Қайта сотталған әскери тұтқындардың тарихынан

655

Бұл мақаланы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев 2020 жылғы 24 қарашада «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлыққа қол қойғаннан кейін жазу мүмкін болды.

Ұсынылып отырған мақала Алматы қалалық Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның ғылыми-зерттеу жұмысы барысында жазылған. Мақалада «Алматы облысы Ішкі істер министрлігі Әскери трибуналы» 1361 қорының құпиясы жойылған мұрағаттық материалдары пайдаланылған.

Барлығы қайта сотталған 17 әскери тұтқын және Германияға жұмыс істеу үшін депортацияланған бір адам табылды. Бірақ мақалада барлық істер дерлік қарастырылмайды. Қазіргі уақытта Алматы қаласының Орталық мемлекеттік мұрағатында оларды оңалту бойынша комиссия жұмыс істеуде және әр іс жеке қаралуда.

Ұлы Отан соғысы кезінде және соғыстан кейінгі жылдары Кеңес Одағында жұмысшы күштерінің өткір жетіспеушілігі орын алды. Жұмыс күші фабрикаларда, зауыттарда, қорғаныс кәсіпорындарында, шахталар мен кеніштерде пайдаланылды. Жұмыстың қиын әрі күрделі болуынан жұмыс істеуге ниет білдірушілер де аз болды. Көптеген адамдар бірнеше ай жұмыс істегеннен кейін жұмыстары өте ауыр болғандықтан, денсаулығына байланысты немесе туысқандарына жақын болғысы келгендіктен жұмыстан шыққылары келген. Ауыр еңбек жағдайларында түрлі жастағы адамдар, ерлер мен әйелдер, КСРО-ның еркін азаматтары және еңбекпен түзеу жұмыстарына сотталғандар, шетелдік әскери тұтқындар (немістер, жапондар, поляктар және т.б.) және 1939-1945 жылдары фашистік Германия, Финляндия және басқа да еуропалық елдерде тұтқынға алынған бұрынғы қазақстандық әскери тұтқындар да жұмыс істеді. Мақалада ІІМ-нің қадағалауында болған бұрынғы әскери тұтқындар жайлы айтылатын болады.

Мақалада Ұлы Отан соғысының бұрынғы соғыс тұтқындарының ауыр тағдырына жарық түсірген құпиядан шығарылған қордың 7 ісі қарастырылған.

Соғыстың алғашқы жылында, 1941 жылы 26.XII КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасы «Кәсіпорындардан өз бетінше кеткені үшін әскери өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысшылары мен қызметшілерінің жауапкершілігі туралы» деген жарлық шығарды. Бұл жарлық адамдардың еңбек жағдайлары жақсы, жалақысы жоғары жұмыстарға кетпеуі және жұмыс орындарын ауыстырмауы үшін шығарылған. Осы жарлықты бұзғандарды құрамына төрағалық етуші (әділет офицері), екі халық алқасы (милиция офицерлері) және әкімшілік қызмет хатшысы кіретін ІІМ Әскери Трибуналының (ӘТ) Ашық сот отырысында көбінесе айыптау мен қорғаудың, сондай-ақ куәгерлердің қатысуынсыз соттады.

1947 жылы 20 ақпанда Алматы қаласында Әскери Трибуналмен бұрынғы әскери тұтқын Молдашев Аятжан 5 жылға бас бостандығынан айырылды (Қ.1361, Т.1, і.685, б.14). Сот талқылауы кезінде Молдашев Аятжан өзі туралы айта отырып, оның Алматы облысы Кеген ауданы Қара бұлақ ауылында дүниеге келгенін, қазақ кедей шаруалардан шыққанын, КСРО азаматы, 10 сыныпты білімі бар, партизан емес, бойдақ, 1939 жылы Алматы облысы Еңбекші қазақ АӘК-нің Қызыл армия қатарына шақырылғанын хабарлады. Соғыс басталғаннан кейін бес ай өткен соң, 1941 жылы 25 қазанда қоршауда жүргенде немістерге тұтқынға түседі. 1945 жылы одақтас әскерлер оны неміс тұтқынынан босатып, КСРО-ға қайтарып, мемлекеттік тексеруден өтті. Одан кейін Ворошиловоград облысы Рубежное қаласының қорғаныс өнеркәсібіне жұмысқа жіберілді (ҚР ОМА, Қ.1361, т.1, і.685, б.12).

