Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мен Әзірбайжан ғылыми орталығы арасындағы серіктестік жаңа серпін алуда

36

2025 жылдың 8 қазанында Бакуде халықаралық ғылыми ынтымақтастық аясында маңызды кездесу болды. Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, профессор Дүкен Мәсімханұлы бастаған қазақстандық делегация Әзірбайжан ғылыми орталығында (Azәrbaycan Elmi Mәrkәzi) кездесу өткізді. Кездесуді орталық басшысы, профессор Мүбариз Гусейнов қабылдап, ғылыми байланыстарды тереңдету бағытында конструктивті диалог өрбіді. Сындарлы ынтымақтастық пен академиялық ашықтық жағдайында өткен бұл диалог екіжақты ғылыми байланыстарды тереңдетудегі маңызды қадам болды. Кездесу барысында гуманитарлық және әлеуметтік зерттеулерге ерекше мән беріліп, шығыстану саласындағы заманауи үрдістер, зерттеу әдістемелері, сондай-ақ болашақ бірлескен жобалар талқыланды. Аймақтың тарихи-мәдени мұрасы, әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктері мен Таяу және Орта Шығыс, Күнгей Кавказдағы геосаяси өзгерістерге қатысты кешенді зерттеулер қажеттілігі атап өтілді.

Профессор Дүкен Мәсімханұлы бұл кездесудің ғылыми прогресс жолындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызын көрсеткенін айтып, зияткерлік ортақ кеңістік құрудағы маңызды қадам екенін жеткізді. Өз кезегінде, Әзірбайжан тарапы Шығыс әлемін зерттеуге бағытталған бірлескен бастамаларға толық қолдау білдіретінін мәлімдеді.

Басқосуда ерекше назар аударылған тақырыптардың бірі – ғылыми журналдардың дамуы мен ғалымдардың жарияланым белсенділігі болды. Ғылымның жаһандануы мен академиялық ашықтық талаптарының күшеюіне байланысты, тараптар ғылыми басылымдардың сапасы мен халықаралық беделін арттыру жолдарын кеңінен талқылады.

Талқылаудың басты бағыттары: Индексация және халықаралық танылу: Журналдарды Scopus пен Web of Science секілді жетекші дерекқорларға енгізу қажеттілігі сөз болды. Бұл екі жақтың ғылыми беделін көтеруге ықпал ететін маңызды қадам ретінде танылды

Этикалық стандарттар: Ғылыми этиканы сақтау, плагиатпен күрес және рецензиялау сапасын арттыру бойынша тәжірибе алмасты.                                                                                                       Бірлескен басылымдар: Екі орталықтың үздік сарапшыларын біріктіре отырып, бірлескен ғылыми журнал немесе арнайы шығарылымдар сериясын жарыққа шығару ұсынылды.

Кездесу нәтижесінде бірлескен конференциялар мен семинарлар өткізу, сондай-ақ баспа саласында өзара тәжірибе алмасу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл келісім тек жаңа серіктестік парағын ашып қоймай, ұлттық ғылыми мектептердің жаһандық академиялық кеңістікке ықпалдасуына нақты жол ашты. Мұндай ынтымақтастық, сөзсіз, екі елдің ғылыми әлеуетін арттыруға зор үлес қосады.

Келесі күні, 9 қазанда, профессор Мүбариз Гусейновтың шақыруымен Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының делегациясы Әзірбайжанның Қарабақ экономикалық аймағына сапар шекті. Делегация Әсгәран, Қожалы, Шуша, Ханкәнди қалаларында және бірқатар елді мекендерде орналасқан тарихи сәулет ескерткіштерімен танысты. Сапар барысында Мүбариз мырза Қожалыда 1992 жылғы ақпанда орын алған қайғылы оқиғаны еске салды. Ол кезде Армения қарулы топтары бейбіт халыққа қарсы қанды қырғын ұйымдастырған еді. 1994–2020 жылдар аралығында Қарабақ аймағының көп бөлігі әрмендердің оккупациясында болды. 2020 жылы 44 күнге созылған Екінші Қарабақ соғысы мен 2023 жылғы қыркүйектегі арнайы антитеррористік операция нәтижесінде Әзірбайжан Қарулы күштері аймақты толығымен азат етіп, конституциялық тәртіпті қалпына келтірді.

Әзірбайжандық әріптестердің айтуынша, 2020 жылы Әзірбайжанның “Темір жұдырық” («Dәmir Yumruq») әскери операциясы Қарабаққа бейбіт өмір алып келіп қана қоймай, Әзірбайжан қоғамының, соның ішінде саяси партиялардың (соның ішінде оппозициялық партиялардың да) да ұлттық мүдде жолындағы бірлігін көрсетті. Сонымен қатар, бұл жеңіс Түркі әлемінің тұтастығын да айқын дәлелдеді. Осы орайда, Мүбариз мырза сол кезеңде Әзірбайжанға қолдау көрсеткені үшін қазақ халқына ерекше алғыс білдірді.

 

 

slot danahttps://cefta.int/