан Республика күні алынып тасталып, 16 желтоқсан «Тәуелсіздік күні» ғана қалды. Ал шын мәнінде  1990 жылдың 25 қазаны күні  екі ғасырдан астам, үш ғасырға таяу бодандықта жүріп, тәуелсіздікке мың өліп мың тіріліп жеткен шынай  мерекеміз, аса қуанышты дата. Сондықтан оның  қайтып келгені өте бір қуанышты жағдай. Ол жай бір қуаныш тұрғысынан емес,  әсіресе патриоттық-саяси тұрғыдан айтқанда біздің азаматтарымызды, соның ішінде өскелең ұрпақты отаншылдыққа, отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа баулуда өзінің мән-мағынасы зор мереке болады деп ойлаймын. Бұл бір жағы, енді екінші жағы жоғарыда айттым, тағы да қайталап айтамын «25 қазан» мерекелік концерттер өткізуге, далада болатын мерекелік шерулер, гала-концерттер т.б. салтанатты іс-шараларды өткізуге ауа-райы тұрғысынан өте қолайлы уақыт. Біздің ең басты құндылығымыз – азат Республикамыз, Тәуелсіз еліміз. Сондықтан бұл мерекені қайта жаңғыруы, «Республика күні» мен «Тәуелсіздік күні» деген екі бірдей мерекеміздің болуы сол басты құндылығымызды азаматтарымыз бен өскелең ұрпақтың санасына шегелей түсетін саяси тұрғыдан да, қолайлылық жағынан да өте бір дұрыс шешім болды.

– Республика мен Тәуелсіздік күндері қалай тойлануы тиіс? 

– Республика күні жалпы мемлекеттің құрылу күні ретінде өзінің нақты, жүйелі бағдарламалары болу керек. Халқымызда «шөжені күзде сана» деген ұғым бар.  Бұл күні республиканың саяси өміріндегі мәдени, ғылыми, экономикалық, т.б. жетістіктері айшықтала түсетін есептік сыйпаты басым мереке болу керек. Одан кейін менің ойымша, барлық мемлекеттік наградалар осы Республика күнінде берілуі тиіс. Сонымен бірге бұл күн қоңыр күз болғандықтан әртүрлі далалық сипатта болатын ұлттық спорттық ойындар, ат бәйгелері, көкпар, қыз қуу, палуан күрес сияқты бағыттағы іс-шараларды да ұйымдастырған өте дұрыс деп ойлаймын.

Ол үшін «Республика күні» қарсаңында бюджеттік мекеме қызметкерлері мен студенттерге лайықты сыйақы берілумен бірге жеткілікті демалыс күні (ең кемінде 3 күн) берілгені жөн.  Ал тәуелсіздік күні  ұлт-азаттығы деген ұғымды, оның тарихы мен қатысты тарихи тұлғаларды әспеттеуге арналғаны құба-құп. Ол туралы :  Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек, – деді Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.  16 желтоқсан тәуелсіздік күні болғандықтан көп жағдайда тәуелсіздік үшін күрес тарихына және тәуелсіздікке жетуге еңбек сіңірген арғы-бергі тарихымыздағы ұлт-азаттық күреске қатысты тұлғаларды ғылыми конференциялар мен салтанатты әрі тағылымды іс-шаралар арқылы  кеңінен атап өткеніміз жөн. Одан кейін жоғарыда айтқанымдай, мемлекеттік наградалар жыл бойына немесе 16 желтоқсанда емес, бір рет осы 25 қазан күні ғана тапсырылғаны дұрыс деп ойлаймын. Ал тәуелсіздік күні салтанатты жиындар, салтанатты концерттер және Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілістің көсемдерін, Әлихан, Ахмет бастаған алаш арыстарын ұлықтау,  Қ. Рысқұлбеков, Л. Асанова сияқты желтоқсан көтерілісінің қаһармандарын ұлықтау керек деп ойлаймын. Тәуелсіздік дегеніміз – азаттық деген сөз. Осы бағытта қан төккен, майданға шыққан батырларды ұлықтасақ деген ойым бар.

