ШЫҒЫС – ӘЛЕМНІҢ МАҢЫЗДЫ БӨЛІГІ

391
/Франция Шығыс өркениеті мен тілдері институтының (INALCO) президенті, профессор Жак ЛЕГРАН мырзамен сұхбат/
(Жак Легран 1946 жылы Францияның Рейн қаласында туған. Француз ғалымы. Философ, тарихшы. Француз, ағылшын, орыс, моңғол, қытай, поляк тілдерін жақсы біледі. Өзі басқаратын оқу орнында моңғол тілінен сабақ береді).
– Сіз басқаратын оқу орны қандай мақсатпен ашылған? Жұмбағы мол, құпиясы көп Шығыстың тылсымына терең бойлауға француз жұрты не үшін қызықты деп ойлайсыз?
– Алдымен институтымызды Қазақстанда кеңінен танытуға мүмкіндік берген Еуразия ұлттық университетінің басшылығына алғыс айтуды парыз санаймын. Енді ғана басталған байланысымыз шығыс өркениетін бірлесіп зерттеуімізге жол ашады деп ойлаймын. Шығыс өркениеті мен тілдері институтының іргетасы 1669 жылы қаланған деуге болады. IV Людовигтің тұсында министр Кольбер жас аудармашыларға түрік, араб және парсы тілдерін үйрету үшін арнайы мектеп ашқан. Осы кезден біздің институттың шығыстық ұғымға байланысты өмірбаяны басталады. Жастарды оқыту үшін неге бұл тілдер таңдалды? Өйткені сол тұста шығыс тілдерінің ішінде осы тілдер ғана Франция корольдігінің саяси және коммерциялық мүдделеріне сай келетін еді. Сондықтан Кольбердің мұны заман талабына бейімдеп ашқанын аңғару қиын емес. Бұдан кейін аласапыран өзгерістерге толы он сегізінші ғасыр келді. Францияның отарлау аймағының ауқымы ұлғая түсті. Әлемнің тек қана Франция мен оны қоршаған елдерден ғана тұрмайтыны жөніндегі түсінік берік қалыптасты. Сол заманда осындай мектептің өте қажет екендігі белгілі болды. Енді бұл мектепке мемлекеттік саясаттың негіздерін сіңіру мүмкіндіктері қарастырылды. Осыған орай халықтық конвенцияда арнайы баяндама жасалған. Халықтық конвенция дауыс беру арқылы бұл мәселені бір ауыздан мақұлдаған. Міне, осыдан кейін бұрынғы Кольбер мектебінің негізінде Ұлттық арнаулы шығыс тілдері мектебі құрылды. Бұл мектепті ашқан азаматтар Шығыстың әлемнің бір маңызды бөлігі екенін, оны зерттеп-зерделеу арқылы игере түсу керектігін жақсы түсінді. Әдепкіде мұнда бес тіл ғана оқытылған. Он тоғызыншы ғасырда мектептің аясы кеңейе түсті. Жиырмасыншы ғасырдың елуінші жылдарында ауқымы едәуір кеңейген іргелі оқу орнына айналды. Оның алдында институтта оқитын студенттер айтарлықтай көп болмаған. Мысалы, екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі уақытта қытай тілі бөлімінде оқитын студенттердің саны қырыққа жетер-жетпес болған. Қазір тек осы бөлімдегілердің саны екі мыңнан асады. Институтта 93 тіл оқытылады. Оқу орында 12 мың студент білім алады. Оларға 700-ге жуық оқытушы дәріс береді. Бірқатар бағыт бойынша жұмыс жүргіземіз. Түптеп келгенде, бар мүмкіндіктерміз шығыс игіліктерін игеруге жұмсалады.
– Оқу орнының педагогикалық құрамы қалай іріктеледі? 93 тілдің бәрін өз оқытушыларыңыз үйрете ме? Институтты бітіргендердің бәрі шығыс әлемін игеруге бірден кірісіп кете ме?
