БАҚҰЛ БОЛЫҢЫЗ, ҚАЙРАТКЕР ҒАЛЫМ!

997

Шығыстанушы, дінтанушы, әдебиет зерттеуші, жазушы, сыншы, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты директорының ғылыми кеңесшісі, бас ғылыми қызметкер Әбсаттар Бағысбайұлы Дербісәлі дүниеден өтті.

Әбсаттар қажы Дербісәлі 1947 жылы Түркістан облысы Түлкібас ауданында туған. Ол 1969 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін үздік бітіріп, 1970 – 1975 жылдары КСРО Ғылым Академиясы Шығыстану институтының аспирантурасын тәмамдаған. 1976 – 1977 жылдары ҚР Ғылым Академиясының М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері болды. 1977 – 1989 жылдар аралығында  әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетінде аға оқытушы, доцент, филология факультеті деканының орынбасары, Шығыс филология кафедрасының меңгерушісі, декан, ал 1991 – 1997 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Тілдер және Халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры қызметтерін атқарған.

1997 – 2000 жылдары Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі елшілігінің кеңесшісі, 1-сыныпты кеңесші дипломатиялық лауазым иесі, 2000 және 2005 жылы Қазақстан мұсылмандарының III және IV Кұрылтай жиынында Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, 2007 жылы Орта Азия мүфтилер кеңесінде бірауыздан осы кеңестің төрағасы, 2000 жылдың тамызында Босния мен Герцеговинаның астанасы Сараевода және 2002 жылы сәуірде Кипрде өткен Еуразия Ислам Шурасының IV – V халықаралық конференцияларында осы ұйым төрағасының бірінші орынбасары болып екі рет сайланды.

2013 – 2020 жылдары ҚР БҒМ ҒК Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры болды. Ол Шығыстану инститтутын басқарған жылдары шығыстану ғылымының өсіп, өркендеп, дамуына өзіндік үлес қосты. Көптеген ғылыми жобаларды жүзеге асыруда, Халықаралық және республикалық ғылыми конференциялардың өтуінде, жоғары ұйымдастырушылық танытты.

Академик ғалым қажырлы еңбектің, қарымды қаламның иесі еді. Ол Тұран топырағынан шыққан неше ондаған әл-Фарабилер мен Түркістани, Сайрамилерді араб, парсы дерек қорларынан тауып, зерттеп, олардың еңбектері туралы том-том кітаптарды жарыққа шығарды. Солардың ішінде, Шыңырау бұлақтар (зерттеулер мен мақалалар), А., 1981; Араб әдебиеті. Классик. дәуір, А.. 1982; Арабоязычная литература Марокко, А., 1983; «Мың бір түн» елінде, А., 1986; Ежелгі араб жерінде, А., 1992; Литература Марокко, М., 1993 (телавт. С.В. Прожогина, О.А. Власова); Қазақ даласының жүлдыздары, Тарихи-филол. зерттеу, А., 1995; Мұхаммед Хайдар Дулати, Өмірбаяндық-библиогр. анықтамалық, А., 1999; Ислам және заман (Сұхбаттар мен мақ., жолжазбалар мен әдеби зерттеулер), А., 2003; Исламның жауһарлары мен жәдігерліктері. Тарихи-филол. зертгеулер, әсселер мен очерктер, А., 2008; Әбу Насыр әл-Фараби – Ұлы даланың дара тұлғасы. Зерттеулер, мақалалар, 2020. т.б. көптеген еңбектері шығыстанушы маман-ғалымдар мен ізденуші жастарға жол сілтеуші оқу құралы ретінде ғана емес, мол рухани қазына ретінде бағаланады.

«Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» дейді дана халқымыз. Әбсаттар қажы Дербісәлі өз өмір жолында өшпес, өлмес із қалдырды. Оның мол мұрасы арттағы ұрпаққа таусылмас қазына, сарқылмас азық болары даусыз. Оның мәңгілік ғұмыры басталды. Топырағы торқа, жаны жаннатта болғай! Бақұл болыңыз, қайраткер ғалым!

https://www.pria.org/https://ula.kemendagri.go.id/https://fkip.unsulbar.ac.id/https://rskiasawojajar.co.id/https://satvika.co.id/https://lpmpp.unib.ac.id/https://cefta.int/https://terc.lpem.org/https://empowerment.co.id/https://pgsd.fkip.unsulbar.ac.id/https://ilmuhukum.unidha.ac.id/http://ebphtb.linggakab.go.id/https://gizi.poltekkespalembang.ac.id/https://eproc.jawapos.co.id/https://lppm.unika.ac.id/https://indolivestock.com/