– Жалпы Шығыс елдері осындай маңызы бар ұлттық мерекелерді қайтып атап өтеді?

– Шығыс елдері ғана емес, жалпы дүниежүзінде  тәуелсіз елдердің нөмірі бірінші мерекесі – ол Республика және тәуелсіздік күндері. Неге? Себебі кез-келген мемлекет үшін сол елдің азаттығынан асқан, тәуелсіздігінен асқан, ол елдің егемендігінен асқан құндылық болмайды. Мысалы, бізде барған сайын Республика күні, Тәуелсіздік күні көмескіленіп, ұлттық мереке наурыз немесе діни мереке құрбан айт, ораза айттың алға озып бара жатқан жағдайы бар. Менің өзіме солай сезіледі. Ол менің ойымша дұрыс емес. Өйткені, ұлттық мерекеміз наурыз тек біздің Қазақстанның ғана ұлттық мерекесі емес. Ол жалпы мұсылман шығыс әлемінің ортақ мерекесі.

Ал енді құрбан айт пен ораза айт, орыстардың рождество мерекелерін де алдыға шығару дұрыс емес. Өзіңіз білесіз, ораза айт пен құрбан айт күллі мұсылман еліне тән мереке. Оларды ел қатарлы ғана атап өту керек. Рождество да солай, ол да күллі христитан дініндегілерге ортақ мереке. Сол ортақ мерекені алға оздырып жіберу өзіміздің таза, ең басты құндылығымыз болып саналатын Республика және Тәуелсіздік күндерінің алдына шығарып жіберу дұрыс емес. Сондықтан діни мерекелер, ұлттық дәстүрлі мерекелер Республика және Тәуелсіздік күні сияқты мерекелердің алдына түсіп кетпеуі керек. Мысалы, шығыс елдерінің ішіндегі Қытай Халық Республикасы үшін Республика күні нөмірі бірінші мереке болып табылады. Екінші орында олардың көктем мерекесі, яғни жаңа жыл мерекесі тұрады. Бірақ осы көктем мерекесі Қытайдың жеке ұлттық дәстүрлі мерекесі болса да, Республика күнінің алдына шығармайды.

Қытайда Республика күні жаппай салтанатты жиналыстар, салтанатты шерулер, ауқымды мәдени іс-шаралармен аталып өтеді. Тіпті менің бала күнімде, әлі есімде, бүкіл ауданның халқы атпен Қытайдың қызыл туын көтеріп, желпілдетіп аудан орталығына ағылатын. Аудан орталығында  ән айтылып, би биленіп, жәрмеңкелер болатын.  Ақындар Қытай Халық Республикасы туралы жалынды жырларын  оқитын. Ол жақта да кейіннен бұлай тойлау саябырлап, жеке басқа – Мао-ға табыну басым болып кеткен. Бірақ Дэн Сяопиннен кейін қалпына келді ғой деп ойлаймын. Мысалы, Түркия мемлекетінде де Түркия мемлекетінің құрылған күні олардың ең үлкен, ең қасиетті нөмірі бірінші мерекесі.  Оның алдына ешқандай мереке түспейді. Ол жерде де жаппай салтанатты жиналыстармен қатар әртүрлі мерекелік көңіл-күй сыйлайтын қандай мүмкіндік бар, соның бәрі осы Республика күнінде өтеді.

– Патриотизмды, елдік сананы қалыптастыруда халықаралық қандай тәжірибелерді ескерген дұрыс деп ойлайсыз? 

 Ол туралы жоғарыда айтылды. Мысалы Қытайдың тәжірибесі, Түркияның тәжірибесі формасы жағынан болсын, мазмұны жағынан болсын ескеруге әбден лайықты.  Екі мерекені жұрттар шатастырмауы үшін қалай болғанда да екеуінің де саяси әрі мәдени өзіндік айшығы болу керек. Мен жаңа айттым біреуі таза елдің ең маңызды байлығы, құндылығы ретінде  әспеттелуі керек. Республика күнінде мектеп, университет сияқты оқу орындарында да ұлттық патриотизмге қатысты көрнекті тұлғалармен, ақын-жазушылармен, ғалымдармен, мемлекет және қоғам қайраткерлерімен кездесулер өткізу керек. Тәуелсіздік күні салтанатты жиындар, салтанатты концерттер және жыл сайын тәуелсіздік күнінде ұлт-азаттық көтерілістің көсемдерін, Алаш арыстарын ұлықтау, желтоқсан көтерілісінің қаһармандарын ұлықтау арқылы өскелең ұрпақтың патриоттық сезімдерін күшейту керек деп ойлаймын.

