Ж.ОШАН: ТАЙВАН ЖӘНЕ ГОНКОНГ ТАРИХШЫЛАРЫНЫҢ ХХ ҒАСЫРДЫҢ БІРІНШІ ЖАРТЫСЫНДАҒЫ КСРО–ШЫҢЖАҢ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ ЖӘНЕ ШЫҢЖАҢ ҚАЗАҚТАРЫ ТАРИХЫ ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУІ

1332

Тайван мен Гонконг тарихшылары және ҚХР-да туып-өскен, бірақ шетелде білім алған әрі еркін демократиялы қоғамда ғылыми зерттеуін жалғастырып жүрген қытай диаспорасы уәкілдерін әдетте ҚХР ықпалынан сырт аймақтағы қытай тарихшысы ретінде қарастырады. Олардың аға буын уәкілдері ҚХР құрылу қарсаңында Тайван, Гонгонг сияқты жерлерге қоныс аударған адамдар саналады. Осындай тарихи жағдайға байланысты ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы КСРО – Шыңжаң қарым-қатынасы және Шыңжаң қазақтарының тарихы туралы ҚХР-нан сырт жердегі зерттеу ең алғаш Тайван ғалымдары тарапынан атқарылды.
Сонымен, Тайван тарихшыларының ең көрнекті уәкілі ретінде Чжан Дацзюнь есімі аталады. Чжан Дацзюнь 1949 жылға дейін Гоминданның Шыңжаңдағы 78 дивизияның 179-ші бригада командирі Ло Шуреннің әскери кеңесші міндетін атқаратын полковник дәрежелі офицер болған. Ол кезде 78 дивизияның командирі қосымша Дихуа (Үрімжі) гарнизонының қолбасшысы міндетін генерал-лейтенант Е Чэн атқарды. 1949 жылы Шыңжаңда «25 қыркүйектегі бейбіт көтеріліс» болғаннан кейін, Гоминдаңның әскери офицері ретінде Чжан Дацзюнь де Шыңжаңнан кетуге мәжбүр болды. Сөйтіп ол генерал-лейтенант Е Чэнмен бірге Қашқар арқылы Үндістанға жолға шықты. Пекин унверситетінің қытай әдебиеті факультетінің түлегі болған Чжан Дацзюнь басқа офицерлерге мүлде ұқсамайтын қадам жасады, ол әріптестері сияқты жиған-терген байлығын емес, Шыңжаңның архив құжаттарын көшіріп кетуді жөн санады әрі мыңдаған істен тұратын Шыңжаң архив құжаттарын оншақты түйеге артып жолға шығады. Олар Такламаканның құмдағы жазирасынан өтіп, Памир мен Кунлуннің мұзды асуларын асып, әуелі Үндістанға одан әрі Тайванға жетеді. Чжан Дацзюньның алыс сапарда көрмеген қиындығы қалмайды. Ол құжаттарды Тайванға аман жеткізу мақсатында өзінің бүкіл ақшасын жұмсайды, ақшасы таусылғаннан кейін құнды заттарын сатады. Көліктері болдырып жүрмей қалғанда киім-кешегі мен жеке заттарын жолға қалдырып кетіп отырады. Осылайша ол қаншама жол азабын, жоқшылық пен аштықты көрсе де, бір парақ құжатты шашау шығармай Тайванға аман жетеді.
Әйткенмен, Чжан Дацзюнь үшін бұл ауыр еңбектің басы ғана болған көрінеді. Ол үшін еңбектің ең машақатты түрі мен жауапкершіліктің ең үлкені Тайванға жеткен соң басталады. Чжан Дацзюнь өткен ғасырдың 50 жылдарынан бастап өзі жеткізген Шыңжаң архив құжаттары негізінде Шыңжаң тарихын жазу жұмысын бастайды. Ол Шыңжаң архив құжаттарымен қоса Гоминдаң билігі кезеңінде қалыптасқан сыртқы істер минстрлігі, қорғаныс минстрлігі, Моңғол-Тибет комитеті сынды ведомстволардың архив құжаттарын жинап, жүйелеу жұмыстарын қолға алады. Бұл құжаттарды сол дәуірде болған оқиғалардың куәсі болған адамдардың естеліктерімен, олармен жасалған жеке сұхбаттармен толықтырады. Чжан Дацзюнь ең бірінші түрлі деректер топтамасын құрастыруды қолға алып, кейін оны арнаулы тақырыптық зерттеулерімен жалғастырды. Сөйтіп, 1954 жылы «Шыңжаңдағы соңғы 40 жылда болған өзгерістер туралы жазбалар» [1], 1956 жылы «Шыңжаңдағы 40 жыл қырғын» [2], 1964 жылы «Шыңжаңдағы Іле оқиғасы және қуыршақ Түркістан Республикасының құрылуы мен күйреп құрдымға кетуі» [3], 1980 жылы «Шыңжаңдағы 70 жылдық аласапыран» (12 том) [4] т. б. көптеген еңбекті баспадан шығарады. Чжан Дацзюнь келесі бір деректік құны өте бай еңбегі «Шын Шицайдың Мәскеу мен Сталинге берген докладтары» деген атпен 1997 жылы Тайчжун қаласында баспадан шықты [5].
