ШЫҒЫСТАНУ: ОЛАР КІМ, БІЗ КІМБІЗ? Шығыстану ғылымына көңіл бөлмесек, көп дүниеден мақұрым қаламыз

1657

Дүкен Мәсімханұлы

Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, ф.ғ.д. профессор

Еліміздегі шығыстану ғылымының хал-ақуалын, маңызы мен өзектілігін, мақсаты мен міндетін сөз етпес бұрын, жалпы шығыстану ғылымының тарихы мен сипатына қысқаша болса да тоқтала кету керек секілді.


БАТЫСТЫҢ «ШЫҒЫСҚА САПАРЫ»

Шығыстану, түптеп келгенде, Шығыс елдері туралы ғылыми зерттеудің негізінде пайда болған ғылым. Бірақ оның артқы көрінісінде әртүрлі себептер мен мақсат-мүдделердің жатқандығы, яғни аталған ғылымның өмірге келуіне тарихи, саяси, экономикалық мақсаттар мен мүдделердің мұрындық болып келгені де, болып отырғаны да жасырын емес. Бұлай деуіміздің себебі, шығыстану, о баста Батыстан басталды. Ол ең алғаш Батыстың Шығысқа үстем­дік ету, отарлау саясатының арқасында пайда болды десек, еш қателеспейміз. Ал енді шығыстану ғылымының бастау алуын батыс ғалымдары 1312 жылы Вьенде болған шіркеулік кеңестен тарқатады. Осы кеңестің нәтижесінде араб, грек және иврит тілдерін зерттейтін кафедралар Париж, Оксфорд, Болонья, Авиньон мен Саламанкада ашылды. Міне, Батыстың Шығысқа деген «қызығушылығы» осыдан кейін күрт артты деуге толық негіз бар. Батыс «экспедициялары» әртүрлі формада, әртүрлі пиғылда Шығысқа сапар шекті. Айталық, саяхатшылар, саудагерлер, ғылыми экспедициялар, діни миссионерлер, т.б. Осындай батыстық «шығыстанушылардың» ізі біздің Ұлы даламызды да көктей өтіп, Орхон-Енесей бойындағы Түркі ескерткіштеріне де жетті.  Оны тарихтан, жалпы түркология ғылымынан жақсы білеміз. Сөйтіп, XVIII ғасырдың орта шеніне дейін шығыстанушылар академиялық тұрғыдан шығыстанушылар емес, әртүрлі салалар бойынша ізденушілер ретінде белгілі болды. Олардың кейбірі Библия зерттеушілері, семит тілдерінің зерттеушілері, исламды зерттеушілер, Шығыс халықтарының мәдениетін, тарихын зерттеушілер, географиясын картаға түсірушілер деген сияқты «қалпақпен» жүрді. Тіпті, Иезуиттердің Қытайға дейін жетуі – синологтардың пайда болуына алып келді.  Нақтылап айтқанда, XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың ортасына қарай Шығыс саяси-әскери тұрғыдан ғана емес, ғылыми һәм мәдени тұрғыдан да «отарлана» бастады деуге болады. Бұл кезеңді Эдгар Кине деген ғалым «Шығыс ренессансы» деп атады.  Әсіресе, XIX ғасырдың орта тұсында Шығысты зерттеу жаппай үрдіске айналып, батыстық ғылыми ортада шығыстану атты ғылым ресми түрде пайда болды. Деректерде жазылуынша, Батыс шығыстанушыларының 1800-1950 жылдар аралығында тек қана Таяу Шығыс елдеріне қатысты 6000-ға жуық зерттеу еңбектері жарық көрген. Есесіне, салыстыру үшін айтатын болсақ, ұқсас мезгілде Шығыс елдерінің Батыс туралы зерттеу еңбектері жоқтың қасы деуге болады.

Осылайша Батыстың Шығысқа иелік етуі дейтін «ұлы мұраты» нәтижесінде, шығыстану ғылымы да қарқынды дамыды. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, ХVIII-XIX ғасыр аралығында Батыстың, нақтылап айтқанда, Еуропаның жер шарын отарлаудағы үлесі  35 пайыздан  бірден 85 пайызға артқан. Оның дені Шығыс елдерінің территориясы еді.

Жалпы алғанда, шығыстану ғылымының пайда болу тарихы мен әлемдік сипаты қысқаша осындай.

