ҚЫТАЙДАҒЫ ҰЙҒЫР МӘСЕЛЕСІ

1634

Ұйғыр мәселесі – қазіргі кездегі саясаттану және халықаралық қатынастар теориясындағы өзекті мәселелер қатарына жатады. ХХІ ғасырда өзінің тез экономикалық қарқынды дамуымен ерекшеленетін ҚХР-ның өз ішінде біраз күрделі мәселелер тобы қарастырылады. Ұйғыр мәселесінің қазіргі кезде өзекті болуының себебі:

– Қытайдағы этникалық қайшылықтардың туындауы, ханьдіктер мен этникалық азшылықтар арасындағы жанжалдар;

– Ұйғыр мәселесінің сепаратистік бағытта дамуы, осының салдарынан қытай қоғамында туындайтын проблемалар, ең алдымен ұлттық сепаратизм мәселесі;

– Тәуелсіздікті кез-келген жолмен алу саясаты немесе экстремистік, террорлық акциялардың белең алуы,

– осылардың барлығын біріктіргенде, Қытайдың ұлттық біртұтастылығына, оның қауіпсізігіне және мемлекеттілігіне зор қауіптің пайда болуы.

ХІХ ғасырда Якуб-бек бастаған көтерілістен бастап 1933 ж. Шығыс Түркістан Түрік-Ислам Республикасының, 1944 ж. Шығыс Түркістан Республикасының, 1955 ж. Шыңжан Ұйғыр Автономдық Ауданының құрылуына дейін де, қазіргі кезде де ұйғырлар өздерінің тәуелсіз мемлекетін құруды мақсат етеді. Алайда бүгінгі күні ол бейбіт жолмен емес, сепаратистік, экстремистік, тіпті террористік актілер арқылы іске асыруға бетбұрыс алды.

Кез-келген халықтың жеке дара мемлекет құруға талаптануы – табиғи құбылыс. Дегенмен, адамзатқа қауіп төндіретін «үш қастандық» әрекеттерінің қолданылуы тиісті мақсатқа жеткізе қояр ма екен деген сұрақ туындайды. Немесе қытай қоғамының өзі осыған итермеледі ме? Ғасырлар бойы пісіпжетіліп, қазіргі таңда өзінің шарықтау шегіне жеткен Қытайдағы ұйғыр мәселесі, Қытайдың өзінде де, тіпті Орталық Азия аймағында да ең күрделі мәселелер қатарына жатады. Себебі аталған проблеманың Қытайдың қауіпсіздігіне, мемлекеттілігіне, территориалдық тұтастығына қауіп төндіруі; сонымен қатар Орталық Азия мемлекеттері мен Қытай қарым-қатынастарына кері әсер етуші факторлардың біріне айналу мүмкіндігінің бар екенін ешкім жоққа шығармайды.

Қытайдағы ұйғыр мәселесін қарастыру барысында ұйғыр этногенезінің және ұйғыр мемлекетінің қалыптасу үрдісін айналып өту мүмкін емес.