– Тілді жақсы білетін оқытушыларды іріктеп, қызметке шақырамыз. Институтта шет елдерден келіп сабақ беретін оқытушылар да жеткілікті. Жалпы, оқытылатын тілдерді ана тілім деп есептейтін профессорларды шақырудың тиімділігі мол. Бұрынғы кеңестік жүйедегі іргелі оқу орындарының оқытушылары да біздің оқу орнымызда сабақ береді. Бәрі де келісім-шартпен жұмыс істейді. Мұндай оқу орындарымен байланыс жасаудың маңызы зор. Бізге Ресей Халықтар достығы университетінің іс-тәжірибесі жақсы таныс. Оқу мәселесі мен ғылыми зерттеулерді ұдайы сабақтастырып отырамыз. Студенттеріміз белгілі бір салаға бейімделіп шығады. Біразы педагогикалық қызметті таңдайды. Екіншілері ғылыммен айналысуға ден қояды. Ал кейбірі сауда саласынан тәуір жұмыс тауып, өсіп-өрлеп кетеді. Біз бұған да қуанамыз. Үйренген тілі қалаған кәсібін игеруге жарап жатса, оның несі айып? Қалай болғанда да, біздің әрбір түлегіміз жауапкершілікті жақсы сезінеді. Институтта тек қана докторлық бағдарлама бойынша 250-дей адам оқиды. Жыл сайын отыздай докторлық жұмыс қорғалады. Бұдан шығатын қорытынды мынау. Оқу орнының түлектері институт қабырғасында үйренген тілдерін шығыс қазынасын игеруге де, ғылыммен түбегейлі айналысуға да, дидактикалық жұмысқа да, күнделікті тіршілік ететін кәсібіне де пайдалана алады.
– Біздің университеттерімізде негізінен студенттерге дәріс беруге көп көңіл бөлінеді де, ғылыммен айналысуға уақыт қалмайды. Сіз басқаратын оқу орнындағы ахуал қандай? Жалпы, сабақ беру мен ғылымды ұштастыра жүргізу үрдісіне қалай қарайсыз?
– Біздегі жағдай да тура осындай. Студенттер санының жыл сайын артуы әріптестерімізді үнемі сабақ беруге мәжбүр етеді. Шынын айтсақ, ғылыми-зерттеу жұмыстарынан гөрі дидактикалық жұмыстарға уақыт көп бөлінеді. Яғни, екеуін қатар жүргізуге тура келеді. Профессорларымыз бен оқытушыларымыз ғылыммен сабақтан бос кезде айналысады. Бұған студенттер демалысқа шығатын жаз кезі қолайлы. Әрине, дәріс беруден қол үзіп, дербес ғылыми-зерттеу мекемелерінде бірыңғай ізденіске жол ашудың пайдасы зор. Бірақ мен дидактика мен ғылымды қатар жүргізуді теріс көрмеймін. Мұның тиімділігі мол. Таза ғылыммен айналысатындар студенттермен ұдайы байланыста болу мүмкіндігінен айырылады. Аудитория толы студенттермен әңгімелесу барысында ойға сан түрлі идеялар келеді. Солардың кейбірі жаңа талпыныстарға түрткі болады. Студенттермен диалог зерттеуді құлшына жүргізуге пайдасын тигізеді. Сондықтан бұл өте қажет. Егер менің жаңа идеяларым бірінен соң бірі туындап жатса, оған аудиториядағы белсенді әңгіме мұрындық болғанына күмән жоқ. Кейде студенттердің белгілі бір мәселеге реакциясына немесе көзқарасына қарап отырып, зерттеудің жаңа тәсілдерін табасың.
– Студенттердің аужайына қарап зерттеу тәсілдерін қарастыратындарыңыз қызық екен. Әйтсе де институт жанында аудиторияға жоламай, бірыңғай ғылыммен айналысуға мүмкіндік беретін зерттеу орталықтары бар ма?
– Мұндай орталықтар бар. Зерттеу мекемелері аймақтар мен елдердің мүдделерін ескере отырып құрылған. Тіл білімі, әдебиеттану, әлеуметтік тарих бағыттары бойынша ашылған зерттеу орталықтары ғалымдардың игілігіне айналған. Қысқасы, ғылыммен айналысамын деген адамға толық жағдай жасалған. Әркім өз бейіміне, машығына қарай қалауынша жұмыс жүргізеді.