– Шығыстану институты 25 қазан ұлттық мерекені қандай тың жаңалықтармен қарсы алмақшы? Биылғы жылғы жетістіктеріңізді айта кетсеңіз? 

– Шығыстану институты 25 қазан Республика күнін лайықты қарсы алу мақсатында, сондай-ақ Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына жолдауын қолдау мақсатында  «Жаңа Қазақстан һәм Шығыс әлемі: ынтымақтастық тарихы, болашағы және өзекті мәселелер» атты ауқымды халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциямен атап өтейін деп отырмыз. Бұл конференция тек қана мерекелік жаңалық ретінде ғана емес, жалпы биыл Қазақстан мен дүниежүзіндегі көптеген елдердің дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына  30 жыл толып отыр,  соның ішінде әсіресе, шығыс елдері мен Қазақстанның дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 30 жыл толды. Бір жағынан осы Қазақстан мен шығыс елдерінің арасындағы  қарым-қатынастың тарихы, жетістігі, проблемалары, алдағы болашағы туралы бір толғанып, бір есеп бергендей немесе қорытындылағандай сипатта осындай бір конференция өткізгелі жатырмыз.

Ал, биылғы жетістіктерімізді айтатын болсақ, санап тауыса алмаймыз деуге де болады. Мысалы, 2021 жылы «Архив-2025»  мемлекеттік тапсырма аясында «Ұлы Даланың тарихы мен мәдениеті бойынша шетелдік архивтер мен қорлардағы археографиялық жұмыстар (талдау,)» жобасы, 2021-2022 жылдарға арналған ҚР БҒМ бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру бойынша 1 жоба, гранттық қаржыландыру бойынша 2 жоба орындалды.

2022 жылы 2021-2022 жылдарға арналған ҚР БҒМ бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру бойынша 1 жоба,  гранттық қаржыландыру бойынша 1 жоба орындалып жатыр.

1) Бағдарламалық-мақсаты қаржыландыру бойынша «Шығыс елдеріндегі ынтымақтастықты дамыту және аймақтық қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру жағдайындағы Қазақстанның сыртқы саясаты»;

2) Гранттық қаржыландыру бойынша «Орталық Азияның зияткерлік тарихы контекстінде түркі ренессансы (X-XVI ғғ.)».

2022 жылы Институт гранттық және бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру бойынша жарияланған конкурстардың нәтижесі бойынша екі жоба: «Қытайдың «Белдеу және жол» бастамасы және Қазақстанның геоэкономикалық мүдделері», «Қытай Коммунистік партиясы азсанды ұлттар саясатының Шыңжаңда атқарылуы: тарихы, бүгіні және келешегі» және бағдарламалық-мақсаты қаржыландыру бойынша екі жобаны «Шетелдік архив қорлары жинақтарындағы әрекеттестік пен ортақтықтар бойынша Қазақстан мен Орталық Азияның тарихи-мәдени мұрасы», «Алтын Ордадан кейінгі қоғамның дәстүрі мен мәдениетіндегі сабақтастық пен өзгерістер (Батыс Қазақстан, Еділ-Орал, Дағыстан, Хорезм аймақтарындағы эпиграфикалық ескерткіштерді салыстырмалы зерттеу)» жобаларын ұтып алып тиісті құжаттары дайындалу үстінде.

