📍 Шанхай халықаралық зерттеулер университетінің (SISU) делегациясы Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтында

Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтына Қытай Халық Республикасының жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Шанхай халықаралық зерттеулер университетінің (Shanghai International Studies University – SISU) ресми делегациясы жұмыс сапарымен келді.
Делегация құрамында Университет кеңесінің төрайымы, профессор Yin Dongmei, Жаһандық басқару және аймақтану академиясының атқарушы деканы Yang Cheng, Конфуций институты кеңсесінің директоры, профессор Feng Hui, Ресей және Еуразия зерттеулері мектебінің Орталық Азия тілдері кафедрасының меңгерушісі Guliziyi Baishan, сондай-ақ Халықаралық ынтымақтастық және алмасу басқармасының директоры, зерттеуші-профессор Mao Xiaohong болды.
Қонақтарды Институттың Бас директордың ғылым жөніндегі орынбасары, экономика ғылымдарының докторы Ғалымжан Дүйсен қарсы алып, институттың қалыптасу тарихы, негізгі ғылыми бағыттары, халықаралық байланыстары мен бүгінгі жетістіктері туралы жан-жақты таныстырды.
Кездесуге Бас директордың стратегиялық даму және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары, Phd Сағыныш Әмірбекова, Жетекші ғылыми қызметкер, философия ғылымдарының кандидаты Еркін Байдаров, сондай-ақ «Қытай және Азия-Тынық мұхиты аймағын зерттеу» орталығының меңгерушісі, профессор Қастер Сарқытқан қатысты.
Кездесу барысында тараптар ғылыми-зерттеу саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, академиялық ұтқырлықты дамыту, халықаралық конференциялар ұйымдастыру және шығыстану ғылымының өзекті бағыттары бойынша тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.