1946 жылы «Союзпроммонтаж» бірлестігінің қазан жасаушысы болғандықтан, 28 күндік еңбек демалысы берілді. Үйіне келгенде ата-анасы оның көмегіне мұқтаж екенін білді, өйткені анасы қолын сындырған. Аятжан колхозға жұмысқа кетті. Сонымен қатар, Аятжан билет алып, бұрынғы жұмыс орнына кететін ақша тапқысы келген (Қ.1361, 1-т., і.685, 12 б к.ж.). Алайда, ол бірнеше күннің ішінде билетті сатып алу үшін қажетті соманы таба алмады, сондықтан колхозда жұмысын жалғастырды. Аятжанның колхозда болу себептерін біліп, прокурор одан дереу Рубежное қаласына кететіні туралы қолхат алды. Билетті сатып алу үшін оған колхоздан толық есеп алу керек болды. Бірақ колхоз мемлекетке нан және басқа да өнімдерді тапсыру жоспарын орындамағандықтан, колхоз төрағасы оған есеп бермеген. Бірнеше күннен кейін Аятжан Рубежное қаласындағы бұрынғы жұмысына қайтпағандықтан қамауға алынды (ҚР ОМА, Қ.1361, 1-т., і.685, 12 б к.ж.).

Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Сүмбе ауылының тумасы, бұрынғы әскери тұтқын қазақ Дүзбаев Сейдәлім жұмыс орнын тастап кеткені үшін одан кем емес жазаға тартылды. 1947 жылы 5 маусымда Алматы облысы әскерилер трибунал ашық сот отырысында Дүзбаев 6 жылға бас бостандығынан айырылды (ҚР ОМА, Қ.1361, 1-т, і.741, 20 б.).

Дүзбаев әскери сапарын 1943 жылы 28 сәуірде Орлов облысынан бастады. Сол ауданда неміс әскерінің қоршауында қалып, тұтқынға түседі. Брянск қаласындағы әскери тұтқындар лагеріне қалдырылып, сол жерден Белоруссияның Барановский облысына жіберілді. Бірақ ол бір топ әскери тұтқынмен бірге тұтқыннан құтылып, «Неуловимый» атты партизан отрядына қосылды. 1944 жылы бұл отрядтың партизандары Қызыл Армия қатарына қосылды (ҚР ОМА, Қ.1361, 1-т, і.741, 20 б.). Содан кейін 1944 жылы қарашада Сталиногорск қаласына химия комбинатына жұмысқа жіберіліп, қазандық цехында жұмысшы болып жұмыс істеді. 1947 жылдың ақпан айының бірінші жартысында Дүзбаев Сейдәлім зауыттағы жұмысынан өз еркімен кеткен. Кетуінің негізгі себебі – оның зауытта материалдық жағынан нашар қамтамасыз етілгендігі. Жұмыстан босату немесе жақсарту туралы барлық өтініштеріне ол әкімшіліктен оң жауап алмаған. Күн сайын небәрі 500 грамм нан мен айына 250-300 сом алатын, бұл оның жейтін тамағына да жетпейтін. Рұқсатсыз кетудің тағы бір маңызды себебі – көптен көрмеген әйелі мен баласын көргісі келгені. Сейдәлім сотта жұмыстан бас тартпайтынын, денсаулығы мүмкіндік бергенше жұмысын жалғастыратынын мәлімдеді. Судьяның оны жұмыс орнынан кетуге кім көндірді деген сұрағына жауап бере отырып, оған басқа жұмысшылардан ешкім бұлай жасауға кеңес бермегенін айтты. (ҚР ОМА, Қ.1361, 1-т, і.741, 21 б.).

Дүзбаев Сейдәлімге қатысты сот негізсіз қатаң жаза тағайындады, өйткені тұтқынға түскен ол кеңес азаматтарына және Кеңес өкіметіне қарсы қылмыс жасамаған. Оның үстіне тұтқыннан құтылып, партизандарға қосылып, неміс басқыншыларына қарсы соғысады. Мұндай жағдайларда майдангерлер қысқа мерзімге бас бостандығынан айырылды немесе шартты түрде жазасын өтейді.

