С.А. Қасқабасовтың өмірден өтуіне байланысты көңіл айту

60

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты ұжымы атынан және жеке өз атымнан көрнекті әдебиеттанушы-ғалым, қазақ әдебиеттану мен фольклортану ғылымының қара нары, белгілі қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Сейіт Асқарұлы Қасқабасовтың қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына және М.О. Әуезов атындағы Әдебиет өнер институтының ұжымына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын.

Сейіт Асқарұлы Қазақ Ғылым академиясында еңбек жолын  бастап академиялық ғылыми зерттеу институтының директорлығына дейінгі қызмет жолынан өтіп, биік белестерден көрінген тұлға. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Қазақстанның Жоғары аттестациялық комиссиясының тұңғыш төрағасы болды. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде шығыстану факультеті мен «Еуразия» ғылыми-зерттеу орталығын құруға тікелей ат салысты. Қасиетті қара шаңырақ – М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында табаны күректей жарты ғасырға жуық жемісті еңбек етіп, қазақ фольклортану ғылымына өшпес олжа салды және дарынды шәкірттер тәрбиелеп шығарды.

Академик С.А. Қасқабасовтың артында мол ғылыми мұра қалды. Оның басшылығымен «Бабалар сөзі» сериясы бойынша қазақ фольклорының барлық жанрларын түгел қамтыған 100 томдық академиялық басылым жарыққа шықты. «Қазақ әдебиеті тарихының» 10 томдық жаңа басылымы, 3 томдық «Қазақ өнерінің тарихы» т.б. көптеген іргелі еңбектер жарияланды. Бір ауыз сөзбен айтқанда, ғұлама ғалымның ұлт руханияты мен отандық ғылымның дамуыына сіңірген еңбегі орасан зор.

Сейіт Асқарұлы Қасқабасовтың есімі Қазақстан ғылымында мәңгілік сақталады. Сейіт ағамыздың жатқан жері жарық, топырағы торқа, иманы жолдас болсын.

 

Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының

Бас директоры

Дүкен Мәсімханұлы

 

 

slot danahttps://cefta.int/