Түрік қағанатының құрамына бірнеше түрлі тайпалық одақтар кіргені белгілі, соның бірі – тоғыз-оғыз, ұйғырлар тайпалық одағын атап өтуге болады. Тарихта ұйғыр мемлекетінің құрылуын VIII ғасырдың орта шеніне жатқызады. Батыс аймақтағы ұйғыр мемлекеті Гаочэ (Гаогюй) Жужань империясынан бөлініп шыққан теле тайпасының өкілдерінен құрылды. Мемлекеттің маңыздылығы мынада: ең алдымен бұл мемлекет ежелгі ұйғыр тайпасынан негізделді; екіншіден, мемлекет территориясы қазіргі кездегі Шыңжанда орналасқан болатын; үшіншіден тіпті 546 ж. мемлекеттің құлдырауына қарамастан, ол Солтүстік Вэй мемлекетімен тығыз байланыста бола отырып, жужжандардың ықпалынан еркін еді. 745 ж. Ұйғыр қағанаты құрылды. Оның құрымына 9 оғыз тайпалары кірді. Ұйғыр қағанатының бүкіл құрылымы тайпалар конфедерациясын құрады және мұндағы барлық тайпалар тең құқылы, тең дәрежелі болды. Қағанаттың жоғарғы органы – «тоғыз уәзір» немесе «бұйрықтар» кеңесі болды. Мемлекет сыртқы саясатында бейбіт және тыныш өмірді қалады. Осындай мақсатта Пэйло Қытайдың вассалитетін мойындап отырды. Оның ұлы Моянчур Гэлэ-хан Қытай императорына лоялдылық танытқаны үшін сыйлықтар алып отырды. Кейін Тан империясы өзінің Орталық Азиядағы күшін жоғалта бастады. Империяға қарсы көптеген көтерілістер болып тұрды. Ань Лушань көтерілісі кезінде ұйғырлар императорға әскери көмек берді. Бұл шайқаста ұйғырлардың тонгра тайпасын ойсырата жеңгені үшін олар жылына 20 мың бөлік жібек алып тұратын болды. 758 ж. император ұйғыр қағанының хандық титулын мойындағаннан кейін, оған өз қызын принцесса Нингоны береді де, өзі болса ұйғырдың князь әйеліне үйленеді. Бұл арқылы Тан империясы мен Ұйғыр қағанатының арасындағы тең құқылық мәртебе анықталған болатын /1/. Ұйғыр мемлекеті өзінің жан-жақтағы көршілес мемлекеттерін жаулап ала бастады. Қидандардың ерікті түрде берілуі шығыстағы шекараны нығайтты, ал 758 ж. қырғыздарды жеңген еді. Батыс шекараларында ұйғыр ықпалы протекторат деңгейінде болды. 766-767 жж. Ұйғыр мемлекеті манихейлік дінді қабылдады. Діннің ұйғыр мемлекетіне маңызы зор еді. Манихейлікті қабылдауы ұйғырлардың батыс мәдениетіне үйренуіне әкелді, олардың өмірін түбегейлі өзгеріске ұшыратты: қолөнер, жер өңдеу және сауда кәсіптерінің кең таралуына себепші болды. Ұйғырларда жазу, соғды тіліндегі алғашқы ұйғыр алфавиті пайда болды. 820 ж. қырғыз билеушісі Ажю ұйғырлармен соғыс бастап, ұйғырлар жеңіліске ұшырады. Ұйғыр қағанатының құлауымен, ұйғыр этносының да жан-жаққа тарап кетуі белең алды. Яглакар Панлетегин бастаған ұйғырлар бөлігі батысқа қарай қоныс аударды, Кучу мен Бешбалықты мекен етіп, 866 ж. Турфанды жаулап алып, барлық тайпаларын бағындырды, осылайша бір уақытта бірнеше феодалдық мемлекеттер құрылды: Турфан хандығы, Ганьчжоу князьдігі және Қарахан мемлекеті /2/. Өгей-хан бастаған ұйғырлардың өзге тобы оңтүстікке көшті (Қытай солтүстігіндегі Хэбэй және Шаньси аудандарына). Бұл топтың өмір сүруі қиынға соқты. Тайпалар басшылары арасындағы жанжалдар, олардың алауыздығын тудырып, нәтижесінде мүлдем бытыраңқылығына әкеліп соқты.

Моңғолдар шапқыншылықтары кезінде батыс аймақтағы ұйғыр мемлекеттері (Турфан хандығы, Ганьчжоу князьдігі және Қарахан мемлекеті) моңғолдардың вассалитетін мойындап, кейін өздері ерікті түрде моңғол империясына қосылды. Моңғол империясы өз күшін жоя бастаған кезеңде, Шығыс Түркістан жерлері (оның ішінде оңтүстікте – Ферғана, шығыста – Қашқар мен Турфан) Моғолстан империясының құрамында болды. ХIV-XV ғ.ғ. Моғолстан мемлекеті бүкіл Турфан оазисін жаулап алды. Моғолстан империясына бәсекелес мемлекеттердің бірі ойрат тайпаларының Жоңғария мемлекеті болды. Мықты мемлекет құруды мақсат еткен жоңғарлар, батыс аймақтарда жаңа көші-қон жерлерін, әрі мемлекеттің экономикалық негізін қалау үшін Шығыс Түркістан князьдіктеріне басып алушылық саясатын бастады. 1680 ж. Шығыс Түркістан жеріндегі гегемония Жоңғар хандығының билігіне шоғырланды. Алайда жоңғар мемлекетінің қуаттылығына қарамастан, Шығыс Түркістан жерлері толығымен ойраттар-дың қолында болды десек қателескен болар едік. Себебі бұл аймақта өзінің жеке мүдделері бар Цин империясы, Қазақ хандығы және Ресей империясы Жоңғар мемлекетінің басты қарсыластары болатын. Цин мемлекеті өзінің күшеюі кезінде Шығыс Түркістанды қиындықсыз басып алды. Қоңтайшы Халдан-Цереннің өлімінен кейін 1745 ж. Шығыс Түркістан қалаларының көпшілігі жоңғар хандарының билігін мойындаудан бас тартты, ал Турфан князьдігі Цин билеушісі Цзяньлун сюзеренитетін қабылдады. 1750-1751 ж. Тибет, 1755-1758 жж. Жоңғария мен Қашқария жерлеріне Цин империясының жаулап алушылық ісәрекеттері қарқынды жүрді. Алайда тек 1759 ж. ғана Қашқарды толығымен бағындырды. Қашқария мен Жоңғария манчжурлар өкілдері басқаратын 6 аймақтық округке бөлінді. Кейбір қалалар мен ауылдарды мұрагерлікке қалған бектер басқаратын болды. Алайда олардың да билігі өте шектеулі еді, себебі оларды манчжур шенеуніктері бақылап отырды. Жоңғария және Қашқария территориясына «Шыңжан» яғни «Жаңа шекара» деген атау берілді /3/. Аталған территория-лардың Цин үкіметінің қарамағына өтуін тек Цин империясының күштілігімен сипаттауға болмайды. Оған себеп болған ұйғыр мемлекетінің өз ішіндегі алауыздығы болды. Діннің екі қарама-қайшы сектасында болған ұйғырлар: «белогорские» және «черногорские» болып бөліне отырып, кез-келген оқиға бойынша бір-біріне ең басты қарсыластар болып табылды. Мысалы: «Белогорец жасаған іс-әрекетті, черногорец мүлдем керісінше жасайды». Шығыс Түркістанда черногор партиясы жоңғарлар мен қытайларға қарсы ұлтазаттық қозғалыстар бастаған кезде, белогор партиясы Қытайдың жергілікті билеушілері мен шенеуніктерінің жағына шықты. 1758 ж. белогор партиясы қуғындалып, өздерінің тарихи Отандарын қорғау және дербес мемлекетке айналу қозғалысына бет алған уақытта, черногор партиясы олардың оппоненттері болып қалды. Қазіргі кездің өзінде белогорлықтар патриоттар ретінде танылады да, ал Қытайдың ұйғырларды шеттету саясаты екеуіне де ортақ болғандықтан, черногорлар қазіргі әлемдік тәртіпті қолдаушылар болып саналады /4/.

