Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ: ҚЫТАЙДЫ МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҰЛТ РЕТІНДЕ ЖАН-ЖАҚТЫ ЗЕРТТЕУІМІЗ КЕРЕК

811

Еліміздің шығыстағы алып көршісі Қытаймен тарихи-сая-си­­­­­ қатынасымыз ертеден-ақ қалыптасқан. Ал еліміз тәуелсіздік алғалы бері жаңаша бағытта дамып келеді. Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, филология ғылымының докторы Дүкен Мәсімханұлымен сұхбатымыз да Қытай-Қазақстан қатынастарына арналды.

–Қытай-Қазақстан қатынастарында осы уақытқа дейін ешқандай түйткілді мәселе болған жоқ.  Ендігі жерде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл көрші елге қатысты қандай саясат ұстанғаны дұрыс? Ал көпшілік жиі айтатын «қытай қарызынан» қалай құтыламыз?

–Иә, дұрыс айтасыз. Тәуелсіздіктің алғашқы 30 жылында, азаттыққа жаңа қол жетіп, тәуелсіз ел құрудың соқтықпалы- соқпақсыз кешуін бастан өткердік. Әлемдік қауымдастықпен, оның ішінде жаһандық  геосаясатта өз орны мен ықпалы бар мемлекеттермен, әсіресе маңайдағы көрші елдермен достық қарым-қатынас орнатуға мүдделі болдық. Оның үстіне тәуелсіздіктің алғашқы 30 жылында еліміздің халықаралық қарым-қатынас саласында берік ұстанған «көп векторлы  саясат»  тұғырнамасы бойынша Батыс, Шығыс, Солтүстік, Оңтүстік тарапымызбен, тарихи туыстас-тамырлас елдермен, іргелес бауырлас-тағдырлас көршілермен барыс-келіске, алыс-беріске барынша назар аударылды. Сыртқы саясатымыздағы осындай талпыныстың себебінен сіз айтып отырған ҚХР «жаһандық геосаясатта өз орны мен ықпалы бар держава» ретінде де, елдерімізді 1750 шақырымдық ортақ шекара сызығы бөліп тұрған көрші мемлекет ретінде де жас, тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатында маңызды орынға, басым салмаққа ие болды. Бұдан тыс, осы жылдарда Қытайдың ғылым-білім саласы дамып, экономикасы  күрт өсіп, әлемдік екінші экономикаға айналып шыға келді. Бұл шетелден инвестиция тартуға қатты ділгір болып отырған Қазақия үшін «көктен тілегені жерден табылғандай» жағдай болды. Тағы бір жағынан, Қытайдың сол кездегі мемлекет басшысының кеңқолтықтығынан, гуманист-зиялығын пайдаланып, екі ел арасындағы шекараны шегендеп алу, сонымен бірге ондағы қандас бауырларды елге көшіріп алу үшін де, бұл елдің Қазақстан мен Орта Азиядағы мақсат-мүддесіне қолдау көрсетілгені анық.

«Қытай қарызы» деген мәселеге келсек, жалпы біз көп жағдайда «инвестиция» мен «қаржылық қарызды» шатастырып алып жатамыз. Нарықтық экономика жағдайында шетелдік инвестицияны тарту және пайдалану тек қаражаттың ғана емес, сонымен бірге шетелдік технологиялардың, басқару тәжірибесінің де ағылып келуін қамтамасыз етеді, жаңа рыноктарға жол ашады, ірі құрылымдық өзгерістерге, нарықтық инфрақұрылымның қалыптасуына, инновациялық процестердің кеңеюіне, экономиканың жекеше секторының қалыптасуына серпін береді. Сол сияқты Қазақстан үшін де тікелей шетелдік инвестиция айырықша тиімді. Негізінде инвестиция, ол – қабылдаушы елдің шаруашылық қызметінде инвестордың ұзақ мерзімді мүддесін қанағаттандырады және ешқашанда сыртқы борышты қалыптастырмайды.

Бұл ретте Қытайдың жалпы әлемдегі ең ірі инвесторларының бірі екенін атап өтуіміз керек. Жылына 100 миллиард АҚШ долларына дейінгі қаражатты Қытай жыл сайын әлемнің түрлі елдеріне инвестиция ретінде құяды. Егер Қазақстандағы Қытай компанияларының үлесі туралы, атап айтқанда инвестиция ағыны жайлы айтар болсақ, зерттеу нәтижелері мынадай,  2005–2017 жылдар аралығында Қазақстанға шетелдерден 330 миллиард АҚШ доллары инвестиция ретінде келген. Оның ішінде Қытайдан қазақстандық компанияларға келген инвестиция мен бірлескен жобалардан түскен сома 29,4 миллиард долларға жеткен. Қаржы ең көп салынған сала – энергетика. 12 жылда аталған салаға қытайлықтар 22,78 миллиард доллар қаржы құйған. Қазақстанның химия өнеркәсібіне Қытай 3,68 миллиард доллар бөлсе, металды өндіру, өңдеу және байытуға – 2,33 миллиард доллар, құрылысқа 350 миллион доллар салған.  Одан бөлек, көлік саласына – 150 миллион доллар, қаржы секторына 110 миллион доллар инвестиция тартқан.

