«ӘЛЕМДІК ШЫҒЫСТАНУ КОНТЕКСІНДЕГІ ӘЛІШЕР НАУАИ» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТУДЕ
Кеше (5 ақпан, 2021 ж) Ташкент мемлекеттік Шығыстану университетінде «Әлемдік шығыстану контексіндегі Әлішер Науаи» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының салтанатты ашылуы өтті.
Конференцияға Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі, ТҮРКСОЙ Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымы, Анкара университеті, Мармара университеті, Анкара Хаджи Байрам Вели университеті, Алламе Табатабаи университеті, Қазан федералдық университеті, Кабул университеті қатарлы мекеме-ұйымдармен бірге Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтыда конференцияның серіктесі ретінде арнаулы қатысты. Институт директоры ф.ғ.д. профессор Дүкен Мәсімханұлы онлайн қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ол өз құттықтау сөзінде, «Әлішер Науаидің шығармашылығы – жалпы түркі халықтарының ғана емес, жалпыадамзаттық құндылықтардың қалыптасу үлгісі болып табылатын Қазақстан және Өзбекстанның бауырлас халықтарының аса құнды мұрасы» екендігін айта келіп: «Қазақстанда академиктер – М. Әуезов пен Р. Бердібаев, белгілі ғалымдар – И. Дүйсенбаев, Ө. Күмісбаев, С. Сейітовтер Науаи шығармашылығын зерттеген. Е. Исмаилов, А. Тәжімұратов, К. Сейдехановтар зор үлес қосып, ақын Н. Айтұлы Әлішер Науаидың өлеңдерін қазақ тіліне тәржімелеген. Науаидың шығармашылығы Кете Жүсіп, Майлықожа, Мұсабек Байзақов, Тұрмағамбет Ізтілеуовтың поэзиясында із қалдырған» деді.
Бүгін 6 ақпан ғылыми-практикалық конференцияның қортынды жиналысы өтуде. Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғалымдары Е.Байдаров, Г.Молотова, Б.Батырхан баяндама жасайды. Әлішер Науаи шығармаларының қолжазбаларын, оның тілі мен стилінің ерекшеліктерін, дереккөзтанушылық, текстологиялық, әдебиеттанулық зерттеулермен байланысты мәселелері қарастырылады. Сондай-ақ, Әлішер Науаи шығармашылығының түркі халықтарының әдебиетіне ықпалы сынды мәселелері егжей-тегжейлі талқыланады.
Институт жаңалықтары