Халықаралық ынтымақтастық: Лондонның Корольдік Азия қоғамымен мазмұнды кездесу

Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының шағын құрамдағы (Д.Мәсімханұлы, С.Әмірбек, Н.Әбдімомынов) делегациясы халықаралық байланыстар аясын кеңейту және отандық ғылымды жаһандық деңгейде интеграцияны жандандыру мақсатында Ұлыбритания астанасы Лондон қаласына келді.
16 маусым күні Ұлыбританияның іргелі әрі тарихы терең Корольдік Азия қоғамымен (Royal Asiatic Society) ресми іскерлік кездесу өтті.
Сындарлы диалог форматында өткен бұл кездесуге Корольдік Азия қоғамының директоры доктор Элисон Охта (Dr. Alison Ohta) және белгілі қытайтанушы ғалым, доктор Эдвард Уич (Dr. Edward Weech) қатысты. Келіссөздер барысында тараптар қазіргі заманауи шығыстану ғылымының өзекті мәселелерін талқылап, алдағы уақытта бірлесе атқарылатын стратегиялық жобалардың бағытын айқындады.

Кездесудің күн тәртібіндегі басты тақырыптардың бірі – отандық зерттеушілер мен жас ғалымдар үшін шетелдік қорлардан сирек кездесетін қолжазбалар мен мұрағаттық деректерді жинау, ғылыми айналымға енгізу мәселесі болды. Осы орайда, қос тарап бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыруға және академиялық ақпарат алмасуға дайын екендіктерін білдірді.

Сонымен қатар, кездесу аясында Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының Бас директоры, профессор Дүкен Мәсімханұлы болашақ шығыстанушы жас кадрларды бірлесіп даярлау ісіне де ерекше айырықша назар аударды. Отандық докторанттар мен жас мамандардың Лондонның жетекші ғылыми орталықтарында халықаралық тағылымдамалардан (стажировка) өту мүмкіндіктері жан-жақты сөз болды. Бұл бастама отандық ғылыми мектептің әлеуетін арттырып, жас ғалымдарымыздың әлемдік деңгейде тәжірибе жинақтауына кең жол ашпақ.

Басқосудың маңызды қорытындысы ретінде екі мекеме арасындағы серіктестікті ресми деңгейде бекіту мақсатында Өзара түсіністік туралы Меморандум (MoU) жасасу мәселесі талқыланды. Бұл құжат алдағы уақытта бірлескен халықаралық симпозиумдар мен конференциялар ұйымдастыруға, ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыруға берік құқықтық негіз қаламақ.

Кездесу соңында қос тарап жылы лебіздерімен бөлісіп, орнықты әрі ұзақ мерзімді ғылыми серіктестікке ниетті екендіктерін тағы да пысықтады. Лондон төріндегі бұл жүздесу отандық шығыстану ғылымының халықаралық аренадағы беделін арттыруға қосылған елеулі үлес болмақ.










