Жанымхан Ошан: ВАН ЯНЬДЭ ЖОЛ ЖАЗБАСЫНДА СИПАТТАҒАН ТОҒЫЗ ТАТАР

1486

981 жылы Бесбалық пен Тұрпанда билік құрған тоғыз оғыздың Қочо (Гаочан) хандығы Қытайдың Сун патшалығына өз елшісін жібереді. Сун патшалығының кезекті патшасы Сун Тайцзун  орда шенеунігі Ван Яньдэні (Wang Yande, 939–1006) бас елші, Бай Сюньді елшінің орынбасары етіп тағайындап, Қочо (Гаочан) хандығына қарымта елшілік сапарға аттандырды. Олардың елшілік миссиясы бас-аяғы төрт-бес жылға созылып, 984 немесе 985 жылы Қытайға қайтып барды. Ван Яньдэ еліне оралған соң «Сичжоу ши чэн цзи» («Сичжоуға елшілік сапары туралы естелік») атты жолжазбасын жазып, патша ордасына тапсырады әрі осы жолжазбасы үшін патша марапатын алды. Дәстүр бойынша еңбек патшалықтың мұрағат қорында қойылады. Соған қарамастан жолжазбаның түпнұсқасы бізге жете алған жоқ. Бір тәуірі кейін Оңтүстік Сун патшалығының Ван Минцин (1127 – 1202?) деген тарихшысы еңбекті патшалықтың тарихи мұрағат қорынан көшіріп алған әрі оны «Ван Яньдэ лисуй ши Гаочан син чэн соцзян» («Ван Яньдэнің Гаочанға елшілік сапарда көргендері туралы тарихи баяны») деген атпен өзі құрастырған «Хуэй чжу лу·Цянь лу» атты кітапқа енгізген. Еңбектің бізге жеткен біршама толық мазмұны осы еңбекте сақталған. Бұдан өзге Ма Дуаньлинның (1254–1323) «Вэньсянь тун као» атты кітабының «Сы и као» (Төрт төңіректегі жат елдер) деп аталатын тараушасында және Сун патшалығының ресми әулеттік тарихы болған «Сунши» кітабы «Гаочан чжуань» (Қочо баяны) деп аталған тараушасында да сақталған. Қытай тарихшысы Ван Говэй өткен ғасырдың 20 жылдары осы нұсқалар негізінде кітаптың критикалық жаңа нұскасын жасап, айтулы нұсқаны «Ван Яньдэ ши Гаочан цзи» («Ван Яньдэнің Гаочанға елшілік естелігі») деп атады. Қазіргі кезде осы нұсқа басшылыққа алынып келеді.

Ван Яньдэ жолжазбасының Ұлы дала тарихы үшін деректік құны өте жоғары. Автордың Бесбалық пен Тұрпандағы тоғыз оғыздың Қочо (Гаочан) хандығы туралы жасаған егжей-тегжейлі сипаттамалары деректемелік құны жағынан ерекше бағаланады. Еңбек мазмұнының осы тұсынан Қочо (Гаочан) хандығы атты елдің көшпенді мемлекет ретіндегі кескін-келбетін көріп-білуге болады.

Бұдан маңыздысы жолжазбалық еңбек Қочо хандығы туралы мәліметтерді бермес бұрын Орхон мен Туул өзендері бойын орталық еткен байырғы түркі жұртын мекендеген тайпалар туралы аса маңызды мәліметтер берген. Ол мәліметтер аймақты қоныстанған тайпалардың IX-X ғасырдағы тарихи жағдайын анықтауда ерекше маңыз алады. Ван Яньдэ Орхон және Туул өзені атырабын, Хангайдан Алтайға дейін қоныстанған тайпаларды жалпылама «тоғыз татар» деп жазып, оларға қарасты тайпаларды жеке-жеке сипаттап көрсетіп өткен. Төменде біз Ван Яньдэ жол жазбасының тоғыз татарларға қатысты бөлігін аударып, еңбек мәтінінде сақталған қатысты мәселелерге қысқаша тоқталуды мақсат етіп отырмыз.