Ал егер Қытай капиталы бар компаниялар туралы сөз қозғасақ, Қазақстанда қазір шамамен 50 мыңға жуық компания (шет елдермен бірлескен) болса, соның ішінде белсенді түрде жұмыс істеп келе жатқандарының саны – 32 мың. Олардың ішінде Қытайдың 1700 компаниясы бар.

Енді Қытайдан алған «қарызға» келетін болсақ, неге екенін біздің Үкімет ешқашан, қай елге, қанша қарыз екенімізді ашық көрсеткен емес. Сондықтан біз сыртқы қарызымыз туралы өзге елдің ақпаратына сүйенуге мәжбүрміз. Өткен жылдың (2021) соңында АҚШ-тағы William and Mary колледжі жанындағы AidData халықаралық зерттеу орталығы Қытайдың 2000–2017 жылдар аралығында шетелдегі жобаларды қаржыландыру бағдарламасын талдаған зерттеуін жариялады. Зерттеуге қарағанда, 42 мемлекеттің Қытайға «жасырын»  қарызы олардың ішкі жалпы өнімінің 10 пайызынан асып кеткен. Олардың қатарында Қазақстан да бар. AidData есептеуінше, Қазақстанның Қытайға «жасырын»  қарызы ішкі жалпы өнімнің 16 пайызына жетті.

AidData мәліметінше, Қазақстан 2000–2017 жылдар аралығында Қытайдан 35 миллиард доллар несие алып, ең көп несие алған елдердің алғашқы ондығына кірген. Қытайдан ең көп несие алған елдер арасында Ресей (151 миллиард доллар), Венесуэла (81 миллиард доллар), Ангола (50 миллиард доллар), Бразилия (38 миллиард доллар), Индонезия (36 миллиард доллар), Пәкістан (33 миллиард доллар) бар.

Аталған зерттеу орталығы Қазақстан­ның Қытайға ресми қарызы ішкі жалпы өнімнің 2 пайызына ғана тең деген дерек келтіреді. Қазақстан ұлттық банкінің дерегінше, 2021 жылғы 1 сәуірдегі мәлімет бойынша, Қазақстанның Қытайға жалпы қарызы 9,7 миллиард долларға тең, оның 1,3 миллиард долларына ғана мемлекет кепілдік берген. Осы деректерге сенсек, еліміздің Қытайға ресми қарызы 10-15 миллиард АҚШ доллары шамасында.

Бір қуанарлық жағдай, билікке Қасым-Жомарт Тоқаев келгелі бері Қытайдан инвестиция тарту бағытындағы жұмысты әрі қарай жандандыруға талпынғанымен, қаржылай қарыз алуға белсенділік танытып отырған жоқ. Бұл – бір. Екіншіден, Қасым-Жомарт Кемелұлы өзі де қытайтанушы-ғалым болғандықтан, Қытайдың ішкі-сыртқы саясатын, тарихы мен мәдениетін өте жақсы біледі. Ендігі жерде бұл елмен қарым-қатынаста бұрынғыдай бей-берекет қадамдар жасалмайды деп толық сеніммен айтуға болады.

– Қытайда Қазақстанды зерттейтін инс-титуттар, арнайы ұйымдар барын білеміз. Ал бізде бұл елді зерттейтін бірде-бір институт немесе құрылым жоқ. Шығыстағы алып көршіні зерттейтін бір институт болғаны дұрыс шығар. Осы тұрғыда пікіріңіз қандай?

– Дұрыс айтасыз. Қытайда бейресми мәлімет бойынша Қазақстан мен Орта Азия елдерін зерттейтін 32 ғылыми институттар мен орталықтар бар. Олардың кейбіреуі тіпті КСРО кезінде құрылған. Негізінде, әлемдік қауымдастықта бір елдің екінші бір елді зерттеп-қарап отыруы бұрыннан бар, қалыптасқан, әдепкі құбылыс. Мақсаттары әр қилы болуы мүмкін. Бірінікі – қарсы жақтан үлгі-өнеге алу, екіншісінікі – қарсы жақпен экономикалық сенімді әріптес болу, үшіншісінікі – қарсы жақты өзінің ықпал аумағында ұстау, төртіншісінікі – қарсы жақтан өз еліне келуі мүмкін қауіп-қатерден сақтану, тағы біреуінікі – қарсы жаққа түрлі тәсілмен экспансия жасау… дегендей.

