Жүсіпбектің Қытайдағы жылдары

753

Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының  директоры филология ғылымдарының докторы, профессор Дүкен Мәсімханмен сұхбатымыз еліміздегі іргелі институттың тірлігі жайында емес, қазақтың алғашқы баспагері, фольклор жинаушы әрі ақыны Жүсіпбек Шайхисламұлы  туралы болды. Себебі Қытайдың 1956-1966 жылдар аралғындағы Мәдениет зор төңкерісі тұсында зардап шегіп, оның салқыны елімізге де жетіп, лайықты бағасын ала алмай жүрген ағартушының Қытайдағы жылдары қазақ оқырмандары үшін де беймәлім еді.

– Шығыс Түркістан қазақтарының ғана емес, күллі қазақ әдебиетінің тарихында елеулі орны бар қаламгердің бірі – Жүсіпбек қожа Шаихсламұлы. Ол өзінің ғасырға таяу ғұмырында артына мол мұра, өшпес еңбек қалдырып кетті. Ғұлама ақынның жазған жырлары, жинаған фольклорлық дүниелері басылып та, қолжазба күйінде де жалпақ қазақ даласына кеңінен таралып, қазақ халқының рухани өсуіне ерекше ықпал еткені белгілі.

Ақын Жүсіпбек қожа Шаихсламұлы ата жұртында білім алып, өлең-жыр жазып, халық қазынасын жинап, жұртқа имандылық оқуларын өрістетумен біраз ғұмырын өткізген. Өткен ғасырдың басындағы  дүрбелеңінде Қытай асып қоныстанады. Алайда ақынның сол 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісімен нендей қатысы бар екендігі жөнінде нақты, нанымды дерек жоқ. Біздің мөлшерлеуімізше, сол тұста ақын дінді, имандылықты жаппай насихаттап, жұртты орыстың отаршыл саясатына қарсы тұруға үгіттеп жүргендіктен, орыс отаршылдарынан өзіне келетін қауіп-қатерді күн ілгері сезіп, орыстың қудалауына ұшыраған елмен бірге Қытай асқан болуы мүмкін. Қалай болғанда да ақынның тура 1916 жылы Қытай асып қоныстануы жайдан-жай емес.

-Осы жерде қазақ елінің екіге жарылған тарихына қысқаша тоқталып өтесіз ба?

Қазақ-Қытай шекарасы – қазақ халқының еркінен тыс бодандыққа біржола мойынсұнғаннан кейін қазақ даласының шығыс жағын қытайлар, батыс және солтүстігін ақ патша жайлаған 1864 жылы Ресей патшасы мен Цин династиясының белгілеген сызығы. Сол жерді ықылым заманнан мекен еткен қазағымен есептеспегені соншалық бір адамның қыстауы-Қытайда, көктеуі-шекараның екінші жағында қалып қойды. Ұзатқан қызы арғы бетте, ата-енесі бергі бетте баз кешті. 1917 жылы билікке келген Кеңес одағы сол шекара заңды деп есептеді. Бірақ шекара деген аты болмаса екі жақтағы қазақтардың  барыс-келісі үзілмеген еді. Тек 1949 жылы ҚХР құрылып іргесін  мықтап бекітіп алды.

Ал қытайдағы қазақтар арасында жиырма жылдық ғұмырын өткізген Жүсіпбек қожа Шаихсламұлы, онда да қыруар әдеби шығармалар жазып, қытайдағы қазақ әдебиетінің негізін қаласып қана қоймастан, мектеп ашып, халықтың сауатын, мәдени мағлұматын өсіруге де зор еңбек сіңірді. Сондықтан да Жүсіпбек ақынды «қазақ ақыны, қазақтын ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы, бастырып таратушы, насихаттаушы» деумен ғана шектелмей, ең бастысы, оның қытай қазақтары әдебиетінің негізін салушы, ұлы ағартушы екенін тұрақтандыруымыз керек.

