Халқы қадірлейтін қайраткер

983

Қазақстан тәуелсіздік алу қарса­ңында және егемен ел болған соң бұрынғы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті Оты­рар перзенті, энциклопедист ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің (870-950) атын алумен қатар, оқу ор­­нында жаңа Шығыстану және Ха­лық­аралық қатынастар факуль­тет­тері ашылды. Өйткені өз дипло­мат­тарын даярлау қажеттілігі ­бос­тан­дық алған ел үшін бірден сезілді.

Бірде университеттің Ғылыми кеңесіне лекция оқу үшін Сыртқы істер министрінің орынбасары Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Кеңестік дәуірде мұндай деңгейдегі шенеуніктердің өздерін өзгелерден жоғары ұстайтынын, кез келгенге сәлем бере бермейтінін жұрт білетін. Ал Қасым-Жомарт Кемелұлының кеудемсоқтығы жоқ, кішіпейіл, ізетті де инабатты, биік эрудициялы жан екендігі бірден байқалды. Оның лекциялары мазмұндылығы, қызықтылығымен есімізде қалды. Аса білгірлік, үлкен мәдениет, зиялыға тән әдеп, ибамен сөйлейтін ол студенттерді бірден баурап алды. Ол КСРО-ның Сингапурдегі елшілігінде, Мәскеудегі КСРО Сыртқы істер министрлігінің Орталық аппаратында қызмет етумен қатар, Бейжіңдегі Қытай тілі институтында да оқыған, одан кейін КСРО Дипломатиялық академиясында да дәріс алған, қытай және ағылшын тілдерін жақсы меңгерген, тәжі­рибелі маман екен. 1994 жылы министр болып тағайындалған соң да уақыт тауып, Халықаралық қатынастар факуль­тетінің студенттеріне, яғни бола­шақ мәмілегерлерге лекция оқып тұрды.

Анығында, ел тәуелсіздігіне дейін, негізінен, протоколдық қана міндеттерді атқарумен келген Қазақстан Сыртқы істер министрлігі басшыларының бірен-сараны болмаса, көпшілігі кәсіби дипломаттар емес еді. ҚазҰУ-ды бітіріп, сыртқы саясат ведомствосына қызметке барғандар Қасым-Жомарт Кемелұлының өз ісінің шебері әрі талапшыл басшы екендігін айтатын. Ол негізгі қызметіне қоса, қолына қалам алып, әлемде болып жатқан түрлі өзекті мәселелер жайлы жазып жүрді. Соған қарап көзіқарақты оқушы оның сыртқы істердің, дипломатия саласының қаламы қуатты, ойшыл, шебер аналитигі екендігін аңғарды. Мәселен, 1993 жылы оның «Как это было… Хроника волнений в Пекине (апрель-июнь 1989)» атты еңбегін оқып, көршілес алып елді дүрліктірген Тяньменьмен оқиғасының жай-жапсарына қанықтық.

Сөйткен азамат көп ұзамай Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, онан соң Сыртқы істер министрі болып тағайындалды. Сол жылдары Азия, Африка, Еуропа, АҚШ секілді елдерде елшіліктеріміз бірінен соң бірі ашылып жатты. Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дың Ха­лықаралық қатынастар, Шығыстану факуль­теттерін бітірген дарынды жастар да елші­ліктерге қызметке тартылды. 1997 жылы сәуірде мен де Сауд Арабиясы Король­дігіндегі елшілігімізге кеңесші болып тағай­ындалдым.

Дипломатиялық қызметте болған­дық­тан да ойға түйгенім: Қасым-Жомарт Тоқае­в­­тың тұсында Сыртқы істер ми­нистр­­лігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ай­қындаған Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатын дұрыс әрі биік деңгейде жүргізді.

Уақыт жылжып өтіп жатты. Қасым-Жомарт Кемелұлы 1999 жылы Премьер-Министр болып тағайындалып, 2002 жыл­ға дейін осы аса жауапты лауазым­да қызмет етті. Бұл еліміз аяғынан енді ға­на қаз тұрып, егемендігін бекемдей бастаған қиын шақ еді. Өңірлерде электр жарығы жиі сөніп, қалалар кештен таңға дейін қараңғылық құшағында қа­лып жүрді. Жұрт үйін жылыту немесе ас дайындау үшін көшелердегі ағаш­тар­ды кесіп, отын ретінде пайдаланды. Жұмыскерлер жалақыларын, зейнеткерлер зейнетақыларын бірде алса, бірде оған қол жеткізе алмай қиналып жүрді. Тіпті дипломатиялық қызметте жүрген біз де қаражат тапшылығынан демалысқа шыға алмаған кезіміз болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет басшысы ретінде өте сабырлы, қандай маңызды іс болсын терең ойлап барып шешетін сая­саткер ретінде танылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев одан кейінгі жылдары Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі қызметін атқарып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тапсырған істерді әрдайым биік деңгейде орындап отырды. Сондай-ақ Елбасының бастамасы­мен құрылған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес шешім­дерінің іске асырылуына және басқа да стратегиялық маңызы бар мәселе­лердің оңтайлы орындалуына белсе­не атсалысты. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары әрі Женева­дағы БҰҰ бөлімшесінің бас директоры қызметіндегі Азияның алғашқы өкілі болды. Ол қызметте де өзіндік із қалдырды.