Осындай қарама-қайшылықтың салдарынан, Цин империясы екі партияның арасында «арбитр» қызметін атқара отырып, өзінің мүдделік саясатын іске асырып отырды.

ХІХ ғасырдың 20 жж. Шыңжандағы цин басшылығына қарсы жаңа қозғалыстар басталды. Көтерілісті белогор партиясының өкілі Джангир ходжа басқарды. Цин үкіметіне қарсы күреске дайындалу барысында мұсылман мемлекеттерінің блогын құруға талпынады. Өзінің өкілдерін Қоқанд, Бұхар, Хива, Құндыз, Бадахшан жерлеріне жібереді. Бұл ретте оның қол астына бүкіл Орта Азия халықтарының өкілдері шоғырлана бастағанын атап өту қажет /5/. Джангир көптеген Шығыс Түркістан жерлерін өзіне бағындырып, сеид титулына ие болды. Алайда 1826 ж. 70 мыңдық цин әскері ұйғыр әскеріне шабуыл жасап, оларға үлкен соққы берді. Джангир әскері жеңіліске ұшырап, оның орнына аймақтың билеушісі ретінде Исакван тағайындалды. Бұл көтерілістің жеңіліске тап болғанына қарамастан, оның өзіндік мәні мен маңызы болды: біріншіден, аймақтың мұсылмандық бөлігі циндерге қарсы күресте ең алғаш рет «қасиетті соғыс» ұранымен біріккен болатын. Екіншіден, Циндерге қарсы ешкім тұра алмайды деген жалған көзқарас жоғалды, және ұйғыр халқы өздерінің қорғаушы күші – нақ олардың бірігуі екендігін түсінген болатын /6/.

Шыңжан аймағындағы келесі оқиғалар осының дәлелі болып табылады. Антициндік қозғалыстар мұнан ары қарай да өз жалғасын тапты. 1864 ж. болған көтеріліске ұйғырлар ғана емес, сонымен қатар дүнген, қазақ, қырғыз халықтарының өкілдері де қатысты. Бұл көтеріліс газавата діни ұранымен болды. Алайда олардың басшысы ортодаксал мұсылман дін басшыларының өкілі «қасиетті соғысты» өзінің жеке мүдделері есебінде пайдаланғысы келді. Ислам атын жамыла отырып, цин үкіметін жоюды ғана емес, сондай-ақ бүкіл қытай халқын жоюды ең алдыңғы орынға қойды /7/.

ХІХ ғасырдағы ұйғыр, дүнген, қазақ, қырғыз халықтарының Шығыс Түркістан өлкесіндегі көтерілістерінің нәтижесінде, бұл аймақта бірнеше дербес мемлекетттер құрылды: Йэттишар хандығы, Тараншы хандығы, Дүнген сұлтанаты. Аталғандардың ішіндегі ең қуаттысы – Йэттишар мемлекеті болды. Оның басшысы – Якуб-бек болды. Якуб-бек өз саясатында циндіктерге, сонымен қатар Ресей империясына қарсы бағытты ұстанды. 1870-1871 жж. ол Үрімші және Манас қалаларын басып алып, Дүнген сұлтанатын өзіне бағындырды. Тараншы хандығымен тығыз байланыстар орнатып отырды.

Ресей империясының оңтүстігінде мұсылман мемлекеттерінің құрылуы ХІХ ғ. 70 жж. Орталық Азиядағы күштер арасалмағын өзгерте бастады. Ал бұл жағдай өз кезегінде Ресейдің Шыңжанда болып жатқан оқиғаларға белсенді түрде араласуын туғызды. Йэттишар мемлекеті билігінің күшеюі түркістан генерал губернаторы К.П.Кауфман үкіметке Шыңжандағы оқиғаға араласпау саясатын өзгертуді ұсынды. Канцлер Горчаковқа жазған хатында: «біз өзіміздің ортаазиялық иеліктеріміз үшін де, Батыс Қытаймен сауданы қалпына келтіру үшін де Қытайға көмек беруіміз қажет», – деп жазған болатын.