Қазақстаннан Қытайға асып барып, бүгінгі ШҰАР-дың Текес ауданында өткізген жиырма жылын Жүсіпбек кожа негізінен ағартушылық-ұстаздық жұмысқа сарп еткені жақсы дәлел. Мәселен, 1920 жылдардың басында бүгінгі Қытайдың Текес ауданына қарасты Шиліөзек ауылынан Нақысбек ақалақшы (болыс) жаңаша һәм діни білім беретін мектеп салдырады. Осы мектепке Жүсіпбек қожаны мүдір (меңгеруші) етіп тағайындайды. Сөйтіп ақын жасының ұлғайып қалғандығына қарамастан, бала оқытып, шәкірт тәрбиелеу ісімен өмірінің соңына дейін шұғылданады. Бүгінде сол Текес (бұрынғы Қызылкүре) ауданы өңірінен Жүсіпбек қожаның алдын көріп, одан тәлім алған Қожаназар, Сөди, Болатбай, Әділбек сынды өте сауатты білгір моллаларды кезіктіруімізге болады. Әсіресе, ұстазынын жолын қуып, бала күнінен өлең кұмар болған Сәди қарт өзінің Жүсіпбек кожаны еске алып жазған бір өлеңінде:

Оқып ем Жүсіпбектен жас кезімде,

Шал болдым аппақ қудай осы күнде.

Есімнен талай сөздер қалды шығып,

Бар өлі тағылымы көңілімде, -деп толғайды.

Халқы ақынын да болысын да құрметтеп өлгеннен кейін басына күмбез орнатқан. Алайда мәдени төңкерістің кезінде екі күмбезді де шағып, кесегін от жағатын ошаққа қалаған. Кейіннен Жүсіпбек қожа 1980 жылы «халық ақыны, ағартушы» ретінде ақталып шығармалары жинастырыла бастады.  Мұрасы кітап болып  жарық көрді.  Текес аудандық  мәдениет үйінің жауаптылары,  қазақ әдебиеті мен мәдениетінің  жанкүйерлері – ақын Дүйсенбек Тұрлықожаұлы, фольклорист-ғалым Әблез Шәріпов, әнші-сазгер Дәулет Мазақұлы қатарлы азаматтар ғұлама ақын Жүсіпбек Шаихсламұлының басына ескерткіш орнатты.  Қазіргі күні мәдени мұра ретінде  мемлекеттік  қорғауға алынды.

  -Ақын Ж. Шаихсламұлы халыққа пайдалы деп білген жұмыстың бәрімен шұғылданған сыңайлы. Бұл ретте оның араб, парсы елдерінің емшілік өнерін қазақтын халық емшілігімен ұштастыра пайдаланғанын, сол арқылы туған халқының жан саулығының ғана емес, денсаулығының да ақаусыз болуына өз деңгейінде тер төккенін атап айтқан орынды сияқты.

-Ауыл адамдарында жиі кездесетін желқұз сырқаттарын ол кісі өзі өзірлеген шөп дәрілерімен емдейтін болған. Тіпті жаңаша емханасы болмаған Текес өңірінде Жүкең ылғи да көктемгі мезгілде балаларға шешек суын егу жұмысымен де шұғылданыпты. Қытайдың отаршылдық езгісі астында емдеу, денсаулық сақтау істері дегенді мүлде игіліктеніп көрмеген ондағы қандастарымыз үшін Шаихсламұлының бұл істері оларды тозақ отынан құтқарғандай шапағатты шаруа еді. Өйткені «тәні саудың – жаны сау»  демей ме дана халқымыз.

Бұдан басқа ақын ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де өз деңгейінде кірісе айналысып, айналасындағы жұртты ғылым-білімге жетелеп отырған. Сонымен қатар ақын тарихты зерттеу мен аударма жағында қыруар жұмыс атқарған екен. Өкініштісі қытайдағы «мәдени төңкерістің» тұсында оның бәрі Хоң-Уейбиндер тарапынан отқа жағылып кетті. Дей түрғанмен, дәтке қуат етерлік нәрсе, ел ішіндегі кейбір ұқыпты адамдардын жанкүйерлігінің арқасында Жүсіпбек аударған Құранның қазақшасы, сондай-ақ ұлы жүз тайпаларының тарихи шежіресі сақталып қалған. Бұл жәдігерлер бүгінде ҚХР, Іле, Текес ауданының мәдениет үйінде сақтаулы түр. Бұның бәрін айтып, теріп жазып отырғандағы мақсатымыз Жүсекеңнің ғұлама ақын екендігін бүгінгі ұрпаққа дәлел дәйегімен көрсету. Бүгінде онша дәріптелмей жүрсе, ол ақыннын жамандығынан емес, қазақтын «шылығының»  кесірінен.