Ал Парламент Сенатының Төрағасы ре­тінде аса жауапты істердің бірі – әлемдік дәстүрлі діндер көшбасшыларының съез­дерінің астанада жоғары деңгейде өтуіне барынша күш салғанына куәміз. Әдетте бастары қосылмақ түгіл, бір көшенің бойымен де жүре бермейтін түрлі дін өкілдерінің бір-біріне қол беріп, ізетпен сәлем бергені де осы маңызды іс-шараның нәтижесі дер едік. Бұл оңай шаруа емес-ті.

Съезге алыстан келген бір қонақ: «Қазір дүние жүзінің көптеген елі Қазақ­стандағыдай көпұлтты елде орнаған саяси тұрақтылық пен халықтар арасындағы достықпен мақтана алмайды. Сіздер өзара келісім жолымен саясатта да, экономикада да үлкен жетістіктерге жетіп келесіздер. Конфессияаралық келісім мен төзімділікті орнатуда Қазақстанның табы­сы бүкіл әлемге үлгі-өнеге», деп әді­лін айтса, ал тағы бірінің: «Діндер съезі, менің білуімше, бұрын-соңды еш жер­де дәл осындай ауқымда өткен емес. Бұл – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың тағы бір әлемдік қоғам­дастық тарапынан үлкен қолдауға ие болған бастамаларының бірі. Біздің ха­лық Қазақстандағы әрбір жаңалыққа елең­деп, әрбір оқиғаға қуанып отыратынын бі­лесіздер», дегені де жайдан-жай айтыла салған сөз емес.

Сол жылдардың бірінде Қасым-Жо­март Тоқаев бастаған Сенат депутаттары мен еліміздегі дәстүрлі діндер көш­басшыларынан құралған делегация ар­найы ұшақпен «Бейбітшілік жолында» атты діндераралық халықаралық фо­румға қатысу үшін Италияның Неаполь қаласына барғанымыз есімде. Әлемдік діндердің 200-ден астам өкілі қатысқан жаһандық мәжіліс «Зорлық-зомбылықсыз дүние: діндер мен мәдениеттің қатысуы» тақырыбында өтті. Осы айтулы іс-шараның ашылу салтанатында сөз алған Италияның сол кездегі Премьер-министрі Романо Проди, Неаполь мэрі Руссо Йерволино жер бетіндегі бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүру – әлем халықтарының аңсаумен келе жатқан арманы екендігін баса айтып, осы орайда Астанада өтіп келе жатқан дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездеріне үлкен баға берді. Форумда, сондай-ақ дін­аралық бірлік пен ынтымақты сақтау­дағы Қазақстан тәжірибесі мен атқа­рып отырған іс-шаралары туралы Қасым-Жомарт Кемелұлы арнайы баяндама жасап, ел абыройын биік белес­ке көте­ріп тастағанын көзіміз көріп, құла­ғымыз естіді. Осы ретте ерекше атап өтер­лік бір жайт – аталған форумға Ита­лия­ның сол кездегі Президенті Джорд­жио Неа­поли­тано мырза да қаты­сып, Қазақстан Респуб­ликасының Сена­т Төрағасы мен ол бастап келген деле­гацияға құрмет көрсеткен еді.