Қазақстан үшін қытайтану ғылымының көкейкестілігі, мақсаты мен міндеттері  айырықша. Ең әуел Қытай, не десек те, адамзаттың ежелгі мәдениет ошағының бірі. Сондықтан адамзаттың ту арыдағы бағзылық мәдениетіне, этнографиясына және өзге де тыныс-тіршілігіне ден қойып, оны ғылыми зерделеу үшін де қытайтану ғылымының жетістіктеріне иек артуға тура келеді. Сондай-ақ бұл ел – біздің ежелден бергі іргелес жатқан көршіміз. Ханьзу деген жұрт ежелден өз еліндегі елеулі оқиғаларды ғана емес, маңайындағы жұрттың да тыныс, тіршілігін қаттап-шоттап отыратын халық қой. Соған байланысты  ежелгі тарихымызға қатысты ең байырғы, біршама жүйелі де мол, әрі біршама құнды деректер Қытай мұрағаттарында жатқаны құпия емес. Ендеше сол деректерді алу үшін де, екшеу үшін де қытайтану ғылымын тереңдетудің маңызы ерекше. Сонымен бірге бүгінгі Қытай, ол – әлемдегі екінші экономикаға айналып, жаһандық геосаясатта көш бас-тап тұрған ел. Тағы бір жағынан, бүгінгі ҚХР – әлемдік қауымдастықта өз орны бар, Азия құрлығындағы алып держава. Жер бетіндегі тірі адамның 4/1-не жуығы осы елдің тұрғыны. Оның үстіне арамызды 1750 шақырымдық ортақ шекара бөліп тұр.  Әрі ол елде екі миллиондай қандасымыз өмір сүреді. Міне, осы айтылғанның бәрі біздің еліміздегі қытайтану ғылымына күрделі міндеттер жүктейтіні айтпаса да түсінікті.

Өкінішке қарай, Шығыстағы алып көршіміз Қытай, ұлт ретінде де, мемлекет ретінде де, біздің елімізде тәуелсіздік алғанға дейін жеткілікті зерттелмеген, мүлде бейтаныс мемлекет болды. Қазір де біздің Қытайды білеміз деуіміз тым үстірт. Қытайды біле бермейтініміз, әсіресе тәуелсіздіктен кейінгі отыз жылда анық байқалып қалды. Бұл мәселенің өзектілігі мен маңыздылығы еліміздегі саясаттанушыларға, әсіресе қытайтанушы ғалымдарға анық байқалады. Сондықтан да мен Отанға оралған күннен бастап, аталған бағытта арнайы ғылыми орталық құра отырып, зерттеулер жүргізудің қажеттігін, жүйелі ізденістер жасаудың маңыздылығын айтып, жоғары-төменге дабыл қағып келдім. Алайда бұл елді зерттеумен арнайы айналысатын ғылыми-зерттеу орталығы әлі құрыла қойған жоқ. Дегенмен,  Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтында, Назарбаев университетінде, Елбасы кітапханасы жанында, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де арнайы орталықтар бар. Бірақ олардың бәрінің жұмысына  қаржылық және кадрлық проблемалар қолбайлау болып отырғаны жасырын емес. Мен Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтына басшылық қызметке келгелі бері институттың қытайтану бағытын көтеру мақсатында біраз жоспар құрып, тырбанып көрдім. Өкінішке қарай, ғалымдардың жұмысын, жалақысын гранттық ғылыми жобаларға байлап қойғандықтан, ұмты­лысымыз ойдағыдай жеміс бере қойған жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2023 жылдан бастап жетекші ғалымдарға бюджеттен жалақы төлеп жұмысқа қабылдау жүйесі енгізіліп жатыр. Бұйырса бұл тараптағы жұмысымыз енді жанданып қалар.

– Қытай мен Тайван арасында ежелден кикілжің бары белгілі. Қытайдың өз ішінен ыдырауына бұл себеп бола ала ма?