«Ван Яньдэнің Гаочанға елшілік естелігі»

… Одан соң біз Во-янлянхэтэ елін басып өттік, сол жерде Дудушан тауы бар, ол Таң патшалығы дәуіріндегі Ұйғыр жері еді. Осыдан кейін Дачун тайцзы елін басып өттік, ол елдің шекарасы қидандармен шекараласады. Олар жібек матадан киім киеді. Ыдыс-аяқтары алтын-күмістен жасалады. Жылқы сүтінен арақ (қымыз) ашытып, ішіп масаяды. Одан соң Вудиинь еліне бардық. Ел [билеушісі] Дагань юй-юэ ванцзының баласы екен. Осыдан кейін Дагань юй-юэ ванцзының елін басып өттік. Бұл ел тоғыз татарлардың ішіндегі ең мәртебелі ел саналады. Одан кейін Ели ванцзының еліне жеттік. Хэлочуан деп аталған жер сол елде. Бұл жер Таң династиясы дәуірінде Ұйғыр құнчүйі тұрған жер. Қаланың орны сол беті сақталған, тұнық бұлақ, айнадай көлшіктері бар саябақтың сұлбасы байқалады. Естуімізше бұрынғы заманда қидандар ұйғырлардың қойшысы болған, татарлар болса ұйғырлардың сиыршысы болған екен. Ұйғырлар Ганчжоу аймағына көшіп кеткеннен кейін қидандар мен татарлар билікке таласып бір-бірімен соғысып отрырған. Одан кейін Адунь елін басып өттік. Мацзуншань тауының Уаңсянлин шыңындағы тас үңгірде Ли Лин жазып қалдырған жазу бар. Одан соң Гэломэйюаньнің басталған тұсынан өттік, ол жердің батысында өзен-сулардың тоғысқан жері, шексіз кең алқап, онда қаз-үйректер мен түрлі құстар өте көп. Одан кейін Тобянь қаласына жеттік. Ол қала Липушэ қаласы деп те аталады. Қала билеушісі «көк тәңірмен тілдесуші хан» делінеді. Одан кейін Сяошичжоу аймағына, одан соң Ичжоу аймағына жеттік [1, 28-31 бб.; 2, 158-159 бб.].

Ван Яньдэ жазбасында тоғыз татар деп көрсеткен ел Хангай тауы, Орхон өзені мен Туул өзені атырабындағы даланың қолқа жүрегін, қадімгі қағанаттың астаналық аймағын қоныстанғанын нақты түрде көрсетеді. Сонымен қатар ол тоғыз татар тайпалары деп көрсеткен тайпаның көбі «Ляоши» кітабы жалпылама цзубу тайпасы деп көрсеткен тайпа атымен сәйкес келеді. Бұдан тыс біз осы тайпаларды моңғол дәуірі қарсаңына дейін дәл осы аймақтың қожасы ретінде хандық билік құрып келген елдердің тайпалық құрамында сақталғанын көреміз. Төменде біз Ван Яньдэ жазып кеткен тоғыз татарларға және олар туралы тарихшы ғалымдар қатысты пайымдауларына тоқталамыз.

