Қызылорда қаласында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтті.

14

Жиында Мемлекет басшысы парламенттік реформа мәселелеріне жан-жақты тоқталып, болашақ бірпалаталы Парламентті «Құрылтай» деп атауды ұсынды. Президенттің айтуынша, жаңа заң шығарушы орган құрамына нағыз отаншыл азаматтар, білікті әрі кәсіби мамандар енуі тиіс. Депутаттардың жалпы саны 145 адам болып белгіленбек. Олар пропорционалды сайлау жүйесі қағидаты бойынша сайланады. Бұл тәсіл саяси партиялардың институционалдық рөлін күшейтіп, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа Парламент депутаттарын бес жылдық мерзімге сайлау көзделіп отыр. Жаңа заң шығарушы орган елде жүзеге асырылып жатқан ауқымды өзгерістерге барынша заңнамалық қолдау көрсетуі тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Заң қабылдаудың үш кезеңнен тұратын процедурасы ұсынылады. Депутаттар бірінші кезеңде заң жобасын жалпы мақұлдайды. Одан кейін өзгерістерді мақұлдайды, соңында заңды қабылдайды. Осылайша, біз Парламент қызметін түбегейлі қайта құру арқылы осыған дейін жүзеге асырылған саяси реформаларды одан әрі жалғастырамыз. Мемлекеттің институционалдық тұғырын нығайтып, “Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет” қағидатына сәйкес орнықты саяси жүйе қалыптастырамыз».

Сондай-ақ Мемлекет басшысы қазақ мемлекеттілігі мен тәуелсіздігін дәйекті түрде нығайту мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың қызметін біріктіретін жаңа институт –Халық Кеңесін құруды ұсынды. Президенттің айтуынша, жаңа органда еліміздегі барлық этностар, халықтың әлеуметтік топтары мен өңірлерінің өкілдері қамтылады. Халық кеңесі мемлекеттің жоғары консультативтік органы мәртебесіне ие болмақ. Оның құрамына этномәдени бірлестіктерден, ірі қоғамдық ұйымдардан, мәслихаттар мен өңірлік қоғамдық кеңестерден тең өкілдік негізінде 126 мүше енгізу жоспарланып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Халық Кеңесі заңнамалық бастама көтеру құқығына ие болуы тиіс, бұл оның мәртебесін айтарлықтай күшейтеді. Халық Кеңесінің жоғары органы жылына бір рет шақырылатын сессия болады. Кеңеске Қазақстан халқы Ассамблеясының этносаралық және конфессияаралық келісім мәселелері жөніндегі базалық функциясы берілетін болады. Сонымен қатар, жаңа орган ішкі саясатты жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеуге, мемлекеттік идеологияға қатысты мәселелерді, сондай-ақ Конституцияны және мемлекетіміздің басқа да маңызды құжаттарын ілгерілетумен және насихаттаумен айналысады».

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда вице-президент институтын құруды ұсынды. Вице-президент Мемлекет басшысы тарапынан Парламент депутаттарының көпшілігінің келісімімен тағайындалады. Оның өкілеттік аясын Президенттің өзі айқындайды. Вице-президент халықаралық форумдарда және шет мемлекеттердің делегацияларымен өткізілетін келіссөздерде Қазақстан атынан өкілдік етеді, сондай-ақ Президенттің Парламенттегі өкілі ретінде қызмет атқарады. Бұдан бөлек, отандық және шетелдік қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдармен өзара байланыс орнатады. Аталған жаңа лауазым Конституцияда бекітілуі мүмкін, ал Мемлекеттік кеңесші лауазымын тарату мәселесі қарастырылып отыр.

Жалпы алғанда, Мемлекет басшысы атап өткендей, алдағы конституциялық өзгерістер ауқымы жағынан жаңа ата заңды қабылдаумен салыстыруға болады. Бастапқыда Конституцияның шамамен 40 бабына өзгеріс енгізу жоспарланғанымен, жұмыс барысында түзетулер санының әлдеқайда көп екені белгілі болды. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев 100-ден астам сарапшыны қамтитын Конституциялық комиссия құру туралы шешім қабылдады. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша жалпыұлттық референдум өткізу мерзімі белгіленетін болады.

slot danahttps://cefta.int/