2004 жылы Сыртқы істер министрі кезінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Елба­сының Сауд Арабиясы Ко­рольдігінің аста­насы – ар-Рияд пен қасиетті Мекке мен Мединаға ресми сапары­ның биік деңгейде өтуін ұйым­дас­тырды. Тұң­ғыш Президентіміз қасиетті Қағ­баға кіріп мінәжат етті. Мединада пайғам­бары­мыз­дың (c.ғ.с.) мешіттері мен тұрған мекенжайларында болды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы – өзіне Ел­басы тапсырған қандай қызмет болсын әрқашан оның беделін арттырып, биік белеске көтеріп отыратын өз ісінің білгірі екендігін талай мәрте танытты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақ­стан
Республикасының дипломатиясы» атты кітабы (2001) Қазақстан Тәуел­сіз­ді­гінің 10 жылдығына арналған. Онда Қазақ­станның сыртқы саясатының қалып­та­суы мен даму үдерісіне жан-жақты тал­­дау жасалған. Автор шетелдерде қазақ­­стан­дық мемлекеттіліктің архитек­торы ретінде танылған Президент Нұрсұл­тан Назарбаевтың халықаралық қызметі­не айрықша назар аударған. Ал келесі «Жа­рық және көлеңке» кітабында Қазақстан­ның сыртқы саяси бағытының қалыптасу тарихы, дамуы мен нығаюын сөз етеді. Онда автор Елбасының сан қырлы ха­лық­аралық қызметіне кеңінен тоқталған. Сондай-ақ заманымыздың көрнекті сая­сат­керлері мен дипломатия тұлғаларына қатысты ойларын да ортаға салған. Бұл ретте дүниежүзілік саясаттану әдебиеттерінде жарияланбаған бірегей материалдар мен мәліметтерді қолданған. Кітапта қазіргі Қазақстанның дамуы туралы кең түсінік беретін тарихи фактілер де бар.

Президенттің 2020 жылдың қаңта­рында жарияланған «Абай және ХХІ ғасыр­дағы Қазақстан» атты мақаласы да ойлы дүние. Біз Абайды ұлықтау арқылы елі­мізді танытып, беделін асқақтататы­нымыз сөзсіз. Мемлекет басшысы Абай жайлы салиқалы ой түйе отырып, бірқатар келелі мәселені көтерген. Мақала халықтың рухын көтеріп, Президентке деген риза­шылығын арттыра түсті.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әбу Насыр Әл-Фараби – Отырардың ұлы перзенті, адамзаттың кемелділікке ұм­тылу жолындағы маңызды бағдар. Қазақ халқы Әл-Фарабиді қадірлейді, оны орта ғасырлардағы сияқты, қазіргі XXI ғасырда да адамзаттың ең жақсы ұлдарының қатарына жатқызады», дейді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы – қазақ дип­ломаттары арасынан алғаш рет 5 томға жинақталған саяси мақалалар жазған, жазу стилі мейлінше әдемі және жеке көзқарастарындағы алғырлық пен ой биіктігі айрықша қайраткер екендігін айтқан жөн. Ол аса жауапты қызметтерде жүріп, ғылыммен де айналысты. Әуелі 1998 жылы «Азия-Тынық мұхит мем­ле­кеттері Қазақстанның сыртқы саясатында» кандидаттық диссертациясын, ал 2001 жылы «Әлемдік жаңа тәртіптің қалыптасу кезіндегі Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. Осы ғылыми еңбектеріндегі ойлы талдаулардан оның шалқар білімі, жан-жақты тереңдігі байқалады.

2019 жылғы 19 наурызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Үндеуін жариялап: «Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы ретіндегі алдағы міндетім – басшылардың жаңа буынының билікке келуін қамтамасыз ету. Олар елімізді жаңғырту процестерін жалғастыратын болады.

Қазақстандағы билік сабақтастығы конституциялық тұрғыдан реттелген. Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін Сенат төрағасына беріледі. Содан кейін жаңа Президент сайлауы болады.

Қазір Парламент Сенатының Төрағасы – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Оны сіздер жақсы білесіздер. Ол Мәскеу мем­лекеттік халықаралық қатынастар инсти­тутының түлегі, ғылым докторы. Ағыл­шын және қытай тілдерін еркін меңгер­ген. Басшылық лауазымдарда қызмет етіп, мол тәжірибе жинады. Еліміз­дің сыртқы сая­сатының қалыптасу жылдар­ында Сыртқы істер министрі, Премьер-Ми­нистрдің орын­басары және Премьер-Ми­нистр, Сенат Төрағасы болды. Елімізді, оның экономикасы мен сая­сатын жетік біледі.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшы­сының орынбасары болып жұмыс істеді. Бұл – оның дипломат ретінде сіңірген еңбе­гінің және Қазақстанға деген зор сенім­нің жемісі.

Ол Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап менімен бірге жұмыс істеп келеді. Мен оны жақсы білемін. Ол – адал әрі жауапкершілігі жоғары аза­мат. Еліміздің ішкі және сыртқы саяса­тын жан-жақты сезінеді. Ол барлық бағ­дарламаларды әзірлеуге және қабылдауға атсалысты.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақ­станды басқаруға нағыз лайықты азамат деп сенемін», деп мәлімдеп, тарихи да көрегендік шешімін қабылдады.