– Өзіңіз монғол тілінің маманысыз. Сол елде тұрып қызмет істеген ғалымсыз. Монғолия – бітік тастардың отаны. Ендеше, Орхон-Енесей жазулары жөнінде зерттеу жұмыстарын жүргізуге тырысып көрген жоқсыз ба?
– Мені бұл тақырып археологиялық тұрғыдан қызықтырады. Бірақ кешенді зерттеумен айналысуға уақытым болған жоқ. Бұл елге мен ара-тұра барып тұрамын. Зерттеуімді үзгім келмейді. Осы саланы тұрақты зерттеп келе жатқан танымал мамандар баршылық. Солармен кеңесіп, өзімді қызықтырған мәселелер жөнінде хат алысып тұрғанды тәуір көремін. Әсіресе, ежелгі досым Сергей Григорьевич Кляшторныйдың жанкешті еңбегін бағалаймын. Ол екеуміз 1973 жылы танысқанбыз. Содан бері үзбей араласып-құраласып тұрамыз.
Моңғол тілінің өзіндік заңдылықтары бар. Әсіресе, көшпелі тіршіліктің бар маңызын көрсететін ұғымдар, сөз тіркестері, фразеологизмдер мені маман ретінде қызықтырады. Кейде қазақ әріптестерім сөйлеп жатқанда, кей сөздерінен моңғол сөзінің жаңғырығын естігендей боламын. Жалпы, түркі-моңғол тілдерінің бірлігі, түп-тамыры туралы арнайы зерттеулер қажет деп білемін.
– Руна жазулары Еуропаның бірқатар елдерінен де табылып жатқаны белгілі. Францияда көне түркі жазуларын оқитын мамандар бар ма? Егер болса, оларды бұл сала несімен қызықтырады?
– Францияда Джеймс Амильтон деген ғалым көп жыл тұрып еңбек етті. Өзі ағылшын еді. Осы саланың өте білікті маманы болды. Бұл – бүкіл саналы ғұмырды арнайтын кәсіп. Рунология арқылы көптеген мәселелердің арғы бастауларына үңіліп көруге болады. Ал ғалым атаулы не нәрсенің де түпкі негізіне зер салуға бейім келеді. Көне түркі жазуларын зерттеушілер бұл салаға осы тұрғыдан құмартқан болуы мүмкін. Мысалы, мен көшпелілер өмірін зерттеген адаммын. Сондықтан маған көшпелілер мәдениетіне соқпақ салған руникалық жазулар өте қымбат.
– Өзіңіз оқу орнында студенттерге үйрететін тілдердің қаншасын игере алдыңыз? «Жақсы әдістеме болмаса, тіл үйрену мүмкін емес», – дейтіндерге қалай қарайсыз?
– Әдістеме өте қажет. Соған сай тіл үйренуге деген ынта да болуы шарт. Өз басым орыс тілін мектепте оқып жүргенімде үйрендім. Жоғары оқу орында мамандық ретінде философия мен тарихты қатар оқыдым. Ал үнемделген уақыттың есебінен қытай тілін үйрендім. Сосын Моңғолия мен Қытайға қызмет істеуге кеттім. Қытай мен моңғол тақырыбына байланысты ғылыми зерттеу жүргізіп, диссертациялық еңбек қорғадым. Қазір француз, ағылшын, орыс, моңғол, қытай, поляк тілдерін жақсы білемін. Әйелім – поляк қызы. Поляк тілін игеруіме зайыбымның да ықпалы болды. Мен институтта моңғол тілінен сабақ беремін.
– «Тіл үйрену адамның жас кезінде жақсы игеріледі, ал жас ұлғайған сайын алынбас қамалдай бола түседі», – деген пікір бар. Осыған орай не айтар едіңіз?