Сондай-ақ ең негізгі жетістік ретінде, биыл маусым айының басында   Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен бірге Ватиканға барып, Ватиканның   Апостол мұрағаты және Ватикан Апостол кітапханасы  директорымен бірлескен меморандумға қол қойып келдім. Ватикан Апостол кітапханасы мен архивінде біздің ежелгі тарихымызға, орта ғасырдағы тарихымызға қатысты көптеген архивтік құжаттар, материалдар, карталар сақталған. Рим папасы біздің мемлекет басшыларына Қазақстан ғалымдарының осыны келіп ашуына, игеруіне мүмкіндік берді. Бұл енді біздің мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей осы іске араласуының жемісі болды. Біз  қазір осыған орай,  он жылға арналған ауқымды ғылыми-нысаналы жоба дайындадық. Алдымыздағы жаңа жылда бекітіледі деп күтіп отырмыз. Одан кейін желтоқсан айының басында осы институттың бұрынғы директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор,  ҚР ҰҒА академигі Әбсаттар қажы Дербісәлінің 75 жылдығын атап өтеміз. Тағы бір үлкен жаңалығымыз Шығыстану институтының жанынан биыл «Қазақстанның шығыстану ғылымы» деген ғылыми журнал шығарып жатырмыз.

Сондай-ақ Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мен Кореяның Еуразия ғылымдары және түркология институты арасында академиялық және ғылыми зерттеулер жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Венгрияның Төтенше және Өкілетті Елшісі, Бас консулы Ференц Блауманн мырзамен  кездесіп, мажарлардың (мадияр) ежелгі тарихы мен мәдениетін, ғұндардың батысқа қоныс аудару тарихын, бүгінгі Мажарстандағы қыпшақтардың тарихын, тұрмыс-салтын бірге зерттеу, екі ел шығыстанушылары мен түркологтары арасында тығыз қарым-қатынас орнату мәселелері бойынша бірлесіп жұмыс атқару туралы келістік. ҚР Үндістан елшілігінің Свами Вивекананда мәдениет орталығының директоры Санджай Веди мырзамен онлайн кездесу өткізіп, үнді елінің мәдениеті, әдебиеті, өнерін танысытыру мақсатында Шығыстану институтымен бірлесіп ғылыми жобалар жасау және конференциялар, семинарлар ұйымдастыруда бірге жұмыстар атқару туралы ұсынысты қолдайтынын және Үндістандағы шығыстану орталықтарымен байланыс орнату туралы келісімге келдік. Сонымен бірге, Қазақстандық бірнеше жоғары оқу орындарымен де бірлесіп жұмыс атқару туралы меморандумдарға қол қойылды.

– Өзіңіз басқарып отырған зерттеу институтының алдағы жоспары қандай? 

– Алдағы жоспар туралы айтсам, осы бекітілген жобалар бойынша жұмыс істейміз. Біздің негізгі жұмысымыз – ғылыми зерттеу. Одан кейін жоғарыда айтылған елдермен бірге қол қойылған меморандумдарды қағаз жүзінде қалдырмай, сол елдермен бірлескен ғылыми жобалар дайындаймыз және бірлескен ғылыми кадрлар даярлау бойынша бірлесіп жұмыстар атқаратын боламыз. Министрлік тарапынан жыл сайын жарияланатын  ғылыми жобалардың конкурстарына қатысамыз. Біздің институттың магистранттары мен докторанттарының ғылыми шығармашылығы, қорғауы бойынша да тиісті жұмыстар атқарамыз. Кейде, жоспардан тыс, жоғары жақтың тапсырмасымен өзге де іс-шаралар мен конференциялар да киіп кетіп жатады.

– Бәркелді аға, сұхбатымызды ұлттық мерекеге деген тілегіңізбен түйындесек? 

– Еліміздің іші даудан, сырты жаудан аман болсын. Көк байрағымыз көкте мәңгілік желбірей берсін. Осы Қазақстандағы барлық отандастарымызға Отан игілік әкелсін, Отанымызға барлық Қазақстан азаматтары игілік әкелсін.

Уақытыңызды бөліп, сұхбат беруге келіскеніңізге рахмет!

Дереккөз: https://baq.kz/alemdegi-tauelsiz-elderdin-en-ulken-merekesi-ol-respublika-zhane-tauelsizdik-kunderi-290406/?fbclid=IwAR1Gr9vsve-kn2CBsPngIDEnmxp17ygK59bFYRwQoq0MF2uPXPYJaZCtTq8