Шығыс Түркістандық ұйғыр тілінде арабжазуымен жазылған жазба ескерткіштер туралы (ХVІІІ-ХІХ ғғ.)

1856

Каримова Зульфиям Каримовна

тарих ғылымдарының кандидаты, ҚР БҒМ ҒК Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты Ұйғыртану орталығының ғылыми қызметкері.
Масимова Халминям Валет кизи
филология ғылымдарының кандидаты, ҚР БҒМ ҒК Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану
институты Ұйғыртану орталығының ғылыми қызметкері.

Түйін. Бұл мақалада авторлар XVIII-XIX ғасырларда шағатай-түркі тілінде барлыққа келген, сондай-ақ «классикалық ұйғыр әдеби тілімен» мәлім болған, Шығыс Түркістандық (Шынжаң) арап жазуында жазылған жазба ескерткіштерге шолу жасайды. Тығыз әрекеттестікте және байланыста дамыған Орталық Азия түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеуде бұл дереккөздердің ең маңыздылары мысалында көрсетілді.
Түйін сөздер: жазба ескерткіштер; Орталық Азия; Шығыс Түркістан; Шынжаң; ұйғыр тілі.
Кіріспе. Орталық Азия аумағын мекендеген халықтар ежелгі дәуірлерден бастап жоғары дәрежелі тарихи-мәдени құндылықтарды қалыптастырған және олардың түп тамыры ортақ екендігі белгілі. Сол себепті бұл халықтардың әрқайсысының тарихы мен мәдениеті, тілінің дамуындағы өзіне ғана тән ерекшеліктеріне қарамастан, оларды бір-бірінен бөліп алып зерттеу мүмкін емес. Аталмыш аймақта қалыптасқан саяси-экономикалық ахуал және жергілікті халықтардың мәдениеті мен салт-дәстүрі араб жазуымен жазылған шығыстүркістандық авторлардың еңбектерінде кең түрде сипатталған. Кезінде шығыстанушы ғалымдар және батыс саяхатшылары тарапынан жиналған шығыстүркістандық авторлардың еңбектері, бүгінгі таңда, әлемдің сирек қолжазба қорларында, атап айтатын болсақ, Ресей, Өзбекстан, Германия, Франция, Ұлы Британия, Швеция, Түркия т.б мемлекеттерде сақталған. Бұл шығармалар араб, парсы және түркі (ұйғыр) тілдерінде жазылған. Олардың саны туралы зерттеушілер әлі күнге дейін нақты мәлімет айта алмай келеді. Белгілі деректанушы ғалым Л.В. Дмитриеваның көрсетуі бойынша, тек қана түркі тілінде жазылған шығыстүркістандақ ескерткіштердің саны, шамамен, жүзден астам болып, бүл дереккөздердің ғылыми айналымға 300 жүзден астам нұсқасы мәлім (Dmitrieva 1987, P. 417). Ал араб, парсы тілдерінде жазылған және әлі ғылымда белгісіз, жеке қорларда сақталып жатқан қол жазбалар аншама.
Ғылымға белгілі шығыстүркістандық қолжазбалардың тақырыптық құрылымы алуан түрлі. Мысалы: тарихи жылнамалар, әдеби, діни, агиографиялық шығармалар, қолөнершілерге көрсетпе, медицина, минералогия, аңшылыққа қатысты еңбектер. Алайда, бұл қолжазбалардың арасында аралас жанрларда жазылған еңбектерде бар. Кейбір тарихи шығармаларда осы шығарманың авторы тарапынан өте жоғары дәрежеде жазылған шығыстық поэзияға тән рубайиларды кездестіруге болады. Сонымен қатар, нақты тарихи оқиғаларға негізделген, бірақ поэтикалық формада жазылғандығы себебінен зерттеушілер тарапынан әдеби шығарма ретінде бағаланып жатқан шығармаларда жеткілікті. Бұл орайда, Билал Назимдың «Ғазат дәр-мүлки Чин» дастанын, Молла Шәкірдің «Зафар намесін» келтіруге болады. Қос еңбекте XIX ғасырдың екінші жартысында Шығыс Түркістанда өріс алған ұлт-азаттық қозғалыс туралы, оның тікелей қатысушылары тарапынан жазылғандықтан тарихи дерек ретінде де өте құнды. Сондықтан, танымал деректанушы ғалым Т.И. Сұлтанов бұл жазба дереккөздерді мазмұнына қарай бөліп қарастырмай, араб-парсы, түркі тілдерінде жазылған шығыстық тарихи шығармалардың шығыстүркістандық тобына жинақтап зерттейді (Sultanov 1987, P. 478-479).
Бір мақаланың аясында шығыстүркістандық жазба ескерткіштердің барлығын түгел қамтып зерттеу мүмкін болмағандықтан, біз, бұл зерттеу жұмысымызда XVIII-XIX ғасырларда шағатай-түркі (ескі ұйғыр әдеби) тілінде жазылған тарихи және әдеби шығармаларды қарастырдық.