– Жағдай болса, тілді қай кезде де үйренуге болады. Бірақ әрине, жас кезде үйренгенге не жетсін. Жастай бірнеше тіл игергеннен кейін басқа тілдерді ұғыну оңай болады. Алайда бір-біріне өзектес тілдерді үйренудің де өзіндік қиындықтары бар. Бірінің ыңғайында кетіп, екіншісіне ауыса алмай дағдарасың. Мысалы, мен поляк тілін үйренемін деп, біразға дейін орыс тіліне қайта бейімделе алмай жүрдім. Шытырман лабиринт секілді түйткілдерге шырмалып, шыға алмай қаласың. Ақыры бірінен біріне өту арқылы тілдің құпияларын игересің. Сол кезде бой бермей қойған тілдердің арасына қалқан болып тұрған кедергі ығыса бастайды.
– Біздің елімізге бірнеше рет ат басын бұрғаннан кейін қазақ тілін игеруге деген құлшынысыңыз оянған жоқ па? Жалпы, француз үшін түркі тектес тілдерді игерудің мүмкіндіктері қандай?
– Әрине, қазақ тілін де үйреніп алсам деген ой келгені рас. Жоғарыда айтқанымдай, моңғол тілінің бір тамыры қазақтың көнерген сөздерінің түбірінде кездеседі деп есептеймін. Түрік тілін де игерсем деген ниетім болды. Басқа тілдерді де үйренуге ықыласым ауады. Мәселен, моңғол тілінің маманына жапон тілін білмеу жараса қоймайды. Ал тибет тілін білмеу нағыз қасірет болып саналады. Бірақ тілдің бәрін игеруге негізгі жұмысың, қоғамдық істерің мұрша бермейді. Әйтеуір, көзді жұмып қойып, кірісіп кетуге мүмкіндік таба алмай келемін. Жыл бойы студентерге дәріс бересің, демалыс кезінде тіл үйренуге уақыт қалмайды. Сонда да әзірге қазақша үйренемін деген ниетімнен бас тарта қойған жоқпын.
– Сіз көшпелілер өркениетін зерттеумен айналысатын ғалымсыз. Қазақстандағы бұл саланың зерттеушілерімен байланысыңыз бар ма? Жалпы, осы саланы халықаралық байланыстар тұрғысынан зерттеу барысы қай деңгейде?
– Қазақстандық әріптестерімізбен бірлесіп атқаратын жұмыстарымызды енді ғана қолға алдық. Мен көп жыл бойы өз оқу орнымда көшпелілер тарихы жөнінде лекция оқып, зерттеу жүргізіп келемін. ЮНЕСКО бағдарламасы бойынша Ұлы Жібек жолын кешенді зерттеу ісі басталғанда тиісті орындар бізге қолқа салды. Оларға біздің институтта бұл бағытта бірқатар жұмыстардың жүргізіліп жатқаны жөнінде мәлімет жеткен екен. Бағдарламаның бір кезеңі «Көшпелілердің жүріп өткен жолы» деп аталады. Мен Моңғолияға экспедицияға баратын топтың құрамына қосылдым. 1992 жылдың жазында жолға шықтық. Осы мәселелерге арналған симпозиумда бас баяндама жасадым. Уланбаторда мемлекетаралық деңгейдегі, халықаралық сипаттағы дербес ғылыми-зерттеу орталығын құру жөнінде идеяны ұсындық. Кейін ЮНЕСКО-ның Халықаралық көшпелілер өркениеті институты құрылды. Мен қазіргі уақытқа дейін осы институттың академиялық кеңесінің төрағасымын. Мәселеге модернизациялық тұрғыдан мән беруге, әр халықтар арасындағы мәдениет негіздерін қарастыруға, тәжірибелік іс-қимылға ден қоямыз. Келешекте Парижде номадизм мәселелері жөніндегі зерттеулердің орны мен перспективаларына, сондай-ақ зерттеулерді жүргізу тәртібіне арналған конгресс немесе конференция өткізуді жоспарлап отырмыз. Зерттеу нысанына қаншалықты деңгейде мән беріліп жатқанын осыдан-ақ бағамдай беріңіз.