– Соңғы жылдардағы жаһандық және аймақтық геосаяси және геостратегиялық өзгерістерге байланысты Үнді-Тынық мұхит аймағында ертеде қалыптасқан қайшылықты жағдайлардың тіптен шиеленісе түскені белгілі. Бұл ретте әсіресе Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы арал елі Тайван мен ҚХР билігі арасындағы кикілжің аталған аймақтағы ең шетін мәселеге айналумен қатар, жаһандық және аймақтық геосаяси және геостратегиялық бәсекелестіктің де қызу нүктесі ретінде күн тәртібіне шықты. АҚШ билігіне Трамп, Тайван билігіне Цай Иньвэнь келгеннен бері тіптен ушыға бастаған Қытай-Тайван кикілжіңінің ауыр шиеленіске айналу ықтималдығы, тіпті, оның қарулы қақтығысқа әкеліп соғу ықтималдығын әлем саясаткерлері жіті қадағалап, қызу талқылай бастады.

Ресми Пекин Үнді-Тынық мұхиты айма­ғындағы саяси, әскери және экономикалық қадамдарымен ғана тәуелсіздікке талпынған Тайванның алаңдаушылығын күшейтіп отырған жоқ. Әсіресе, ҚХР төрағасы Си-дің Тайван туралы сөздері мен мәлімдемелері де ресми Тайбэйдің мазасын кетіруде. Қытай билігі тарапынан жа­рияланған «Тай­вандық бауыр­ластарға ашық хатқа» 40 жыл толуына орай, 2019 жылы өткізілген жиналыста Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Тайвань туралы: «Қытайлар қытайлармен соғыспайды. Біз бейбіт жолмен бірігуге  шын ниетімізбен,  бар күш-жігерімізбен ұмтылуға дайынбыз, өйткені  бейбіт жолмен бірігуді жүзеге асыру бұғаздың екі жағындағы отандастардың және бүкіл халықтың мүддесіне сай келеді. Алайда біз қарулы күш қолданудан мүлде бас тартамыз деп те уәде бере алмаймыз.  Әрине, барлық қажетті шараларды қабылдау мүмкіндігін қалдырамыз. Бұл арада нысана сыртқы күштердің араласуы және «Тайвань тәуелсіздігін» жалаулатып жүрген өте аз сандағы  сепаратистер және олардың сепаратистік әрекеттері» деген сөзі ресми Тайбэйді тіксіндіре түсті. Си тағы бір сөзінде «Тайвань мәселесін шешіп, Қытаймен қайта қосылуына қол жеткізу – ҚКП-ның тарихи міндеті және мызғымас мақсаты» екенін мәлімдеп, «кез келген «тәуелсіз Тайвань жоспары» түбегейлі быт-шыт етілетінін» ескертті. Си-дің Тайван туралы осындай сөздері мен мәлімдемелеріне ресми Тайбэй «Тайванның ұлттық егемендігін, демократиясы мен бостандығын берік қорғауға деген шешімі өзгермейді» деп мәлімдеп, ресми Пекинді «Тайвань халқының таңдауына құрметпен қарауға және Тайваньға қаратқан саяси және әскери қысымынан бас тартуға» шақырумен келеді.

Қытай-Тайвань қарым-қатынасы 2008–2016 жылдар аралығында жылымық бір кезеңді бастан өткергені белгілі. Алайда 2016 жылдан бастап бұғаз арасындағы саяси атмосфера қайта салқындай бастады. Оған себеп, сол жылдың мамырында Тайваньның билігіне келген демократ әрі тәуелсіздікті жақтаушы Цай Инвэннің ұлттық қорғаныс пен тәуелсіздікті нығайтуға және Қытаймен сауда-экономикалық байланыстарды шектеуге күш салуы, сонымен бірге Тайвань-АҚШ қарым-қатынасын күшейтуге бағытталған сыртқы саясатқа басымдық беруі. Тағы бір себеп, 2013 жылы Си-дің билікке келуімен елдің экономикалық, саяси­ және әскери дамуына барынша ден қоюы, әсіресе ресми Пекиннің Оңтүстік Қытай теңізіне, әсіресе, Тайванға бағытталған әскери әрекеттерін күшейтуі – Тайвань билігінің Пекиннен қауіптенуіне түрткі болды. Сондай-ақ Қытайдың экономикалық өрлеуі және оның аймақтық, әлемдік ықпалының күшеюі,  соңғы жылдардағы  АҚШ-ҚХР арасындағы қайшылықтың ушығуы, әрі екі ел арасындағы геосаяси және геоэкономикалық бәсекелестіктің, әсіресе, Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы ықпалды орынға таласуы, Қытай-Тайвань қарым-қатынасына кері әсерін тигізгенін де атап айтуымыз керек.

