Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мен Феликс Мария Парежа Ислам кітапханасы өзара әріптестікке әзір

2025 жылғы 26 маусымда Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры, профессор Дүкен Мәсімханұлы бастаған қазақстандық делегация Мадрид қаласындағы Феликс Мария Парежа Ислам кітапханасының директоры Елена Санчез Ногалеспен кездесті.
Мадридтің Ислам кітапханасы атымен танымал аталмыш кітапхана директоры 1954 жылы құрылған кітапхана тарихына, бөлімдеріне, кітапхананың маңызды академиялық ғылыми орталық болумен қатар, өз қоры болғандықтан, жеке коллекциядан қолжазба және сирек кітаптарды сатып алу мүмкіндігіне тоқтала келе, кітапхана қорының ислам, шығыс қолжазбаларына бай екенін, Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтымен байланысқа әзір екендігін айтты.
Кездесуде Д.Мәсімханұлы өзі басқарып отырған институттың ғылыми әлеуеті және зерттеу бағыттарымен таныстыра келе, Мадридтегі шығыс қолжазбаларына бай кітапхана қорында сақталған түркі тарихы мен мәдениетіне қатысты әр тілде сақталған дереккөздерді анықтау, деректанулық талдау жұмыстарын жүргізу және аталған кітапханамен ғылыми байланыстар орнатуда ынтымақтастыққа дайын екенін жеткізді.
Кездесу барысында тараптар аталмыш кітапханасындағы тарихи, құнды деректер, қолжазбалар мен құжаттарды зерттеуде екі жақты әріптестікті дамыту жолдарын талқылап, ғылыми зерттеу саласындағы әріптестікті дамыту мен алдағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін саралады. Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мен Феликс Мария Парежа Ислам кітапханасы арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандум әзірлеп, қол қоюға уағдаласты.
Кездесу соңында Дүкен Мәсімханұлы кітапхана басшысына сый-сыяпат табыстады. Кітапхана басшылығы қазақстандық ғалымдар делегациясын кітапхана қорын, бөлімдерін аралатып, таныстырып, алдағы уақытта өзара байланыс орнатуға ықыласты екендіктерін айтты. Бұл кездесуге аталмыш кітапхана қызметкерлері мен шығыстанушы ғалымдар, PhD Болатбек Батырхан, PhD Нұртас Әбдімомынов қатысты.
Испанияның Даму жөніндегі халықаралық ынтымақтастық агенттігіне (AECID) қарасты «Феликс Мария Парежа» Ислам кітапханасы – ислам әлеміне қатысты қолжазба, құжаттар мен кітаптар, мерзімді басылымдар жинақталған, осы сала бойынша мамандандырылған бірегей кітапхана. Кітапханадағы ең көне қолжазба 1519 жылғы медициналық трактат. Кітапхана атауы 1954 жылы осы кітапхананың негізін қалаған арабист Феликс Мария Парежаның құрметіне қойылған.