ШЫҒЫСТАНУ ҒЫЛЫМЫНЫҢ БАҒЫТТАРЫ

Қазіргі таңда шығыстану ғылымы мүлде басқа арнаға ауысты деуге болады. Нақтылап айтқанда, қазір шығыстану ғылымының мынадай бірнеше айқын даму тенденциялары көзге ұрады: 1. Шығыстық және батыстық шығыстанушы ғалымдар арасындағы шынайы түсіністік ынтымақтастықтың орнауы; 2. Зерттеу орталықтарының Батыстан Шығысқа қарай біртіндеп ауысуы; 3. Ежелгі Шығыс мәдениетін ғана зерттеуден  бүгінгі Шығыс елдерінің барлық тірлігін (саяси, экономика, тіл, дін, тарих, әдебиет, мәдениет, әскери әлеует, ішкі-сыртқы саясат т.б.) зерттеуге ойысу; 4. Зерттеу көкжиегінің кеңеюі, яғни Шығыс және Батыс өркениеттерін салыстырмалы түрде зерттеу арқылы шығыстану ғылымы мазмұнының баюы мен тереңдеуін айтуға болады. Демек, шығыстану ғылымының 400 жылдан астам тарихы бола тұрғанмен, көп ғылымның басын қосқан пәндер жүйесі болғандықтан, оны одан әрі жетілдіру қажеттігі күн тәртібінде тұр. Көрнекті проблема негізінен макро-теориялық зерттеулердің және әртүрлі сала пәндерін жете түсінбеуден көрініс табуда. Ұзына тарих бойындағы зерттеулерде теңгерімсіздік те байқалады. Әсіресе бұл Азияға баса назар аударудан, Африканы елемеуден, Шығыс Азияға барынша үңілуден, Орта және Оңтүстік Азияға мән бермеуден көрініс береді.

Қысқасы қазір бұрынғы Батыстың Шығысқа деген көзқарасынан, «шұқшиюынан» гөрі, Шығыс елдері өз мүддесі тұрғысынан Шығыс елдерін зерттеуге ойыса бастады. Соның ішінде, біздің елімізде де, әсіресе тәуелсіздіктен кейін, қазақстандық мүдде тұрғысынан Шығыстағы елдерді стратегиялық тұрғыдан зерттеуге ден қойып келеміз. Сөйтіп, отандық шығыстану  ғылымының туып, қалыптасуына жол ашылды.

Жалпы, «шығыстану» дейтін ғылыммен  пән ретінде қазақ халқы КСРО  тұсында танысты. Бірақ онымен Қазақстан азаматтары бірден жаппай маманданып, дербес ғылым ретінде айналысып кете алған жоқ. Өйткені шығыстану ғылымының тізгін-шылбыры КСРО заманында Мәскеудің шеңгелінде  болды да, ол мамандықтың маңызын танып-жеткен санаулы қазақтар ғана ұрпақтарын оқытуға мүмкіндік алды. Айталық, ұлы Мұхаңның (Мұхтар Әуезов) баласы Мұрат Әуезов, майдангер-жазушы Кемел Тоқаевтың ұлы, қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтар сол бағытта  жоғары білім алды. Бұлардан өзге де қадау-қадау тұлғалар шығыс елдері бағыты бойынша мамандық алды. Алайда олар оқуын оқығанымен, Қазақстанда аталған сала бойынша жұмыс істеп тұрған ғылыми орталықтар да, ЖОО-да мамандықтар да бола қойған жоқ. Сондықтан шығыстану ғылымы қазақ топырағында бастау бұлағын сонау Шоқан Уәлихановтан алғанымен, Кеңес одағы кезінде оны өркендетуге, Шоқанның бастамасын жалғастыруға, түптеп келгенде  қазақ халқының мүмкіндігі, өз еркі өзінде болмады.

ТӘУЕЛСІЗДІК ЖӘНЕ ШЫҒЫСТАНУ ҒЫЛЫМЫ

Тек тәуелсіздіктің қарсаңында ғана шығыстану ғылымын өркендету, жандандыру қажеттілігі туды. Бұл тарапта ең әуелі қазақ халқының ардагер ұлы, ұлт руханиятының бірегей жанашыры болған марқұм Өзбекәлі Жәнібековтің қолдауымен, қазіргі ҚР ҰҒА академигі, көрнекті шығыстанушы ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлінің тікелей ұйымдастыруымен 1989 жылы С.М. Киров атындағы (қазіргі әл-Фараби атындағы) ҚазМУ жанынан Шығыстану факультеті ашылып, шығыстанушы мамандар дайындала бастады. Әрі қарай тәуелсіз мемлекет, әлемдік қауымдастықтың бір мүшесі ретінде дүниежүзіндегі барлық елдермен, оның ішінде Шығыс  елдерімен де дипломатиялық, сауда-экономикалық, саяси-әлеуметтік, гумантитарлық бағыттарда қарым-қатынас орнату қажеттігі туындады. Олармен қарым-қатынаста ғылыми тұжырымдар мен ұстанымдардың қажеттілігі тіптен арта түсті. Осы мақсатпен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 11 қарашадағы «ҚР ҒМ-ҒА Шығыстану институтын құру туралы» №1369 Қаулысы негізінде Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты құрылды.