Чжан Дацзюньнің деректер жинағы мен зерттеулері Шыңжаң қазақтарының аталған кезеңдегі тарихын зерттеуде аса мол деректік мәліметтерді бере алады. Ол өз еңбегінде көптеген тарихи оқиғалар мен түйткілді мәселерді бұлтартпас тарихи дәлелдермен тұжырымдап көрсетуге күш салды. Автор еңбегінде тарихи мәселелерге өте ыждағаттықпен талдау жасау, тарих ғылымының ортақ қағидаларына құрметпен қарау арқылы өз зерттеу жетістігін даралап көрсете білді. Бұл жағынан ол өз әріптестерінің алдында таза ғылымның, тарихи мәселелерге ыждағаттықпен қараудың озық үлгісін көрсетіп бере алды.
Чжан Дацзюнь зерттеулерінің ғылыми нәтижесі болған бұл еңбектері ішінде «Шыңжаңдағы 70 жылдық аласапыран» атты 12 томдық еңбегі ерекше орын аладыы. Автор еңбегін өзінің Шыңжаңнан апарған архив құжаттармен бірге Қытайдың түрлі аймақтарынан Тайванға жеткізілген басқа архив құжаттар, газет-журналдар, жеке тұлғалардың ғұмырнамалары, өзінің жекелеген адамдармен жүргізген сұхбаттары қайталанбас құнды құжаттарға сүйене отырып жазды. Сондықтан айтулы еңбектің материал қоры мейілінше мол болды әрі кез келген тарихи мәселе егжей-тегжейлі зерттеліп, зерделенді. «Шыңжаңдағы 70 жылдық аласапыран» атты бұл деректер жинағына енгізілген деректер 1909 жылдан 1949 жылға дейінгі Шыңжаң тарихты баяндалған. Қазіргі кезде Чжан Дацзюньнің бұл еңбегі Шыңжаң тарихын, Шыңжаңмен оған көрші елдердің қарым-қатнасы тарихын, Шыңжаң қазақтарының тарихын зерттеудегі ең негізгі дерек кешені саналады.
Бұдан сырт Тайванда жоғары оқу орындары жанындағы ғылыми зерттеу институттарда бір қатар тақырыптық зерттеулер жүргізілді, диссертациялар қорғалды, олардың жетістіктері ғылыми мақала және ғылыми монография түрінде жарық көріп отырды.
Осы орайда Ли Синьчэннің «Ян Цзэнсинь Шыңжаңда (1912–1928 жж.)» атты еңбегі 1993 жылы Тайпейде жарық көрді [6]. Бұл еңбек Ян Цзэнсинь билік жүргізген дәуірдегі Шыңжаң тарихы, Шыңжаңның Патшалық Ресей мен Кеңес Одағы арасындағы қарым-қатынасы, қазақтардың Шыңжаңға қоныс аударуы, қазақ босқындарының қоныстануы, олардың бастан кешкен тауқыметі өзекті мәселелерді талқылаған.
Шыңжаңда Шың Шицай билік еткен кезеңдегі тарихи мәселелер Гао Сулань атты тарихшының қатысты мақалаларынанда тиянақты зерттеліп, ол бұған дейінгі зерттеулерді жүйелеп, бір арнаға түсірген. Гао Сулань зерттеулерінен мына мақалаларды атап көрсете аламыз:
«Шын Шицайдың Шыңжаңға баруы және оның билікке келу жолы (1931– 1935 жж.)» [7]; Шың Шицай және Қытай комунистік партиясы (1937–1942 жж.) [8]; 118 «Шың Шицайдың Орталық үкіметке берілуі (1942–1944)» [9]; «Соғыс жылдарында Гоминдан үкіметінің Шыңжаңға ықпалы (1942–1944 жж.)» [10].