-Ақынның Қытай жеріндегі шығармашылғы туралы не айтасыз?

– Бәрін айт та бірін айт, Ж. Шаихсламұлы ең әуелі ақын. Ақын болғанда да анау-мынау әншейін көптің бірі емес, аса дарынды, жан-жақтылы, биік өрелі, ғұлама ақын. Ол аз өмірінде қыруар қысқа өлең-жыр жазған адам. Амал нешік, шекарадан ары қашып, бері өтіп жүрген қиын тағдыр, қытайда жүрілген “мәдени төңкеріс” кесірінен ақынның мұралары біздің колымызга толығымен тимей отыр. Жүсіпбек қожа Шаихсламұлының қолымызда бар өлеңдеріне қарап отырсак, ол кісінің көп жырлаған сүйікті тақырыбының бірі имандылық, қайырымдылық мәселесі екендігіне көз жеткіземіз. Ақын өлендерінен оның азаматтық пафосын аңғару да қиын емес. Мәселен, қытай отаршылдарының жергілікті жердегі сойыл соғарларына арнап жазған бір өлеңінде ақын:

Біріңді қояр болыс қып,

Ордаңды қояр қоныс қып.

Біріңді қояр мампаң ғып,

Басыңды қояр аң-таң ғып.

Біріңді қояр зәнгі ғып

Басыңды қояр ләнгі ғып.

Біріңді қояр күнде гып,

Есіңді алар жынды ғып.

Біріңді қояр елу деп,

Ел бірлігін бөлу деп.

Біріңді қояр ондық деп,

Қыр желкеңе қондық деп, –

толғай отырып, жерлік шонжарлардың санасынан саңлау ашуды мақсаттайды. Ал ақынның тәрбиелік мәні терең, мысал түрінде жазылған өлендері де баршылық. Мәселен, “Көк бұзау”, “Сұр мерген” деген өлеңдері хайуанаттар мысалынан тұрады.

– Жүсіпбек Шаихсламұлы дастандарының ішіндегі көркемдік те, мазмұндық та жағынан шоқтығы ең биігі “Қыз Жібек” дастаны деп танимыз.

– Расында да Жүсіпбек қожа мұраларын ішкерілей зерттеп жүрген ғалым С. Дәуітов былай дейді: «Біздінше Жүсіпбектің атын жалпақ жұртқа жайған шығармасы – «Қыз Жібек». Бұл туынды көптеген халыктарға кеңінен танымал. Ақын осы ғажап жырды 1900 жылы Қазан қаласынан бастырып шығартады. Бұған дейін бұл шығарма 1894 жылы осы аталған шаһарда жеке кітап болып шыққан еді. Мұны Жүсіпбек көріп қатты реніш білдірген. “Мен қожа Жүсіпбекпін, басында Қыз Жібектің хикаясын өзім шығарып жайып едім, басқа адамдар сөзін бұзып қойған екен. Көріп қайтадан түзетіп жаздым…”, – дейді ол. Акын дастанды бірінші жырлағанын осы сөзімен ғана дәлелдеп қоймай, одан әрі өлеңмен де толғап кетеді. Алғысөз іспетті бұл жыр жолдары кейінгі басылымдарға “негізгі түпнұсқаға қатысы жоқ” деген сылтаумен кірмей, қақас қалып келе жатқандықтан, аз да болса үзінді келтіруді дұрыс көрдік:

Жүсіпбек қожа жырласа,

Қыз Жібектің сөзіне,

Енді әбден қаныңыз.

Басында менен жайылды,

Қисса болып бұл “Жібек”.

Баспасына қарасам,

Бәрі жала сөзінің-

Еліреп, жылап жүр жүдеп, –

деп ақын бұл басылымның тілінің шұбарлығын, көп жерінің қазақшаға келмей, татарша «сөйлеп» тұрғанын қатты сынайды, мін көреді. Одан кейін аталған лиро-эпос жырын қайда, қашан жазғаны жайлы мәлімет те бере кетеді.