– Қазақстандық әріптестеріңізбен өзіңіздің айналысып жүрген мәселелеріңіз хақында пікір алысып көрдіңіз бе? Олардың байлам-байыптамаларын қалай бағалайсыз?
– Мен биыл университетте өткізілетін дәстүрлі Еуразиялық ғылыми форумға бірінші рет қатыстым. Маған өзім әңгімелескен ғалымдардың көпшілігі жақсы әсер қалдырды. Жалпы, Еуразия университеті басшылығының жұмыс жүргізу тәсілі маған ұнайды. Басқаларды қызықтыра біледі. Мен бұл оқу орнының құрметті профессоры екенімді мақтан етемін. Біздің жұмысымыз енді ғана басталды. Парижге қазақстандық әріптестерімді шақыруға әзірмін. Бізге көбірек пікір алысу керек. Бірақ ұдайы келісімге келіп отыру міндетті емес. Бір-бірімізді бас шұлғып, мақұлдап отырсақ, әбден ескірген стильді қайталау болып шығар еді. Бұл ешкімге де қажет емес. Қоғамдық ғылымдар туралы айтар болсақ, оның белгілі бір шегі бар. Ал жаратылыстану ғылымдарының таралу ауқымы кеңдеу. Осыған орай менің зерттеп жүрген мәселелерім жөнінде әр ғылым саласының өкілдерімен әр түрлі деңгейде ой бөлісуге тура келеді. Номадизм жайын университет ректорымен де бірлесе талдадық. Менің көшпелілер мәселесі жөнінде тұжырымдарым оның математикалық сипаттағы көзқарастарымен берік үйлеседі. Біз бұл жағынан белгілі бір ортақ қорытындыға келе аламыз.
– Сіздің ел мен біздің елдің жоғары оқу орындарын басқару жүйесінен қандай ұқсастық пен айырмашылық байқадыңыз?
– Еуразия ұлттық университетінің ғимараттары мен құрал-жабдықтары керемет. Аудиторияларыңыз даладай кең. Өз басым осыған қатты қызығамын. Ал жұмыс стилін үйрену үшін мен мұнда біраз болуым керек. Жіті қарап зерттеу қажет. Оған, әрине, мүмкіндік жоқ. Мен ректордың проректорлармен емен-жарқын әңгімелескенін көріп, ахуалдың жақсы екенін шамалаймын. Бізде де осындай ахуал орныққан. Меніңше, Еуразия ұлттық университеті ректорының міндеттері маған қарағанда онша жеңіл емес, бірақ оған жасалған жағдай тәуір деп ойлаймын.
– Білім беру саласына, оның ішінде сіз басқаратын оқу орнына саяси жүйенің ықпалы болып тұра ма?
– Әрине, болады. Біздің институтымыз – мемлекеттік оқу орны. Бірақ біз қалай болғанда да, саяси факторлардың тікелей ықпал етуінен біршама қорғалғанбыз. Дегенмен саяси ахуалдан тысқары қалу мүмкін емес. Әлемде болып жатқан кейбір оқиғалар мен құбылыстар айналасына жағымды немесе жағымсыз әсер етеді. Бірақ бұл оқиғалар қалай болғанда да, оқу мен тәрбие ісіне кедергі келтірмеуге тиіс. Сондықтан біз өз студенттеріміздің мүддесін қорғаймыз. Мысалы, менен біреу: «Араб тілі бөлімінде оқитын қыздар бетін неге бүркемелеп жүр?», – деп сұраса, «Бұл – олардың дәстүрі, оған ешкім тиым салмайды», – деп жауап беремін. «Орамал жамылып, бетін бүркеп жүр» деген әңгіме ол қыз терроршы деген сөз емес қой. «Бұл – оның өзіндік мәдениеті, құқы», – деп түсіндіремін. Ол француз еліне келген екен, француз мәдениетін игергісі келген екен, өз дәстүрін де естен шығармай отырып, ойға алғанын іске асырсын. Саяси жүйе кейде біздің салаға да ықпал етуге тырысады. Әсіресе, сайлау кезінде білім беру жүйесі де сол саясатқа ептеп араласып кетеді.