Ван Яньдэ бірінші басып өткен тоғыз татар елінінің атын – «Во-янлянхэтэ елі» деп көрсеткен. Бұған дейінгі зерттеуде бұл тайпаны моңғол дәуіріндегі ұрияңқат (Ulianguit, Uriankhit) деп қалпына келтіру жолға қойылып келді [3, 121 б.; 4, 11-12 бб.]. Бірақ, тарихи деректер аталған тайпаны моңғол дәуірі қарсаңына дейін Бұрқан-қалдүн тауы маңын қоныстанған моңғолдың шағын тайпасы ретінде жазып келді. Автор Во-янлянхэтэ елі қоныстанған жердің аты «Дудушан тауы» деп аталған тау екенін және ол жердің ерте кезде «Ұйғыр жері» болғанын ескерткен. Мұндағы Дудушан тауын – «Өтүкен иіш», яғни Хангай тауы деп қарастыру әу бастан тұрақтанған пікір саналады. Бұл жер Ғұн дәуіренен бері көшпенділер империясының киелі байтағы болып келді. Ұйғыр қағанаты дәуіріндеде сол статусын сақтап қалды. Осы бір түйткілді тау туралы зерттеу жасаған ғалым Цидалату өз зерттеуінде бұл тауды Хэнтэй тауы немесе сол маңдағы таулардың бірі деген пікірді ұстанған [4, 13 б.]. Дегенмен оны Хэнтэй тауы ретінде қарастыру қисынға келе бермейді. Соңғы кезде бұл тауды Рашид ад-дин Тоғұрыл Оң ханның қыстауы деп көрсеткен «Өтөгу-Құлан (ōtōgū Qūlān)» деген жер деген тың пікір айтылуда [5, 133 б.]. Белгілі болғанындай бұл жердің орны Оңгін өзенінің солтүстік жағында болған.

Ван Яньдэ көрсеткен келесі ел – Дачун тайцзы елі. Бұл тіркесті мағналық аударма ретінде қарастыруға болады. Дачун – сөзінің көне қытай тілінде «барыс» деген мағнасы болған. Осыған байланысты бұл тайпа атын түркі тіліндегі «барыс» сөзімен қатысты деп қараған пікірлер кездеседі. Бізше болғанда бұл тайпаның түрікше аты «барыс» емес «тоңа» болуға тиіс. М. Қашқари «Тоңа» сөзін барыс деп түсіндірген және «тоңа хан», «тоңа тегін» деген үлгіде титуль болатынын айта отырып: Туңа – «тигр», т.е. тот, кто может убить слона, таково первоначальное значение. Но у тюрок это слово сохранилось в измененном значении, его часто используют как титул: туңа хан, туңа тикин и т.п. Великого хана тюрок Афрасийаба называли туңа алб ар «храбрый и (сильный, как) тигр, человек» деп жазды [6, С. 1014.]. Тайпа атауының екінші бөлігіндегі «тайцзы» бұған дейін түркі тіліне «тайшы» [7, Р. 570] түрінде енген кірме сөзбен байланысты деуге болады. Ол сөздің қытай тіліндегі мәні «мұрагер ханзада». Бұл жерде оны кірме атау «тайшы (tayšï)» сөзінің транскрипциясы ретінде немесе түрік тіліндегі «тегін» сөзінің аудармасы ретінде екі түрлі түсінуге болады. Бұл тайпа ХІІ-ХІІІ ғасырда Керей хандығына қарасты болған «Тоңғайт» (Tongqayit,  Dongqayid // Тоңа, тоңға, тоңқай) тайпасымен байланысты деп қаралуда. Тоңғайт деген бұл тайпа түркі дәуірінде тоғыз оғыздардың іргерлі тайпасы болған «тоңра» (қыт.: Тоңло) тайпасымен тіке байланысты болған [8, 72-76 бб.]. Ван Яньдэ бұл елді қидандармен шекараласады деп көрсеткен, соған қарағанда олар Орхон өзенінің оңтүстігі мен шығысына қарайғы аймақта, Туул мен Керуленнің жоғары бойын қоныстанған. Бұл өңір қидандарға ең таяу аймақ саналады. Ескере кетерлігі қидандардың бұл кездегі ықпалы Керулен өзені орта және төменгі бойымен ғана шектеліп отырған. Қидандар Туул өзені бойын мейілінше соңғы кезде, яғни Х ғасыр соңы мен ХІ ғасыр басында ғана өз ықпалына ала бастаған [9, 25-30 бб.].

