КӨРНЕКТІ ҚЫТАЙТАНУШЫ ҒАЛЫММЕН МАЗМҰНДЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

114
Бүгін Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ұйымдастыруымен белгілі қытайтанушы-ғалым, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультеті Қытайтану кафедрасының профессоры, «Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу» орталығының директоры, ҚР ҰҒА Құрметті академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Нәбижан Мұқаметханұлының 70 жасқа толу мерейтойына орай кездесу өтті.
Кездесуді Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры, ф.ғ.д., профессор Д. Мәсімханұлы ашып, мерейтой иесінің өмір жолы, ғылыми еңбегі мен жетістіктеріне кеңінен тоқтала келе, «Еліміздің тәуелсіздігінің алғашқы жылдары отанына оралып, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына докторантураға қабылданып, ғылымен айналыса бастады. Н. Мұқаметханұлы еліміздегі қытайтану ғылымының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген санаулы ғалымдарымыздың бірі. Оның бастамасымен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанынан «Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығы» құрылып, өзі сол орталыққа жетекшілік етіп келеді. Сонымен бірге мыңдаған қытайтанушы шәкірттер тәрбиелеп келе жатқан ұлағатты ұстаз», -деді. Сөзінің соңында, Н. Мұқаметханұлына шығармашылық табыс тілей отырып, «Шығыстану ғылымына қосқан зор үлесі үшін» төсбелгісімен марапаттап, гүл шоқтарын табыстады.
Одан кейін сөз алған қонақ Шығыстану институтының ұжымы мен бас директоры Дүкен Мәсімханұлына осындай жылы кездесу ұйымдастырғаны үшін алғысын білдіріп, өзінің ғылым жолына қалай келгені туралы қызықты естеліктерімен бөлісті. Сонымен бірге, отандық қытайтану ғылымының өзектілігі мен маңызына, Қазақ-Қытай қарым-қатынастарының бүгіні мен болашағына қатысты ойларымен бөлісті.
Одан кейін кездесу қатысушылары қонаққа Қытайдың ішкі және сыртқы саясаты, Қытайдың Қазақстан және ТМД елдерімен қарым-қатынасы, Қытай елінде жас ғалымдар тәжірибе алмасу бойынша бағдарламалар туралы т.б. сұрақтар қойып толыққанды жауаптарын алды.