Академик Рамазан Бимашұлы Сүлейменов Шығыстану институтының құрылуына тікелей атсалысқан тұлға. Ол сонау Кеңес одағы тұсынан шығыстану ғылымы саласында қыруар іс тындырған ғалым. 1979 жылы Тарих институты жанындағы шығыстану бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Кейін тарих, археология және этнология институтын басқарды. Осы тұстарда Қытай мұрағаттарындағы қазаққа қатысты деректерді жинастырып, құрастырып, шығаруда ұйымдастырушылық қабілетімен ерекше көзге түсті. Осындай іргелі еңбегі ескеріліп, оның есімі Шығыстану институына берілді. Сол 1996 жылдан бері Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты еліміздегі Шығыс елдерін зерттеумен айналысатын  іргелі ғылыми орталық болып саналады. Қазір бұл институтты әлемдік деңгейде демей-ақ қояйын, ТМД ауқымында өзіндік бағыт-бағдарымен, жетістіктерімен өз орнын күреп алған бірегей ғылыми орталық деуге толық негіз бар. Біздің бұл сөзімізге Пенсильвания университетінің (АҚШ) есебі (2020 Global Go To Think Tank Index Report) дәлел.  Атап айтқанда, өткен жылы Америкадағы  аталған оқу орны Орталық Азия мен Кавказдың 100 шақты ғылыми орталықтарының жұмысына сараптама жасағанда, Р.Б. Сүлейменов атындағы  Шығыстану институты 43-ші орынды иеленді.

Әлемдегі кез келген ғылым белгілі бір қажеттіліктен туады. Мәселен, іргелі ғылым ел тұрғындарына, тіпті жалпыадамзатқа  өмір сүруге қолайлылық, мүмкіндік, бақуаттылық әкелу мақсатында қызмет етсе,  гуманитарлық ғылымдар көбінесе кеше біз кім едік, қайда болдық, бүгін кімбіз, болашағымыз қалай болмақ деген мәселелерге жауап іздейді. Сол арқылы ұлтқа, мемлекетке белгілі бір деңгейде жол нұсқап, стратегиялық бағыт-бағдар ұсынып отырады. Мысалы, тарих ғылымын алып қарасақ, бағзы замандардан бергі ата-бабаларымыздың өмір жолын сараптап, бастан өткен зұлматтарды зерделеп, тағдыр-талайымызды жүйелеп, бүгінгі ұрпақтың санасына сәуле құю, патриоттық сезімін ояту, өткеннің сабақтарын қорыту сынды міндет арқалайды. Отандық шығыстану ғылымының  мойнында да үлкен-үлкен, маңызды міндеттер бар. Шығысты зерттеуде біз қандай бағыт-бағдарды негізге аламыз? Ол үшін мен Қытайды мысалға келтірейін.

ҚЫТАЙ: «МЫҢ БІР ҚАРА ЖҰМБАҚ»

Бағзы дәуірлерге бармай-ақ қоялық. XVIII ғасырлардың ауқымында Абылай хан мен Цин патшалығы арасында там-тұм болса да барыс-келіс болды. Абылай ханның қайтыс болуымен қазақ хандығы ыдырады. Ең соңғы хан Кенесары күрес жолымен қазақ хандығын қайта қалпына келтіргісі келгенмен, ел ішіне дендеп кірген жау оған мүмкіндік бермеді. Сөйтіп, қазақ халқының үлкен бөлігі орыстың, бір бөлігі қытайдың боданына айналды. Қытайдағы қандастарды айтпағанда, отаршыл патшалы Ресей немесе тоталитарлық Кеңес заманы кезінде болсын, тәуелсіздікке дейінгі  екі жарым ғасырдай уақытта біздің бес-алты ұрпақ «қытай» деген таным-түсініктен мүлде бейхабар күйінше қалды деуге болады. Мысалы, қытайлардың тарихы, мәдениеті, саясаты, психологиясы, экономикасы, тіпті түр-әлпеті, ұлттық менталитеті… деген толып жатқан сұрақтар қазақ халқы үшін «мың бір қара жұмбақ» еді. Тек Кеңес үкіметі тұсында ғана география және әлем тарихы пәндерін оқудың орайында «қытай» деген елдің бар екенін жалпылама білгені болмаса, ол мемлекетпен саяси, дипломатиялық тұрғыдан бетпе-бет келіп, елдік тұрғыда тең тұрып сөйлескен емеспіз.

