ВЕНГРИЯҒА АРХЕОГРАФИЯЛЫҚ ІССАПАР

266

2024 жылдың 25 шілде – 3 тамызы аралығында ҚР ҒЖБМ Ғылым Комитеті Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының «Шет елдік архив қорлары жинақтарындағы Қазақстан және Орталық Азияның тарихи-мәдени мұрасы»(Историко-культурное наследие Казахстана и Центральной Азии в собраниях зарубежных архивных фондов) атты іргелі-мақсатты бағдарламалық жобасының (жоба жетекшісі – т.ғ.д, проф., ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі М.Қ.Әбусейітова) орындаушылары, тарих ғылымдарының докторы   Жүгенбаева Г.С., тарих ғылымдарының кандидаты Каримова З. Венгрия (Мажар) Республикасының Будапешт қаласында ғылыми-зерттеушілік және археографиялық іссапарда болды. Іссапардың мақсаты: Венгрия (Мажар) Республикасындағы ғылыми-зерттеу және ақпараттық-анықтамалық мекемелердің қорларында сақталған Қазақстан мен Орталық Азияның тарихы мен мәдениетіне қатысты түркі-шағатай, мажар, парсы, қыпшақ, ағылшын, неміс және орыс тілді дереккөздерді, ғылыми басылымдарды, заттай мәдениет ескерткіштерін анықтау, деректанулық талдау жұмыстарын жүргізу, цифрлық көшірмелеріне тапсырыстар беру және аталған мекемелермен ғылыми байланыстар орнатуға қол жеткізу.

Сапар барысында Будапешт қаласындағы Венгрия Ғылым Академиясы кітапханасының директоры, доктор профессор Иштван Монок (Istvan Monok) мырза, Шығыс қолжазбалары бөлімінің басшысы, доктор Роланд Ференц (Roland Ferenczi) т.б. мамандармен кездесу ұйымдастырылды. Академия кітапханасының жөндеу жұмыстарына байланысты жабық болуына қарамастан, екітарапты кездесудің сәтті өтуіне белгілі мажартанушы ғалым, Дебрецен университетінің профессоры Бабақұмар Хинаят барынша атсалысты. Кездесу барысында академик М.Қ.Әбусейітова ұсынысымен Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты тарапынан әзірленген меморандумды, негізгі жұмыс сапарымызды талқылап,  қазақстандық шығыстану ғылымы, Венгриядағы Қазақстан мен Орталық Азия тарихы мен мәдениетіне қатысты деректемелердің ғылыми айналымға енгізілуі, оларды цифрландыру мәселелері туралы кеңінен пікір алмасулар өрбіді.

Яс-Надькун-Солнок  медьесі аймағындағы Қарсақ (мажарша Karsag) қаласына барып, Дъерфи Иштван атындағы мұражайындағы қыпшақтар туралы коллекциямен таныстырылым жасалынды. Мұражай директоры доктор Молнар Миклош мұражайдағы қыпшақтар жәдігерлеріне экскурсия жүргізді. Мұнда қыпшақтардың тұрмысына қажетті бұйымдар, шаруашылық жүргізуге қатысты құрал-саймандар қойылған. Қыпшақ (кун) кестесі тігілген жастық, қыпшақ киімдері, ыдыс-аяқтары, нан илейтін ағаш астау, т.б. сандық, кебеже тәрізді үй жабдықтары экспонат ретінде орын алған. Сонымен бірге, осы қаладағы атақты қыпшақтанушы ғалым Қоңыр Иштван Мандоки туған үйге тағзым етіліп, фотосуретке тартылды.

Ғылым академиясы кітапханасының Шығыс қолжазбалары бөліміндегі қорлардан түркі-шағатай тіліндегі туындылардың  «№0.262-Kitab-l-mesaliki»; №0.387- Hikayet-i-turk»; «№0-427 Husrev ve Sirin»; «№0-84 Kabus-name», «№ Qu,68 – Seybani-name», «№ 0.375 – Kirk vezir ve Hatun Sultan», «№ F.19 – Levami un-Nur fi-zulmeti, Atlas minor», «№0.244 – Hazret-I Sah-Mesreb» үзінділері PDF форматында алынды. Кітапхана қорындағы  1957 жылы Вашингтон университеті ғалымы Рудольф Ловентальдың (Rudolf Loewentnal) «The turkic languages and literatures of Central Asia» библиографиялық еңбегі Орталық Азия мен Қазақстандағы түркі халықтарының азаттығы үшін күрестің шетелдегі сипатын, қарқынын айғақтайтын зерттеулердің, басылымдардың тізімдері берілуімен құнды. Мәселен, мұнда Мұстафа Шоқай туралы біршама ақпарат беріліп, қайраткер тұлғаның «Туркестан под властью советов» Париж., 1935; «1917 жыл оқиғаларынан естеліктер»; «Жас Түркістан» журналы», т.б.  мұралары библиографиялық түзілімге кіргізілген.

ХІХ ғ. жарық көрген сирек кездесетін әдебиеттер арасында А.Вамберий еңбектерін бөліп атаған жөн. Ғалым жиһанкездің 1867 жылы Лейпцигтен шыққан  «Шағатай тілі (Cagataiscne sprachstudien)» кітабы ерекше  назар аудартты. Кітаптың 8-бетінде 1723 жылдары басталған жоңғар шапқыншылығының зардабы жайында қазақ халқында сақталған «Елім-ай» әнінің өзбек, қарақалпақ, қырғыз тіліндегі нұсқалары берілуі, қазақ халқының «Ақтабан шұбырынды» тұсында Орталық Азия территорияларына босып кетуінің ономастикалық, фольклорлық деректерін толықтырады.