Алайда Цай басшылығындағы ресми Тайбэйдің қазіргі ұстанымынан ресми Пекиннің қауіп-қатеріне қарамастан, мүмкін болған жағдайда тәуелсіздікке ұмтылатынын, тым болмағанда Тайванның қазіргі мәртебесін сақтауды одан әрі жалғастыруға тырысатынын аңғару қиын емес. Ал ресми Пекин Тайванмен бірігу – елдің ең маңызды геосаяси және геостратегиялық мақсаты екендігін тынбай қайталаумен келеді. Өйткені соңғы жылдары «Қытай арманы» ұраны мен «Белдеу және жол» бастамасы аясында өзінің геосаяси және геостратегиялық қадамдарын жеделдеткен ресми Пекин белсенді сыртқы саясат ұстануда. Сондықтан ресми Пекин соңғы жылдары Тайванға қаратқан саяси және әскери қысымын күшейтіп, ресми Тайбэйден «бейбіт бірігу» талабын қабылдауды табанды түрде талап етуде. Сонымен қатар ҚХР билігінің соңғы жылдары Гонконгтағы наразылық акцияларын күшпен жаныштауы және ондағы үстемдігін күшейтуге бағытталған «Ұлттық қауіпсіздік туралы заң» қабылдауы демократиялық Тайван, қоғамының жаппай алаңдаушылығын туғызып, ресми Пекиннің «Тайван, отан құшағына оралған жағдайда, бір ел, екі жүйеде өмір сүре береміз» деген уәдесіне сенімсіздіктерін күшейте түскені де жасырын емес. Қысқасы бүгінгі  жағдайдан қарағанда Тайванның Қытайға «бейбіт жолмен қосылуының» ауылы алыс екені байқалады.

Демек, Қытай мен Тайван, арасындағы шиеленістің алдағы уақытта да осындай талас-тартыспен жалғаса беруі әбден мүмкін. Бірақ бұл жағдай ҚХР-ның ыдырауына тікелей әсер етуі неғайбыл. Біздің ойымызша ҚКП  ҚХР билігінен кетіп, ресми Пекин шын мағынасындағы демократиялық жолға түскеннен кейін ғана, «қосылу», «ыдырау» деген мәселелер күн тәртібіне шығуы ықтимал.

–Қытай экономикасы өткен ғасырдың 1980-жылдардан кейін аз жылдарда қалай қарыштап дамыды? 1,5 миллиард халықты қолжетімді азық-түлікпен, киіммен, техникамен қалай қамтамасыз етіп отыр?

–1978 жылы ҚХР билігіне келген Дэн Сяопин «қытайша ерекшелікке социа­лизм» ұстанымын ортаға қойып, сол бағытта батыл реформалар жасады. Яғни ел экономикасын жоспарлы экономикадан нарықтық қатынастарға ауыстырды, бірақ саяси-идеология саласында компартия билігін сақтап қалды. Ол, яғни компартия тұтас елдегі барлық салаға басшылық әрі бақылаушылық рөлін күні бүгінге дейін жалғастырып келеді.   Сонымен бірге Дэн елдегі ғылым-білім жүйесін жаппай жаңғыртты. Талантты жастарды шетелдерге жіберіп оқытумен бірге, әр түрлі саяси науқан салдарынан шетелдерге қоныс аударып кеткен әйгілі ғалымдарды елге кері шақырып алып, тура шетелдегі жағдайын жасап берді. Ірі, орта, шағын кәсіпкерлікке мемлекет барынша  қолдау көрсетті. Егістік және жайылымдық жерлер  тек қана малшылар мен егіншілерге берілді. Коммунаның мыңғырған малы тышқақ лағына дейін есепке алынып, малшыларға ғана үлестірілді.  Өндіріс орнын, кәсіпорын ашам деушілерге өсімсіз несие беріліп, олар 4-5 жыл салықтан босатылды. «Өзімдікі дегенде өгіз қара күшім бар» дегендей, елдің экономикасы  5-6 жылда-ақ дүркіреп көтерілді. Содан он жыл өтер-өтпесте, ресми Пекин шетелдерге инвестиция құя бастады. 30-40 жылда әлемдегі екінші экономикаға айналып шыға келді. 1,5 миллиард өз халқын «азық-түлікпен, киіммен, техникамен қамтамасыз» етуді айтасыз, қазір Қытайыңыз бүкіл дүниежүзіндегі көптеген елдерге ұшы-қиыры жоқ қарыз беріп, инвестиция құйып, жалпақ жаһанның төбесінен қарағысы келіп отырған жоқ па?!

–Қытай архивтерінде қазақ елі тарихына қатысты көптеген құнды деректер барын білеміз. Міне, осы деректерді ғылыми айналымға енгізудің қандай жолдары бар?