Шығу тегі шығыстүркістандық авторлардың тарихи шығармалары негізінен XIX ғасырдың екінші жартысындағы аталмыш аймақтағы тарихи оқиғаларды баяндауға арналғанмен, оларда сонымен қатар көршілес өңірлер – жалпы Орталық Азия, оның ішінде Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан тарихына қатысты құнды және тың мәліметтер де қамтылады. Бұл дереккөздер әлі күнге дейін Қазақстан тарихына қатысты маңызды мәліметтер ретінде тарих ғылымында лайықты деңгейде пайдаланылмай келген. Тарихшылар олар туралы жалпы
мәлімет берумен ғана шектеліп, мәтінді толық зерттеп, жаңа мәліметтерді деректанулық талдаудан өткізбеді. Өйткені, көптеген зерттеушілердің тіл білмегендіктері себепті түпнұсқадағы араб жазуында, яғни шығыс тілдерінде жазылған қолжазбалармен жұмыс істеу мүмкіндіктері жоқ екендігі белгілі.

Молла Абд әл-Әлімдің «Ислам-наме» дерек көзі. XVIII ғасырдағы Қазақстанның шығыс, оңтүстік-шығыс аудандарында және оған шекаралас Шығыс Түркістанның солтүстік-батыс өңірінің саяси, әлеуметтік-экономикалық тарихында орын алған оқиғалар Молла Абд әл-Әлімдің «Ислам-наме» ( نامه اسلام ) дерек көзінде өз көрінісін тапқан.

Ғылыми айналымда дерек көздің В 311 және В 312 шифрларымен белгіленген екі нұсқасы мәлім (Muginov 1962, P. 22). Олар Ресейдің СанктПетербург қаласы Шығыс қолжазбалары институтында сақталған. Дерек көздің авторы туралы мәліметті оның өз шығармасынан табуға болады. Шығарма авторының есімі Молла Абд әл-Әлім, әдеби лақап аты – Шаир Ахун. Молла Абд әл-Әлім Шығыс Түркістанның Үш-Тұрпан қаласына жақын орналасқан Лөкчүн атты елді мекенде дүниеге келген (Abuseitova 2001, P. 320-321). Ата-бабалары хандардың қызметінде болып, отбасымен бірге Қорғасқа жақын таулы жерде өмір сүргендігі туралы айтып өтеді. Бұл елді мекен заманауи Қазақстанның оңтүстік-шығысында, Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр Автономиялық Ауданымен шекаралас аумағында орналасқан. Молла Абд әл-Әлім өмір сүрген кезеңде аталмыш аумақ Жоңғар хандығының билігі астында болған. «Ислам-наме» XVII ғасырдың екінші жартысында жоңғарлардың көмегімен Шығыс Түркістандағы билікті қолына түсірген ақтаулы қожалардың рухани басшысы Аппақ Қожаның немересі Ахмад қожаға арнап жазылған болса да, шығармада негізінен XVIII ғасырдың ортасында Жоңғар хандығының тарихында болған оқиғалар баяндалады. Еңбек поэтикалық формада, шамамен 1756 жылы жазылған және автор өзі өмір сүрген кезеңде болған оқиғаларды суреттейді. Бұл кезең Жоңғар хандығының тарихында хан ұрпақтары арасында тақ үшін болған таластартыстарымен ерекшеленіп, Молла Абд әл-Әлім «Ислам-намеде» осы оқиғаларға байланысты нақты деректерді келтіреді.

Автордың айтуынша, жоңғар ханы Ғалдан Серен дүние салғаннан кейін оның ортаншы ұлы Әжен хан тағына отырады. Ғылыми әдебиеттен бұл оқиғаның 1746 жылы болғандығы мәлім (Zlatkin 1983, P. 293-295). Әжен ханның билік басына келуімен Жоңғарияның саяси өмірінде қарама-қайшылықтар басталады. Жас хан маңайында қарт және тәжірибелі кеңесшілерінің көп болуына қарамастан, тайпа басшылары арасында алауыздық тудырып, халыққа шектен тыс қатал саясат жүргізді. Қарсылық білдіруге тырысқан нояндарды рахымсыз жазалайды. Молла Абд әл-Әлімнің «Ислам-намесіндегі» бұл мәліметтерді өз еңбегін мұрағат құжаттары негізінде жазып шыққан тарихшы В. А. Моисеевте растайды (Moiseev 1991, P. 179). Алайда 1749 жылы Әжен ханның зұлымдығынан шаршаған беделді ойрат тайпаларының билеушілері оны тақтан түсіріп, орнына Ғалдан Сереннің үлкен ұлы Лама Доржыны хан етіп көтереді. В.А. Моисеев бұл оқиғаға Жоңғар хандығында аманатқа берілген ұйғыр хандары ұрпақтарының да қатысы бар деп көрсетеді (Moiseev 1991, P. 181-182). Сол хан ұрпақтарының қызметінде болған Молла Абд әл-Әлім бұл туралы ешқандай дерек келтірмейді. Лама Доржының хан болып көтерілуіне қарсылық білдірген Даваци мен Әмірсана басшылығындағы ірі ақсүйектер Қазақ хандығына қашып барып, Абылай ханның жанынан пана табады. Елде орнаған тұрақсыздық, Орта Азия мен Қазақ хандығы, Цин империялары тарапынан төніп тұрған қауіп нәтижесінде әлсіреген Лама Доржы билігі құлатылып, жоңғар хандығы Сенгенің ұлы Давацидың қолына өтеді. Бұл оқиға 1753 жылы орын алады.

