ЛОНДОН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ШЫҒЫСТАНУ ЖӘНЕ АФРИКАТАНУ ИНСТИТУТЫНДАҒЫ КЕЗДЕСУ

21

Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтында халықаралық байланыстарды нығайту және академиялық серіктестікті дамыту мақсатында Ұлыбритания астанасындағы ЖОО-да, Кітапханаларда, Ғылыми орталықтарда, Архивтерде бір қатар маңызды ресми кездесулер өткізді.


Сол қатарда 19 маусым күні Институт Бас директоры Д.Мәсімханұлы бастаған делегация әлемдік деңгейдегі іргелі білім ордасы — Лондон университеті Шығыстану және африкатану институтының (SOAS) Директоры, шығыстанушы ғалым, профессор Грэм Ирт (Graeme Eart) мырзамен, аталған институттың факультетінің деканы, қытайтанушы ғалым, профессор Ларс Петер Ламаннмен (Lars Peter Laamann) кездесті.


Кездесу аясында қонақтарға SOAS – тың бай қоры жинақталған шығыс тілдері мен тарихына қатысты кітапханасы таныстырылды. Сонымен қатар, қазақстандық ғалымдардың назарына шығыс елдерінің тарихы мен мәдениетіне, сирек кездесетін мұралар, қолжазбалар мен құнды жәдігерлерге арналған арнайы көрме ұсынылды. Қазақстандық делегация британдық шығыстану ғылымының жетістіктері мен зерттеу әлеуетіне жоғары баға берді.


Кездесудің ерекше академиялық сәті ретінде танымал синолог, профессор Ларс Петер Ламаннның терең лингвистикалық дайындығын атап өтуге болады. Бірнеше шығыс тілдерін еркін меңгерген британдық ғалым Институт директоры профессор Дүкен Мәсімханұлымен қытай тілінде сыр-сұхбат құрды. Атап өтетін елеулі жайт – профессор П. Ламаннның жойылып кеткен көне маньчжур тілін жетік білетіндігі болды.

Бұл басқосудың тағы бір тарихи әрі маңызды нәтижесі — Лондон университеті (SOAS) өз қабырғасында қазақ тілін оқытудың оқу бағдарламасын ашуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Осы игі бастаманы жоғары деңгейде жүзеге асыру мақсатында британдық тарап Шығыстану институтының білікті де тәжірибелі мамандарын Ұлыбританияға дәріс беруге және тіл үйрету әдістемесін бөлісуге арнайы шақырды.


Ресми басқосу соңында қос тарап болашақта бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру, SOAS кітапханасында сақталып келген тарихи дереккөздерді кешенді зерттеу және қазақ тілі мен мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттау мәселелерін талқылады.

Бұл кездесу отандық ғылым мен ана тіліміздің жаһандық кеңістіктегі интеграциясын тереңдетуге бағытталған маңызды қадам болды.

slot danahttps://cefta.int/