Бұл қытайға ғана қатысты мәселе емес, ислам әлеміне, жалпы араб елдеріне де қатысты сөз. Мысалы, араб әлемімен сонау Алтын Орда, Қазақ хандығы заманында сауда-саттық қарым-қатынастан өзге, керемет сапырылысқан барыс-келіс бола қойды деу қиын.  Кеңес одағы тұсындағы 70 жылдай уақытта қарым-қатынасымыз ислам әлемімен мүлде үзіліп қалғаны жасырын емес. Араб әлемі тұрмақ, біз «Құранның» өзінен көз жазып, исламдық құндылықтарымыздан, ақ дінімізден ажырап қалған жоқпыз ба?!  Айтайын дегеніміз, тәуелсіздіктен кейін сол елдердің бәрін тану, зерттеу қажеттілігі бірден күн тәртібіне шықты. Мұндайда  «Ойбай, анау адам жейді, мынау бәлен дейді» деген утопиялық көзқарас емес, нақтылы ғылыми тұжырымдарға иек сүйеу керектігі екібастан белгілі жағдай. Яғни Шығыс елдерінің тарихын, мәдениетін, қазіргі экономикалық-әлеуметтік жағдайын, менталитетін, ішкі-сыртқы саясатын зерттеп, зерделеп, соған сай дипломатиялық қарым-қатынас орнату – замана талабы еді. Сондықтан да арнайы бір ғылыми орталық Шығыс елдерін зерттеумен айналысуы керектігін мемлекеттің өзі түсінді. Ал аталмыш ғылыми орталықтың міндеті – билікке, билік бұтақтарына, жалпы ел тұрғындарына Шығыс елдері туралы ғылыми тұжырымдарды, ғылыми-танымдық ақпараттарды  беріп отыру. Бір ауыз сөзбен айтқанда, Қазақстан билігінің Шығыс елдерімен екі арада болатын дипломатиялық қарым-қатынасына ғылыми негіз әзірлеп, пайдалы ұсыныстар беру – шығыстану ғылымының басты мақсаты мен міндеті саналады. Осы тұрғыдан келгенде, өзге гуманитарлық ғылымдардың «ғылыми және  ұлттық»  сипаты бар десек, шығыстану ғылымында бұл екі сипаттан тыс, стратегиялық сипатының таразы басында тұратындығына жеткілікті мән берілуге тиіс.

ӨЗГЕНІ ТАНЫМАЙ, ӨРГЕ БАСПАЙМЫЗ

Мысалға, шығысымыздағы көршімізді алайық. 1750 шақырымдық ортақ шекарамыз бар, жан саны ернеуінен асып-төгіліп жатқан демографиялық әлеуеті зор Қытайдың барлық ашық та көмескі жоба-жоспарын, мақсат-мүддесін біліп, талдап, сараптап отыру аса маңызды. Оның үстіне Қытайда екі миллиондай қандасымыз өмір сүреді. 15 миллиондай тілдес, діндес ұйғыр, қырғыз, өзбек ағайындардың қазіргі жағдайы ешкімге құпия емес. Қазіргі ресми Пекиннің «Қытай арманы», «Бір белдеу – бір жол» деп аталатын іргелі стратегиялық бағдарламасының мақсаты мен міндеті не? Оның біздің елімізге тигізер әсері қандай болмақ?» деген секілді толып жатқан мәселелер біздің ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қашан да өзекті тақырыптар.

Ислам әлемімен, Орта Азия елдерімен қарым-қатынаста да тарихи және күнделікті туындап жататын сұрақтар аз емес.

Ислам әлемі — қазіргі кезде әлемдік геосаясаттағы күйіп тұрған тақырып, жанып тұрған аймақ. Мысалы,  еліміздегі діни секталардың жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетуін – араб әлемімен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы бей-берекет қарым-қатынасымыздың нәтижесі деп есептейміз. Әрине, біз шығыс халықтары ретінде бір замандарда аралас-құралас болдық. Олардың мұрағаттарында сақталған біздің мәдениетімізге, тарихымызға қатысты құнды дүниелер аз емес. Оның үстіне, араб әлемінің де ислам өркениетінің ошағы ретінде ұлттық құндылықтары, өзіндік өркениеті бар екенін жоққа шығармаймыз. Ислам қауымдастығының бір мүшесі ретінде олардағы озық дүние бізге де өнеге болуға тиіс. Біз мұсылман халық ретінде оларды дін қарындас деп есептейміз. Сондықтан араб әлемімен қарым-қатынаста татулықты, достықты сақтай отырып, қауіпсіздікке сызат келтіретін шетін мәселелерде аса сақ болу жағын қадағалап отыруымыз керек.

