ЖҮРЕКТЕРГЕ ЖОЛ ТАРТҚАН ЖОЛДАУ

945
Кеше (01.09. 2021) Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына жолдауын жасады. Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген жолдаудың мәні мен маңызы айрықша болатынын Алаш жұрты алдын-ала аңғарғандай еді. Айтып-айтпай аталмыш жолдаудың өзегі мен салмағы еліміздің тәуелсіздігі мен тұтастығына, елдік пен егемендікке, экономика мен өркендеуге, денсаулық пен «онсаулыққа», білім мен ғылымға, береке мен бірлікке негізделіпті. Бұл мәселелер бүгінгі күннің ең өзекжарды тақырыбы болуымен қатар, халық көңіліндегі көкейкесті сұрақтарға жауап берген жолдау болды деуге толық негіз бар.
«Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз» деп айрықша салмақ бере сөйлеген мемлекет басшысы биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отырғандығын ерекше атап өтті. Өйткені жұртым дейтін жүрегі, тәуелсіздігім дейін тілегі бар барша қазақстандықтар үшін егемендіктен ерекше, азаттықтан асқақ, бостандықтан биік ұғым болмаса керек. Президентіміз жұрт жүрегіндегі осы бір нәзік сүйіспеншіліктің, асқақ рухтың мәңгі алаулай беруіне барша қазақстандықтардың еңбегі сіңгеніне де айрықша тоқталды. Оның басты негізі тұтастық пен тыныштықты бұзбай, елге адал қызмет етуде екенін алға тартты. Президент өз сөзінде: «Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес» екенін де еске сала кетті. Шындығында жалаң ұран, жалынды сөз, науқаншыл үрдістердің қандайы болса да, түптің түбінде су бетіндегі көбіктей желге ұшып кететіні белгілі. Бұл ретте Президент Қ.Тоқаев ащы да болса ақиқатын айтты. Арғы-бергіде жалаң ұран, жалынды сөзбен алысқа барған елді көргеміз жоқ. Алысқа бармай-ақ, кешегі Кеңес өкіметінің өзі жанды мысал. Сондықтан, елдің ертеңі мен баянды болашағымызды тұғырлы ету үшін не керек? Президенттің өз сөзімен айтқанда, «Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы».
Айрықша атап өтерлігі, отандық білім және ғылым саласының өзекті мәселелері мемлекет басшысының осы жолғы жолдауынан тыс қалмады. Шарғаламның шартарабына көз жіберер болсақ, озық өркенге жеткен мемлекеттердің бәрінің дамуының алғы шарты, түп қайнары – ғылым мен білімде екенін аңғару қиын емес. Ғылым-білімсіз даму, өркениет туралы ауыз ашудың өзі әбестік. Шығысымыздағы көршіміз Қытайды алып қарастыратын болсақ, 1949 жылдан 1979 жылға дейінгі 30 жылда «зор секіріп ілгерілейміз», «жан саны қанша көп болса, сонша еңбек күші болады» деген ғылыми негізі жоқ ұрандарға еріп жүрді. Ел билігінің тізгіні Дэн Цяопинге ауысқаннан кейін, Дэн реформасының басты бағыты, алтын өзегі – ғылым мен білім саласы болды. Нәтижесінде, ары-берісі он-он бес жылдың жүзінде қытай экономикалық тұрғыдан әлеуетті елге айналып шыға келді. Одан кейінгі жылдар да Қытай билігі әсіресе, білім беру мен ғылым саласына тыңғылықты реформа жасап, аталған салаға барынша қолдау көрсетті. Нәтижесінде, жалпыға мәлім болғанындай ҚХР бүгінде әлемдегі АҚШ-тан кейінгі екінші экономикаға айналды. Президент Қ.Тоқаевтың жаңа жолдауындағы білім-ғылым саласына қатысты айтылған маңызды пайымдаулар ертеңгі жарқын келешекке деген сенімімізді еселей түсті. Мемлекет басшысы үкіметке: «Орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы. 225 мың оқушыға орын жетіспейді. Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025 жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді. Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын бір мыңға жеткізуді міндеттеймін. Мектептерді бюджет қаржысына салумен қатар, осы өзекті мәселені шешуге жеке секторды да тартқан жөн. Толық білім беретін ауыл мектептерін оқушы санына қарай қаржыландыруға біртіндеп көше бастауымыз керек. Балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу айрықша маңызға ие болуда. Өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білуге тиіс. Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, осы маңызды міндетті шешумен айналысуы керек» деп тапсырма берді. Бұл білім саласын реформалаудағы Президент жолдауындағы аса өзекті әрі маңызды мәселе.