–Дұрыс айтасыз, Қытай архивтерінде қазақ халқының арғы-бергі тарихына қатысты көптеген құнды деректер бар екені белгілі. Бүгінге дейін ол деректердің басым бөлігі алынды және ғылыми айналымға енгізілді. Атап айтқанда, 2000-жылдардың басында елімізде жүзеге асқан «Мәдени мұра» бағдарламасы кезінде, Шығыс және Батыс елдерінің мұрағаттарында жатқан ежелгі қазақ тарихына қатысты деректер жиналып алынды және мемлекеттік тілге аударылып баспадан шығарылды. Сол қатарда, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты ғалымдарының күшімен «Қазақ тарихына қатысты қытай деректері» де 4-5 том болып жарық көрді. Одан тыс, Шыңжаңдағы қазақ ғалым­дары да Қытай архивінен қазақ тарихына қатысты деректерді жинап, аударып көлемді-көлемді төрт том шығарды. Әрине, біз бұнымен «қытай архивін сарқып біттік» деуден аулақпыз. Алуға тиісті құжаттар әлі де аз емес. Сонымен бірге, сол ежелгі архив құжаттары негізінде қытай ғалымдарының ежелгі қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты  іргелі зерттеу еңбектері де назар аударарлық. Солардың ішіндегі таңдаулыларын аударып, ғылыми ай­налымға енгізсек те тарихымыздағы ақ­таң­дақтарды  толықтауға үлкен септігі тиер еді.

– Қытайдың шекаралас аудандарында Сақ, Үйсін қорғандары барын білеміз. Сол қорғандарға зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік бар ма? Егер ондай мүмкіндік болса, тарихымызға қатысты тың деректер табылар еді. Бұл туралы пікіріңіз қандай?

–Әрине, Қытай археологтары ХХ ғасырдың ортасынан бастап күллі Шыңжаң өңірінде, соның ішінде Іле, Алтай, Тарбағатай өңірлеріне археологиялық қазбаларды өте жүйелі және белсенді түрде жүргізіп келеді. Көптеген Сақ, Үйсін обаларын ашып, ежелгі түркі тайпаларының тарихы мен мәдениетіне қатысты мол артефактілерді ғылыми айналымға енгізді. Әрине, дұрыс айтасыз, Қытайдың Шыңжаң өлкелік археология институты мен біздің Ә.Марғұлан атындағы археология институты бірлесе отырып Шыңжаңда қазба жұмыстарын жүргізсе, ежелгі тарихымызға қатысты небір тың артефактілер табылар еді.

–Өз заманында Қытай ғұндардан қорғанып, қорған соғып алғанын білеміз. Сол туралы айтсаңыз. Ал бүгінгі біздегі  «қытай үрейін» қалай жоюға болады?

–Қытай деректерінің мәліметінше, біздің жыл санауымызға дейінгі 221 жылы Цинь Шихуаң  елдегі алты бектікті жойып,  Қытайдың Чжанго кезінде (б.э.д. 475–221жж.) қалыптасқан, неше ғасыр орнығып қалған бытыраңқы  билікті аяқтап, Қытай тарихындағы ең алғашқы орталықтандырылған монархиялық – Цинь династиясын орнатып, өзін патша деп жариялады. Бұл Қытай тарихындағы тұңғыш біртұтас және орталықтандырылған феодалдық  патшалық болды.

