ҚР Президенті Қ.К. Тоқаев белгілі ғалым Дүкен Мәсімханұлын туған күнімен құттықтады

910

Мемлекетіміздің басшысы Қ.К. Тоқаев Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, белгілі ақын, аудармашы, көрнекті қытайтанушы-ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  Дүкен Мәсімханұлын туған күнімен құттықтады.

 

«Өзіңізді әріптестеріңіз қарымды қаламгер, білікті ғалым, іскер азамат ретінде жақсы біледі. Ұлағатты ұстаз болып, жоғары оқу орнында шәкірттер тәрбиеледіңіз. Ұлт руханиятының және білім мен ғылымның дамуына атсалысып келесіз.

Алдағы кезеңде Отанымыздың өркендеуі жолында қажырлы еңбек сіңіріп, іргелі жобаларды жүзеге асырып, абырой биігінен көріне бересіз деген сенімдемін» деген өзінің құттықтауында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.

Президенттің құттықтауын Алматы қаласы әкімінің орынбасары А.О.Қырықбаев ресми түрде табыс етті.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылында тарихи отанына оралған Дүкен Мәсімханұлы 29 жыл бойы еліміздің ғылым, білім саласында табан аудармай қызмет етіп, неше жүздеген қытайтанушы және қытай тілінің мамандарын тәрбиелеп, тәуелсіз Қазақстандағы қытайтану ғылымының қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосып келеді.