18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні

Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының Орталық Азия және Таяу Шығыс бөлімінің меңгерушісі, PhD доктор Бағдат Дүйсенов Ақтөбе облысы Шалқар ауданында 10-11 сәуір күндері өткен «Бірі би, бірі батыр, бірі әулие құмында бабалардың ізі қалған» атты облыстық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.
Айтулы мереке қарсаңында өткен конференцияны Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейі мен Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығы ұйымдастырды. 10 сәуір күні Шалқар қаласындағы Сары Батақұлы атындағы Мәдениет үйінде басталған конференцияда доктор Б.Д. Дүйсенов «Ақтөбе облысы аумағындағы эпиграфикалық ескерткіштер» атты тақырыпта баяндама жасады. Ақтөбе өңіріндегі құлпытастардың зерттелуі, өткені, келешегі және бұл саладағы түйткілді проблемалар туралы ғылыми зерттеу нәтижелері таныстырылды.
Конференция жұмысында – ҚР ҰҒА құрметті академигі, профессор Ө.О. Озғанбаев (онлайн), Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің қауымдастырылған профессоры, т.ғ.к. Ә.Б. Аман, Мемлекет тарихы институтының ғалым хатшысы Е.Р. Амангосов (Астана) және Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының директоры Ф. Досмұратовтар өте өзекті тақырыптар төңірегінде баяндама жасап, халық берген сұрақтарға жауап берді. Даламыздағы сыры ашылмаған құлпытастарды әлеуметтік желілерде халыққа кеңінен насихаттап жүрген ақтөбелік блогер Қуаныш Байбақты тарихи шараны бастан-аяқ таспаға түсіріп таныту мақсатында конференцияның қадірлі қонағы болды.
Ескерткіштерді қорғау күніне арналған ауқымды шараны Шалқар тарихи-өлкетану музейінің директоры Нағима Тілембаева аса жоғары деңгейде ұйымдастырғанын ерекше атап өткен жөн. Шара барысында Нағима Тілембаева мен Біржан Жақсылықұлының «Әлімнің бір баласы – Ұланақ-Қаракесек» кітабының тұсаукесері жасалды. Қаракесек руының тұлғасы Мәші Түсіпбекұлының (Досалыұлы) құрметіне тұрғызылған Жарқамыс ауылына қарасты аумақтағы тарихи құнды ескерткіш–кесене және оның ішіндегі түрлі-түсті бояулы құлпытастар мен қабырғаларындағы өрнектер жақсы сақталған әрі ерекше назар аудартады. Бұндай еңселі ескерткіш-кесене екінің біріне қойыла бермейтіндігін ескерсек, Мәші Түсіпбекұлы, оның ұлы Мақан Мәшіұлы туралы архивтік құжаттар мен тың деректер іздестіріп, ғылыми негізін қалыптастыру – болашақтың ісі. Ата-бабасын танып-таныту жолында ұланасыр еңбек етіп жүрген елдің азаматтары мен халықтың қадірлі қариясы Жеткерген Елемес ақсақал ақ батасын ақтарды.
Конференциядан соң Ақтан батыр Ақайұлының басына барып, құран бағышталды. 11 сәуір күні жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш – Есет-Дәрібай кесенесіне зиярат жасалып, ас берілді.
Сөз бастаған би, ел қорғаған батыр, рухын мықтаған әулиелер шыққан Шалқар өңірінің тарихи тамыры тереңде. Елдің бүтіндігі мен бірлігін нығайту, тарихын танып, өткенін біліп, болашағын бағамдау үшін мұндай маңызды шаралар өткізу аса құнды әрі өте қажет.



















