Кембридж университетіндегі кездесу: Орталық Азия тарихын зерттеудің жаңа көжіктері

13

Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты өкілдерінің ( Д. Мәсімханұлы, С.Әмірбекова, Н.Әбдімомынов) Ұлыбританияға ресми сапары аясында әлемнің ең беделді ғылыми орталықтарының бірі – Кембридж университетінде (University of Cambridge) 16 маусым күні маңызды кездесу өтті. Университеттің танымал «Alison Richard Building» ғимаратында өткен бұл басқосу отандық тарих пен шығыстану ғылымын жаңа деректермен байыту бағытындағы өте нәтижелі қадам болды.


Ықпалды Кембридж университетінің ғылыми топты Корольдік Азия қоғамының Президенті, доктор Норберт Пибоди (Dr. Norbert Peabody) және Кембридж Орталық Азия форумының ғылыми координаторы доктор Пражакти Калра (Dr. Prajacti Kalra) қарсы алып, қабылдады.

Кездесудің негізгі өзегі – Орталық Азияның ортағасырлық тарихын зерделеу, соның ішінде ежелгі Түркі өркениеті мен Дешті Қыпшақ дәуіріне қатысты тың деректер мен мұрағаттық материалдарды жинақтау мәселесі болды. Британдық әріптестер ортақ ғылыми мақсаттар жолында шынайы ниеттестік танытып, қазақстандық ғалымдарға жан-жақты көмек көрсетуге дайын екендіктерін білдірді. Атап айтқанда, олар қажетті ғылыми материалдармен бөлісуге және институт ұйымдастыратын халықаралық конференцияларға белсенді қатысуға уағдаласты.


Сонымен қатар, келіссөздер барысында отандық жас ғалымдар мен докторанттардың Кембридж университетінің іргелі ғылыми базасында халықаралық тағылымдамадан өту және докторанттарға жетекші болу мәселесі сәтті талқыланды. Сапардың ең құнды сәттерінің бірі – Кембридж университетінің бай мұрағаты мен сирек кездесетін қолжазбалар қорына арнайы экскурсия жасалуы болды. Институт өкілдері ғасырлар бойы мұқият сақталып келген, Шығыс елдер тарихына тікелей қатысы бар құнды жазба ескерткіштермен және бірегей жәдігерлермен танысуға мүмкіндік алды.


Кембридж төріндегі бұл жоғары деңгейдегі жүздесу екіжақты ғылыми байланыстарға серпін беріп, отандық шығыстану мектебінің халықаралық беделін тағы бір биікке көтерді.


Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының басшылығы бұл маңызды кездесудің сәтті өтуіне зор үлес қосқан Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшілігіне және Кеңесші Бауыржан Құлынышұлына шынайы ризашылығын білдіреді!

slot danahttps://cefta.int/