Орта Азия елдерін, жалпы бүгінгі түркі әлемін, яғни Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Әзербайжан, Түркия сынды елдерді де зерттеп, білу – Шығыстану институтының басым бағыттарының бірі. Біз түбіміз түркі, ғұрпымыз бен тіліміз, дініміз, тарихымыз бір –  бауырлас халық бола тұра, өзіндік жеке, өзімізге тән мемлекеттік, ұлттық мақсат-мүдделеріміздің де бар екенін де ұмытпауға тиіспіз.

Оңтүстік Азия елдерін де зерттеп, зерделеудің маңыздылығын мынадай  екі салаға бөліп қарастырған жөн.  Бірінші жағынан, Оңтүстік Азия елдері экономикалық жағынан дамудың даңғыл жолын тапқан, ғылым-техникалық әлеуеті күн сайын өсіп келе жатқан елдер. Бұл біз үйренетін, тәжірибе алатын тұсы. Екінші жағынан, ол елдердің қытайлану процесі күн санап ауырлап, елдегі саяси-әлеуметтік жағдайлар қиындап барады. Бұл жағы да бізге көбірек сабақ болуға тиіс. Қысқасы, шығыстану ғылымын  барынша жандандырудың маңыздылығы мен өзектілігін дәуірдің өзі мемлекеттің мойнына жүктеп отыр. Демек Шығыстану ғылымын барынша күшейту,  біріншіден, Шығыс елдерімен достық, тату көршілік, бейбіт қатар тұру дейтін әлемдік дипломатиялық тұғырнаманы дұрыс жолға қоюдан, екіншіден, ұлттық қауіпсіздікті әр дайым қамтамасыз етуден туындаған қажеттілік.

Біздің еліміздің  ұзына тарих бойына  көз жазғаны көп, адасқаны да  аз емес.   Тәуелсіздіктен кейін бұл олқылықтың орнын толтыруға атан күшімізді аямай-ақ кірісудеміз. Бұл игі бастаманың басында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрғанын айрықша атап айтуымыз керек. Әсіресе,  «Мәдени мұра» бағдарламасы осы сөзіміздің айғағы. «Мәдени мұра»  қазақ халқының бағзы дәуірлерден күні кешеге дейінгі тарихына қатысты деректерді бүкіл дүниежүзіндегі мұрағаттардан жинап, шығару деген сұрапыл мақсаттарды жүзеге асыруға мұрындық болды. Аталған бағдарламаның ауқымында Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты күллі Шығыс елдерінің мұрағаттарындағы қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты деректерді жинап, аударып, бастырып шығару жұмысымен тұрақты да жемісті түрде айналысты. Мұндайда «біз тек шығыстанумен ғана айналысамыз» деп қарап отыру ақылға қонбас еді. Өйткені бұл мемлекеттің қажеттілігі, ұлттық бағдарлама. Әсіресе, сол тұстағы Институт директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, әйгілі шығыстанушы-ғалым Меруерт Әбусейітова ханымның басшылығымен атқарылған көптеген игі істер бұл қажеттіліктің үдесінен толықтай шыға білді. Қытай, Араб, Моңғұл, Түркия, Ресей, Иран елдері мұрағаттарындағы қазақ тарихына қатысты жүздеген том шаң басқан архив деректері жүйеленіп, аударылып, ғылыми айналымға түсті. Бұл түсінген адамға аз шаруа емес. Одан кейінде «Рухани жаңғыру», «Архив – 2025» стратегиялық бағдарламалардың аясында академик Әбсаттар қажы Дербісәлінің басшылығымен де қыруар жұмыстар атқарылды. Былай қарағанда, Шығыстану институтының ғалымдары Шығыс елдері мұрағаттарындағы қазаққа қатысты тарихи деректермен көбірек айналысып кеткендей болып та көрінуі мүмкін. Түптеп келгенде, бұл ел болашағы жолындағы шығыстанушылар тарапынан жасалған жұмыстардың бір парасы саналады. Қазіргі таңда Шығыстану институтының мойнына жүктеліп отырған міндет – таза Шығыс елдерін зерттеуге бағытталып отыр.

9 ПАЙЫЗ. БҰЛ НЕГЕ ЖЕТЕДІ?