Ван Яньдэ басып өткен келесі елдің атын «Вудиинь елі» (кей әдебиетте: Wudimu//Вудиму) деп жазған. Бұл елдің атына реконструксия жасаушылар алғашқы кезде оны «Оқ тегін (oq tegin)» деп көрсетті [10, 167-168, 172 бб.]. Дегенмен бұл тіркестің «Өтүкен (Ötükän)» топонимімен үндес екені назар аударуға тұрарлық жәйт саналады. Мұнда Ван Яньдэнің «Вудиин елін» тоғыз татардың келесі бір елі болған «Дагань юй-юэ ванцзының елімен» іргелес көрші ел ретінде жазуы өте маңызды саналады. «Ляоши» кітабы 1092 жылы Могусы (Марұз) көтерілісінің туындауына байланысты Едугуа тайпасы (Edugua bu) деген тайпа атын атап, оны: «Солтүстік цзубудың Едугуа тайпасы» деп көрсетті (11, 302 б.; 1385 б.). Қатысты мәліметтерге негізделгенде Едугуа деп көрсетілген бұл тайпа «Батыс цзубу», «Солтүстік цзубу» деп көрсетілген тайпаларға қарасты болған. Ғалымдар «Ляоши» кітабындағы «Солтүстік цзубу» Моңғол дәуірі қарсаңындағы «керей» деген атпен белгілі болған ел деп санайды [12, 51-57 бб.; 9, 35 б.]. Бұл Ван Яньдэнің «тоғыз татарды» өз ішінен жекелеген тайпаларға жіктеп көрсету жағдайына сәйкес келеді. Соңғы кезде жоғарыдағы ғалымдар пікірін онан әрі орныға бастады [4, 14 б.].

Ван Яньдэ көрсеткен Вудиинь елінің «Ел [билеушісі] Дагань юй-юэ ванцзының баласы екен» деген мәлімет келесі бір түйткілді нақтылай алады. Бұл бойынша Х ғасырдың соңыында Вудиинь елінің билеушісі «Дагань юй-юэ ванцзының баласы» болған. Сол себепті ол елдің аты Вудиинь, яғни «От тегін елі» немесе «Өтүкен елі» деп аталған. Қортып айтқанда Солтүстік цзубуға қарасты едугуа тайпасы мен Вань Яньдэ жазған Удиин елі екеуі бір ел (тайпа) деген пікірге қарсы қоярлық дәлел аз. Солай деседе «Вудиинь» деген бұл елдің атын найман елінің балама атауы болған «бетекин» тайпасымен байланысты қарауды да назардан тыс қалтыруға болмайды.

Ван Яньдэ аймақтағы келесі елдің атын «Дагань юй-юэ ванцзының елі» деп көрсеткен. Бұл елдің аты: «Тарқан өге тегін елі» немесе «Тарқан үге тегін елі»  деп аталған. Көріп отырғанымыздай бұл елдің аты «тархан», «үге» немесе «өге» және «тегін» деген түркілік титулдардан құралған. Бұл елдің «Тарқан өге/үге тегін елі» деген титулмен аталуының өзі олардың бұрынғы түркі және тоғыз оғыз тайпасының ұрпағы екенін түсіндіре алады. Тарихшылар осы тайпаны «Ляоши» кітабында кездесетін «Юй-юэ дагань» (Үге тарқан) деп көрсетілген ел деп қарастырып келеді. Сондай-ақ, «Бес патшалық тарихында» 925 жылы Соңғы Таң патшалығына бағынған татар билеушісі – «Юй-юэ» (Үге/Өге) деген ныпсымен белгілі тұлға да осы елдің адамы деп саналады [3, 122 б.].