«Ислам-намеде» қазақ-жоңғар байланыстарына қатысты тағы бір мәлімет бар. Бұл мәліметтен 10 мыңға жуық қазақ жауынгерінің бастапқыдағы өздерінің одақтасы Давациге қарсы ұйымдастырылған әрекетке қатысқаны белгілі болады. Даваци мен бірге әрекет еткен Әмірсана оған қарсы шығып, Цин патшалығынан көмек алып келу үшін қайтадан елден кетеді. Осы оқиғалар Молла Абд әл-Әлім тарапынан «Ислам-намеде» жан-жақты суреттелген.

Абдурехим Низаридің «Ғериплар һекаяти» (غريبلارحکاياتى») (Қасірет шегушілер әңгімесі»). Шағатай-түркі тілі (ескі ұйғыр тілі) XIV ғасырдың ортасынан XX ғасырдың бастапқы кезеңіне дейін Орта Азия, Қазақстан, Шығыс Түркістан және көршілес өңірлерді мекендеген халықтар арасында қолданыста болып, бұл тілде көптеген тарихи және әдеби шығармалар жазылған. Осындай тарихи дерек көздердің бірі – А. Низаридің «غريبلارحکاياتى «атты шығармасы. Еңбекті қазақ тіліне «Қасірет шегушілер әңгімесі» немесе «Қасірет шегушілер туралы хикаялар» деп аударуға болады. Бүгінгі таңда ғылымға шығарманың екі қолжазба нұсқасы мәлім: біріншісі, Ресейдің Санкт-Петербург қаласы Қолжазбалар институтында (Muginov 1962), екіншісі, ҚҚР ШҰААдың Үрімші қаласындағы өнер мұражайының қолжазбалар қорында сақтаулы (Mukhlisov 1957). Қолжазба он поэма және төрт хикаяның жиынтығын құрайды. Тарихиәдеби мазмұндағы бұл шығармалар үш автор тарапынан – А. Низари, Т. Ғериби және Н. Зийаи тарапынан жазып құрастырылған. Осы хикаялар арасында біздің аса қызығушылығымызды тудырғаны – А. Низаридың «Зохур ад-Дін Әкім бектің хикаялары» еңбегі.
1830 жылы Қашғарда Жүсіп қожа басшылығындағы халық әрекеттері өріс алады. Зохур ад-Дін бек сол кезеңде Қашғар қаласының әкімі лауазымында қызмет етіп тұрған. Қала қозғалысшылар қолына өтуімен Зохур ад-Дін бек Ферғана уәлаятына қашып кетуге мәжбүр болады. Ол жақтан қазақ жерлері арқылы Орынборға барып, қайтарда Семей арқылы Құлжаға келеді. Зохур адДін бек Құлжадағы Іле цзяньцзюніне жолығып, болған оқиғаларды егжейтегжейлі баяндап береді. Цзяньцзюн Зохур ад-Дін бекті бастапқыда ишикаға
мансабына, кейінірек әкесінің қызметі – Қашғар қаласының әкімі лауазымына тағайындайды. Осы лауазымда ол 1846 жылға дейін қызмет атқарады. Оның басшылық еткен жылдары Шығыс Түркістанда тыныштық орнаған, сауда-сатық, білім мен ғылымға кең жол ашылғанымен ерекшеленеді. Тарихи деректер Зохур ад-Дін бекті Қытай билігі алдында қарапайым халықтың мүддесін қорғаған бірден-бір билеуші ретінде суреттейді. Осы кезеңде Зохур ад-Дін бектің тапсырысы бойынша көптеген тарихи және әдеби шығармалар жазылады.

Саяхат барысында Зохур ад-Дін бек Орта Азияның Самарқанд, Бұхара, Хива, Хорезм қалаларындағы әулийелер мазарларын зиярат етеді. Орта Азиядан қазақ жерлері арқылы Ресейдің Орынбор қаласына жол алғанда оған қазақтар серік болады. Ол қазақтардың көпсанды халық екендігін, қазақ-қырғыз елі жерлерінің шегі жоқ екендігін таң қала суреттейді. Бұл кезең қазақ жерлерінің Ресей патшалығы қол астына өту процесі жалғасып тұрған уақытына тура келеді. Зохур ад-Дін бек Шығыс және Солтүстік Қазақстанда орыс қамалдары салынып жатқанын айта келе, ол аймақта пайда болған жаңа орыс ауылдарының атауларын келтіреді. Бұл ауылдар саяхатшы тарапынан қала деп суреттеледі. Қалалардың тұрғындары – жаңа көшіп келген орыстарды кәпірлердеп атайды.