Тайван ғалымдарының «Іле оқиғасы» («Шығыс Түркістан ұлт азаттық төңкерісі» немесе «Үш аймақ төңкерісі») туралы қатысты пайымдаулары өткен ғасырдың 40 жылдары Қытайдың заңды үкіметі болған Гоминдаң үкіметінің саяси ұстанымы негізінде қалыптасты. Әдетте олар «Іле оқиғасын» КСРО-ның саяси ойны ретінде қарастырып, осы төңіректе қалыптасқан мәселелерді өз тұрғысынан пайымдап көрсетеді. Мұндай ұқсамаған пікірді Сюй Сюжуннің «Чжан Чжичжун және Соғыстан кейінгі Шыңжаң саяси жағдайының өзгеруі (1945–1949 жж.)» [11] атты зерттеуінен толық танып-білуге болады. Чжу Цзяхуа атты келесі бір Тайван ғалымы зерттеуі де осындай пікірмен ерекшеленеді [12].
Жалпылай айтқанда Тайван зерттеушілері Шыңжаң мәселесін Қытай елінің территориялық және ұлттық мүддесі тұрғысынан қарауды маңызды орынға қойып дәріптеумен көзге түседі. Ортақ мәселеге келгенде олардың пікірі өздерінің ҚХР-дағы әріптестерімен үндесіп кететін тұстары соңғы кезде көбірек байқалып келеді.
Тайван ғалымдарының Шыңжаң мен КСРО қарым-қатынасы туралы архив құжаттары негізінде жасаған зерттеулері де аса құнды болып табылады. Себебі аталған тақырыпты анықтауға қажетті архив құжаттары қазіргі кезде ғалымдарға соншалықты қол жетімді емес. Ресейде біраз құжаттар «құпия құжат» санатына жатқызылған. Ал, ҚХР-ында ондай құжаттар ғалымдардың еркін қолданысына әлі берілген жоқ. Тайван ғалымдары зерделеп-зерттеуінде жарық көрген сондай еңбектер қатарында Таң И, Лань Мэйхуа, Чжао Чжучэн сынды авторлар құрастырған «Сыртқы істер министрлігінің архив құжаттары – Шекара істері», 3 т., «Шыңжаң бөлімі» (1–2) [13]; Цин Сяо-идің «Қытай Республикасының маңызды тарихи материалдарының алғашқы жинағы – Жапонға қарсы соғыс» 3, «Соғыс кезіндегі дипломатия» [14]; Қытай Шекара Саяси Ассоциациясы, «Шэн Шицай Шыңжаңды қалай басқарды» [15] және т. б. еңбектер бар.
Тайван ғалымдарының Шыңжаң тарихы туралы кей зерттеуі уақыт көрсеткіші жағынан Шыңжаңда ҚХР билігі орнағаннан кейінгі кезеңге дейін қамтылған. Бұл жағын ғылыми тұрғыда зерттеу әлі де болса ақ тұрған тақырып саналады. Дәл осы тақырыпта зерттеу жасаған тарихшылар қатарында У Ци-не атты ғалымның еңбегін атап көрсетуге болады. Оның «Ұлттық бірегейлік, халықаралық конкуренция және Қытай революциясы (1944–1962 жж.)» [16], «Мемлекет ішіндегі мемлекеттен» «Провинцияның ішіндегі провинцияға» дейін – 1949–1955 жылдары Шыңжаңдағы ұлттық автономия мәселесі бойынша Іле мен Бейжің арасындағы күрестің тарихи артқы көрінісі, барысы және нәтижелері» [17] атты зерттеулерінде Шыңжаңда коммунистік билік орнай бастаған уақыттан 1962 жылға дейінгі жалпы тарихи жағдайға архив құжаттары мен бірінші қол материалдары негізінде тыңғылықты түрде зерттеу жүргізген.
ҚХР-сы аумағынан сырт жердегі этникалық қытай тарихшылары ретінде қазіргі кезде Австралия азаматы саналған ғалым Ван Даганнің (Дэвид Д. Ванг) 1993 жылғы докторлық диссертациясы [18] негізінде жазылған «Кеңестер одағы көлеңкесіндегі «Іле оқиғасы» – Синьцзяндағы этникалық қақтығыстар мен халықаралық бәсекелестік, 1944–1949 жж.» [19] деген атпен жарық көрген еңбегін ерекше атауға болады. Бұл еңбек «Шығыс Түркістан» мәселесіне қатысты оқиғаның тарихи себебін «Ұлттық сепаратизмнен», «діни наным-сенімнен», керек десең сол ұлттың өз бойындағы туа бітті кінараттардан іздестіріп, сол арқылы билік тарапынан ертелікеш жіберілген қателіктерді ақтауға кірісетін адамдарға сабақ берген. Ван Даган зерттеуі көтерген тақырыпты аса құнды деректермен дәйекті түрде сипаттауға ат салысқан.