Кез келген мемлекеттің өркендеуі, дамуы, тіпті, ұлттық қауіпсіздігі үшін ғылым-білім ауадай қажет. Ғылым-білімсіз жоғарыдағы айтқанымыздың біреуі де  болмайды. Қала берді, қоғамдағы орнықтылықтың өзі ғылым мен білімсіз жүзеге асады деудің өзі бекершілік. Өйткені, ғылымы мен білімі дамымаған, қараңғы, діни фанатизмге бой алдырған елдердің қандай жағдайға душар болғанын көз көріп отыр. «Мәңігілік ел» боламыз деген ұлы мұратқа талпынған елдің ең бірінші кезекте көңіл бөлетін ісі – ғылым мен білім болуы тиіс.

Дәтке қуат, соңғы бір-екі жылдың беделінде ғылымға бөлінетін қаржы көлемі, бұрнағы жылдармен салыстырғанда айта қаларлықтар өсті. Бұл қаржыларды игеру көбіне ұтымды, маңызды, өзекті деген ғылыми жобаларға жарияланған конкурстар  арқылы жүзеге асып жатады. Біздің қолымызға түскен ақпараттарға қарағанда, 2020 жылы ғылымға бөлінген 85,10 млрд. теңге қаржының 75 пайыздайы (63,70 млрд. теңге) жаратылыстану  ғылымдарына,  инженерлік өңдеу мен технологияға, 9 пайыздай қаржы (7,5 млрд. теңге) гуманитарлық және қоғамдық ғылымдарға бөлініпті. Бұдан бұрынғы жылдардағы жағдай да осымен шамалас. Ондаған жылдар бойы іргелі ғылымдарға бөлінген 75 пайыз қаржы, яғни неше миллиардтаған теңгенің қандай да бір қарымтасы, қайтарымы болып жатыр ма? Мысалы, химия, физика, биология, математика, ІТ, ғарыштық зерттеулер, нанотехнология сынды іргелі, жаратылыстық ғылымдардан пайда түсуі, қаржы қайтуы керек қой. Қалай? Өйткені, бұл салалар белгілі дәрежеде жаңалықтар ашуға, яғни, материалдық мүмкіндіктер туғызуға бағытталған. Аталған салалар бойынша 30 жылда елімізде қандай да бір іргелі жаңалық ашылып, қолданысқа жіберілді ме? Қаржы қайда кетіп жатыр, нәтиже бар ма, жоқ па деген сұрақтарға жауап алуға болмай ма? Тәуелсіз ел болғанымызға 30 жыл болды. Еліміздің медицина саласының өзі дәрі-дәрмек пен құрал-жабдықтарды негізінен импорттаумен келеді.

Ал гуманитарлық-қоғамдық ғылымдарға жалпы ғылымға бөлінетін қаржының 9 пайызын бөліп, өгей баланың күйін кештіру, қаншалық дұрыс?! Өтпелі кезеңде гуманитарлық ғылымға көбірек көңіл бөлу – ел болудың, ұлт боп ұйысудың, ұлттық патриотизмді орнықтырудың маңызды тетігі емес пе? Себебі біздің ұлтымыздың санасы кешегі бодандықтың зардабынан оңбай зақымданған. Сананы отарсыздандыру әлдеқайда күрделі, нәзік процесс.  Осы нәзік те күрделі мәселемен гуманитарлық ғылымдар, соның ішінде, тарих, археология, әдебиет, философия, шығыстану, дінтану саласы тікелей айналысады. КСРО заманында өмір сүрген көптеген аға буын өкілдері совет үкіметі тұсындағы қарнының тоқтығына мақтанғанда, жер-дүние теңселеді. Бұл «тәрбие» оның ұрпағының санасын улап жатқаны да жасырын емес. Есесіне, совет үкіметінің жанымыз бен тәнімізге салған жарасы  неге аз айтылады?! Жазықсыз атылған, аштықтан қырылған, қуғын-сүргін көрген миллиондаған бауырларымыздың қасіреті туралы шындық неге өскелең ұрпақтың санасына сіңбей жатыр?! Тұлданған табиғатымыз, құлданған рухымыз неге айтылмайды?! Осындай ұлттың басындағы қайғы-қасіреттерді жас ұрпаққа кім түсіндірмек?! Қазақстандық патриотизм неге өз деңгейінде көтерілмей келеді?! Екі империяның іргесінде отырып, қайткенде от пен суға ұрынбай «Мәңгілік ел» бола аламыз?!…Осындай соқталы сұрақтардың бәріне жауап іздейтін, оның бәрінің дұрыс шешімін ұсынатын гуманитарлық ғылымдар  емес пе?!

КОМПЬЮТЕРДІ САТЫП АЛАМЫЗ. ТАРИХТЫ ШЕ?

