ШЫҒЫСТАНУҒА ҚОСЫЛҒАН ШҰҒЫЛАЛЫ ЕҢБЕК

909

Ұлы ұстаз Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы – ұлы даланың мың жылдық рухани түлеуінің бір белгісі іспетті. «Екінші ұстаздың» атаулы мерейтойы мемлекеттік деңгейде тойланатыны туралы Жарлыққа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған болатын. Бұл «мұғалім сәни» атанған ғалым-философтың рухани мұрасын ұлықтаудың мәні мен маңызын арттыра түсті.

Ұлы ұстаздың даталы мерейтойын ел болып тойлаумен қатар, оның философиялық трактаттарын зерттеп, зерделеудің де маңызы зор. Осы тұрғыдан келгенде, Р.Сүлейменов атын­дағы Шы­­ғыс­тану институтының жетек­ші ғы­лыми қызметкері, ҰҒА ака­де­­мигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбсаттар қажы Дер­­бі­сәлінің «Әбу Насыр әл-Фараби – даланың да­ра­ тұлғасы» атты іргелі зерттеу ең­бе­гінің салмағы сом алтындай. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық универси­те­ті­­нің баспа үйінен жарыққа шыққан кітапты Білім және ғы­лым минис­трлігі Ғылым комитеті Р.Сүлейменов атындағы шығыстану инс­ти­ту­тының Ғылыми кеңесі баспаға ұсынғанын ерекше айта кеткен жөн. 26 баспа табақ тұратын еңбек тілдік сипатына қарай екі тарауға бөлінген. Бірінші тарау – «Ұлы дала кемеңгерлері» деп аталса, екінші тарауы – «Ученые и мыслители Великой степи» деген атаумен берілген. Ұлы даланың дара перзенті туралы кітапқа автордың қажырлы еңбегі мен зейінді зерде қуаты сіңгені байқалады. Әр жылдары жазылған зерттеу мақалалары, ой-толғаныстары, сонымен бірге, ортағасырлық отыздан астам Отырар ойшылдарының өмір жолы мен еңбектері жөнінде зерделенген  ой толғамдары жинақталған.

Аталмыш еңбектің «бұрынғыдан өзгерек» болатын өзгеше тұстары да баршылық. Соның бірі, академиктің тың дерек, шынайы дәйектерге сүйене отырып ғылыми тұжырымдар жасауы – жарыққа шығып отырған жаңа кітаптың салмағын арттыра түсері даусыз. Айта кетер болсақ, автор кейбір екіұшты мәселелердің жіпұшын табу үшін Б.Ға­фу­ров, Е.Бертельс, С.Григорян, М.Хай­руллаев, А.Көбесов, Г.Мат­виев­ская, Б.Розенфельд, А.Халидов, С.Бро­селман, Решер Николас, Р.Эрланже т.б. сынды ғалымдардың еңбектерін терең пайыммен таразылайды. Сонымен бірге, сан ғасырлар қазақ ғылымының назарынан тыс қалып келген араб тіліндегі жазба мәтіндерді мұрағаттардан іздеп тауып, түпнұсқадан тәржімалап, қазақтың рухани кеңістігіне аталмыш еңбек арқылы ұсынуы – жағымды жаңалықтың беташары іспетті. Бұл түптеп келгенде, әл-Фарабитанудағы үлкен ізденістің жемісі ғана емес, Отандық шығыстану ғылымына қосылған сүбелі еңбек.

Кітапқа ғалымның маңдай тері мен зейінді зердесі сіңеді. Ал оны рухани пайдаға жарату көзі қарақты оқырманның, зейінді зерттерменнің, ізденуші жастардың еншісінде. Осы тұрғыдан келгенде, әл-Фараби бабамыздың өмірі мен шығармашылығы туралы жазылған аталмыш еңбектің оқушы қауымға берері мол. Айталық, әл-Фарабидің білім қуып Бағдат шаһарына баруы, ондағы Йуханна бин Хайлан, Абу Бишр Матта, Абу Бакр бин Сираж сияқты ғұлама ұстаздардан медицина, жаратылыстану, логика туралы дәріс алуымен қатар, грек тілін үйренуі, бәрі-бәрі оқырманның зердесін ашып, жүрек көзіне сәуле себері сөзсіз.

Құрманғазы Жұмағұл

Шығыстану институтының

кіші ғылыми қызметкері