А. Низаридың «Қасірет шегушілер туралы хикаялар» шығармасы мәліметтерінің маңыздылығына қарамастан, шағармадан алынған үзінділер тек 2006 жылы шығыстанушы ғалымдар Р.У. Каримова және Д.М. Райхановтар тарапынан орыс тіліне аударылып «Шығыс» журналында жарық көрді (Karimova 2006, P. 166-193).

Мұса Сайрамидың «Тарих-и амнийа» дерек көзі. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Шығыс Түркістанда болған оқиғалардың Қазақстан мен Орта Азия тарихи сабақтастығы және бір желіде дамығандығын Мұса Сайрамидың «Тарих-и амнийа» шығармасының мазмұнынан байқаймыз.

Сондықтан Қазақстан және Шығыс Түркістан халықтары тарихының дерек көзі ретінде «Тарих-и амнийа» еңбегіне жан-жақты талдау жасау және оны жарыққа шығару қолға алынуда.

«Тарих-и амнийаның» кіріспе бөлімі XV ғасырдың ортасы, XVI ғасырдың бірінші жартысында өмір сүріп, оңтүстік-шығыс Қазақстан мен Қырғызстан, Шығыс Түркістан аумағын қамтыған Моғолстан мемлекетінің тарихына арналады. Мұса Сайрами Моғолстанның қоғамдық-саяси жағдайы және осы аймақта болған оқиғалар, Моғолстан аталуының себебі, бұл жерде кімдердің билік еткендігі, билік басындағы хандар шежіресі, бұл мемлекеттің қай кездерден ислам дінін қабылдағаны туралы құнды мәліметтерді жеткізеді.

«Тарих-и амнийаның» негізгі бөлімінде XIX ғасырда Қоқан хандығында өмір сүрген көрнекті қоғам қайраткері (кейінірек Қашғария билеушісі) – Мұхаммед Йақұб-бектің өмірбаяны туралы айтылады. Онда берілген деректер бойынша, Нар-Мұхаммед-қыпшақ Ташкент қаласының әкімі болып тағайындалған кезде, Йақұб-бек оның қол астында қызмет атқарады. Одан кейін Ташкент әкімдігі Қанағат-Шах-ғазидың қолына тиеді. Йақұб-бек сол қызметінде қала береді. Басқа сарбаздардан қайсарлығымен, өжеттігімен, қызметке шын берілгендігімен көзге түскен Йақұб-бекті Қанағат-шах-ғази Ақмешіт бекінісіне әкім (бек) етіп тағайындайды. Ол кезде Ақмешіт Ташкент уәлаяты мен Дешті Қыпшақ аралығындағы маңызды да ірі бекіністердің бірі болған. XIX ғасырдың басында Қазақстанның оңтүстік аудандары Бұхара, Хиуа және Қоқан хандықтарының жерлерімен шектеліп жатты. Қоқан ханы Омар ханның тұсында 1820 жылы негізі қаланған Ақмешіт бекінісі шекаралас аудандарда көшіп-қонып өмір сүрген қазақ тайпаларын бақылауда ұстап, үстемдік жасауда маңызды рөл
атқарды. Қоқан хандығының билеушілері Ақмешіт, Қош қорған, Күміс қорған, Шым қорған бекіністеріне орналастырған әскери күштерінің көмегімен қазақ халқын тонап, қанаушылық саясатын жүргізді. Қоқандықтардың қазақ рутайпаларына байланысты ұстанған осындай тонаушылық саясатын «Тарих-и амнийадан» келтірілген мына мысалдан да көруге болады: «Ақмешіттің төңірегінде тұратын қазақтар мен қырғыздар алым-салық төлеуден бас тартып, салық жинауға жіберген адамдарын ұрып-соғып, тонаған болатын. Йақұб-бек қол жинап, қазақтар мен қырғыздарды жазалау үшін жорыққа шығады. Қырғыздар мен қыпшақтарды ойсырата жеңген Йақұб-бек мол олжамен оралады. Құлдыққа көп адам, байлық пен мал жинап әкеледі. Сөйтіп, күнненкүнге жаңа табыстарға жетіп, жағдайы жақсара бастайды» (Musa Sayrami, P. 242а). Йақұб-бек күннен-күнге шегінен шығып, халықты аяусыз қанап отырды. Жоғарыда «Тарих-и амнийадан» келтірілген мысалдан Қоқан хандығы Сыр өңірін мекендеген халықтарға алым-салықтың бірнеше түрін төлеуді міндеттегені анық байқалады. Жерді өңдеп, егін еккен диқандардың хандыққа төлейтін салығы «хераж» немесе «танап» деп аталған. Ал, мал шаруашылығымен айналысатын көшпелі және жартылай көшпелі халықтан қосымша өнім жинау зекет түрінде өндірілді. Хераж бойынша өнімнің оннан бір, бестен бір және үштен бір бөлігі алынатын. Зекет мал санының немесе оның құнының қырықтан бір мөлшерінде болды. Бұдан басқа ағаш кесуге, шөпшек жинауға рұқсат алу үшін де салық төлеген. Оның үстіне мешіт салығы, кәпірлерге қарсы күресте пайдаланылатын ғазауат салығы да болған (Bakibayeva 1998, P. 14-15).