1941 жылдан 1943 жылға дейін Қызыл Әскер қатарында соғысқан 32 жастағы Қырым татары Абдаев Ягьянің  ісі қарастырылады. Севастополь маңында тұтқынға түсіп, жол құрылысында шамамен үш ай жұмыс істеуге мәжбүр болды. Содан кейін ол Германияға эшелонмен жіберілді. Кейіннен онымен бірге болған барлық әскери тұтқындар Эссендегі орыс әскерлері орналасқан аумаққа берілді (сотталушының сөзінен кім бергені түсініксіз). Мәжбүрлеп ұсталғаннан кейін оны Алматы қаласына жіберді. 1945 жылдың 6 желтоқсанында Ленин Аудандық әскери комиссариатымен (АӘК) арнайы жұмысқа орналастыру мекемесіне жіберіліп, 1946 жылдың қаңтарында жұмысқа орналастырушымен № 175 зауытқа (Алматы Ауыр машина жасау зауыты (ААМЖЗ) жұмысқа жіберілді. Жұмысын техник-құрылысшы мамандығынан ААМЖЗ әскерилендірілген күзетінің жауынгеріне ауыстырғаннан кейін, жұмыста 15 минут кешігіп келуіне байланысты Еңбек қақтығысы орын алды. Бірақ оның кешігу уақытын көбірек етіп жазғандықтан, мәселе сотқа жіберілді. Шақыру қағазын алған соң ол сотқа барудан бас тартып, оның орнына зауыттың директорына барып, оның жұмысқа бар болғаны 15 минуттан көп емес уақытқа кешігіп қалғанын, соған қарамастан оны сотқа бергенін түсіндірді. Директор оның бара беруіне болатынын айтты. Директордың сөзін дұрыс түсінбеген Ягья зауыттан кетуге шешім қабылдады. Абдаев Ягьяні 15 күн бойы жұмыста болмағаны үшін тұтқындап, түрмеге қамады. (ҚР ОМА,  Қ.1361, 1-т, і.506, 32 к.б.). ІІМ әскерлерінің ДСҰ-ның Ашық сот отырысында Абдаев Ягья КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1941 жылғы 26 желтоқсандағы жарлығы негізінде жеті (7) жыл мерзімге, құқықтары бұзылмай (ҚР ОМА,  Қ.1361, 1-т, і.506, 34 к.б.) түрмеге қамалсын.

Тағы да бір бұрын сотталған әскери тұтқын Редькин Макар Егорович 1942 жылы төрт ай қызмет етіп, немістерге тұтқынға түсті. 1945 жылы 16 сәуірде одақтас әскерлермен босатылып, КСРО-ға оралды (ҚР ОМА. Қ.1361, 1-т, і.561, 29 б.). Қазан айында Макар Кузбасқа, Киселев қаласына №1 «Кагановичуголь» көмір шахтасына кенші болып жұмыс істеуге жіберілді (ҚР ОМА. Қ.1361, 1-т, і.561, 29 б.).

1946 жылы сәуірде тағы бір бұрынғы әскери тұтқын Гоносковпен келісіп, Редькин анасы, әйелі және екі баласы тұратын Әзірбайжандағы Хачмас қаласына (ҚР ОМА. Қ.1361, 1-т, і.561, 29 б.), ал Гоносков Шымкентке қашуға шешім қабылдады. Станцияда жүк пойызына отырып, әскери тұтқындар Новосибирск арқылы келе жатқан. Алайда 10 күннен кейін Бурундай разъезінде қолға түскен болатын.

Сотта өзінің қашу себебін оның ұзақ уақыт бойы отбасымен кездеспегендігінен деп түсіндірді. (ҚР ОМА. Қ.1361, 1-т, і.561, 30 б.). Макар Егорович Редкин КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1941 жылғы 26 желтоқсандағы жарлығы негізінде, құқықтары бұзылмай алты (6) жылға бас бостандығынан айырылды.