1873 ж. Якуб-бектің Константино-польге жіберген өкілі Саид-Якуб-хан-төре мен Турция сұлтаны Абул-Азиз арасында келісім-шартқа қол қойылды. Аталған келісім-шарттың негізінде Турция Йэттишар мемлекеттінің қолдаушысы болды, ал Якуб-бек болса «әмір» титулына ие болды, яғни Турцияның Қашқарияға сюзеренитеті мойындалды. Англия да Якуб-бекпен арадағы қатынастарды жақсартуға кірісті. Англияның мақсаты, Йэттишар мемлекеті арқылы Орта Азияға «жол ашу» және бұл аймақтағы Ресей ықпалын әлсірету болды. Уақыт өте, Якуб-бек Турцияның да, Англияның да Йэттишарға жасап отырған көмегінен, өздерінің жеке мүдделері бар екендігіне көз жеткізді. Алайда бұл тым кеш болатын, себебі цин империясы Батысқа жорығын бастап, ондағы территорияларды қайтадан өзіне қайтара бастады. Цин үкіметі кезінде Шығыс Түркістандағы билік толығымен Қытайдың қолында болды және цин басшылығы мұнда өте қатаң саясат жүргізіп отырды. Осы жағдай Қытай құрамында Шыңжан аймағының сақталуына себеп болды.

Қытайдың ежелгі замандағы тарихында болсын, орта кезеңдегі тарихында болсын қытайлықтардың этноцентризм идеясы басымдылыққа ие болды. Қытайлықтар өзге халықтарды «варварлар» ретінде қарастырып, жаулап алғандарын вассалдықта, кейін өз мемлекеттінің территориясы ретінде ұстауға тырысты. Бұл идея жаңа замандағы жартылай феодалды, жартылай отарлы Қытайға да тән болды. Қытай басшылығы этноцентризм идеясын «и и чжи и» яғни «варварларды варварлар арқылы бақылау» деп аталатын әдіспен жүргізіп отырды.

ХХ ғасырда бұл көзқарас өзгеріске ұшырады. Себебі, қытай қоғамындағы жағдайдың өзі осыны талап етті. 1911 ж. болған антиимпериалистік Синьхай революциясы ұлттық мәселе жөніндегі Гоминьдан саясатының бағыттарына кейбір өзгертулер енгізді. Синьхай революциясы кезеңінде «У цзу гунхэ» атты яғни «Бес ұлттар Республикасы» (ханьдіктер, манчжурлар, моңғолдар, мұсылмандар, тибеттіктер) деп аталатын доктрина туындады. Бұл доктринаның бекітілуі, барлық Гоминьдандықтардың оны сөзсіз қабылдайтындығын дәлелдеген жоқ.

Сунь Ятсен, партия мен мемлекеттің негізгі идеологы ретінде, аталған доктринамен келісуге мәжбүр болды. Алайда ол Қытайдың полиэтникалық мемлекеттен бір ұлттық мемлекетке айналуын көздейтіндердің бірі болды. Сунь Ятсен концепциясы «чжунхуа минцзу» («біртұтас қытай ұлты») бойынша, Қытай мемлекеті мәдени және шаруашылық өмірі бірыңғай, әр түрлі этникалық компоненттерден тұратын мемлекетке айналуы тиіс деп есептеді. Алайда біраз уақыттан соң Сунь Ятсен көзқарасы өзгереді. Ол «Біртұтас Қытайлық ұлт» деп аталатын концепциясының жүзеге асуы мүмкін емес деген тұжырымға келеді. Себебі Қытайдағы өзге ұлттар өздерінің сепаратистік көңіл-күйлерін таныта отырып, мемлекеттің біртұтастығына қауіп төндіреді деп есептеді /8/. Яғни ол өзінің алғашқы «чжунхуа минцзу» концепция-сынан бас тартады (дезавуирование). 1923 ж. Сунь Ятсенннің келесі концепциясы жарыққа шығады. Оның мәні: қытай қоғамында ханьдіктерге басымдылық таныту, ал өзге ұлттарды «екінші сорттағыларға» жатқызу керек делінеді.

ҚХР-ның этникалық азшылықтарға қатысты саясаты Қытай Коммунистік Партиясы ұлттық саясаты концепциясының қалыптасуының бірінші кезеңі – 1921-1930 жж. бұл кезеңге Қытай Компартиясының Кеңес Одағы тәжірибесіне, оның саяси жүйесіне негізделуі тән. ҚКП ұлттық саясатының концептуалды базасы ретінде И.Сталин еңбектерін қарастыруға болады: «ұлттық мәселені пролетарлық революцияның негізгі бөлігі ретінде қарастыру, мемлекеттегі түрлі этностардың әлеуметтік, экономикалық, саяси және мәдени дамуын бір деңгейге жеткізу, яғни ең дамыған этнос деңгейіне көтеру, империализммен ұдайы күресу, барлық ұлттардың теңдігін тану жөніндегі декларация, этностардың өзін-өзі анықтау құқы және т.б.» /9/.