Көрнекті мажар ғалымдары  тарих ғылымдарының докторы, профессор Иштван Вашари мырза, антрополог ғалым Андраш Бирамен кездесу жасалынды. Өзара пікірлесу барысы мажарлардың этникалық тарихы, олардың Еуропадағы қазіргі отанына тұрақтануы, моңғол шапқыншылығы тұсында  қыпшақтардың қоныс аударуы т.б. мәселелерге қатысты зерттеулер, тың тұжырымдар  кезегін күтіп тұрғандығын аңғартты.

Венгрияда екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан қазақстандық солдаттардың мәліметтерін іздеу, нақтылау, кеңес әскерлері жерленген зираттарға бару жұмыстары да жоспарланды. Бұл жұмысымыз Ресей Қорғаныс министрлігі архиві  құжаттары деректеріне сүйеніп, қаза тапқан және хабарсыз кеткен боздақтарды анықтау, зерттеулер жүргізуге алғышарттар жасау мақсатында «Бір солдаттың дерегі» деген айдармен жүзеге асырылды. ҚР Венгриядағы елшілігінің консулы Ермек Жылқайдаровтың араласуымен  1945 жылы 30 қаңтарда Будапештен 40 шақырым жердегі темір жол бойында Петтенд деген мекенде жерленген маңғыстаулық солдат Ербасинов Тенесбай туралы мәліметтер табу үшін  Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Венгриядағы әскери-мемориалдық жұмыстарды жүргізу және ұйымдастыру Өкілдігіне (жетекшісі Ш.Й.Мамасолиев) нота жолданды.

Жалпы,  Венгрияда 140 мыңнан астам кеңес солдаты мен офицерлері опат болғандығы туралы деректер бар. Олардың нақтылы зираттары толықтай анық емес. Өйткені, қаза болған әскерлерді ұрыс аяқтала салысымен жерлеп, кейіннен басқа зираттарға көшірілгендігі туралы мәліметтер аздығы, немесе алғашқы жерленген жеріндегі зират орны мен белгісі сақталмағандары, сондай-ақ хабарсыз кеткендер тізімдеріндегі қазақстандықтар туралы  мәселелер әлі де шешімін күтуде. Сондықтан мұндай сауапты, қастерлі істі жалғастыру, тиянақты жүргізу бірнеше елдердің ресми органдары, ғалымдар, зерттеушілер, архив мамандары қатысуымен ғана тиянақты шешімін табары даусыз.

«Архив-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында кешенді іргелі ғылыми жобалар арқылы Еуропа елдеріне, атап айтқанда Венгрияға  археографиялық жұмыстар жалғасын тауып келеді. Біздің кезекті іссапарымыз соның айқын көрінісі. Аз ғана уақытты қамтыған іссапар аясында жоспарланған жұмыстарымызды мүмкіндігінше, орындауға тырыстық. Мажар елі тарапынан бірлескен ғылыми-зерттеушілік жұмыстар жүргізуге дайын екендігі туралы қолдауларын ерекше атаймыз.

Мажар жеріндегі деректемелер біріншіден, Еуропадағы түркілік кезеңнің көне дәуірден басталатын хронологиялық шеңберін айқындап береді. Екіншіден, түркі-шағатай тіліндегі мол жазба мұра Қазақстан мен Орталық Азия тарихы мен мәдениетіне  бірдей маңызды. Ұлы Дала тарихын зерттеуде көбінесе араб, парсы және латын тілді жазба деректермен шектелу бар. Түркі халықтарының жазба мәдениетінің түркі-шағатай тілінде араб графикасымен тұрақты дамығандығын, қалыптасқандығын екшелеу, насихаттау әлі де кемшін. Үшіншіден, ХХ ғасырдағы адамзат қырғынының айғағы – 2-дүниежүзі соғысының құрбандары қатарындағы қазақстандық әскерилердің тағдырын анықтау, зерттеу де өзекті.

Іссапарымызға қолдау білдірген «Шет елдік архив қорлары жинақтарындағы Қазақстан және Орталық Азияның тарихи-мәдени мұрасы» атты ғылыми жобасының жетекшісі, академик, тарих ғылымдарының докторы М.Қ.Әбусейітоваға, мажартанушы ғалым, этнограф Б.Хинаятқа, мажар әріптестерімізге,  кітапхана қызметкерлеріне және Венгриядағы Қазақстан елшілігіне  ризашылығымызды білдіреміз.

 

 Жүгенбаева Г.,  Каримова З.

https://pria.org/https://oia.umb.ac.id/https://empowerment.co.id/https://pustakailmiah.id/https://zonasultra.id/https://www.kendariaktual.com/wp-includes/site/https://himaindustri.unpam.ac.id/https://library.iainkediri.ac.id/https://newepaper.jawapos.co.id/thumbnail/dist/https://prakerja.nusatalent.com/file/https://ejournal.insuriponorogo.ac.id/config/https://www.rsudsyamsudin.co.id/gacor/https://eproc.jawapos.co.id/adminlte/plugins/site/https://rskiasawojajar.co.id/