Екінші қашқын, Горький облысының тумасы Гоносков Павел, 1941 жылы 29 маусымда тұтқынға түсіп, 1945 жылдың 2 мамырына дейін Германия аумағында болды. Одақтас күштер оны 1945 жылы 2 мамырда түнгі сағат 12-де тұтқыннан босатты. Осыдан кейін ол әскери тұтқындарға арналған іріктеу лагерлеріне түсіп, 1945 жылы 22 маусымда КСРО-ға қайта жіберілді (ҚР ОМА. Қ.1361, 1 т, і.562, 31 б.). Ол сотта қашып кетуінің себебін туыстарымен кездескісі келгенінен деп түсіндірді (ҚР ОМА. Қ.1361, 1 т, і.562, 31 к.б.).

Алғашқы үш әскери тұтқындардан айырмашылығы, Малахов Николай Дементьевич полиция қызметкерлерін адастырып, ауыр жұмыстан кетіп қалған болатын. 1946 жылдың мамыр айында ол милиция бөлімшесіне келіп, Алматыға еш құжатсыз келгенін, себебі оралмандармен (возвращенцы) бірге сапарға шыққан, оралмандар оның құжаттарын өздерімен бірге алып кеткенін мәлімдеді. Малаховтың бұлай алдауының мақсаты оның төлқұжат алуына мүмкіндік беретін есепке алу туралы жеке анықтама алу болды. Алайда алдау біраз уақыттан кейін, 1946 жылы 10 маусымда Попаснянскидің прокуроры іздестіру тапсырмасын жіберген кезде ашылды. Онда Малахов 13.04.46 жылы құрылыс кеңсесінен қашқан әскери өнеркәсіптің қашқыны (ЦГАРК. Ф.1361, оп.1, д.565, л.6) ретінде іздестірілді. Іздестіру тапсырмасын өзіне берілген төлқұжатпен салыстыра отырып, тергеуші оның туған жеріне байланысты айырмашылық тапты. Атап айтқанда, Малахов төлқұжатында туған жерін Алтай өлкесі Локоть ауылы деп көрсетсе, прокурордың іздеу тапсырмасында туған жері Алматы қаласы деп көрсеткен (ҚР ОМА. Қ.1361, 1 т, і.565, 6 к.б.).

Сотта Малахов Николай Дементьевич Алтай өлкесі, Локтев ауданы, Локоть ауылында дүниеге келгенін, жұмысшылардан шыққанын, өзі жұмысшы, орыс, білімі 2 сынып, партиясыз, сотталмағанын растады. Отбасы тау-кен институтында тазалаушы болып жұмыс істейтін 50 жастағы анасынан, екі апалы-сіңлілерімен тұрған: біреуі үйленген, ал екіншісі жас қыз, қашып кеткеннен кейін Алматыда үйленіп үлгерген (ҚР ОМА. Қ.1361, 1 т, і.565, 35 б.).

Әскердегі қызметі 1940 жылы 382 тау артиллериялық полкінің әскерінде басталды, онда ол Киев майданында немістердің шабуылына тойтарыс берген. 1941 жылы 17 қыркүйекте Украинадағы Борисовка ауылында қоршауда қалғаннан жарақат алып, тұтқынға түседі. 1945 жылдың 15 сәуіріне дейін Бремен қаласында тұтқында болып, одақтас әскерлермен босатылды. Бір айдан кейін ол КСРО-ға УСРО-ның Ворошиловград облысының Первомайск қаласына оралды, онда ол Первомайск көмір трестінің құрылыс алаңына қара жұмысшы болып тағайындалды. 1946 жылы 13 сәуірде қорғаныс маңызы бар кәсіпорыннан қашуға шешім қабылдады. 1946 жылдың 24 тамызынан бастап қамауда болды (ҚР ОМА. Қ.1361, 1 т, і.565, 35 б).

Қашудың себебін ұзақ уақыт бойы анасын көрмегендіктен деп түсіндірді. Бұған дейін оған демалыс беру туралы өтінішіне теріс жауап берілген.  Сонымен қатар, олар маған демалыс беруден бас тартты, анамды аяп қашып кеттім, басқа себептер болған жоқ (ҚР ОМА. Қ.1361, 1 т, і.565, 35б. К.б). 7 жылға бас бостандығынан айырылған (ҚР ОМА. Қ.1361, 1 т, і.565, 37 б к.б.).