Алайда ҚКП өзінің ресми құжаттарында Сунь Ятсен концепциясын басшылықққа алып отырды. ХХ ғ. 20-30 жж. Қытайдағы ұлттықмемлекеттік құрылымның 3 сатылы жоспары қабылданды:

  1. Қытайды нағыз демократиялық республикаға біріктіру;
  2. Моңғолия, Тибет, Шыңжанға автономияберу және олардың автономды демократиялық бірліктерге айналуына ықпалдастық білдіру;
  3. аталған бірліктермен Қытайды еркін одаққа біріктіру және оның нәтижесінде Қытай Федеративті Республикасын құру /9, 105б/.

Бұл бағдарламада Қытайдағы ұлттар өкілдерінің өзін-өзі анықтау құқығы туралы сөз болған жоқ. Ханьдік емес халықтардың өзін-өзі анықтау құқығы 20 жж. ҚКП Бағдарламасының мәтінінде ресми түрде көрсетілген болатын. Ол 1923 ж. ҚКП-ның ІІІ съезінде бекітілді. Құжат бойынша, Қытайдағы өзге ұлт өкілдеріне өзінөзі анықтау құқы берілді /10/.

30 жж. ұлттық өзін-өзі анықтау құқығы бойынша 1931-1934 жж. Бүкілқытайлық съезде қабылданған құжаттар болды. Алайда осы қағиданы сипаттаған Мао Цзэдун, ҚКП-ның ұлттық азшылықтарға қатысты саясаты Қытай Кеңес Республикасын қоршаған ұлттық азшылықтар тарапынан империализммен, Гоминьданмен күресуде қолдау табу үшін жүзеге асырылып отырғандығын мойындады.

1938-1949 жж. аралығы екінші кезеңді құрайды. Бұл кезеңде ҚКП ұлттық азшылықтарға қатысты саясатының бағыттарын өзінше анықтаған болатын, яғни бірінші кезеңде КСРО-дағы тәжірибеге сүйенсе, енді өзіндік бағыт қалыптастырды. 1938 ж. ҚКП Орталық Комитетінің VI пленумында сөз сөйлеген Мао Цзэдун, компромистік вариантты ұсынды: «моңғолдар, мұсылмандар, тибеттіктер, мяо, я, фань – Қытайдағы барлық ұлттарға ханьдіктермен тең дәрежелі құқықтар беру. Олардың өз істерін өздері жүргізуіне құқық беру, сонымен қатар оларға ханьдіктермен ортақ мемлекет құру керек» /11/. Қытай Компартиясын бұл әрекетке итермелеген оқиғалардың бірі – Қытайдың Шыңжан ауданындағы КСРО ықпалының күшеюі болып табылады.

1946 ж. бастап аудандық-ұлттық автономия қағидалары қалыптаса бастады. ҚКП Орталық Комитетінің телеграммасында: «Мемлекетті бейбіт жолмен дамыту мақсатында Қытайдағы ұлттарға тең дәрежелі автономды құқықтар беру қажет. Алайда өзін-өзі анықтау туралы ұран көтерудің қажеттілігі жоқ» /11, 5б/.

1949-1957 жж. үшінші кезең жылдары болып табылады. 1949 ж. қыркүйекте ҚКП ұлттық азшылықтар туралы «Жалпы бағдарлама» қабылдады. ҚХР-да тұратын ұлттардың теңқұқылығы, олардың империализм және ішкі жаулармен күресуде бірігуі, дискриминация, зорлық-зомбылыққа жол бермеу, ұлтшылдықпен және шовинизммен күресу, ұлттық азшылықтарға Қытайдың ұлт-азаттық армиясына кіруіне және қоғамдық қауіпсіздіктің жергілікті күштерін құруға рұқсат етілді. Ұлттық-мемлекеттік құрылымның формасы мен ұлттық мәселені шешу әдісі ретінде аудандық-ұлттық автономия мәселесі қарастырылды. Ұлттық азшылықтарға сонымен қатар өз тілін дамытуға, әдетғұрыптарын сақтау немесе өзгертуге, дінге сенуіне еркіндік берілді. Осы құжаттың 9-бабына сәйкес, Қытайдағы әр түрлі ұлттардың автономдық аудандары ҚХР-ның ажырамас бөлігі болып табылады.