Йақұб-бек Ақмешітте әкімдік қызметін атқарған жылдары өзін бұл өңірдің толық иесі ретінде сезінеді. Деректер Йақұб-бектің өңірдің табиғи байлықтарын да өз білгенінше пайдаланғандығы туралы мәліметтер береді. «Тарих-и амнийада»: «Ақмешітті билеген бірінші жылы бірнеше орыс бағыныштылары Йақұб-бекке мынадай өтінішпен келеді: «Сіздің мына өзендегі балықтарды бізге сатуыңызды сұраймыз. Біз оны кептіріп, ішкері қалаларға жібереміз» (Musa Sayrami, P. 12б). Йақұб-бек Қанағат-шахқа болған жайды хабарлап, аталған өзендегі балықты 40 мың алтынға сатуға өз келісімін береді. Керекті келісімшарт жасасып, құжаттарды дайындап, қолдарын қояды». Мұса Сайрамидың «мына өзен» дегені Сырдария екендігі шүбәсіз.

«Тарих-и амнийада» Молла Мұса Сайрами өз өмірбаяны және басынан кешкен оқиғаларға тоқталады. Өмірбаяны туралы айта келе Мұса Сайрами арғы ата-бабаларының шыққан тегі қазіргі Қазақстан аумағында орналасқан Сайрам қаласынан екендігін айтады: «Ата-баба, арғы аталарымыз, данышпан қариялардан естіген, ауыздан-ауызға көшіп, айтылып келген сенімді мәліметтерге қарағанда, бұдан шамамен екі жүз жыл бұрын Іледе хан тағына төре атағымен Қонтайшы есімді бір қалмақ келіп, Моғолстан жұртына бас болып, билікті қолына алады. Оның билігі шығыста Құмыл мен Баркөл, батыста – Ташкент, Сайрам, оңтүстікте Қараңғы тауға дейін таралады.

Кенеттен ол жорыққа шығып, Ташкенттің Сайрамын жаулап алып, өзіне бағындырады. Сайрамда өз орнына басшы етіп бір қалмақты, оған көмекші және сахаба ретінде бірнеше қалмақты қалдырып, өзі Іле маңайына қайтады. Сайрам халқы қалмақтарға бағынудан бас тартып, Қоңтайшының қалдырған адамдарын өлтіреді. Бірнешеуі аман қалып, Қоңтайшыға қашып барады. Болған оқиғаны Қоңтайшыға егжей-тегжейлі айтып береді. Қоңтайшы бұл хабарды естігеннен кейін өздерінің әдет-ғұрпы бойынша ант беріп, Ілеге кірмей, Сайрамға қайтадан оралып оны екінші рет өзіне қаратады. Адамдарын қырып, қаланы тонайды» (Musa Sayrami, P. 258а-258б), – дейді.

XVII ғасырда Сайрам қаласы Түркістанмен қатар Қазақ хандығының ірі сауда-саттық және стратегиялық маңызын сақтаған, саяси-экономикалық және рухани орталығы болған. 1681–1683 жылдары аралығында жоңғарлар бірнеше мәрте Сайрам қаласына жақындап, өз ықпалын орнатуға тырысады. 1864 жылы қаланы жаулап алып, қиратып, талан-таражға салады. Қала халқының бір бөлігін тұтқындап, Ілеге алып кетеді (Moiseev 1991, P. 24). Бұл туралы «Тарих-и амнийада»: «Сайрам халқы үш ұлысқа немесе үш руға бөлінген: қожалар ұлысы, шахтар ұлысы, әмірлер ұлысы. Қоңтайшы осы үш рудың ең ықпалдыларынан әр ұлыстан жиырма отбасынан, барлығы 60 отбасын балашағасымен қосып тұтқындап, өз астанасы Ілеге алып кетеді», – деген мәліметтер берілген. Іледе бір жылға жуық уақыт тұрғаннан кейін Қоңтайшы оларды Көне Тұрпанға жөнелтеді. Екі жыл Тұрпанда өмір сүріп, өз туған жері Сайрамға қайта оралу ниетін білдірген кезде, Шығыс Түркістан өңірін басып алған Цин империясы билеушілері рұқсат бермейді. Цин империясы билеушілері оларды (сайрамдықтарды) Оңтүстік Шығыс Түркістандағы Йақа-Арық деген жерге орналастырады. Кейінірек Бай кентіндегі тауға жақын, кең-байтақ жерде тұрақтанады. Бұлар Ташкент маңындағы Сайрамнан болғандықтан, жаңадан қоныстанған жерін де Сайрам деп атайды (Musa Sayrami, P. 260а-261а).