Ван Яньдэ ол елдің атын олардың билеушілерінің мансап атағымен атаған. Оның да өзіндік тарихи һам мәдени себебі бар еді. Ол тағы: «Вудиинь елі» билеушісін осы «Дагань юй-юэ ванцзының баласы» деп көрсетеді. Бұлай болғанда Вудиинь елін Дагань юй-юэ ванцзы елі билеушісінің ұлы билейді деп түсінуге тура келеді. Сөйтіп, бұл екі ел әкелі-балалы адамның билеуіндегі ел болып шығады. Ван Яндэнің ол елді: «Бұл ел тоғыз татарлардың ішіндегі ең мәртебелі ел саналады» деп ерекше ескертуі өте-мөте маңызды. Айтулы мәлімет бізге бұл елдің тұтас тоғыз татар елінің ұйтқысы болғанын түсіндіріп береді. Тарихшы ғалымдар даланың осыдан кейінгі екі ғасырлық тарихында тайпалардың қоныстануы ақуалын, олардың тұтас аймақтағы орны мен рөлін ескеріп «Дагань юй-юэ ванцзының елі» кейінгі «керей» деп аталған ел деп қарастырып келеді [13, 192-193 бб.; 4, 15-16 бб.; 5, 130-139 бб.].

Ван Яндэ жазған келесі елдің аты «Ели ванцзының елі» делінген. Бұл елдің атын «Ел(і) тегін елі» деп қалпына келтіруге мүмкіндік бар. Жапон ғалымы Маэда Наонори Ели тегін елін «Ляоши» кітабы қатысты тарауында цзубу тайпасының бірі деп көрсеткен Алиди тайпасымен, сондай-ақ цзубу тайпасының билеушісі ретінде атаған Алиду атты тұлғамен байланысты деп санайды әрі оны кейінгі дәуірде Керей хандығы құрамында кездесетін Алият (Aliat) тайпасы деп санайды [14, 238-241, 255 бб.]. Раши ад-Дин кітабының кей нұсқасында бұл тайпа аты «албат» (Albat) деп көрсетілген [15, P. 62]. Бай Юйдун  бұл тайпаның керей тайпасымен байланысты деген аға буын ғалымдар пікірін қолдаған. Ол Рашид ад-дин кітабының түрлі нұсқасындағы тайпа аты albāt, alīāt атауларын салыстыра отырып, керей тайпасы alīāt Ван Яньдэ жазған тоғыз татардың бір тайпасы болған Ели ванцзының (тегін) елі. 979 жылы қидан еліне си-сияпат жасай барған Іркін Алиду басқарған цзубу тайпасы дәл осы ел деп сенім артқан (5, 138 б.).  Бұдан өзге бұл жалайыр тайпасы деген бастама да бар [13, 194-195 бб.; 4, 19-20 бб.]. Бұған аталған тайпа аты таңбаланған бірінші дыбыс таңбаланған拽иероглифінің Yè, Zhuài және Zhuāi деп үш түрлі оқылуы себепті болды. Солай болғанмен жалайыр тайпасының аты бастапқы кезде «ялайыр» түрінде жазылуы да ескеруді қажет етеді.

Ван Яньдэ Ели ванцзы (тегін) елінің Орхон өзенінің бойын, Орда-балық және Қатүн балық қалалары тұрған қағанаттың астаналық аймақтарын қоныстанғанын нақты жазған.

Жолжазбада тоғыз татардың келесі бір елі ретінде Адунь елі деген елді көрсеткен. Цэнь Чжунмянь бұл елдің атын Алтын елі деп жазады әрі бұл атаудың Алтын тауды қоныстануымен байланысты деп санайды [3, 123 б.].

Ван Яньдэ Адунь елінен шыққаннан кейінгі сапарда Мацзуншань атты таудан өткенін және сол маңдағы Уаңсянлин атты биік шыңды тілге тиек еткен. Бұлардың барлығы Хангай тауының белгілі жерлері болуы керек. Одан әрі Гэломэйюань (көлі) деген шұрайлы жерді басын өткенін айтады.