Елдегі ғылым-білім саласы бойынша Президент ескерткен маңызды мәселенің тағы бірі – ғылым саласын дамыту. «Өнер-білім бар жұрттар, тастан сарай салғызды» деп ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин туған халқын соноу ХІХ ғасырда ғылымы бар, білімді жұрт болуға шақырды. Ал «тастан сарай салу» ХХ ғасырдың өзінде-ақ трендтен қалды. Ал Адам атаның қазіргі оза шапқан, ілгері кетіп қалған перзенттері ғарышты меңгеру, құлтемірден игіліктену, ғұмырды ұзарту деген мәселелермен айналыса бастады. Өз ғалымдарына барынша жағдай жасап, зертханалармен жаблықтауда алдына жан салмайтын өркениетті елдердің даму беталысы алты құрылықтың аясынан алқып кеткелі қай заман?! Демек, алдағы он, жиырма жылдықта әлемдік ғылымның бағыт-бағдары мүлде бөлек арнаға ауыспақ. Бұл Жер шарын ортақ мекендеп отырған адами қауымдастықтың бір мүшесі ретінде біз терең ойлануға тиісті ең басты, ең өзекті мәселенің бірі. Бұл жағдайдың мемлекет басшысын бей-жай қалдырмағаны бізді қатты қуантты. Атап айтқанда: «Ғылымды дамыту – біздің аса маңызды басымдығымыз. Бұл саладағы түйткілдердің шешімін табу үшін жылдың соңына дейін заңнамаға өзгерістер енгізу қажет. Ең алдымен, жетекші ғалымдарымызға тұрақты және өз еңбегіне лайықты жалақы төлеу мәселесін шешу керек. Мұны ғылымға бөлінетін базалық қаражат есебінен қамтамасыз еткен жөн. Мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында іргелі ғылыммен айналысатын ғылыми-зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру тәртібін енгізуді тапсырдым. Құзырлы министрлік осындай ғылыми мекемелерді іріктеудің және қаржыландырудың айқын әрі ашық ережесін әзірлеуі керек» деді Президент өз жолдауында.
Біз үнемі БАҚ бетінде көтеріп жүрген мәселенің бірі – ғылыми-зерттеу институттарға гранттарды бөлу мәселесі болатын. Бүгінгі жолдауда Президент осы маңызды мәселенің түйінін тарқатқандай болды. Ол: «Келесі мәселе. Грант мерзімінің үш жылмен шектелуі іргелі ғылымды дамытуға едәуір кедергі келтіріп отыр. Осындай қысқа жоспарлау мерзімінде қандай да бір нәтижеге қол жеткізудің өзі қиын екені анық. Ғылым саласын гранттық қаржыландыру мерзімін бес жылға дейін ұзарту мәселесін қарастырған жөн. Ұлттық ғылыми кеңестер шешімдерінің әділдігі туралы мәселе де күн тәртібінен түспей тұр. Осыған орай, апелляция институтын енгізу қажет деп санаймын» деді. Бұл шынымен де аса қажетті де өзекті мәселе. Президенттің бұл ұсынысы жалпы ғылыми көпшіліктің көкейінде көптен жүрген мәселенің түйінін шешіп бергендей болды. Себебі ғылыми зерттеу жұмысы, ол – әсте өндіріс орны емес. Ғылымда, әсересе іргелі ғылымда шынайы жаңалық ашуға үш-бес емес, тіпті ондаған жылдар қажет болатынын жұрттың бәрі біледі. Бұл бір. Ал «Ұлттық ғылыми кеңес» мүшелдері де адамс баласы болғаннан кейін, оларды «жаңылыспайды» деудің өзі әбестік. Оның үстіне аталмыш «кеңестің» мүшелері жұмыс барысында өздері жақсы білетін салаға көбірек ден қоятыны да жасырын емес. Осы тұрғыдан келгенде мемлекет басшысы ұсынған ғылыми жобалар бойынша «апелляция институтын» құру бастамасы күллі ғылыми қауымнан қолдау табады деп ойлаймын.
