«ҰЛЫ ДАЛА ТАРИХЫ МЕН МӘДЕНИЕТІ» КОНФЕРЕНЦИЯСЫ

1129

Өткен жылдың шілде айында Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи саябағын ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұрасының тізіміне енгізу үшін жасалған экспедиция аясында «Ұлы дала тарихы мен мәдениеті»  конференциясы өткен болатын деп хабарлайды https://shygystanu.kz/rus/ сайты https://pspu.kz/ -ке сілтеме жасап.

Шараға ЮНЕСКО тарапынан келіп, үш күн бойы Баянауыл өңірінің тарихымен, табиғатымен танысып, әр түрлі құнды материалдар жинастырған ғалымдар тобы қатысып, баяндама жасады. Химия ғылымдарының докторы, профессор, ПМПУ ректоры Алтынбек НУХҰЛЫНЫҢ ұйымдастыруымен өткен шарада Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР БҒМ Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының тарихи материалдарды зерттеу ақпараттық орталығының директоры, ЮНЕСКО «Ғылым және руханият» кафедрасының меңгерушісі ӘБУСЕЙІТОВА Меруерт Қуатқызы «Ұлы Дала тарихы мен мәдениеті» тақырыбындағы баяндамасымен қатысып, Баянауыл өңірінің әр тасы мен шоқысы, сай-саласы ежелгі мәдениеттің үлгісіне бай екендігін ерекше атап өтті. Ал Лувен Католик университетінің профессоры (Бельгия) Анна Мари ВИЛЬМЕНО «Ағаш, тас және су: қазақ шаманизмінің үш құрамы» тақырыбындағы баяндамасында ежелгі Еуразия даласындағы сенім негіздеріне айрықша тоқталды.

Киото Этнология ұлттық мұражайының доценті, PhD докторы (Жапония) Токо ФУДЗИМОТО «Жапониядағы қазақтардың этнологиялық зерттеулерінің перспективалары» тақырыбына тоқталды. Бір айта кетерлігі Токо Фудзимото Баянауыл ауданының Теңдік ауылында екі жылдай тұрақтап, қазақ тілі мен мәдениетін тереңдете зерттеп таныған. Ол өз сөзінде қазақ халқының мәдениеті мен тарихына Жапония елі ерекше қызығушылық танытатындығын айта келе, көптеген жыл бойғы зерттеген тақырыбының маңызды тұстарына тоқталды.

«Сакральный Казахстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Батырхан ЖҰМАБАЙ «Сарыарқаның қасиетті нысандары: Баянауыл феномені» тақырыбындағы баяндамасында бүгінгі таңда Баянауыл өлкесінің тарихы мен мәдениеті, тұмса табиғаты, осы өлкеде туып-өскен ғұламалары – бұның бәрі Баянауыл феноменін қалыптастырып, әлемдік деңгейде танылуы қажеттігіне тоқталды. Конференцияға қатысушы ғалымдардың бірі – Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері, PhD доктор – Жанымхан ОШАН «Алтай – ежелгі түркілердің алтын бесігі», Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің Margulan Centre директоры Тимур СМАҒҰЛОВ «Ертіс даласының көшпенділер ескерткіштерінің жаңа археологиялық зерттеулері» сияқты маңызды тақырыптарға тоқталды. Конференцияға Павлодар облысының зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділері қатысып, Ұлы Дала мәдениетіне, Баянауыл тарихына қатысты құнды пікірлерін білдірді

https://pspu.kz/sdgfghh

Жанасыл СЕРІКБОЛ