1958-1978 жж. төртінші кезең жылдарының өзіндік ерекшелігі, ҚКП ҚХР-дағы ұлттық мәселелер бойынша алдыңғы кезеңде қабылдаған концепцияларын теория жүзінде сақтағанымен, іс жүзінде концепцияға мүлдем қарама-қайшы іс әрекеттер жасап отырады. Яғни ұлттық аудандардың кез-келгенін орталық биліктің қатаң билігіне бағындыру саясатын ұстанады. Осы кезеңде Қытай өзінің «халықтық коммуна» деп аталатын саяси бағытын жүзеге асырады. Нәтижесінде ШҰАА-да тұратын этникалық топтардың тайпалық және кландық байланыстары бұзылады, ұлттық ерекшеліктері мен құндылықтары ұмытыла бастайды, мемлекеттің арзан жұмысшы күшіне айналады. Қытай Компартиясы жүргізіп отырған бағдарламадан бас тартқан адам, аштықтан өлуге жазаланды. Бұл жағдай 1978 ж. ҚХР жаңа Конституция қабылдағаннан кейін тоқтатылады. Конституция бойынша Қытайдың көпұлтты мемлекет сипаты ерекшеленіп айтылды. Ұлттар теңқұқылығы, өз тілін., өзі таңдаған дін жолында, ұлттық автономиялардың өзін-өзі басқару құқында бостандыққа ие болады.

Осылайша 70 жж. аяғында ҚХР ұлттық саясатының эволюциясы тұрақтанады. Жаңа кезеңнен бастап ҚХР-дың ұлттық аудандары өзінің «ревизионизммен күрестегі форпост» ретіндегі сипатынан арылып, ендігі кезекте бүкіл Қытайдың «тағдыры тәуелді болатын» тең құқылы провинциялар ретінде қарастырылады. Мемлекеттің социалистік жаңарған державаға айналуы үшін ұлттық азшылықтардың әлеуметтік белсенділігін арттыру басымдылықтар қатарына жатады. Осы жоспарды іске асыру үшін:

  1. ұлттық азшылықтардың бірігуі;
  2. барлық этностардың өмір сүру деңгейін жақсарту мақсатында, оларға мемлекет тарапынан экономика және мәдениет салысында жәрдем беру қарастырылады.

1980 ж. сәуірдегі жиында халықтар жөніндегі мемлекеттік комитет председателі Ян Цзинжэнь аудандық-ұлттық автономияны жетілдіру мақсатында төмендегідей ісшараларды қарастыру қажет деп тапты:

  • ұлттық автономия органдары ұлттық автономияны құрайтын ұлттың мамандарынан құрылуы керек;
  • автономияларда сол ұлттың тілі қолданылуы тиіс;
  • автономиялардағы барлық әрекеттер ұлттық және аймақтық ерекшеліктерге сай жүзеге асырылуы керек;
  • автономиялардың құқықтық-нормативтік актілері, өзіндік заңдарын шығаруға болады, бірақ ол ҚХР Конституциясы мен заңдарына қайшы келмеуі тиіс;
  • автономдық құрылымдар өз территориясындағы орман, егістік даласынан, табиғи ресурстарынан түскен пайданың көп бөлігін жергілікті халықтың алу құқығы болады;
  • шекаралық аймақтардағы автономдық аудандар шекаралық сауда жасау құқығына ие;
  • автономдық құрылымдар сол этностың мәдениетін, ғылымын, білімін дамытуға міндетті;
  • егер орталық билік автономдық ауданға сол аймақтың жағдайына сәйкес келмейтін немесе қайшы келетін бұйрықтар жіберсе, онда аудан ол бұйрықты орындамауға немесе оны өзгертіп орындауына болады, бірақ орталықпен келісілген болуы керек /12/. 1982 ж. желтоқсанда ҚХР-ның жаңа Конституциясы қабылданады. Конституция ҚХР-дағы ұлттық азшылықтардың 50-жж. құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіреді. 1984 ж. 1 қазанда «ҚХР-ның аудандық-ұлттық автономиясы туралы» заң күшіне енді. Оның негізіне билік органдарының қызметі кірді. 67 баптан тұратын заң ұлттық аудандарға ортақ Қытай шеңберінде олардың тәуелсіз дамуына барлық құқықтарды берді. Аталған заңда теориялық тұрғыдан көп жаңалықтар болған жоқ, негізінен ол ҚКП бұған дейін де бекіткен концепцияларына сүйенді.

1990 жж. ұлттық мәселе бойынша нақты концептуалды әдістер жетілдірілді. Көпұлтты мемлекет жағдайында «ұлттық теңқұқылық» де-юре принципінің басымдылығы анықталды. Бұл тұрғыдан ұлтаралық ауызбіршілікті және мемлекеттің тұтастығына қауіп төндірмеу мақсатында, жеке этностардың өзіндік ерекшеліктерін ескеру, оларға автономия құқығын беру, орталықтан басқарылатын билікті сақтай отырып, жергілікті басқару органдарының өкілеттігін арттыру қажеттілігі мойындалды. Осы кезеңде Қытайдың ішкі аудандары мен шекаралық аудандары арасындағы диспропорционалдық дамуды қалпына келтіру үшін «Ұлттық азшылықтардың экономикалық және мәдени дамуын жеделдету» бағдарламалары алдыңғы қатарға шықты. Осы мәселені шешу мақсатында ҚКП мынадай екі басты аспектілерді жүзеге асыру керектігін дәлелдеді:

  1. ұлттық кадрлық қызметкерлерді, ұлттықазшылықтар ішінен жұмысшылар мен қызметкерлерді, ғылыми-техникалық мамандарды қажетті мөлшерде және идеялықсаяси сапада дайындау;
  2. ҚКП құрылымдық реформаларының, оның ішінде кадрлық корпус реформасына қатысты мәселелерді шешу.