Назар аудартарлығы ол осыдан кейін Тобянь деп аталған қалаға жеткен. Автордың жазуына негізделгенде бұл қаланың орны Хангай тауының батысында болуға тиіс. Цэнь Чжунмянь өз зерттеуінде Тобянь деп көрсетілген қала атын бұл керей тайпасының бірі болған түбеган тайпасымен қатысты деп көрсеткен [3, 124 б.]. Мұндай тайпа аты моңғол дәуіріндегі еңбектерде «түмен түбеген» т.б. деп жазылды [8, 69-72 бб.]. Жапон ғалымы  Сакурай Масуо  бұл тайпаны: Рашид ад-дин «тұбас», көне қытай деректері «дубо» деп атаған байырғы түркі-теле тайпасымен байланысты дей отырып, олар ІХ ғасырдың орта шенінде қырғыздармен бірге оңтүстікке жорық жасап, Ұйғыр қағанатын құлатуға атсалысып, кейін келе олар ұйғыр жерін біржолата қоныс етіп қалды деп қарайды [16, 210 б]. Сакурай Масуо  пікіріне қарсы уәж айтушы қытай ғалымы пікірі бар, әйткенмен ол өз пікірін онан әрі түбегейлі түрде дәлелдеуде әлсіздік танытады.

Автор еңбегінің ең бір құнды тұсы ол тоғыз татарлар мен қидандардың өткен дәуірдегі Түркі-тоғыз оғыз қағанатымен арадағы саяси қатынасы мен  қағанат күйрегеннен кейінгі қидандар мен тоғыз оғыздар арасында қалыптасқан тарихи жағдайды қысқаша сипаттауы болды. Бұл туралы ол: «бұрынғы заманда қидандар ұйғырлардың қойшысы болған, татарлар болса ұйғырлардың сиыршысы болған екен. Ұйғырлар Ганчжоу аймағына көшіп кеткеннен кейін қидандар мен татарлар билікке таласып бір-бірімен соғысып отрырған» деп жазады [1, 28-31 бб.; 2, 159 б.]. Осы деректеме арқылы Ван Яндэ ең бірінші бізге тоғыз татарлар мен қидандар арасындағы байланысты ашып көрсетіп береді. Ван Яньдэ жолжазбасы Орталық моңғолияның негізгі елі тоғыз татарлар, Тархан Үге тегіннің елі тоғыз татарлар арасында «ең мәртебелі ел» деген аса құнды мәліметті жазып қалдырды. Қатысты мәлімет Тархан Үге тегін елінің Хэси дәлізінен Орталық Моңғолияға дейінгі аймақтағы көшпенділердің ұйтқысы болғанын көрсетіп берді. Аталған тайпа Моңғолиядағы басқа тайпалармен бірге тоғыз татар деп аталды, тарихи деректер оларды «Татар мемлекеті» деп жазды. Ең бастысы осы ел мен Моңғол дәуірі қарсаңына дейін Орталық Моңғолияда билік құрған хандықтар арасында тарихи сабақтастық сақталып отырған.

Тарихи деректемелерге негізделсек бұл кезде қидандар тоғыз татарларды әлі де толық бағындыра алмаған. Қидандардың күшеюі мен олардың далалық аймаққа билік ету мақсатында жасаған саяси, әскери қимылдары кезінде тоғыз татарлар аса зор бәсекелестік танытқан. Ван Яндэ жазып көрсеткендей тоғыз татарлар әлі де болса өз алдына саяси дербестігін сақтап отырған. Жаңа одақтас іздеуді мақсат еткен Сун патшалығы елшісінің ең бірінші тоғыз татарларға ат басын тіреуінің мәні міне осында болған.

Сөйтіп, Сун патшалығы осы реткі елшілік миссиясы өздерінің көздеген мақсатына жеткен. Осыдан кейінгі жылдары Моңғолиядағы көшпенділер арасында орын алған тарихи уақиғаларға негізделгенде Ван Яньдэ өзінің осы жолғы елшілік сапарында тоғыз татар елімен арада қандай да бір ортақ уағдаластыққа қол жеткізген. «Цзы чжи тун цзянь кітабының жалғасы» деген жылнамалық еңбек көрсеткендей 983 жылы Татар мемлекеті мен Қочо елінің елшілері Сун патшалығы ордасына бірлікте барған [17, 566 б.]. Ғалымдар Х ғасыр кезінде Сун патшалығына елшілік сапарға барған татар елінің елшілерінің барлығы – тоғыз татар елінің елшілері деп қарайды [18, 74-86 бб.].