– Сіз өзіңіз қай партияның мүшесісіз? Партияңыздың мүддесін қалай қорғайсыз?
– Мен ұзақ уақыт бойы Франция компартиясының мүшесі болдым. Бірақ бұл партиядан шыққаныма он бес жылдан асты. Мені ешкім партиядан күштеп шығарып жіберген жоқ. Партиядан шығарып жіберетін үрдіс біздің елде өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяғында болған. Бүгінде мұндай дәстүр жоқ. Мен жеке шешім қабылдап, өз еркіммен шықтым. Кез-келген адам партиядан өз еркімен шығып кете алады. Қазір ешқандай партияның мүшесі емеспін. Басқа партияға кіретіндей қажеттілікті көріп тұрғаным жоқ. Сондықтан белгілі бір партияның мүддесін қорғауға тырыспаймын.
– Біз – отаршылдық дегеннің не екенін жақсы білетін елміз. Францияның да қол астында болған бірқатар елдер тарихи жағдайларға байланысты азаттық алды. Француз азаматы ретінде тәуелсіздік ұғымына, жалпы, ұлттардың қайта түлеп, өсіп-өрлеуіне қарай қарайсыз?
– Әрине, мен ұлттық түлеуді қолдаймын. Тәуелсіздік алған елдердің барлық мәселелері ізгілік тұрғысынан шешілуі керек. Әр елдің проблемалары әрқилы шешімін табады. Мысалы, Кеңестер Одағынан ыдыраған елдер сол одақтың бұрынғы әкімшілік территориясының негізінде бөлінді. Ал Франциядан алыс жатқан Алжирдің жөні басқа. Алжирге салып ұрып жетіп бара алмайсың ғой. Ел іргелес орналасқан соң, бұрынғы ортақ игіліктер енді бөлініске түскен соң түйткілдер көбейе береді. Мысалы, Өзбекстан мен Түрікменстанның арасында бұрынғы кеңестік темір жол жатыр. Соның бір бөлігі жабылып қалды делік. Сонда не болады? Бәрін де ақылмен, салқындылықпен шешу керек. Бір үйдің екі елдің аумағында, яғни, үйдің өзі Францияда, бау-бақшасы Бельгияда қалатыны секілді мәселелер сабырлылықпен реттелуі керек. Осыған орай өзіңе және көршіге деген құрмет тұрғысынан қадам жасалғаны жөн.
– Француздар исламға қалай қарайды? Құранды ілгеріде аударған Францияның азаматы ретінде өз көзқарасыңыз қалай? Сіздің еліңізде исламдық үрдістердің орнығуына қаншалықты мүмкіндік жасалған?
– Ислам діні қолданылуы жағынан Франциядағы екінші дін болып саналады. Мұны елдің бәрі біртіндеп санаға сіңіре бастады. Франция тұрғындарының біраз бөлігі ислам дінін ұстанатын елден келген азаматтар. Бұлардың дені Солтүстік Африка елдерінен шыққандар. Таяу уақыттан бері қалалық әкімшілік ислам дініндегілердің төлейтін салығының бір бөлігін мешіттер салуға жұмсау мүмкіндіктерін ойластыра бастады. Тегінде, біздің елде бұрыннан бері шіркеулер қаланың меншігі болып есептеледі. Енді мешіттердің құрылысына да қаражат бөлінбек. Францияда ислам дініндегілер баршылық болғандықтан бұл жерде де ел тұрғындарының мүддесі ескеріліп отыр. Бірақ бұл құтханалар кейбір ұйымдардың жетегінде немесе ықпалында кетпеуі үшін осыған орай елдің өзінің ұстанатын саясаты болуы керек. Ислам – адамзаттың діни танымындағы ең іргелі бағыттың бірі. Ендеше, біздің елдің ислам дініндегі тұрғындары өздерінің рухани құндылықтарынан неге аулақтауы керек? Сондықтан ислам осы заманғы француз мәдениетінің құрамдас бөлігі ретінде қарастырылуы қажет. Өз басым бұл дінге құрметпен қараймын. Өткен жылғы қараша айында біздің елде болған қақтығыстар кезінде исламға қатысты бірде-бір оқиға тіркелген жоқ. Францияда ислам дініндегілердің өз дәстүрін ұстануына мүмкіндік жасалып отыр. Ислам тағамдарын француздар да сүйсініп жейді.