Цинь патшалығы құрылғаннан кейін Цинь Шихуанға бірінші кезекте әкімшілік жүйені реформалау қажет болды. Өйткені Чжанго кезіндегі бектіктердің әкімшілік басқару жүйесі ғана емес, халықтың тіршілік формасы да, салт-сана, заң-зәкүндері әртүрлі болатын. Цинь Шихуаң осының бәрін бірізге түсіруге бағытталған  реформамен әлек болып жүргенде, елдің солтүстігін ғұндар басып алды деген жаман хабар келеді. Ғұндар ол кезде қазіргі Қытай қорғанының солтүстігі мен батысындағы байтақ территорияны алып жатқан ұлы империя болатын-ды. Ғұн сарбаздары бір өңкей жаужүрек батыр, соғыс өнеріне шебер, шетінен  ат құлағында ойнайтын баһадүрлер еді. Чжанго кезеңінің өзінде-ақ Чжао, Янь және Цинь бектіктері ғұндардың шапқыншылығынан сақтану үшін елдің солтүстік және батыс шекарасына жайлап қорған соға бастаған. Ол кезде қытай қорғаны үзік-үзік, бір-бірімен жалғанбаған, тым ұзын да емес еді. Сонымен бірге қытай деректері Чжао мен Янның билігі күн санап әлсірей бастағанда, ғұндар жоспарлы түрде қытайдың солтүстігіндегі аталған екі елдің жерін басып алғаны, сонымен бірге ғұндар Сарыөзен (Хуанхэ) жағасындағы Хэтао аймағының жартысынан көп жерін қытайлардан тартып алғаны туралы жазады. Ғұн билеушілері бұнымен де шектеліп қалмай, қытайға дүркін-дүркін шабуылдап тұрады. Цинь династиясы құрылғаннан кейін де, яғни, б.э.д. 214 жылы ғұндар тағы да Қытайға  басып кіреді. Бұл жағдайға қатты ашуланған Цинь Шихуаң ғұндардың шабуылын тойтару жорығына  басшылық етуге әйгілі әскербасы Мэң Тяньды тағайындайды. Мэн Тянь патшаның үмітін ақтап, 300 мың әскерімен Хэтао аймағын қайтарып алады. Ғұндардың тағы да елге басып кіруіне жол бермеу және Цинь патшалығы жерінің бүтіндігін сақтау үшін Цинь Шихуан ертедегі бектіктер арасындағы қорғандардың бәрін бұздырып, елдің ғұндармен шектесетін солтүстік және батыс шекараларындағы тау қыраттарын қуалай ғұндардың шабуылына тосқауыл боларлықтай берік қорған соғып шығуды бұйырады. Жойқын қорғанды салу – Цинь патшалығына әсте оңайға түскен жоқ. Қазынадан шығарылған есепсіз қаржыны айтпағанда, қорғанды соғуға неше жүз мыңдаған сарбаздар мен шаруалар жұмылдырылды. Қысқасы, Цинь патшасы жұмысқа жарамды еркек кіндіктінің түгін қалдырмай тұтқындап, қорған салу жұмысына мәжбүрлі түрде жекті деуге болады. Міне, бүгінгі әлемге әйгілі қытай қорғаны осылай салынған.

Ал «қытай үрейі» дегенге келетін болсақ, оны да бір ауыз сөзбен жеткізу қиын. Себебі бұл құбылыстың әлем елдерінде де, біздің елде де  пайда болып, қалыптасуының өзіндік тарихы, себеп-салдары бар. Ұзын сөздің қысқасын айтар болсақ, «қытай үрейі» ғылымда «синофобия» деп аталады. Аталған құбылыстың біздің елде пайда болу тарихы тіптен ұзақ. Себебі біз жер жаралып, су аққалы бері қытай (табғач) жұртымен Азияның шығысы мен кіндігінде қанаттаса қатар жасап келе жатырмыз. Ұзына тарих бойына құда-андалы болған, сауда-саттық жасасып  бейбіт-қатар өмір кешкен замандарымыз да болды. Сонымен бірге жауласып, майдандасқан кездеріміз де аз болған жоқ. Сол күндерден бізге жеткен «Күлтегін» ескерткішіндегі Күлтегіннің өсиеті бар; «ақыр заман болғанда жердің бетін қара қытай қаптайды» дейтін фольклорлық әфсанамыз бар; «орысқа ойыңды, қытайға қиялыңды айтпа», «орыс қайыс ноқта, қытай темір ноқта» дейтін халық  даналықтары бар.  Одан кейінгі қытайлармен болған Атлах шайқасы  бар.  Ресейлік отарлау кезінде «қазақтар қытайға қарап кетпесін» деген мақсатпен  орыстардың таратқан пропагандасы және бар. Сондай-ақ синфобияның шырқау шыңына шыққан бір тұсы КСРО кезеңі. Екі держава арасындағы  текетірес тұсында Кремль Орта Азиялық республикалардың тұрғындарына қытайларға қатысты сан ­алуан жағымсыз, тіпті қор­қынышты  ақпараттар таратып, қытай үрейін тіптен кү­шейтіп жіберді. Ал тәуелсіздіктен кейін, әсіресе соңғы 5-6 жылдың беделінде еліміздегі  БАҚ беттерінде қытайға қатысты жағымсыз пікірлер мен «синофобия» синдромы тіптен күшейе түсті. Оған себеп бүгінгі Қытай билігінің «үш түрлі күшпен күрес» (сепаратизм, діни экстремизм, терроризм) деген ұранмен Шынжаңдағы  мұсылмандар мен түркі халықтарына жүргізген саясатының «геноцид» деңгейіне жеткізуі болды. Міне, осы айтылған жағдайлардың бәрі біздің халқымыздың санасындағы «қытай үрейі» тарихының тым арыда жатқанын көрсетеді.