Тұңғыш Президентіміз адам тани біледі. Сол себепті де ол өзі құрып, негізін қалаған тәуелсіз мемлекетіміздің тағдыры мен болашағын ел басындағы қилы кезеңде өзінің сенімді серігі бола білген Қасым-Жомарт Кемелұлына сеніп тапсырды. Елбасының таңдауын хал­қымыз да қолдап, 2019 жылдың маусым айында кезектен тыс өткен Президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын жақтап дауыс берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев билік тізгінін ұстағалы небәрі екі-ақ жыл өтті. Бұл – тарих үшін өте қысқа мерзім. Бірақ осы мерзім ішінде Президентіміз туған елін биік белеске көтеру жолында көп еңбек сіңірді. Соның ішінде халқымыз үшін ең маңыздысы – ұзаққа созылған жер мәселесін шешіп, дауға нүкте қойды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынып, билік пен бұқара арасын жақындатуға, қоғамда әлеуметтік әділдік пен тәртіп орнатуға, сыбайлас жемқорлықты ауыздықтауға, өңірлерді өркендетіп, ел іргесін бекітуге, кәсіпкерлікті өрістетуге, ұлттық құнды­лық­тарымызды ұлықтауға баса көңіл бөліп отыр. Мұқтаж жандарға үнемі көмек қолын созып келеді. Президенттік жастар кадрлық резерві жасақталды.

Екі жыл ішінде сынға түскен бір­не­ше күтпеген оқиға да болды. 2019 жыл­­дың ма­мырында Арыс қаласында әлде­­кім­­дер­дің жауапсыздықтарынан оқ-дәрі­лер жары­лып, халық қасіретке душар бол­ғанда Президентіміз халқының қасы­нан та­былды. Жанына жұбаныш болып, жұрт­­ты сабырға шақырып, еліне кө­мек көр­се­туді ұйымдастыра білді. Қордай­да­ғы қақ­тығысқа байланысты жергілікті тұр­­ғын­дар­мен жолығып, жағдайды тұрақ­тан­дырды.

2020 жылы маусым айында Өзбек­стан­дағы Сардоба бөгеті жарылып, жойқын су көпірі Мақтаарал ауданын басып, жұрт мал-мүлкінен айырылып, су астында қалып абыржығанда да халқын сабырға шақырумен қатар, көмектің дер кезінде жасалуына ұйытқы болды. Әр жолы Қазақ­стан сынды қуатты мемлекеттің ешкім­ді де қайғы-қасіретімен жеке, қарау­сыз қалдырмайтынына көз жеткізді. Халық­ты жұбатып, үй-жай салынуын өз бақылауына алды.

Бүкіл әлемді дүр сілкіндірген корона­вирус пандемиясы біздің елді де шарпымай қойған жоқ. Онымен күреске жауапты тұлғалар әуелгіде абдырап қалды. Әйтсе де Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жағдайды дереу өз қолына алып, қатерлі індетке қарсы шаралар пәрменді де табанды жүргізілу үстінде. Мемлекетіміз адам өмірі үшін қолдан келгеннің бәрін жасау­да. Бұл қиыншылықтан да, Иншалла, елі­міз абыроймен шығатынына күмән жоқ.

Халқын сүйетін, халқы да оны қадір­лейтін Президентіміз Елбасының уақыт сынынан өткен сарабдал саясатын лайық­ты жалғастырып, қай салада болсын сындарлы сабақтастықты сақтап, талай сыннан сүрінбей, абыроймен өтті. Халқын ауызбірлікке, ынтымаққа шақыра отырып, Қазақстанды алға – жарқын болашаққа бас­тап келеді. Ең бас­тысы – елі оған сенеді.

Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ,

ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор

Дереккөз: https://egemen.kz/article/277851-khalqy-qadirleytin-qayratker

https://www.pria.org/https://ula.kemendagri.go.id/https://fkip.unsulbar.ac.id/https://rskiasawojajar.co.id/https://satvika.co.id/https://lpmpp.unib.ac.id/https://cefta.int/https://terc.lpem.org/https://empowerment.co.id/https://pgsd.fkip.unsulbar.ac.id/https://ilmuhukum.unidha.ac.id/http://ebphtb.linggakab.go.id/https://gizi.poltekkespalembang.ac.id/https://eproc.jawapos.co.id/https://lppm.unika.ac.id/https://indolivestock.com/