ШЫҒЫСТАНУ ИНСТИТУТЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТҮРКІ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
2023 жылдың 31 қаңтарында Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтынында Халықаралық Түркі академиясының президенті Шахин Маджит оғлы Мустафаевпен кездесу өтті.
Кездесуге институт директоры Д. Мәсімханұлы бастаған институттың жетекші ғылыми қызметкерлері және Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры, ҚР ҰҒА академигі С.Т. Сейдуманов пен белгілі шығыстанушы-тарихшы ғалым, ҚР ҰҒА академигі Б.Е. Көмеков құрметті қонақ ретінде қатысты.
Институт директоры Д. Мәсімханұлы қонақты Шығыстану институтының тыныс-тіршілігі, атқарылып жатқан жұмыстар және ғылыми жобаларымен кеңінен таныстырды. Бүгінде, Институт Қазақстанның шығыстану саласындағы ірі ғылыми-зерттеу орталығы болып табылатынын атап өтті.
Екі жақты кездесу барысында келешекте түркі бірлігі және оны нағайтуға қатысты бірлескен ортақ жобаларды жасау, ғылыми кадрларды даярлау, ғылыми конференциялар өткізу және түркі халықтары тілдерінің ортақ сөздігін жасау туралы кеңінен сөз қозғалды.
Өз кезегінде Халықаралық Түркі академиясының президенті Шахин Маджит оғлы мырза Халықаралық Түркі академияның атқарылып жатқан жұмыстары мен алдағы жоспарларына тоқталды.
Сонымен бірге, Шығыстану институтының тарапынан түскен ұсыныстарды қарастырып, болашақта бірқатар жұмыстарды бірге атқаруға ниетті екенін білдірді.
Кездесу соңында институт директоры Д. Мәсімханұлы сыйлы қонаққа кездесу үшін алғысын білдіріп, институттың жанынан шығатын басылымдарды сыйға тартты.