Президент Қ.Ж.Тоқаев аталмыш жолдауында тіл мәселесіне де аса мән берді. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады… Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек» деп текке шырылдамаса керек. Тіл – ұлттың паспорты. Бұл тұрғыда Президеніміз парасатты ойын ортаға салды. Ол: «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Сондықтан, қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ. Атазаң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі» деді. Тіл мәселесінде жортақы сөз, жорамал ой өрге баспайды. Ол нақты механизмдерін жүйлеп, тәжірибелік тұрғыдан іске асу мүмкіндігі бар, заңдық құзіреті күшті болу сынды талаптарды қажет етеді. Осы тұрғыдан келгенде, Президент сөзінің терең мәні бар. Жалпы алғанда, болашақ қазақ тіліне жұмыс істеуде. Сан зұлматты көрген қазақ тарихтан жоғалып кетпей аман келеді. Тілімізде ұлтымызбен мәңгі жасай береді деп сенемін.
Айта берсек, жаза берсек мемлекет басшысының осы жолғы жолдауындағы барлық мазмұнды, әсересе экономикалық ахуал, әскери-қорғаныс, денсаулық сақтау, агроөнеркәсіп, этносаралық қарым-қатынас, цифрландыру т.б. бәрін тізбелеп, жеке-жеке тоқталуға болар еді. Өйткені жолдауды тұтастай елдегі нақты жағдайды басшылыққа ала отырып, бәрін жан-жақты сараптаған, қадай ілгері жылжуды көздеген, қалай тығырықтан шығуды мақсұттаған бағдаршам деуге болады. Қазақша жалпақ тілмен айтқанда жолдауда құр сөз, бос қиял емес, тұтастай құлаққа кіретін әңгіме айтылған! Бірақ біз бұл жазбамызда жолдаудағы жанымызға жақын, өзімізге етене, сондай-ақ елең еткізер тұстарына ғана тоқталдық.
Ең бастысы, тәуелсіздік алғаннан бері қарайғы уақыт біз үшін жақсы жұмыс істеп келеді. Осы орайда біз тек өсіп-өне берейік, береке-бірлігіміз ортаймасын! Қандай жағдайда да ұлттық рух пен мүддені жоғары қоя білейік. Сонда ғана ұлт ретінде бақытымыз баянды, іргеміз берік, тәуелсіздігіміз мәңгілік болмақ!
Р.Б. Сүлейменов атындағы
Шығыстану институтының директоры,
ф.ғ.д. профессор Дүкен Мәсімханұлы
https://www.pria.org/https://ula.kemendagri.go.id/https://fkip.unsulbar.ac.id/https://rskiasawojajar.co.id/https://satvika.co.id/https://lpmpp.unib.ac.id/https://cefta.int/https://terc.lpem.org/https://empowerment.co.id/https://pgsd.fkip.unsulbar.ac.id/https://ilmuhukum.unidha.ac.id/http://ebphtb.linggakab.go.id/https://gizi.poltekkespalembang.ac.id/https://eproc.jawapos.co.id/https://lppm.unika.ac.id/https://indolivestock.com/