Ғылыми-іздестіру жұмысы барысында бұрынғы әскери тұтқын Михаил Филиппович Потаповтың ісі табылды. 1946 жылы 28 мамырда Шымкент бекетінің КСРО Мемлекеттік Қауіпсіздік Министрлігінің (МҚМ) Арнайы Отырысымен (АО) Михаил Филиппович Потапов ұсталып, қамауға алынды. Ол 1944 жылдың сәуір айынан бастап 1945 жылдың мамырына дейін немістердің тұтқында болды, онда Власов әскерінің 6 құрама полкінде өз еркімен қызмет етіп, неміс әскерінің жағында Италияның партизан жасақтарына қарсы шайқастарға қатысты. Одан кейін Власов әскерінің 6-шы құрама полкін Немістер Австрия аумағына жіберіп, онда ол 1945 жылы 5 мамырда ағылшын әскерлерімен басып алынып, тұтқынға түсті. 1945 жылы 15 мамырда ағылшын әскери билігі Потаповты, соның ішінде немістерде қызмет еткендерді кеңес қолбасшылығына берді (ҚР ОМА. Қ.1361, 1 т,  і.565, 15 б.).

Осыдан кейін Потапов Осинники қаласының Кемеров облысындағы №4 көмір шахтасына жұмысқа жіберілді. ІІМ жарлығы бойынша Потапов №4 шахта жанындағы жұмысқа 6 жыл мерзімге қалдырылды. 1946 жылы 13 мамырда Потапов № 4 шахтадағы жұмысын өз еркімен тастап, рұқсатсыз және құжаттарсыз Солтүстік Қазақстан облысындағы ата-анасының тұрғылықты жеріне кетіп қалған. Алайда Шымкент бекетіне барар жолда қолға түсіп, қамауға алынған (ҚР ОМА. Қ.1361, 1 т, і.565, 15 б.). Тұтқындалған Потапов Михаил Филипповичтің ісі және оның тергеу жадығаттары Алматы облысы бойынша облыстық прокурорға берілді (ҚР ОМА. Қ.1361, 1 т, і.565, 15 б.).

Сотта қашуының себебін ұзақ уақыт бойы туыстарын көрмегендіктен, басқа себептер болған жоқ деп түсіндірді (ҚР ОМА. Қ.1361, 1 т, і.565, 17 б к.б.).

Сот мүшесінің: «Власов әскерінің құрамына неге кірді?», – деген сұрағына Потапов Михаил: «Тұтқында болған кезде мен өмірімді сақтап қалу үшін Власов әскерінің құрамына өз еркіммен кірдім», – деп жауап берді (ҚР ОМА. Қ.1361, 1 т, і.565, 18 б.).

Шеманович Емельян Григорьевичтің тағдыры осы мақаладағы басқа қайта сотталған әскери тұтқындардан оның ұрыс қимылдары кезінде қолға түспегендігімен ерекшеленеді. Емельян Шеманович неміс әскерлері жаулап алған Батыс Украинаның Козивки ауылында тұрған. 1944 жылы ол Германияға мәжбүрлі еңбекке айдалып, бір қожайынға, неміске 11 ай жұмыс істеді. 1945 жылы 3 мамырда Емельян босатылып, ағылшын әскерлері арнайы лагерьге жөнелтілді. Біраз уақыттан кейін ағылшындар Емельян Шеменовичті кеңес әскерлеріне тапсырды, олар оны Волковыск қаласындағы сүзгі лагеріне жіберді, ол жерден ол Кемерово облысының Киселевск қаласына, Капитальная №1 шахта жұмыс істеуге жіберілді. Осы шахтада жеті ай кенші болып жұмыс істеген ол жұмыс өте ауыр болғандықтан, жер астында жұмыс істеуге тура келгендіктен бұл жұмыстан қашуға бел буды. Отанына Украинаға бармақшы болып, жолдан адасып, абайсызда Алматы қаласына келіп тіреледі. Ол Алматыға келген уақытта ақшасы таусылғандықтан, еліне орала алмады. Алматыда ұсталып, қамауға алынды (ҚР ОМА. Қ.1361, 1 т, і.596, 23 б к.б).