Сун патшалығы мен тоғыз татарлар арасында қидандарға қатысты қандай бір одақтың қалыптасуы қидандардың назарына бірден іліккен еді. Қидандар дәл осы мақсатта Ван Яньдэ елшілік сапарда жүрген кезде Қочо еліне елші аттандырды. Екі елдің елшісі Қоча елінде кездесіп кикілжіңдесіп қалды. Қидан елшісі Қочо билеушілеріне Сун патшалығын қаралаған[19, 2639 б.].

«Ляоши» кітабы 982 жылға дейін цзубулардың (тоғыз татар) қидандарға елші жіберіп аман-сәлем жасап, тарту-таралғы әкеліп тұрғанын жазған. Алайда дәл сол 982 жылы Елуй Суса цзубуларға жорық жасады деген мәлімет сақталған. 983 жылға тән келесі деректе: «Суса цзубу тұтқындарын алып келді» және «Суса цзубуларды жеңгені үшін патшаның марапатын алды» деген екі дерек көрсетілген. 984 жылы Сусаның цзубу билеушісі Далаганды өлтіргенін жазған [11, 114 б.]. Бұл адам Ван Яньдэ «Тоғыз татарлардың ең мәртебелісі» деп көрсеткен Дагань юй-юэ ванцзы (Тархан Үге тегін) елінің адамы болатын. «Ляоши» мәтінінде бұл адамның атын «Талагань» деп жазған. Бұл «тархан» титулының транскрипциясы деп танылған. М. Наонори осы адамды Ван Яньдэнің сапар естелігінде тоғыз татардың бірі ретінде көрсеткен «Дагань юй-юэ ванцзы цзу» елінің тарханы деп пайымдаған [14, 292-325 бб.]. Міне солай қидандар жедел қадам жасай отырып Қочо хандығы, Тоғыз татар елі мен Сун патшалығы арасында алдағы одақтың құрылуын жөргегінде тұншықтыруға кіріскен.

Дегенмен қидандар бұл жолы да тоғыз татарларды түбегейлі бағындыра алмаған. Соған байланысты далалық аймақ туралы жазылған мәліметте «шекараның үш шеті тыныш тек ғана цзубулар ғана тыныштанған жоқ. Жорық жасауға жол алыс болғандықтан бұл іс аяқсыз қалды. Алайда шекарадағы халық барымтаға тонаушылыққа тап болды [11, 1454 б.] деген мәлімет сақталған. Келесі бір мәлімет бойынша 985 жылдары цзубу тайпалары Ляо патшалығының орталық аймағына жақын маңға көшіп барған, осы іске байланысты патшалық оларға қарсы жорық жасау туралы кеңес құрған [11, 116 б.]. Ал, 986 жылы цзубулар қидандардың ұйғырларға аттандырған елшісін барымтаға алған. Бұл жолы қидандар оларға өтемақы төлегеннен кейін ғана қидан елшісін еркіндікке жіберген. Міне бұл мәліметтер екі ел арасында бейбітшіліктің тұрақты болмағанын көрсетеді.

Сөйтіп, Ван Яньдэ жазған татар-қидан арасындағы соғыс ол елші болып барған кезде де, одан кейін де тоқтамаған. 982 жылы басталған цзубу (татар) қидан арасындағы соғыс 20 неше жылға созылы. Осы жылдары император Ляо Шэнцзун өзінің Елюй Суса және Сяоталинь қатарлы қолбасыларын солтүстік далаға арт-артынан жорыққа аттандырып 1004 жылы ғана үстемдігін тұрақтандыра бастады. Сол жылы Орталық моңғолияда Чжэньчжоу, Вэйчжоу, Фанчжоу деген үш «чжоу» құрып, чжоудың әкімшілік орталығын ондағы байырғы қалалаға орналастырды [12, 451 б.]. Бұл шаралар қидандардың тонаушылық әрекетін онан әрі асқындырды. Есесіне көшпенділердің бодандыққа қарсы қимылдары да жиілей түсті. Сол себепті Ляо патшалығы өкіметі көшпенділердің қарсылығын тұншықтыру мақсатында әскери шаралардан басқа да қитұрқы әдіс-амалдың барлық түрін қарастырып отырды. Мұның соңы кезекті қақтығыстарды туындатып отырды.