Шығармада Оңтүстік Қазақстанның XVI ғасырдағы әлеуметтік-экономикалық тарихын зерттеуде маңызы зор шейбанидтер әулетінен болған Ұбайдолла сұлтанның жарлығы толығымен қазақ тіліне аударылған. Бұл құжат өңірді мекендеген халықтардың әлеуметтік таптарға бөлінуі, жерді иелену, өңдеу және суландыру мәселелері бойынша құнды мәліметтер жеткізеді. Жарлық Ұбайдолла сұлтан тарапынан 1538-1539 жылдар аралығында хатқа түсіріліп, Мұса Сайрамидың арғы атасы Камал ад-дин шайхыға Сайрам (Қазақстандағы Сайрам) қаласының жоғары рухани жетекшісі қызметін сойырғал ретінде бергендігі жөнінде хабарлайды. Мұса Сайрами қолында сақталып қалған бұл жарлықты, ата-бабаларының шежіресімен толықтап «Тарих-и амнийада» жазып қалдырған (Musa Sayrami, P. 261а-262а).

XVIII-XIX ғғ. жазылған шығыстүркістандық дерек көздердің мәліметтерін мәтіндік талдау жасау негізінде зерттеу арқылы ортақ тарихи-мәдени аймақта өмір сүрген түркі тілдес халықтардың тарихында орын алған оқиғалар бірбірімен тығыз байланыста дамығандығын айғақтауға болады.

Шығыс Түркістан өңірінде прогресшіл бағыттағы көптеген ақын-жазушылар көркем әдебиеттің түрлі жанрларында еңбек етіп, ұйғыр әдебиетін жетілдірді. Бұл кезде Шығыс Түркістанда бірқатар көркем әдеби шығармалар майданға келіп, бүгінкі таңда әлемдің түкпүр-түкпіріндегі кітапханалардың сирек қорларында сақталуда. Атап айтқанда:

«Сәфәрнамә» дастаны 1720 жылы жазылған (1400 бейиттен тұрады) Авторы – Мухаммед Садық (Зәлили). Бұл автордың тағы 262 бейиттен тұратын 1736 жылы жазылған «Тәзкирә-и чилтән», 1744 жылы жазылған 770 бейиттен тұратын «Тәзкирәи Хожа Муһәммәд Шәриф» шығармалары бар (Haji Ahmed 1983, P. 76; Muginow 1962, P. 77). Бұл шығармаларында автор ахлақ, нанымсенім, тәлім-тәрбие мәселелерін кең түрінде талқылайды (Моllaudov 1990, P. 15).

«Мәснәвий Харабатий» – авторы Мухаммед бинни Абдулла (Харабати). Бұл қолжазба 1733–1734 жылдары жазылған. Қазіргі уақытта бұл қолжазбаның бір нұсхасы Өзбекстан ғылым академиясы Х. Сулайманов атындағы Қолжазбалар институтында (№893, №3571), тағы бір нұсхасы Санкт-Петербург Шығыстану институтында сақталғаны анықталған (Моllaudov 1990, P. 139).

«Ғерипләр һекаяти» – 1841-1844 жылдар аралығында Турпанда жазылған. Авторлары Абдурехим Низарий, Турди Ғерибий және Норузахун Зияий. Бұл жинақ он сегіз қисса, жиырма төрт әңгімеден тұрады. Бұл жинаққа Низарийдың «Фархат-Шерин», «Ләйли-Мәжнун», «Вамуқ-Узра», «Мәһзун-Гулниса», «РабиәСәъдин» шығармалары, Низари мен Зияий бірігіп жазған «Чаһар дәрвиш» дастаны, Ғерибий қаламына тиесілі «Шаһ Баһрам», Зияий тарапынан жазылған «Масъуд-Диларам» дастандары енген. Бұл жинақ Ресей ғылым академиясы Санкт-Петербург қаласындағы Қолжазбалар институтында С-165 шифрымен сақталуда. (Uyghur edebiyatining 1983, P. 114; Muginov 1962, P. 108-109). Авторлар ғашық тақрыбындағы шығармаларды «Ғериплар һекаяти» деп атап, жинақ етип шығаруы бекерден бекер емес. Авторлар бұл жинақта аңсаған армандары жүзеге аспаған ғашықтардың тағдыры арқылы мыңдаған ұйғыр ұлқыздарының дерт-мұңын баяндайды.

«Мәһзунул ваһизин» («Қайғылы хабарә) дастаны – 1843 жылы Норузахун Зияий тарапынан жазылған дидактикалық шығарма. Бұл шығарма алты мәвъизә, жеті мақала, бес мысалдан турады.

