Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мен Мажарстанның Сзечени ұлттық кітапханасы арасындағы әріптестікті нығайтады

17

2025 жылғы 17 маусымда Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры, профессор Дүкен Мәсімханұлы бастаған қазақстандық делегация Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшілігінің қолдауымен және ұйымдастыруымен Сзечени ұлттық кітапханасының басшылығымен кездесті.

Сзечени ұлттық кітапханасының халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары Жудит Геренчер (Judit Gererncser) кітапхана тарихына, бөлімдері мен зерттеу орталықтарына тоқтала келе, 15 халықаралық ұйымға мүше Сзечени кітапханасының Еуропадағы көне кітапхана екенін, кітапхананың құрылғанына биыл 223 жыл толғанын, Қазақстан ғылыми орталықтарымен байланысқа дайын екендіктерін атап айтты.

Кездесуде  Д.Мәсімханұлы өзі басқарып отырған институттың ғылыми әлеуеті және зерттеу бағыттарымен таныстыра келе, «Сзечени ұлттық кітапханасы қорында сақталған түркі тарихы мен мәдениетіне қатысты әр тілде сақталған дереккөздерді, ғылыми басылымдарды анықтау, деректанулық талдау жұмыстарын жүргізу, цифрлық көшірмелеріне тапсырыстар беру және аталған мекемелермен ғылыми байланыстар орнатуда ынтымақтастыққа әзірміз», – деді.

Кездесу барысында тараптар Сзечени кітапханасындағы тарихи, құнды  деректер, қолжазбалар мен құжаттарды зерттеуде екі жақты әріптестікті дамыту жолдарын талқылап, ғылыми зерттеу саласындағы әріптестікті дамыту мен алдағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін саралады. Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мен Мажарстанның Сзечени ұлттық кітапханасы арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Бұл кездесуге Қазақстанның Мажарстандағы Елшілігінің Бірінші хатшысы – консул Марат Асқаров, шығыстанушы ғалымдар, PhD Болатбек Батырхан, PhD Нұртас Әбдімомынов пен кітапхана қызметкерлері қатысты.

Кездесу соңында Институт директоры Дүкен Мәсімханұлы Сзечени кітапханасы басшылығына сый-сыяпат табыстады.

Кітапхана басшылығы қазақстандық ғалымдар делегациясына зор ризашылығын білдіріп, болашақта өзара байланыстарды одан әрі дамытуға мүдделі екендігін жеткізді.

1802 жылы граф Ференц Сзеченидің ұйытқы болуымен құрылған Мажарстанның Сзечени ұлттық кітапханасының 10 000 000 кітап қоры бар.

Институт делегациясының Будапештегі сапарына қолдау білдірген Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлына, Елші кеңесшісі Қайрат Қамбаровқа және Бірінші хатшы – консул Марат Асқаровқа ризашылығымызды білдіреміз.

slot danahttps://cefta.int/