«Түркістан легионының» бірнеше рет сотталған әскери тұтқындары табылды ма деген сұраққа келсек, Қырғыз КСР Жалал-Абад қаласының тумасы, ұлты өзбек Тасалимов Абиджан анықталды (ҚР ОМА. Қ.1361, 1 т, і. 730, 61 б.). 1941 жылы желтоқсанда Абиджан Қызыл Армияның ұлттық атты әскер дивизиясына қосылды. Ростов облысы аудандарына майданға жіберіліп, сол жерде ат полкінде қызмет етті, сол жерден атты әскер дивизиясына жіберілді. 1942 жылы маусымда неміс әскерлері оны тұтқынға алды, онда ол 1943 жылдың 23 наурызына дейін Люблин қаласында болды. 1943 жылдың наурызынан 1944 жылдың 2 мамырына дейін Түркістан легионында болды. Осыдан кейін Абиджан Италияға қашып, партизандар қатарына қосылып, немістерге қарсы соғысады. 1944 жылы 22 маусымда оны американдық әскерлер кеңес бөлімшелеріне ауыстырды. 1944 жылы 22 желтоқсанда Тасалимов Абиджан Кемерово қаласына көмір өндіруге жіберіліп, онда кенші болып жұмыс істеді (ҚР ОМА. Қ.1361, 1 т, қ. 730, 61 і. к.б.) .

Тасалимов Абиджан 1946 жылы 20 сәуірде жоспарды асыра орындап, арақпен бірге тамақ алғаннан кейін қашуға шешім қабылдады. Ішімдік ішіп отырып, ол үйінен хат алды, онда ағасы қайтыс болғанын және оның отбасының жағдайы өте ауыр екенін білді. Мұның бәрі оның үйге бару туралы шешіміне әсер етті. Бірақ ол жолда ұсталды (ҚР ОМА. Қ.1361, 1 т, і. 730, 62 б.). 1941 жылғы 26 желтоқсандағы Жарлықтың негізінде Тасалимов Әбиджан 6 жылға бас бостандығынан айырылды (ҚР ОМА. Қ.1361, 1 т,  і. 730, 63 б.  к.б.).

Жоғарыда аталған әскери тұтқындардың көпшілігін тұтқынға алынғаны, қоршауға алынғаны немесе жараланғаны біріктіреді. Аталмыш әскери тұтқындардың Еуропадағы немесе немістер басып алған бұрынғы аумақтарда сүзгілеу лагерьлерінде болған кезде кеңес офицерлері олардан айқын қылмыстарды таппағанына сүйенсек, олар жай ғана қара жұмысты атқарған «Хиви» ретінде пайдаланылған болуы мүмкін  («ерікті көмекшілер»).

Германиядағы әскери тұтқындардың қиын өмірін бастан кешіргеннен кейін, олар Кеңес Одағында көмір шахталарында немесе қорғаныс кәсіпорнында күніне сегіз сағат, аптасына жеті күн, үйінен және туыстарынан алыс жерде жұмыс істеуге мәжбүр болды. Сондықтан олар әлі шахталарда жұмыс істейтіндерін біліп, жұмыс орнынан қашуға бел буады. Олардың бір бөлігі Алматының жанынан өтіп бара жатқанда ұсталды, ал басқаларын Алматы облысының ІІМ әскери трибуналына соттауға жіберді. Бірақ олардың барлығы соттың ашық отырысында айыптаусыз және қорғаусыз сотталып, жұмыс орнынан қашқаны үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды.

 

Нұрлан Оспанов

 Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғылыми қызметкері,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы

e-mail: osp_nurlan@mail.ru

Фотосуретке дереккөз: https://www.google.com/search?q=soviet+war+prisoners+in+factories+and+mines&sxsrf=ALiCzsbA4mto8DUC6XWOnpBbJvOulWcjBA:1656673358289&source=lnms&tbm=isch&sa=X&ved=2ahUKEwiy6p2Yxdf4AhUDjosKHTsOD80Q_AUoAXoECAEQAw&biw=1920&bih=969&dpr=1#imgrc=kIxhGZHpJiNHXM