«Ғәзәлият» – 1852 жылы Билал Назым тарапынан дүниеге келген. Бұл қолжазба ХХ ғасырдың 40 жылдарына дейін көпшілікке мәлім болмаған. Бұл шығарманың бір қолжазба нұсхасы Құлжада Мутали хәлипінің жеке қорында сақталған. Тек 1947 жылы альманахта, журналдарда басылды. «Ғәзәлият» құрамына енген ғазалдардың көбі дәстүр бойынша махаббат тақырыбына бағышталған.

«Ғазат дәр мүлки Чин» – 1876 жылы жазылған. Авторы Билал Назым. Бұл дастандың 3 қолжазбасы Санкт-Петербург, Ташкент және Үрүмшіде сақталуда. Алғашқы екі нұсхасы ХІХ ғасырда Құлжа мен Қашғарда көшірілген, үшінші нұсхасы ХХ ғасырдың басында (1925 жылы) Ақсу қаласында көшірілген (Моllaudov 2002, P. 256). Бұл шығармада автор Іле өңірінде болған 1864 жылғы халық көтерілісі және оның азаттық әрекеттерінің себептерін толық көрсете білген. Автор бұл шығармада ұлт- азаттық көтерілістің белсенді қатысушылары – қарапайым халықтың қаһармандық бейнесін (образын) өлең жолдары арқылі бейнелеп берген.

«Чаңмоза Йүсүпхан» – авторы Билал Назым. 1882 жылы жазылған. Бұл шығармада ұлт-азаттық көтеріліс кезінде қарапайым халықты адастырған, көтерілістің жеңістерін өз мүддесі үшін пайдаланған шетел авантюристерінің, мансапқор қожалардың харам пиғылдарын паш етеді.

«Назугум қиссиси» – автори Билал Назим. 1882 жылы жазылған. Бұл шығармада автор манжур хандандығына қарсы көтеріліске қатысқан ұйғыр әйелінің салмақты образын жаратты.

Н.Н. Пантусов Билал Назым еңбектерін Петербург және Қазан қалаларында баспадан шығарған (Моllaudov 2002, P. 256).

«Тәварих-и мусиқиун» (Музыканттар тарихы) трактаты – ХІХ ғасырда Хотан қаласында Молла Исматулла бинни молла Нематулла Мөжизи жазған. Бұл қолжазбаның бір нұсхасы Әлишер Науаидың «Кулият» атты диванымен қоса түптелген болып, қазіргі уақытта Жуңго әлеуметтік ғылымдар академиясы ұлттарды зерттеу институтында сақталуда. Кітаптың шифры 909.217/149. Жалпы бет саны 39. Әрбір бетке 15 жолдан хат жазылған (Möjizi 1982, P. 3).

Трактат авторы Молла Исмәтулла бинни молла Немәтулла Мөжизи  ХІХ ғасырда Қашғария өңірінде өмір сүрген ұйғыр жазушысы, музыка өнерінің шебері және тарих ғылымының маманы. Мөжизи Хотан қаласында туған. Ол шығармаларын «Мөжизи» деген бүркеншік атпен жариялаған. Өз дәуірінің араб, парсы тілдерін жетік меңгерген, Әлішер Науаи, Лутфи, Әбдірахман Жәми және Науаидың жақын досы  Пәһливан Муһәммәт Күштінгір сияқты шығыс әдебиетінің әлемге әйгілі өкілдерінің еңбектерін түбегейлі игерген кәсіби музыкант, танымал ақын болған.

Трактат музыка өнерінің он жеті пірі мен олар жазған мұқамдар туралы.

«Тәварих-и мусиқиунда» ұйғыр музыка өнерінің негізі саналатын мұқамдар мен ұйғыр халқының кейбір ұлттық музыка аспаптарының шығу тегі туралы баяндалады. Онда Фисағурс (Пифагор), әл-Фараби, Мәвланә Әли, хожә Шаһабидин, Абдулла Мәрварид, Әбдурахман Жәми, Науаи, Муһәммәт Хуарәзми, Нәъман Сәмәрқәнди, Саһиб Бәлхи, Шәйх Сәфайи Сәмәрқәнди, Қидирхан Яркәнди, Муһәммәт Көштингир, Лутфи, Йүсф Сәккаки, Аманнисамәлике сияқты он жеті ақын-жазушы мен музыка ұстаздары, олардың өмірбаяны жөнінде қысқаша мағлұмат беріледі. Бұл трактатта әсіресе Сәідия ханының патшасы Абдурешитхан билік еткен дәуірде өмір сүрген мұқамшы, сазгер-ақын Аманниса ханым жөнінде қызықты да тың мағлұмат берілген (Masimova 2005, P. 17).