Ван Даганның (Дэвид Д. Ванг) келесі бір еңбегі «Тяньшань тауын торлаған бұлт: 1940 жылдардағы Шыңжаңдағы әлеуметтік толқулар туралы очерктер» деген атпен 1999 жылы Копенгагенде де жарық көрді [20]. Оның бұған дейін жарияланған басқа да бірқатар еңбектері біздің тақырыпқа қатысты болып келеді [21]. Ван Даган өз зерттеулерінде Мəскеудің Іле ұлттық армиясын ұйымдастырып, жасақтап, жетілдіргенін, Іле үкіметін құру мен басқару Кеңес Одағы жобасы екенін, аталмыш үкіметтің шынайы басшысы Кеңестер Одағы екенін дәлелдейтін нақты пактілерді көрсеткен. Ол тағы Алтай қазақтарының көшбасшысы Оспан Ісламұлының Іле үкіметінен бойын аулаққа салып, Гоминдаңды қолдау себебін Оспан батырдың «Шығыс Түркістанның» шынайы бет-бейнесін танып-білуімен байланысты екенін жазды.
Ұқсас тақырыпта «Шығыс Түркістан тәуелсіздік қозғалыстары 1930–1940 жж.» деген атпен жарық көрген еңбек авторы жоғарыда аты аталған Ван Даганның (Дэвид Д. Ванг) жерлесі – Ван Кэ есімді тарихшы ғалым. Оның айтулы еңбегі 1995 жылы Жапон елінде қорғаған «Шығыс Түркістан республикасын зерттеу – Қытайдағы ислам және этникалық мәселелер» [22] тақырыбындағы докторлық диссертациясын реттеу, қажетті тұстарын толықтыру негізінде 2013 жылы Гонконг қаласында баспадан шықты [23].
Жоғарыдағы екі автордың бірнеше мүмкіндігі болды. Олардың екеуі де Шыңжаңда өсіп-ержеткен этникалық қытай ұлтының уәкілі болды. Бұл олардың Шыңжаңды қағаз жүзінде ғана түсінетін ҚХР-ның ішкі аймақтарында және ҚХР-сы аумағынан тыс жерде туып-өскен этникалық қытай ғалымдарында бола бермейтін мүмкіндік болатын. Олардың келесі бір мүмкіндігі «цензура» жоқ «еркін елде» білім алып, зерттеу жүргізуі еді. Олар өз әріптестерінің қолы жете бермейтін құнды құжаттармен және ғылыми еркіндік бар елдер ғалымдарының зерттеу еңбектерімен жете таныса алды. Олардың туған жердегі әріптестерінде мұндай мүмкіндік әзірше туған жоқ.

Әдебиеттер
1. Zhang Dajun. «Xinjiang jin sishinian bianluan ji lüe». – Taibei: Zhongyang Wenwu gongying she, 1954.
2. Zhang Dajun. «Sishi nian dongluan Xinjiang». – Xianggang: Yazhou chuban she, 1956.
3. Zhang Dajun. «Xinjiang Yining shibian yu wei Tu’erqisitan Gongheguo chengli ji qi kui mie», «Xinjiang yanjiu». – Taibei: Wenrui yinshua wenju gongsi, 1964 (Zhongguo bianjiang lishi yuwen xuehui congshu zhi er, Minguo wushisan niankan).
4. Zhang Dajun. «Xinjiang fengbao qishi nian». – Taibei: Lanxi chuban she, 1980. 120
5. Zhang Dajun. «Sheng Shicai shang Mosike Shidalin baogaoshu». – Taizhong: Zhongya chuban she, 1997.
6. Li Xincheng. «Yang Zengxin zai Xinjiang (1912–1928)». – Taibei: Guoshi guan, 1993.
7. Gao Sulan. «Sheng Shicai ru Xinjiang zhuzheng jingwei (Minguo 19 nian – 23 nian)», «Guoshi guan guankan», fukan qi 22 (1997 nian 6 yue), ye 135–154.
8. Gao Sulan. «Sheng Shicai yu Zhonggong (minguo 26 nian – 31 nian)», «Guoshiguan xueshu jikan», qi 1(2001 nian 12 yue), ye 55–75.
9. Gao Sulan. «Sheng Shicai guishun zhongyang (Minguo 31 nian – 33 nian)», Shouru zhonghua Minguoshi zhuanti di wu jie Taolunhui mishuchu bian, «Zhonghua Minguo shi zhuanti lunwen ji: di wu jie Taolunhui di er ce» (Xindian: Guoshiguan, 2000), ye 1745–1773.