Негізінде компьютер керек болса, өзге елден сатып алуға болады. Сатып алып та жатырмыз. Ал шынайы, толыққанды қазақ тарихын қайдан сатып аламыз?! Ал Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне қатысты ғылыми концепцияны қайдан сатып аламыз?! Демек мемлекет тағдыры мен ұлттық қауіпсіздікке қатысты ғылым  тек өз елімізде ғана жасалады. Онымен тек отандық гуманитарлық, қоғамдық ғылымдар ғана айналысады.

Енді бірер сөз — гуманитарлық ғылымдарға  бөлінетін сол 9 пайыздық қаржының берілу тәртібі туралы. Қазіргі, мүмкін бұрындағы қалыптасқан тәртіп бойынша жалпы гуманитарлық ғылымға арналған қаржының берілуі де ақылға қонымды деп айта алмаймыз. Нақты цифр емес, мысал үшін айтайық, 50 жобаға лайықталған қаржыны ортаға – ортақ алаңға  «лақтырып» жібереді. Оны «жолы болған, бағы жанған» 3-4 институт қағып алады да, қалған институттар қарап отырады. Біздіңше, мемлекет қаржыны ғылыми дамудың белгілі баланысын сақтай отырып бөлу керек. Мәселен, тарихқа 5, әдебиетке 5, тіл біліміне 5, философияға 5, шығыстануға 5, экономикаға 7 грант деген сияқты. Содан кейін барып бұл гранттарға конкурс жариялауға болады. Мысалы, әдебиеттануға бөлінген 5 грантқа республикадағы әдебиеттанумен айналысатын ғылыми орталықтар, ЖОО өзара бәсекелессін. Осылай болғанда шамалы әділетті болар еді, әрі барлық ғылым саласының теңгерімді, қанаттаса дамуына қол жеткізген болар едік.  Егер бұндай күрделі, күрмеулі мәселелердің тиісті тетігін жедел таппасақ,  ғылымның дамуы туралы сөз ету бос әңгіме болып шықпақ.

ИНСТИТУТ АТҚАРЫП ЖАТҚАН ІСТЕР

Енді әңгіменің осы тұсында, биыл құрылғанына ширек ғасыр толып отырған Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының мақсат-міндеті мен қазіргі қал-ахуалы туралы қысқаша тоқтала кету артық болмас. Алдағы уақытта Қазақстан, Орталық Азия және Шығыс елдері халықтарының тарихы, діні және мәдениетіне қатысты шығыс және батыс еуропалық жазбаша, мұрағаттық, ауызша материалдарды, артефактілерді айқындау, зерттеу әрі ғылыми айналымға енгізу; Қазақстанның Шығыс елдерімен ынтымақтастығының ахуалы мен келешегін және де стратегиялық серіктестігін зерттеу; Шығыс пен Батыс елдерінің саяси, экономикалық, этномәдени жүйелерінің өзара әрекеттесуіндегі проблемаларды кешенді және жүйелі түрде зерттеу; Жаһандану мен аймақтасудың қазіргі процестермен байланысты шығыс қоғамындағы трансформацияланудың саяси-экономикалық және тарихи-мәдени аспектілерін зерттеп, талдау жасау; Мұсылман әлемі — Батыс сұхбаты тұрғысында этносаралық, конфессияаралық және мәдениетаралық процестерге салыстырмалы талдау жасау; Шығыстың өз арасындағы (Шығыс-Шығыс), Шығыс пен Батыстың (Шығыс-Батыс) арасындағы дамудың алуан-түрлі модельдеріне салыстырмалы талдау жасау – институттың ғылыми-зерттеу жұмысының басым бағыттары мен негізгі міндеті бола болып қала береді.

Институттың ғылыми әлеуеті де жыл санап өсіп келеді. 2020 жылы Институт қызметкерлері жалпы 157 ғылыми еңбек жариялады, олардың ішінде: 12 монографиялық еңбек, 3 конференция материалдарының жинағы, 1 хрестоматия, 1 аналитикалық талдау, 141 ғылыми мақала, оның ішінде шетелде жарияланған мақалалар – 19, СКОПУС және Web of Science деректер базасындағы импакт-факторлы журналдарда жарияланған мақалалар — 10,  ҚР БҒМ БҒСБК ұсынған журналдарда — 15, отандық ғылыми журналдарда — 76. Сондай-ақ өткен жылы  Институт ғалымдары әртүрлі дәрежедегі халықаралық және республикалық конференцияларда 60 баяндама жасады, оның 14-і шетелдік конференциялар.