«Шәрхи шекәстә намә» – бұл поэмада Іле тұрғындарының Жетысуға қоныс аударғаны туралы баяндалады. Бұл шығарманың авторы Сеид Мухаммад өзі туралы ешбір мәлімет бермейді. Тек поэманы жазған кезде өзінің алпыс жаста екенін айтады. Шығарма 6 бөлімнен тұрады. Бұл шығарма шамамен 1862-1880 жылдары жазылған болу керек. Санкт-Петербургта сақталып жатқан варинты еуропа қағазына қара сиямен насталык жазуында жазылған. Пішімі 22х18, 19х15, әр бетке 15 құрдан хат жазылған. Түптелмеген, дәптер күйінде сақталған (Muginov 1962, P. 181).

Қорытынды. ХVIII және ХІХ ғасырдың І жартысына дейін жазылған әдеби шығармаларда негізінен шығыс дәстүрі бойынша махаббат тақырыбы кең бейнеленген. Енди ХІХ ғасырдың ІІ жартысына ұйғыр классик әдебиетінде үлкен және маңызды тақырып алға шықты. Бұл кезеңде Чин династиясына қарсы көтерілген халық үлт-азаттық қозғалысы әдебиеттің дамуына, оның тақырыбының кеңеюіне, жаңа жанрлардың қалыптасуына күшті әсер етті. Сол кездегі әрбір ақын, тарихшы көтеріліс және халықтың азаттық үшін күресі туралы жазуды өз алдына мақсат етіп қойды және осы мақсатқа жету үшін бар күш-жигерін жүмсады.

Әдебиеттер тізімі / Список литературы

1. Абусеитова М.Х., Баранова Ю.Г. Письменные источники по истории и культуре Казахстана и
Центральной Азии XIII-XVIII вв.: (библиографические обзоры). – Алматы: Дайк-пресс, 2001. – 426 с.
2. Бәкібаева Г.Б. Оңтүстік Қазақстанның әлеуметтік-саяси жағдайы (XIX ғасырдың 60 жылдарына
дейін): тарих. ғыл. канд. … автореф. – Алматы, 1998. – 29 б.
3. Дмитриева Л.В. Тюркоязычная арабописьменная рукописная книга по ее ареалам //
Рукописная книга в культуре народов Востока. – М.: Наука, 1987. – С. 407-450.
4. Златкин И.Я. История Джунгарского ханства. – М.: Наука, 1983.
5. Каримова Р.У, Райханов Д.М. «Сказание о страждущих» А. Низари как источник по истории
Центральной Азии // Шығыс. – Алматы, 2006. – № 2. – С. 166-193.
6. Моисеев В. А. Джунгарское ханство и казахи (XVII-XVIII вв.) – Алма-Ата: Ғылым, 1991. – 238 с.
7. Масимова Х.В. Исмәтулла Мөжизидің «Тәварих-и мусиқиун» трактатының фонетикалық және
лексика-грамматикалық ерекшеліктері. Канд. дисс. – Алматы, 2005. – 133 б.
8. Мугинов А.М. Описание уйгурских рукописей института народов Азии. – М., 1962.
9. Молла Исмәтулла бинни молла Немәтулла Мөжизи. Тәварих-и мусиқиюн. Нәширгә
тәйярлиғучи: Әнвәр Байтур, Хәмит Төмүр. – Пекин: Милләтләр нәширияти, 1982. – 88 б.
10. Моллаудов С. ХVІІІ әсир уйғур поэзияси. – Алмута: Наука, 1990. – 272 б.
11. Моллаудов С. Уйғур әдәбияти даванлири. – Алмута, 2002. – 360 б.
12. Муса Сайрами. Тарих-и амнийа // Рукопись Санкт-Петербургского филиала ИВ РАН. – С. 335.
13. Мухлисов Ю.Уйғур классик әдәбияти қолязмилириниң каталоги. – Үрүмчи: Хәлиқ нәшрияти,
1957. – 46 б.
14. Султанов Т.И. Среднеазиатская и Восточнотуркестанская позднесредневековая рукописная
книга // Рукописная книга в культуре народов Востока. – М.: Наука, 1987.– С. 478-503.
15. Һажи Әхмәт. Деңиз үнчилири. – Қәшқәр уйғур нәширияти, 1983. – 201 б.
16. Уйғур әдәбиятиниң қисқичә тарихи. – Алмута: Наука, 1983. – 188 б.

Дереккөз: “ҮЛКЕН АЛТАЙ ӘЛЕМІ” халықаралық ғылыми журнал, 2 (2.2) 2016 ж.

 

https://www.pria.org/https://ula.kemendagri.go.id/https://fkip.unsulbar.ac.id/https://rskiasawojajar.co.id/https://satvika.co.id/https://lpmpp.unib.ac.id/https://cefta.int/https://terc.lpem.org/https://empowerment.co.id/https://pgsd.fkip.unsulbar.ac.id/https://ilmuhukum.unidha.ac.id/http://ebphtb.linggakab.go.id/https://gizi.poltekkespalembang.ac.id/https://eproc.jawapos.co.id/https://lppm.unika.ac.id/https://indolivestock.com/