Міне, осынау дәйек сөздердің өзінен біз, “Қыз Жібек” жырының қазақ әдебиетіндегі теңдессіз орнын, екіншіден онын авторының талассыз, даусыз Жүсіпбек қожа екендігіне көз жеткіземіз.

-Ақынның шығармашылығында күрескерлік рухы ауызға  алынбайды. Мұны айтып отырған себебім, қытай қазақтары поэзиясындағы ұлт-азаттық идея (ХХ ғасырдың 20-50 жылдары)» деген тақырыпта кандидаттық диссертация жазған ғалым ретінде салмақтағаным ғой.

-Ақын дастандарының біразын өзге ақын-жазушылар шығармаларын жаңғыртып жырлайтын назира түрінде өмірге әкелген болса, бір бөлімін халықтық аңыз-әңгімелер желісімен жазып отырған. Бұған мысал ретінде “Ерназар-Бекет”, “Шеризат” дастандарын атауымызға болады. Бұл дастандарда сөз болатын оқиғалар патшалық Ресейдің қазақ даласын отарлауы шегіне жеткен тұсқа тура келеді. Ал орыстардын қазақ даласын жаулап алуы, қазақтардың бодандыққа ұшырауы ың-шыңсыз жүзеге аса салған процесс емес екені тарихтан белгілі. “Ың-шынды” былай қойып, қазақ даласынын әр тұсынан Исатай, Махамбет, Есет, Сырым, Кенесары, Наурызбай, Саурык, Кожеке, Ұзак, Жәменке бастаған батырлар әр кезеңде халықтан қол құрап, орыс отаршылдығына қарсы майдан ашқаны жұртқа мәлім. Ж.Шаихсламұлының аталған дастандары кіші жүз қазақтарының орыс отаршылдарына қарсы күресінің негізінде желістіп алған.

Қазақ әдебиетінің тарихында ақындардың қисса жазуы жаппай етек алған құбылыс. Әсіресе, шығыс елдері аңыздары мен хикаяларының желісіне құрып қисса жазу қазақ ақындарында ертеден бері келе жатқан дәстүр. Бұл салада да ақынның  сінірген енбегі ұшан-теңіз.

Оның қиссаларының тақырыптары сан алуан, оқиғалары қызықты, сюжеті күрделі, тілі көркем. Онда жер-су, қала аттары ғана шығыс елдерінікі болғанымен, жалпы кисса бар болмысымен ондағы тұрмыс-салт, дүние таным, психология, ойлау жүйесі, т.б қазақыланып кеткен. Бұл, әрине, акын талантының жемісі.

Міне, осындай ұшан-теңіз білімі бар, мол әдеби-ғылыми жасампаздығы бар, қыруар аудармасы бар, құнды кітап қоры бар ұлы  ғұламаның қытай қазақтары арасында  бір-жыл екі жыл емес, аттай 20 жылдық  ғұмырын өткізуі қытайдағы қазақтардың білім-мәдениет деңгейін ғасырлапр алға сүйреп тастады деп айтуға батылымыз барады.

 

Сұхбаттасқан Айгүл Уайсова

Дереккөз: https://astana-akshamy.kz/%d0%b6%d2%af%d1%81%d1%96%d0%bf%d0%b1%d0%b5%d0%ba%d1%82%d1%96%d2%a3-%d2%9b%d1%8b%d1%82%d0%b0%d0%b9%d0%b4%d0%b0%d2%93%d1%8b-%d0%b6%d1%8b%d0%bb%d0%b4%d0%b0%d1%80%d1%8b/?amp=1&fbclid=IwAR3dMGtlbZ2_-abVotTsmndNxUNWhVFrDXnh4_l9eZGmV2Iola7CvXSk_CU

 

https://vokasi.uki.ac.id/https://geoportal.palembang.go.id/https://pria.org/https://rsudsidoarjobarat.sidoarjokab.go.id/https://empowerment.co.id/https://newepaper.jawapos.co.id/thumbnail/dist/https://rskiasawojajar.co.id/https://bantenheadline.com/wp-includes/files/https://en.unib.ac.id/https://icrcnewsroom.org/https://satvika.co.id/https://baritoutarakab.go.id/https://pgsd.fkip.unsulbar.ac.id/https://pafiaekkanopan.org/https://lpmpp.unib.ac.id/