– Сізді қазақстандықтардың французша сөйлеу деңгейі қанағаттандыра ма?
– Әрине, қанағаттандырады. Қазақстандықтар француз тілін жақсы меңгерген. Париждегі менің студенттерімнің ішінде бір қазақ жігіті бар. Өзі Францияға Монғолиядан келді. Бірақ Монғолияның емес, осы Қазақстанның қазағы. Әке-шешесі сол елдегі елшілікке қызметке барған сияқты. Сонда оқып жүрген жерінен біздің институтқа ауысып келді. Келген уақытта бір ауыз французша білмейтін. Бір жылдың ішінде тілді керемет меңгеріп алды. Бұл да қазақтардың тіл үйренуге қабілетті екенінің бір мысалы.
– Сіз басқаратын оқу орнына қазақстандық өрендер түсе ала ма?
– Белгілі бір оқу орындарымен жұмыс жоспарына сәйкес студенттер алмасудың мүмкіндіктері бар. Мәселен, біз Еуразия ұлттық университетімен тығыз байланыс орнатқанымызға біраз болды. Осы оқу орны арқылы студенттерді қабылдауға болады. Бұл университеттің жекелеген оқытушылары Париждегі біздің институтқа келіп, тәжірибеден өте бастады.
– Біздің елде «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл бағдарламада сіздердің институттарыңызда жүзеге асырылатын ғылыми-зерттеу жұмыстарымен өзектес шаралар көзделген. Яғни шығыстануға байланысты мәселелерімізді осы бағдарлама аясында қарастырамыз. Ал сіздің елде іргелі зерттеулер үшін қандай бағдарламалар мен құжаттар негізге алынады?
– Біздің елімізде мұндай тұтас бағдарлама қабылданбаған. Бірақ ғылыми зерттеулерді жоспарлаудың түрлі формалары бар. Соған орай министрлік тарапынан зерттеулер үшін арнайы қаржы бөлінеді. Жұмыстың орындалу барысы жөнінде есеп беріледі. Ғылыми-зерттеу жұмыстары осындай қалыпты үрдіспен жүргізіледі.
– Іргелі елден келіп отырған мәртебелі меймансыз. Сондықтан біздің Арқа төсінде қоныс тепкен жаңа астанамыз туралы пікіріңізді білсек деп едік…
– Жалпы, маған бұл сауалға жауап беру қиынға түседі…
– Неге?
– Өйткені, Астананың көз ілеспес жылдамдықпен дамып келе жатқаны соншалық, жауабыңды жұптап үгере алмайсың. Мен бұл қалаға алғаш рет былтырғы желтоқсанда келгенмін. Содан бері қарай Астана мүлде өзгеріп кеткен. Бұл сырттан келген адамға бірден байқалады. Сондықтан мен қазіргі әсеріме байланысты пікір айтуым керек. Тіпті осы сұхбат жарияланып болғанша да қаланың сипаты біраз өзгеруі мүмкін. Маған Астана қатты ұнайды. Осы жолы «Интерконтиненталь» қонақ үйінің он жетінші қабатына орналастым. Терезеден көз салсам, ұлан-ғайыр жазық даланы көремін. Ұлы даланың төсінде тіршілік қайнап жатыр. Қайда қарасаң да, тұрғызылып жатқан зәулім ғимараттарды көресің. Алматыда да болдым. Бұл қаладан алатын әсерің мүлде бөлек. Тау етегіндегі жасыл шаһар адамды алабөтен көңіл-күйге бөлейді. Ал Астанада оптимизмнің рухы аспандап тұр. Ал оптимизм бар жерде ешнәрсе де бөгет бола алмайды.
Әңгімелескен,
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
2006 жыл
* * *
/Суретті түсірген Советбек Мағзұмов/
Дереккөз: Б. Омарұлының Фейсбук парақшасынан алынды.