Жанымхан Ошан

ҚР БҒМ Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану

Институтының жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к.

Пайдаланған әдебиеттер

 

  1. Ван Минцин. «Хуэй чжу лу . Цянь лу» 4-цзюань. Wang Mingqing. Huizhu lu. Qianlu juan 4. Shanghai Shudian chubanshe, 2015.
  2. Yang Jianxin. Gu xixing ji xuandu. Ningxia renmin chubanshe, 1987.
  3. Cen Zhongmian. «Dada wenti», «Zhongshan daxue xuebao»,1957 nian di 3 qi.
  4. 4. Qidalatu. «Shi zhi shi’er shiji menggu gaoyuan buzu shi tanjiu». Boshi lunwen 2015 Huhehaote: Neimenggu daxue.
  5. 5. Bai Yudong. Guanyu Wang Yande «Xizhou chengji» jilu de Mobei buzu. «Zhongguo bianjiang shi di yanjiu», di 29 juan, 2019 di 1 qi, 130-139 ye.
  6. 6. Махмуд ал-Кашгари. Диван Лугат ат-Турк / Перевод и предисловие З.-А. М. Ауэзовой. – Алматы: Дайк-Пресс, 2005.
  7. 7Clauson G. An Etymological Dictionary of Pre-Thirteenth Century Turkish, Oxford, 1972.
  8. Ошан Ж. Керей хандығы қытай деректемелерінде (Х-ХІІІ ғғ.) – Алматы: Дайк-Пресс, 2014.
  9. Chen Dezhi. «Shisan shiji yiqian de Kelie wangguo», «Meng yuanshi yanjiu cong gao». Renmin chuban she, 2005 nianban, 201-232 ye.
  10. Hamilton J. R.(Geng Sheng, Mu Laigen yi): «Wudai huihu shiliao». Wulumuqi: Xinjiang Renmin chubanshe 1986.
  11. Tuotuo. «Liaoshi», Beijing: Zhonghua shuju jiaokan ben, 1974 nian.
  12. 12. Feng Chengjun. «Liao, Jin beibian buzu kao». Shi Weimin bian: «Liao Jin shidai menggu kao». Huhehaote: Neimenggu Zizhiqu wenshi yanjiu guan, 1984. 51-57 ye.
  13. Jin Wulan. «‘Shi Gaochang ji’ Zhuaili wangzi zu kao», «Jinian Chengjisihan danchen 850 zhounian xueshu yantao hui lunwen ji». 2012.
  14. Маэда Наонори (Қытайша аудармасы): Qiantian zhidian zhu, Xin Deyong yi. Shi shiji shidaide jiuzu dada, Riben xuezhe Yanjiu Zhongguo shilun zhu xuan yi, di 9 ji, Zhonghua shuju, 1992 nian, di 292-325 ye.
  15. 15Rashid al-Din Fadl Allah,. Jami’u’t-tawarikh: Compendium of Chronicles. A History of the Mongols. Translation & Annotation by Wheeler Mcintosh Thackston. Harvard University, Department of Near Eastern Languages and Civilizations, 1998.
  16. Сакурай Масуо, 樱井益雄: « 怯烈考». «东方学报» (东京) 第七册, 一九三五年.
  17. Li Tao. «Xu zi zhi tong jian chang bian», Shanghai: Zhonghua shuju,2004.

18.Bai Yudong. «Shi zhi shiyi shiji Mobei youmu zhengquan de chuxian — Yenisai beiming jilu de Jiuxing Dada wangguo». «Minzu yanjiu», 2013 nian, di 1 qi. 74-86 ye.

  1. 19. Ma Duanlin. «Wenxian tong kao». Hangzhou: Zhejiang guji chuban she, 2000.