Қытай Халық Республикасының этникалық азшылықтарға қатысты саясаты ХХ ғасырдан бастап концептуалдық сипатқа ие бола бастады. Бастапқыда ұлттық аудандарға автономдылық берудің өзіне зор күмәнмен қарағанымен, Қытай Компартиясы ұстанған позициясын аз да болса өзгертті. Себебі қазіргі таңда ресми түрде Қытайдағы ұлттық азшылықтардың демократиялық құндылықтары, оның ішінде сөз бостандығы, мәдениеті мен рухани құндылықтарын дамыту, жалпы өзін-өзі анықтау құқықтары мойындалады деп есептеледі. ҚХР Конституциясы бойынша Қытай орталықтан басқарылатын мемлекет болып табылады. Ал оның автономдық аудандары ҚХР-ның ажырамас бөлігі.

Қытайдағы ұйғыр мәселесі Өзінің классикалық мағынасында сепаратизм – бөлектенуге, оқшаулануға тырысу, территория бөлігін бөлу үшін қозғалыстар ұйымдастыру немесе сол территорияның тәуелсіздігі немесе автономиясы жолында күресу. Халықаралық құқықтық құжаттарда халықтардың өзін-өзі анықтау құқығы, мемлекетті мекендейтін өзге халыққа зардап тигізбей өздерінің басқару жүйесін қалыптастыруға құқылы болу деп анықталған. Ал сепаратизм болса, ол жеке этномәдени қауымдастықтың мемлекеттілігін құру үшін өмір сүріп жатқан жүйеден шығу немесе оны бұзу ретінде қарастырылады. Сепаратистер үшін өзін-өзі анықтау – ортақ мемлекеттен бөлектену, саяси және мәдени бөліну болып табылады /13/.

Қытайдағы этникалық сепаратизмнің белсенді үрдіске айналуына сыртқы факторлардың да ықпалы болды. КСРО-ның тәуелсіз мемлекеттерге ыдырауы, этникалық жанжалдардың осы мемлекеттерде де, сонымен қатар Шығыс Еуропада да шиеленісуі, ислам әлемінің консолидациясы, этникалық сепаратизмге қатысты әлемдік қауымдастықтың либералдық позициясы, өзінің саяси мақсаттарына жетуде террорлық актілердің кеңінен қолданылуы, терроризмнің интернационализациялануы – осының барлығы Шыңжандағы «ұйғыр сепаратизмі» механизмінің қолданысқа енуіне өз септігін тигізді.

Аталған сепаратизм түрі Шыңжандағы тұрақтылыққа кері әсер етуші процес болып табылады /14/. Осы тұжырыммен келісуге болады, себебі:

– Шыңжан халқының басым көпшілігін ұйғырлар құрайды.

– өзге ханьдік емес топтармен салыстырғанда ұйғырлардың көбі билік және басқару органдарындағы қызметте.

– ұйғыр ұйымдарының мақсаты «тәуелсіздік жолындағы күрес» және Шығыс Түркістан немесе Ұйғырстан тәуелсіз мемлекеттерін құру деп танылады.

– ШҰАА-ның ұйғырларына дін мен исламдық әдет-ғұрыптың ықпалы мол

– ҚХР ШҰАА-нан басқа аймақтарда тұратын ұйғыр диаспорасы халықаралық ұйымдармен және өздерінің ШҰАА-дағы отандастарымен тығыз байланыста.

Қытайлықтар Шыңжандағы сепаратистік актілерді Орталық Азия мемлекеттер территориясындағы антиқытайлық ұйымдардың қызметімен байланыстырады.

Автономдық аудандардағы экстремистік акциялардың қарқынды түрде өсуін Құлжа қаласынындағы экстремистік топтың өкілі былай деп түсіндіреді: Бұл ұйымның лидерлері өз іс-әрекеттерінің болашағы жоқ екендігіне көз жеткізгеннен кейін әлемдік қауымдастықтың назарын «шыңжан мәселесіне» аударту мақсатында террорлық актілерге дейін барды, дейді /15/.

Соңғы жылдары ұйғыр сепаратистік топтарының әрекеттері ҚХР шекарасынан басқа аймақтарда да белсенді түрде жүруде. Олар өзге сепаратистік топтармен де, сондай-ақ шетелдердегі Пекинге қарсы күштермен де байланыстарын кеңейтуде.