Сан ғасырдан бері қытайдың іргесінде Жапония, Корея, Үндістан, Моңғолия, Вьетнам секілді елдер қытайдан үрейленбей-ақ, қытайға жауланбай-ақ, бейбіт-қатар тұрып, көрші-қолаң болып өмір сүріп келеді. Демек, біз де «қытайдың жан саны көп екен, тотемдері аждаһа екен» деп басқа бір жаққа көшіп кете алмаймыз. Енді қайтпек керек, Жапония, Корея, Үндістан, Моңғолия, Вьетнамдар  секілді елдердің тәжірибесінен үйреніп, заңдарымызды кемелдендіріп, азаматтарымыздың отаншылдық сана-сезімін көтеріп, Қытай елімен бейбіт-қатар, тату көрші болып өмір сүру жолын қалыптастырумыз керек.

Сондай-ақ «қытай үрейінен» арылудың ең бір төте соқпағы Қытайды мемлекет ретінде де, ұлт ретінде де жан-жақты зерт­теуіміз, бес саусағымыздай білуіміз керек.

–Қытайдағы мұсылман халықтары қазіргі таңда Қытай билігі тарапынан қысым көріп отырғанын білеміз. Жалпы осы мәселені шешудің жолдары бар ма? Мәселен, мемлекеттік деңгейде келіссөздер жүргізіп, ол жақтағы 1,5 миллион қандасымызды көшіріп алып солтүстіктегі бес облысқа бөліп орналастырса, қалай ойлайсыз?

– Жоғарыда айтқанымдай, соңғы 4-5 жылдың беделінде Қытай билігінің «үш түрлі күшпен күрес» (сепаратизм, діни экстремизм, терроризм) деген ұранмен Шынжаңдағы  мұсылмандар мен түркі халықтарына жүргізген саясатының «геноцид» деңгейіне жеткенін әлем елдері жаппай айыптады. Бұл мәселеде ресми Пекин қалай ақталуға тырысқанымен, сол саясаттан зардап шегуші-куәгерлер берген ақпараттар әлемдік қауымдастыққа жетіп, күллі адамзаттың наразылығын туғызды.

Алайда Қазақстан билігі қытайдағы қандастарымыз қанжылап жатқанда қол қусырып қарап отырған жоқ. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келгеннен кейін сол кездегі ҚР Сыртқы істер минстрінің бірінші орынбасары Ш.Нұрышев қытайлық әріптестерімен және Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжаң Сяомен келіссөз жүргізді. Екі ел арасындағы сондай жоғары деңгейдегі ресми келіссөздердің нәтижесі де болмай қалған жоқ. Содан көп өтпей ресми Пекин Шынжаңдағы қазақтарға деген саясатын ептеп жұмсарта бастады.

Алайда, қай деңгейдегі диалог кезінде де Қытай тарапының ылғи да көлденең тартатыны «Қытайдағы қазақтардың ұлты қазақ болғанымен бәрі де ҚХР азаматтары. Демек бұл біздің ішкі ісіміз» дейтін уәж. «Де юре» солай екені рас. Бірақ дүниенің бәрін білгенде, бұл қытайлар «де фактіні» қалайша білмей қалды?! Ал «де факті»,  ондағы қазақтардың біздің қандас бауырларымыз екенін, «ойда сиырдың мүйізін ұрсаң, тауда бұғының мүйізі сырқырайтынын», «иесін сыйласаң, итіне сүйек тастау» керек екендігін, Қазақ-Қытай елдері тату көрші, сенімді әріптес-дос елдер екенін ресми Пекин білмей қалды дегенге кім сенеді?!

Ал көш мәселесіне келетін болсақ, Қы­таймен арадағы шекараның жабылға­нына дөңгелектеп айтқанда 5 жылдан асып барады. Осы жылдарда қытайдағы қандастардың көші қаңтарылды. Қытай тарапы шекарасын енді ғана аша бастады. Бұйырса қытайдан келетін қандастар көші  жанданады деп ойлаймын. Алайда сол көшті дұрыстап қарсы алып, діттеген аймақтарға қоныстандыруға өзіміз дайын болсақ болғаны.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Нұрболат АБАЙҰЛЫ

Р.Б. Сүлейменов ат. Шығыстану институтының ақпарат орталығы

Дереккөз: https://anatili.kazgazeta.kz/news/61409

 

https://www.pria.org/https://ula.kemendagri.go.id/https://fkip.unsulbar.ac.id/https://rskiasawojajar.co.id/https://satvika.co.id/https://lpmpp.unib.ac.id/https://cefta.int/https://terc.lpem.org/https://empowerment.co.id/https://pgsd.fkip.unsulbar.ac.id/https://ilmuhukum.unidha.ac.id/http://ebphtb.linggakab.go.id/https://gizi.poltekkespalembang.ac.id/https://eproc.jawapos.co.id/https://lppm.unika.ac.id/https://indolivestock.com/