Шығыстану институтында Республика күніне орай халықаралық конфренция өтті
2022 жылғы қазанның 22-і күні Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты «Жаңа Қазақстан һәм Шығыс әлемі: ынтымақтастық тарихы, болашағы және өзекті мәселелер» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.
Конференцияның мақсаты – 25 қазан Республика күніне орай және Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына жолдауы аясында Қазақстан мен Шығыс елдері арасындағы тарихи-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, саяси, діни, сондай-ақ, өркениет және мәдениетаралық қарым-қатынастардың аспектілерін жан-жақты талқылау, проблемалары мен перспективаларын қарастыру.
Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Д. Мәсімханұлы конференцияны салтанатты ашып, жүргізіп отырды.
Ғылми жиынға ҚР Президентінің Кеңесшісі, көрнекті қаламгер, аудармашы М.Н. Отарбаев мырза арнайы келіп қатысып, қатысушыларды келе жатқан Республика күнімен құттықтап, Президент Қ.К. Тоқаевтың 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына жолдауының Жаңа Қазақстан құрудағы мән-маңызына тоқталды.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбек, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Қ.Қырыәлі, ҚХР Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі Чжаң Сяо, Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Маджид С.Сабер, Сауд Арабиясының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің Алматыдағы өкілі Яхья Ахмад Д.Окейш,
Тәжікстан Респуликасының Алматы қаласындағы Бас консулы қатарлы көптеген ресми тұлғалардың кейбірі онлайн, кейбірі офлайн қатысып, қатысушыларды құттықтап, Еліміз бен Шығыс елдері арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан 30 жылдан бері қарайғы уақыттағы жетістіктерді ортаға салды әрі конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, конференцияға Қазақстан мен шет елдердің белгілі шығыстанушы ғалымдары, тарихшылар, мәдениеттанушылар, филологтар, дінтанушылар, саясаттанушылар, экономистер, дипломатиялық миссиялардың өкілдері жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлары онлайн/офлайн форматта қатысып, өзекті тақырыптарда баяндамалар жасады.