2020 жылы Институттың үш тілдегі (қазақ, орыс, ағылшын) жаңа форматтағы жеке сайты ресми түрде іске қосылды. «Shygys» деп аталатын ғылыми хабаршысы тұрақты түрде жарық көріп келеді. Бұдан сырт интитут ғалымдары еліміздің жетекші БАҚ-ында («Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», телеарналар: «Қазақстан», «Хабар», «Тұран ТВ» және интернет-порталдар)  Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың, Президент Қ.Тоқаевтың әр түрлі бастамаларына үн қосу мақсатында 48 мақала мен интервью берді.

Шығыстану институтының ғылыми зерттеулерді гранттық және бағдарламалы-мақсатты қаржыландыру шеңберіндегі жобаларды орындауға қажетті халықаралық ғылыми байланыстардың кең желісі бар. Атап айтқанда, Ресей (РҒА Шығыстану институты, Санкт-Петербург Шығыс қолжазбалар Институты), ҚХР (Бірінші тарихи мұрағат, Шығыс Еуропа, Ресей және Орталық Азияны зерттеу институты), Ұлыбритания (Кембридж университеті жанындағы Орталықазиялық зерттеулер Форумы), Моңғолия (Халықаралық зерттеулер Институты, Халықаралық Көшпелі өркениеттер институты), Германия (Неміс Шығыстану институты), Чехия (Чехия ҒА Этнология Институты), Франция (Француз Орталық Азия зерттеулері институты, Сорбонна-Қазақстан Институты), АҚШ (Висконсин-Мэдисон Университеті), Өзбекстан (Ә. Беруни атындағы Шығыстану институты, Ташкент мемлекеттік Шығыстану университеті), Тәжікстан (Тарих, Азиялық зерттеулер институты) және Бельгияның (Лувэн Католик университеті) зерттеу ұйымдарымен әріптестік туралы келісім-шарттары бар.

2021-2023 жылдары ҚХР Гуманитарлық ғылым академиясымен, ҚХР Шаңхай университеті Шығыстану институтымен, Грузияның Шығыстану институтымен, Катардағы Джорджтаун университетінің Халықаралық және аймақтық зерттеулер орталығымен (CMRI, Доха, Катар) және Азияның стратегия мен көшбасшылық институтымен (Куала-Лумпур, Малайзия) келісім-шарт жасасу жоспарланып отыр.

Институттың 2021-2025 жж. арналған даму жоспары бойынша Шығыс елдерін көбірек зерттеу мәселесіне баса назар аударылып отыр. Алға қойған мақсаттардың бәрі ғылыми жобалар негізінде жүзеге асады. Шығыстану институты жыл сайын тұрақты түрде 10-15 ғылыми жоба әзірлеп ұсынуды, сондай-ақ 2-3 мақсатты қаржыландыру бағдарламасына ұсыныс беруді  жоспарлап отыр.

Сондай-ақ, институт ұжымы үстіміздегі жылы Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығын, Рамазан Бимашұлы Сүлейменовтың – 90 жылдығын, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Меруерт Қуатқызы Әбусейітованың – 70 жас мерейтойын, Шығыстану институтының құрылғандығының 25 жылдығын жеке-жеке  атап өтудің, халықаралық конференциялар ұйымдастырудың қамына кірісіп те кетті.

Жоғарыда айттық, тағы да айтамыз, еш бір елде, ешқандай ғылым мемлекеттің қолдауынсыз өркендемейді. Еліміздің алдында тұрған жаңа кезеңдегі жаңғыру жағдайында, отандық шығыстану ғылымын одан әрі жандандыру үшін әлем (оның ішінде, шығыс) елдерімен байланысты күшейтіп, кәсіби, білікті, жас мамандарды қызметке тарту, ғылыми жобаларды көбейту мен қаржыландыру мәселесін лайықты шешу мәселесінде мемлекеттің қолдауы қажет. Сонда ғана алға қойған мақсаттарымыз бен жоба-жоспарларымыз өз ретімен, өз ырғағымен жүзеге асатын болады

Дереккөз: https://qazaqadebieti.kz/28663/shy-ystanu-olar-kim-biz-kimbiz?fbclid=IwAR34l59GcdZh_mOTv3hProoMGwkXeZqB6_DK0nnvqEg_cbdiCHAySxIB85E

https://www.pria.org/https://ula.kemendagri.go.id/https://fkip.unsulbar.ac.id/https://rskiasawojajar.co.id/https://satvika.co.id/https://lpmpp.unib.ac.id/https://cefta.int/https://terc.lpem.org/https://empowerment.co.id/https://pgsd.fkip.unsulbar.ac.id/https://ilmuhukum.unidha.ac.id/http://ebphtb.linggakab.go.id/https://gizi.poltekkespalembang.ac.id/https://eproc.jawapos.co.id/https://lppm.unika.ac.id/