БАҒДАТ ДҮЙСЕНОВ БАС ДИРЕКТОРДЫҢ ҒЫЛЫМ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ ЛАУАЗЫМЫНА ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

38

2026 жылғы 31 тамызда Бағдат Даниярұлы Дүйсенов Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты Бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалды.

Институттың Бас директоры Дүкен Мәсімханұлы жаңадан тағайындалған орынбасарды ұжымға таныстырып, оның алдағы жауапты қызметіне табыс тіледі.

Бағдат Даниярұлы жаңа қызметінде институттың ғылыми-зерттеу жұмыстарын үйлестіру, ғылыми жобалардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету, отандық және шетелдік ғылыми ұйымдармен ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ шығыстану ғылымының өзекті бағыттары бойынша зерттеулерді ілгерілету ісіне жетекшілік ететін болады.

Институт ұжымы Бағдат Даниярұлын жаңа қызметімен құттықтап, ғылыми және ұйымдастырушылық жұмысына мол табыс тілейді!

Бағдат Даниярұлы Дүйсенов 1997 жылы Абай атындағы Алматы Мемелекеттік университетінің қазақ филологиясы факультетін араб тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1997 жылы ҚР ҰҒА Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтында кіші ғылым қызметкер болып бастады. 1998-2001 жж. ҚР ҰҒА Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының аспирантурасын, 2019-2021 жж. «Тұран-Астана» университетінің магистратурасын, 2021-2024 жж. әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің докторантурасын бітірген. 2025 ж. «Мәмлүктер кезеңіндегі жазба ескерткіштер – тілдік-мәдени дереккөз («ад-Дурра әл-мудийа» және «аш-Шузур аз-захабийа» материалдары негізінде)» тақырыбында «8D02209 – Шығыстану» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы дәрежесін алып, диссертациясын қорғады, PhD доктор.

2001-2008 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Екібастұз филиалында аға оқытушы, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды. 2008-2009 жылдары Республикалық «Жан» әлеуметтік журналының шеф-редакторы (Астана қ.), 2009-2010 жылдары «Қазақ энциклопедиясы» баспасында жетекші маман, 2011 жылдан бері ҚР БҒМ ҒК Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану интитутында кіші ғылыми қызметкерден бастап, Орталық Азия және Таяу Шығыс бөлімінің меңгерушісі лауазымында еңбек етті. Ескіқыпшақ және шағатай тіліндегі арабжазулы қолжазбалар мен арабжазулы эпиграфикалық ескерткіштерді ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша отандық және шетелдік рейтінгі жоғары журналдарда ғылыми мақалалары жарық көрген, көптеген халықаралық ғылыми конференцияларға қатысқан. 20-ға таяу мемлекеттік ғылыми жобалардың орындаушысы болған.

slot danahttps://cefta.int/