10. Gao Sulan. «Zhanshi Guomin zhengfu shili jinru Xinjiang shimo (1942–1944)», «Guoshi guan xueshu jikan», qi 17 (2008 nian 9 yue), ye 129–165.
11. Xu Xiurong. «Zhang Zhizhong yu zhanhou Xinjiang zhengju zhi yanbian (Minguo 34 nian – 38 nian)», «Guoshi guan guan kan», fukan qi 22 (1997 nian 6 yue), ye 155–174.
12. Zhu Jiahua. «Lun suowei Xinjiang wenti: Zhi Muhanmode Yimin xiansheng yifeng gongkaixin; «Zailun suowei Xinjiang wenti: Fu Muhanmode Yimin xiansheng han», shouru shizhe, «Shijie wenhua de qiantu», Taibei: Yuntian chuban she, 1970, ye 84–94, 95–112.
13. Tang Yi, Lan Meihua, Zhao Zhucheng bianzhu. «Waijiao bu dang’an congshu – Jiewulei», di san ce «Xinjiang juan».
14. Qin Xiaoyi. «Zhonghua Minguo zhongyao shiliao chubian – dui Ri kangzhan shiqi», di san bian «Zhan shi waijiao». Taibei: Zhongguo Guomindang zhongyang weiyuanhui dangshi weiyuanhui, 1981 nian.
15. Zhongguo bianzheng xiehui bian. «Sheng Shicai zenyang tongzhi Xinjiang». Taibei: Zhongguo bianzheng xiehui, 1954 nian.
16. Wu Qine. «Minzu rentong, guoji jingzheng yu zhongguo geming, 1944–1962». Taibei: Guoli taiwan daxue lishi yanjiu suo boshi lunwen, 2006.
17. Wu Qine. «Cong ‘Guozhong zhiguo’ dao ‘Shengzhong zhisheng’ – 1949–1955 nian Yining yu Beijing zai Xinjiang minzu zizhi wenti shang jueli de beijing, guocheng yu jieguo», «Liang’an fazhan shi yanjiu», qi 4 (2007 nian 12 yue), ye 217–275.
18. David D. Wang. «Under the Soviet Shadow: The Yili Rebellion of 1944–1949 in Xinjiang – a Revolution, Nationalism or a Power Struggle?». Ph. D thesis. University of Tasmania, Australia, 1993.
19. David D. Wang. Under the Soviet Shadow: The Yining Incident: Ethnic Conflicts and International Rivalry in Xingjiang 1944–1949. Hong Kong: Chinese University Press,1999.
20. David D. Wang. Clouds over Tianshan: Essays on Social Disturbance in Xinjiang in the 1940s. Copenhagen: Nordic Institute of Asian Studies, 1999.
21. Wang, D. «Sulian yu 1949-nian Xinjiang de heping jiefang», [The Soviet Union and the Peaceful Liberation of Xinjiang in 1949], Renwen Xuebao, vol. 3, no. 20, (1996), pp. 75–116; «The USSR and the Establishment of the Eastern Turkestan Republic in Xinjiang», Journal of Institute of Modern History, Academia Sinica, vol. 25 (1996), pp. 337–378; «Soviet Citizenship in Xinjiang», Asian Studies Review, vol. 19, no. 3 (1996), pp. 87–97.
22. 王柯,《東トルキスタン共和国研究—中国のイスラムと民族問題》(東 京:東京大学出版会,1995).
23. Wang Ke. «Dong Tujuesitan duli yundong: 1930 niandai zhi 1940 niandai». – Xianggang: Zhongwen Daxue chuban she, 2013.

В статье рассматриваются важные исследовательские работы этнических китайцев Гонконга, Тайваня и других стран об истории Синьцзяня, синьцзянских казахов и их отношениях с Российской империей и Советским Союзом в начале XX века. Эти данные могут дополнить сведения архивов Китая и России, а также связанных с ними исследований в этих странах.

Important scientific works of ethnical Chinese scientists from Taiwan, Hong Kong and other democratic and free society are discussed in the article. In this article reviewed scientific works of scientists about history of Xingjian and the Kazakhs that live there, also history of the relationship between Xingjian Kazakhs and Russian Empire and between Xingjian Kazakhs and USSR in early XXth century. This collection of data and research can complement the shortcomings of archival documents in archives in China and Russia, as well as related research in these countries.

Материал «shygys» ғылыми журналынының 2020 жылғы №1 санынан алынды. Shygis 1 2020 ВЫВОД