Дегенмен, қазіргі әлемдегі этникалық фактордың өзекті мәселелер қатарында екендігіне байланысты Орталық Азия мемлекеттері мен Қытай үшін мынадай болжамдар жасауға болады:

– ҚХР Шыңжан ауданындағы қоғамдықсаяси жағдайдың күрделі болуы, сепаратистік көңіл-күйдің өршуі, ұйғыр халқының ұлттық қозғалыстарының кең етек жаюы;

– Ұйғыр ұлтының этникалық жанжалдарға араласуының кеңеюі мен осы қозғалыстардың халықаралық терроризм желісіне қосылуы;

– Пекиннің Шыңжан аумағындағы ханьдік емес топтарға қатысты, сонымен қатар сепаратистік тенденцияларды қолдап отырған мемлекеттерге, топтарға қатысты қатаң бағыттағы саясатын жүргізу;

– Орталық Азия мемлекеттерінің территорияларында қытай спецслужбаларының қызметін белсенді ету /16/.

Ұйғыр мәселесі Қытай басшылығын алаңдатып отырғаны белгілі. Алайда осындай кереғар көңіл-күйді, яғни сепаратистік, экстремистік актілердің шарықтауын тоқтатунемесе оны тежеу;

Қытайдың қуатты әрі, біртұтас державаға айналуы үшін ҚХР өзінің ғасырлар бойы қалыптасқан этноцентризм идеясынан бас тартуы керек. Себебі демократиялық құндылықтарды басшылыққа алу этникалық жанжалдардың туындамауына өзінің ауқымды септігін тигізетіні белгілі.

Ал Қытайдағы ұйғыр ұлтының өкілдері өздерін қоғамнан бөлектену, оқшаулану саясатынан бас тартуы керек. Себебі осындай іс-әрекеттердің нәтижесінде ШҰАА Қытайдағы дамуы жағынан артта қалған аудандардың біріне жатады. Кез-келген халықтар мен ұлт өкілдерінің тәуелсіз мемлекет құруға деген ұмтылысы ол табиғи құбылыс. Алайда оған сепаратистік, экстремистік немесе террористік актілерді қолдана отырып, әлем қауымдастығының назарын аударту арқылы жеткізу утопиялық көзқарас болып табылады. Сондықтан, шектен тыс радикалдылыққа, экстремистікке жол бермеу қажет.

Ұйғыр мәселесін шешуде ең алдымен өзінөзі анықтау принципіне сәйкес, сол этностың ұлттық ерекшеліктерін, адамдық құндылықтарын ескеру қажет.

Авторлары: А. Ж. Сауырбаев, Г. Исаева

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Гумилев Л.Н. История людей и история природы. – М.: Прогресс, 1993. С.105.
  2. Кляшторный С.Г., Колесников А.А. Восточный Туркестан глазами русских путешественников. – М., 1995. С.125-127.
  3. История Востока. Восток на рубеже средневековья и нового времени. ХVI-XVIII ғ.ғ. Т.3. С.59-594.
  4. Валиханов Ч.Ч. Избраннные произведения, С.185- 186.
  5. Тимченко С.В. Антицинская борьба народов Восточного Туркестана в первой трети ХІХ в. И Кокандское ханство, С.96-97
  6. Из истории международных отношений в Центральной Азиии. – Алма-Ата: Наука, 1990. С.136- 137.
  7. Басханов М. Политика Англии в отношении государства Якуб-бека. – В сб.: Из Из истории международных отношений в Центральной Азии. – Алма-Ата: Наука, 1990.С. 100-133.
  8. Москалев А.А. Национализм в понимании Сунь Ятсена. М.: Наука, 1985. С. 110, 125.
  9. Хакимбаев А.А. Национально-освободительное движение населения СУАР в 30-40 гг.ХХ века. – Урумчи, 1964.С.165-166.
  10. Общие сведения о СУАР.- Урумчи, 1985.С.37-38.
  11. Сталин И. Об основах ленинизма. – в сб. Вопросы ленинизма. – М.:Госполитиздат, 1953.С.100, 105.
  12. Москалев А.А. Теоретическая база национальной политики КНР (1946-1999), С.14.
  13. Межэтнические конфликты в странах зарубежного Востока/ Под ред. А.А.Празаускаса. – М.:Наука, С.60-61.
  14. Лутовинов В., Морозов Ю. Этноцентризм – чума нашего времени. – Азия и Африка сегодня, 2000, №2, С.7-8.
  15. Исследование национальных отношений в Синьцзяне. – Урумчи, 1996, С.304.
  16. «Время по Гринвичу», 7.03.1997// www.google.ru.

В даной статье авторами рассматривается вопросы этнического развития уйгуров в Китае. Авторы определяют этапы развития и становления уйгур в исторической ретроспективе. Так же авторы анализируют политику КНР в отношении малых народов.

In this article the authors touch upon some issues of ethnic development of uygurs in China. Authors define the main periods of development and settlement of uygurs in historic retrospective. Also the authors analyze policy of China to minorities.

Дереккөз: ҚазҰУ хабаршысы. Шығыстану сериясы. №2 (51). 2010